Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 21

АДАМ СМИТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ

Оглавление

А. Смит (1723-1790) өз заманының аса білімді адамдарының бірі болған, ол классикалық экономика ғылымының шынайы ғылыми жүйесінің негізін салушы. Шотландияда туылған, философия және логика ғылымдарының профессоры атағын иемденген. Оның көзқарасына Францияның философ ғалымдары Вольтер, Дидро, Кенэ, Тюргомен кездесу үлкен әсер етті. 1776 жылы ол «Халық байлығының табиғаты және оның себептері туралы зерттеу» атты негізгі еңбегін аяқтады, бұл еңбекте ең алғаш рет жүйелі түрде нарықтық механизмдерінің әсері негізінде экономикалық дамудың теориясы жүйелі түрде баяндалған. Өзіне дейінгі ғалымдардан ерекшелігі, А. Смит экономика туралы үзік көзқарастардың жиынтығын емес, нағыз әлеуметтік және экономикалық философияны қалыптастырды.

Физиократтар сияқты, А. Смит әдістемесі де табиғи тәртіп туралы ұстанымға, оның салдары ретіндегі экономикалық либерализм концепциясына негізделеді. Табиғи тәртіп ретінде автор қоғамның адам табиғатына лайықты қоғам құрылысының орнауын айтады. Адам өзінің табиғаты бойынша – эгоист, ол өзінің жеке қажеттіліктерін өтеуге, пайда табуға және өзінің қызығушылықтарын қанағаттандыруға ұмтылған. Тура осындай адамды А. Смит «экономикалық адам» деп атайды.

А. Смиттің «Халық байлығының табиғаты және оның себептері туралы зерттеу» шығармасы бес кітаптан тұрады. Бірінші кітапта қоғамдық еңбек бөлінісін, оның артықшылықтары және салдарларын зерттеу негізінде құнның сипаттамасы берілген және табыс бөлінуінің талдауы жүргізілген. «Капитал табиғаты, оның қорлануы мен қолданылуы» атты екінші кітабы негізінен экономиканың қозғаушы күші ретінде капиталға талдау жасауға арналған. А. Смит капиталға анықтама бере отырып, оның негізгі және айналмалы бөлігінің қозғалысының ерекшеліктерін, жинақтарының шарттары және капиталды орналастырудың түрлерін қарастырады. Нақ осы екі кітапта саяси экономияның теориялық сұрақтары зерттеледі.

Үшінші кітапта Еуропа экономикасының дамуы туралы тарихи очерктері және ең алдымен, феодализм және капитализмнің орнығу кезеңдеріндегі ауыл шаруашылығының дамуы жазылған. «Халық байлығыньщ…» төртінші бөлімінде саяси экономияның дамуына шолу жасалады. Автор меркантилистік көзқарасты сынай отырып, экономикалық либерализмнің артықшылықтарын, соның ішінде сауда еркіндігін дәлелдейді. Және де ең көлемді бесінші кітап қаржы трактаты секілді: салық саясаты және мемлекеттің шығындарын қарастырады.

Смит қарастыратын негізгі мәселе коғам байлығы түсінігі, оның көздері болып табылады. Қоғам байлығы ретінде екі жағдаймен анықталатын материалдық байлықтар түсініледі: біріншіден, еңбек өнімділігінің даму деңгейі, екіншіден, өнімді еңбекпен айналысатындар үлесі. Еңбек өнімділігін арттыру, жұмысшылардың шеберлік деңгейі еңбек бөлінісімен анықталады. Еңбек бөлінісі арқылы ұлттық өнімді жасаудағы адамдардың бір-бірімен байланысы орнығады. Қолөнерші шаруаны киім тігуден босату арқылы ауыл шаруашылық өнімінің өсіміне көмектеседі, ал шаруа қолөнершіні бидай егуден босатып, өнеркәсіптің дамуына көмектеседі.

Экономикадағы еңбек бөлінісі және маманданудың арқасында мыналар жүзеге асырылады: 1) жұмысшы шеберлігінің шыңдалуы; 2) бір жұмыс түрінен екінші жұмыс түріне ауысқандағы жоғалатын уақыттың үнемделуі; 3) еңбекті қысқартатын және жеңілдететін машинаның ойлап табылуы. Осының нәтижесінде еңбек өнімділігі күрт өседі. Смит хрестоматиялық мысалға айналған түйреуіш фабрикасын мысалға келтіреді, бұнда түйреуіш дайындау үдерісі бірнеше ондаған сатыға бөлінуінің арқасында жұмысшы бір түйреуіштің орнына 4800 түйреуіш шығара бастады. Еңбек бөлінісінің қарқындылығы нарықтың көлемімен шектелген.

