Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 8
ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Ежелгі дүниедегі экономикалық ой-пікірлер
ОглавлениеЭкономикалық ой-пікірлер ерте әлем кезінен, яғни алғашқы мемлекеттер құрылған кезде пайда бола бастады. Содан бері және қазіргі уақытқа дейін экономикалық теорияның қалыптасуы және даму үрдісі жүруде. Сонымен қатар экономикада, ғылымда, техникада және мәдениетте болып жатқан өзгерістер шегінде экономикалық теория да жаңарып, жетілу үстінде.
Өркениет тарихында бірінші болып б.э. дейінгі 7 мыңжылдықта дами бастаған ерте шығыс қоғамдары дамыды, ал Еуропа өркениеті кейіннен, б.э. дейінгі 2-3 мыңжылдықта дамыды. Осы өркениеттердің әлеуметтік-экономикалық типтері айтарлықтай ерекшеленеді. Шығыста көлемді ирригациялық жүйе құру және қолдау қажеттілігіне байланысты еңбектің қоғамдық ұйымдастырылуы шешуші рөл атқарды. Жерге мемлекеттік меншік, орын алды бірақ мемлекет жер иеленушілер және диқаншы қауыммен есептесті, ал жеке меншік шаруашылықтар бағынышты сипатта болды. Еңбектің ұжымдық түрлерінің жетекші рөлі, натуралдық шаруашылықтың басымдығы, еңбекшілердің мемлекетке аса жоғары тәуелділігі диқаншы қауымының тұрақтылығына әкелді. Экономикада мемлекет қызметінің ауқымдылығы және мемлекеттік меншіктің жетекші рөлі өндірістің ерекше – азиаттық тәсілінің негізіндегі өлшемдер болды.
Антикалық дүниеде (Ежелгі Грекия мен Ежелгі Рим) өркениеттің туындауы жекелеген отбасылардың өндіріс құралдары мен құлдарға меншігінің дамуымен байланысты болды. Еңбекті қоғамдық ұйымдастырудағы үстем таптың рөлі өндіріс құралдары мен жағдайларына меншікпен салыстырғанда жанама сипатта болды, мұнда басты рөлге жеке меншік өндірісі ие болды (Ежелгі Римде экономиканың мемлекеттік секторы мүлдем қалыптаспады).
Осылайша, Ерте Шығыс және Антика әлемі халықтарының экономикалық дамуында маңызды қағидаттық өзгешеліктер болды. Бұл экономикалық ой-пікірлердің ерекшеліктерінен көрініс тапты. Ежелгі Шығыста діни-мифологиялық көзқарастар жүйесіне еліктеушілік тән. Ежелгі Шығыстағы экономикалық ой-пікірлердің жетістігіне мемлекетті және мемлекеттік шаруашылықты басқару, мемлекетте және қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруы жатады. Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде шаруашылық қызметті есепке алу және оны талдау, басқару, статистика сияқты нақты экономикалық ғылымдардың түп бейнесі қалыптаса бастады.
Антика әлемінің дамуында қала – мемлекеттердің (полистердің) қалыптасу сипаты тән. Антика мәдениеті, оның ішінде экономикалық ой-пікірлер полистің еркін азаматтарының іс-әрекет өнімі болып табылды. Осыған байланысты ол Ежелгі Шығыспен салыстырғанда, анағұрлым рационалды және демократиялық сипатта болды. Антикалық экономикалық ой-пікірлердің басты мәселелеріне натуралдық шаруашылық негіздерін жасау, тауар-ақша қатынастарының кейбір элементтері, шаруашылықты ұйымдастыру мен басқару мәселелері, сондай-ақ жекеменшік мәселелері жатады. Олардың қатарында аса маңыздысы – қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысының идеалды (мінсіз) үлгісін құру мәселесі болды.
Сонымен, бір жағынан құл иеленушілік және натуралдық шаруашылықтың мадақталуы және екінші жағынан ақша мен тауар капиталын теріске шығару Ежелгі Шығыс пен Антика әлемінің барлық мектептеріне тән ортақ белгі болды. Сонымен қатар Ежелгі дәуірдегі экономикалық ой-пікірлерге тұтас алғанда көптеген тұжырымдардың дүмбілездігі, шикілігі, олардың өзекті болып табылған жағдайларының жойылуына байланысты тарихи өтпелілік тән. Алайда бірқатар құнды теориялық тұжырымдар қазіргі уақытқа дейін ғалымдардың назарында болып отыр, қазіргі ғылыми ұстанымдар тұрғысында талданып, оларда тосын теориялық иірімдер ашылуда.
Ежелгі Шығыстың экономикалық ойлары
Экономика ғылымы әлемдік өркениеттің бесігі – Ежелгі Шығыс елдерінде қалыптасты деп саналады. Шығыс елдерінің шаруашылықты ұйымдастырудағы мемлекеттік реттеу жүйесінің ерекшеліктері көптеген хроникаларда, жазбаларда, философиялық трактаттарда, заң ережелерінде және т.б. көрініс тапты. Белгілі дереккөздер – Ежелгі Шығыс өркениетінің экономикалық ойларының ескерткіштеріне тоқталайық.