Смит еңбек бөлінісінің себебі ретінде адамның айырбасқа табиғи бейімділігін санайды. Қоғам – адамдар өз мүдделерін ойлау арқылы еңбек нәтижелерімен алмасатын одақ болып табылады. «Біз өзіміздің асымызды қасапшы, сыра дайындаушы немесе нан пісірушінің бізге жақсылық тілеуінен алмаймыз, олардың өз жеке мүдделерін ойлауынан аламыз». Айырбас өзара тиімді, себебі оның әрбір қатысушысы өз еңбегін үнемдейді.

Құн теориясында Смит құнды тұтыну (пайдалылық) және айырбас құны деп екіге бөлді. Біріншісі адамның қажеттілігін тікелей қанағаттандыруға, ал екіншісі басқа заттарды сатып алуға мүмкіндік береді. Автор алмаз бен суды мысалға келтіре отырып, бұл екі құнды бір-біріне қарсы қояды. Алмаздың пайдасы өте төмен және құны өте жоғары, ал су болса керісінше. Әдебиеттерге бұл мысал «Смит парадоксы» деген атпен енген.

Экономистер үшін тек айырбас құны маңызды. Смит оның табиғаты туралы әр түрлі гипотезалар көрсеткен. Біріншісі: айырбас құны тауарды дайындап шығаруға кеткен еңбекпен анықталады. Екіншісі де еңбекпен анықталады, бірақ ол еңбек тауарды дайындауға емес, оны сатып алуға кеткен еңбек: «Алтын да немесе күміс те емес, тек еңбекке ғана бастапқыда дүниенің барлық байлықтары иемделінді»9. Бірақ кейіннен Смит еңбектің саны тек қарапайым, жабайы қоғамда ғана құнды анықтайтындығын көрсетеді. Капиталдың қорлануы және жерге жеке меншік үлкен рөл атқаратын қоғамда тек қана еңбекті емес, капитал және жерді де ескеру қажет. Сондықтан тауар бағасы осы факторлардан түсетін табыс сомасымен анықталады: «Жалақы, пайда және рента, кез – келген айырбас құны сияқты, кез келген табыстың үш бастапқы көзі болып табылды. Кез келген табыс, сайып келгенде, осы үш көзден алынады»10. Смиттің теориясының айрықша ерекшелігі әртүрлі экономикалық категориялардың, ең алдымен құн категориясының түсіндірмелерінің әркелкілігі болып табылады. Экономикалық ой-пікірлердің әйгілі француздық тарихшылары Ш. Жид және Ш. Ристтің пікірлері бойынша, А. Смиттің құн теориясы «либералдық экономистер үшін және социалистік доктриналар үшін тіреуіш нүктесі болды. Идеялардың логикалық жүйеленуінен гөрі, молшылығымен ерекшеленетін Смит секілді жазушылардың тағдыры – әртүрлі және тіпті қарама-қарсы жолдармен жүретін ақылдарды қамшылау»11. Осылайша, Смиттің құн теориясы екіжақты сипатта (еңбек концепциясы, үшфакторлық) көрінеді. Бір ғалымдар мұны кемшілік ретінде, еңбектің ішкі сәйкессіздігі ретінде қарастырса, енді біреулері керісінше, екі тәсілдің болуын нақты экономикалық тәжірибеге анағұрлым толық сәйкес келетін артықшылық ретінде қарастырады.

Смит тауардың табиғи және нарықтық бағаларын бөліп көрсетеді. Табиғи баға айырбас құнымен салыстырылады және ол жалақы, табыс, рентаның табиғи (қалыпты, орташа) деңгейін қамтамасыз етуі керек. Ол тек тауарды нарыққа шығаруға кететін шығындарды аздап қана жабады. Табиғи бағаға тауардың нарықтағы сұранысы мен ұсынысы арқылы анықталатын нарықтық баға қарсы қойылады. Олардың арасындағы байланыс бәсекелестік жағдайында орташа нарықтық бағаның табиғи бағаға ұмтылуы арқылы анықталады. Егер белгілі бір уақытта ұсыныс сұраныстан көп болса, нарықтық баға табиғи бағадан төмен болады, сол себептен жалақы, табыс және рента өздерінің табиғи нормаларынан төмен болады. Сол кезде жұмысшының, капиталистің және жер иесінің эгоистік мүдделері оларды өндірістен қандай да бір болсын өз ресурсының бөлігін алуға мәжбүрлейді. Нәтижесінде ұсыныс қысқарып, нарықтық баға табиғи деңгейіне жетеді, ал табыс өзінің табиғи нормасына дейін көтеріледі. Егер өндірістің қандай да бір саласында сұраныс ұсыныстан көп болса, онда сол саладағы жоғары нарықтық бағалар табыстың көлемін ұлғайтып, қосымша ресурстарды (капиталдың, еңбектің немес жердің) еліктіреді. Ұсыныс өсіп, баға табиғи деңгейге дейін төмендейді, ол өзімен бірге табысты, жалақыны, рентаны табиғи деңгейге дейін төмендетеді.