Ежелгі Египет үлгісіндегі адамзат баласының ең көне экономикалық ойларының ескерткіші – «Гераклеополь патшасының өз баласына өсиеттері» (б.э. дейінгі ХХІІ ғ.), «Ипусердің сөздері» (б.э. дейінгі ХVІІІ ғ.). Осы дереккөздердің авторлары фараон мен халықтың арасында тұрған басқару аппаратының тиімді қызмет ету қажеттілігін қарастырады.
Ең көне, танымал жазба дереккөзі ретінде Вавилонда б. э. дейінгі ХVІІІ ғ. қабылданған Хаммурапи патша заңдарының кодексін атауға болады. Бұл заңдарда қоғамның экономикалық негіздері, оның негізгі даму тенденциялары көрініс тапқан. Мысалы, құлдар мен құл иеленушілерге бөліну мәңгі және табиғи деп саналған. Заңдар жеке меншікті қорғайды (бөтеннің меншігіне қол сұғу құлға айналу немесе өлім жазасымен жазаланады), іскерлік мәмілелерді реттейді.
Ежелгі Қытайдың аса көрнекті ойшылдарының бірі – Конфуций болып табылады. Оның ойлары Қытай халқы өмірінің барлық жақтарына үлкен әсерін тигізді. Конфуций адамдардың рухани жетілу бағдарламасын ұсынды, ол әр адамның міндетті түрдегі парызы – рухани жетілуге талпыну, үлкендерді сыйлаудың табиғи ережелерін танып-білу, ұлдардың құрмет тұтуы және ағайындар арасындағы достық екендігін атап өтеді. Ол тұңғыш рет табиғи құқық теориясын әлеуметтік, адамгершілік, заңдық тұрғыда ұсынды. Табиғи құқық теориясына сәйкес құдай әлемнің алғаш жаратушысы болып есептеледі, бірақ ол азаматтық заңдармен қорғалатын қоғамдық өмір құбылыстарына араласпайды. Конфуций мемлекет байлығын арттыру үшін көп еңбек етіп, аз тұтынуға шақырды.
«Гуань-Цзы» трактаты (б.э.д. IV ғ.) – Ежелгі Қытайдың экономикалық ойларының тарихында ерекше орын алады. Онда өз уақыты үшін терең мағыналы түрде шаруашылықты мемлекеттік реттеудің тұтас жүйесі ауқымды түрде әзірленген. «Гуань-Цзы» трактатының авторлары да Конфуций сияқты басты міндет – «мемлекетті бай және халықты риза қылу» деп түсінді, сондай-ақ ол қоғамның тапқа бөлінуін тұрақтылық деп қабылдады. «Гуань-Цзы» «шаруашылықты теңестіру қағидаларын» ұсынды. Мемлекет өнімдер арзан кезінде қорлар жинап, оларды баға қымбаттаған кезде тауар айналымына жіберіп, қазынаға пайда түсіруі тиіс. Экономиканы тұрақтандыру шараларының қатарында нанның бағасын реттеу, диқаншыларға жеңілдетілген несиелер беру аса маңызды орын алды. «Гуань-Цзы» трактаты Ежелгі Қытайдың экономикалық ойларының қалыптасу тарихында ерекше орын алды.
Ежелгі Үндістанның қоғамдық қатынастары, экономикасы, саяси институттары туралы маңызды мәліметтердің дереккөзі «Артхашастра» трактаты болып табылады. Оның авторы Каутилья (б.э.д. ІV ғ.) байлықтың еңбекпен жасалатыны туралы ойды ұсынды, елдің шаруашылық өміріндегі мемлекеттің маңызды орнын көрсетті. Ол шаруашылықта диқаншы кәсібі негізгі рөлі атқаратынын және диқаншы кәсібін қорғау қажеттігін, атап айтқанда суғару жүйелерінің құрылысын мемлекеттің салып беруі немесе бұл істе қауымдарға көмек көрсету мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекеттің қаржылық мәселелерін талқылай отырып, Каутилья шығыстар мен кірістерді есепке алуды қатаң түрде құжаттандыру қажет деп есептеді. Патша шенеуіктердің қазынаға қол сұғуына жол бермеуі тиіс деп атап өтті.
«Артхашастра» және Ежелгі Үндістанның өзге құжаттарында бастапқыда тұрғындарды айналысатын кәсібіне қарай бөлу негізінде қалыптасқан касталық бөлу тәртібі орын алған. Осылайша, Ежелгі Үндістан қоғамындағы экономикалық идеялар касталық және өндірістік шектеме тәртіптер дәстүрінде болды. Дін және мемлекеттік билік қауымдық құрылыс түрлеріне айтарлықтай ықпал етіп, ақшасыз айналымның сақталуына әкелді, кәсіптерді ұйымдастырудың, сауда операцияларын жүргізудің тәртібін орнатты.
Антикалық экономикалық ойлар
Ежелгі Грекияда экономикалық көзқарас жүйеленіп, ғылыми қалыпқа түсті, мұндай теорияларды айтушылар әдетте ойшылдар (философтар) және құл иеленуші мемлекеттердің жекелеген билеушілері болды. Атақты грекиялық философ ойшылдар Ксенофонт (б.э.д. 430-355 жж.), Платон (б.э.д. 427-347 жж.), Аристотельді (б.э.д. 384-322 жж.) алғашқы ғалым-экономистер деп айтуға болады.
Ксенофонт «Үй шаруашылығы туралы» трактатында өз пікірі бойынша үлгілі шаруашылықтың және үлгілі азаматтардың сипаттарына тоқталады. «Үй шаруашылығы туралы» трактатының басты идеясы мыналарды қамтиды: еңбекті ақыл-ой және дене еңбегіне бөлу, ал адамдарды еркін және құл деп бөлу табиғи түрде саналды, кез келген тауар пайдалы қасиеттерге ие (тұтыну құны) және басқа тауарларға (айырбас құны) айырбастала алады, ақшаны адам олар арқылы тауар айналымы және байлықтың жиналуын жүзеге асыру үшін ойлап тапты. Ксенофонт экономиканы салаларға, яғни ауыл шаруашылығы, қолөнер және сауда деп бөлді.
Платон өзінің экономикалық көзқарастарын «Мемлекет» және «Заңдар» еңбектерінде көрсетті. Оның алғашқы еңбегінде идеалды мемлекеттік құрылыс жобасы әзірленген, екіншісінде шынайы нақтылыққа жақын келетін мемлекет туралы айтылған. Идеалды мемлекет үлгісінде үш тап бар: 1) қоғамды басқаратын феодалдар 2) әскерилер 3) диқаншылар, қолөнершілер және саудагерлер. Құлдар ешқандай тапқа жатпады.
Аристотель «Никомах этикасы», «Саясат» және т.б. еңбектерінде мемлекеттің идеалды үлгісі туралы баяндаған. Ол қоғамның еркін адамдарға және құлдарға бөлінуі, ал олардың еңбектерінің ақылой және дене еңбегіне бөлінуі «табиғи заңдылық» деп таниды және шаруашылықта қолөнер мен сауда емес, диқаншылық басты рөль атқаратынын атап көрсетті. Алайда ғалымның натуралдық шаруашылық қағидаларын ұстанушылығы оның экономика және хрематистика туралы айрықша біртума тұжырымдамасында айқын көрінді.
Бұл концепция жіктеу сипатында болды, оны Аристотельдің барлық шаруашылық түрлерін екі салаға – табиғи (экономика) және табиғи емес (хрематистика) деп топтастыруы куәландырады. Оның алғашқысына диқаншылар, қолөнершілер мен ұсақ сауда-саттық жатады, оған мемлекет қолдау көрсетуі тиіс. Себебі оның салалары тұрғындардың тіршілік ету қажеттілігін қанағаттандыруға септігін тигізеді. Екіншісі ірі саудаға, делдалдық және қарызға беру операцияларына негізделеді. Бұл операциялар «ақша жинау, тұрмысты одан сайын жақсарту» сияқты пайдақорлық мақсаттарға жетуді көздейді. Аристотель ақшаны баю мақсатымен жинауды сынайды, ақшаны екі есе етіп қайтарып алатын өсімқорларға «өшпенділікпен» қарайтынын айтып өтеді.
Ежелгі Римде Варрон, Катон, Цицерон, Колумелла сияқты ғалымдар жазушылар және саясаткерлер ауыл шаруашылығы экономикасына, жерге меншікке және құлдардың еңбегін ұйымдастыруға баса назар аударған. Атап айтқанда, Колумелла (б.э.д. І ғ.) бүкіл Жерорта теңізі аумағының ауыл шаруашылығы тәжірибесін жинақтай отырып, агрономия жөнінде тың ойлар айтты. Ол құлдардың төмен еңбек өнімділігін көрсетіп, шаруашылықты жүргізуді колондарға – еркін диқаншыларға беру мәселесін көтерді. Құлдар еңбегінен бірден бас тарту мүмкін еместігін түсіне отырып, ол құлдар шаруашылығын тиімді ұйымдастыру қағидаларын ойлап табуға тырысты.
Жаңа жылсанаудың басы – әлемдік діндердің қалыптасқан уақыты. Діндарлардың Басты кітаптарында арнайы экономикалық теориялар кездеспейді, алайда олардың барлығында арам байлық, өтірік, қулық, өсімқорлық кінаратталады. Ақша, мүлік, дүние – басты мақсат емес, құрбан шалу, қайырымдылық жасау мүмкіндігін, Жаратушыға құлшылық еткен дұрыс деген идеяны ұстанды.