Осының нәтижесінде табиғи баға орын алып, өндірістегі тауарлар өзіне деген сұранысқа бейімделеді. Және де бұл үрдіс өзінен-өзі, орталықтанған басшысыз, әрбір индивидтің көбірек табыс алуына негізделе отырып жүзеге асатындығын ескеру керек. Бұл үдерістің нәтижесінде әрбір адам «қоғамның жылдық пайдасын көбейтуге барынша әрекет етеді, көрінбейтін қол арқылы ол өзі тіпті ойламаған көптеген әртүрлі әрекеттер жасайды. Өзінің жеке пайдасына жету үшін ол көбінесе жалпыға ортақ пайдалы әрекеттерді көбірек жасайды».

Бірегей жоспарға және орталыққа бағынбаған нарықтық экономика дегенмен де белгілі бір қатаң ережелерге сәйкес жұмыс жасайды. Бұл әйгілі «көрінбейтін қол» қағидасы. Смит ең басты кезекке жеке мүдделерді, адамдардың өздерінің жағдайын жақсартуға ұмтылыстарын, ақшаны иемденуге және табыстарын жоғарылатуға тырысушылығын қоюды ұсынды.

Смит қоғамда үш негізгі тапты бөліп көрсетеді, олардың әрқайсысы өндірістің белгілі бір факторын иемденіп, соған сәйкес табыс табады. Жер иеленушілері рентаны, капиталистер табысты, ал жалдамалы жұмысшылар жалақы алады. Бұл табыстарды Смит бастапқы деп атайды, олардың бәрі қосылып ұлттық табысты құрайды, ал қалған табыстың барлығы екінші деңгейлі (олар бастапқы табысты қандай да болсын жолмен қайта бөлу болып табылады).

Жалақы еңбекке төленетін ақы болып табылады, оның ең төменгі деңгейі жұмысшының өмір сүруге қажетті ресурстарымен анықталады: минималды жалақы жұмысшыны тамақпен, киіммен және тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне жеткілікті болуы керек. Бұрын көрсетілгендей, бәсеке орын алған нарық жалақыны оның табиғи деңгейінде ұстап тұрады. Орташа жалақы капиталдың және табыстың өсуіне байланысты жоғарылайды. Экономикасы тез дамитын елдерде жұмысшы күшіне сұраныс ұсыныстан көп болады, сол себептен бұл жерде жалақы мөлшерлемелері жоғарылайды. Ал «қозғалысы аз» елдерде жалақы ең төменгі күнкөріс шегінен аспайды.

Пайда және рента түсіндірмесінде де құн түсіндірмесіндегі секілді Смиттің әртүрлі ұстанымы байқалады. Бір жағынан ол бұл табыстарды жұмысшылардың еңбегінен алынып, капиталистер және жер иеленушілер пайдасына қосылатын паразиттік деп есептесе, екінші жағынан Смит пайда және рентаны капитал және жердің қызмет етуінің нәтижесі деп есептейді. Экономикалық өсу барысында пайда нормасы капитал иелерінің бәсекелестіктерінің нәтижесінде және сондай-ақ, қорланған капиталдың көлеміне қарай оны тиімді қолдану қиынырақ болатындығына байланысты да төмендейді.

Смит өз жұмысында капиталды талдауға баса назар аударған. Капитал – бұл әрі қарай өндірістің дамуына және өндірушіге ресурстарды жоғалтып, нәтижесінде табыс табатын уақыт интервалын игеруге көмектесетін қор болып табылады. Ол негізгі (айналыста болмаса да табыс әкеледі) және айналмалы (айналыста болу арқылы табыс әкеледі) болып екіге бөлінеді. Негізгі капиталға машиналар, ғимараттар және жұмысшының білімі мен біліктілігі жатады, айналмалы капиталға ақша, шикізат қоры және сатылмаған тауар қоры жатады. Смит капитал динамикасын қарастырады, өйткені өндірістің артуының себебі капиталдың өсуі болып табылады. Капиталдың қорлануы алынған табысты тұтынуға емес, оны өндірісті ұлғайтуға және жетілдіруге жұмсаудан тұратын үнемділіктің әсері болып табылады. Үнемділік адамның қоғамдағы өз орнын жоғарылатуға ұмтылысы болып табылады.

Капитал мен өндірістің ұлғаюы ақшалай капиталдың көлемінің өсуіне алып келеді. Смит ақшаны тек материалдық игіліктердің өлшем бірлігі және «айналыс дөңгелегі» деп есептейді. Егер ақшаның көлемі айналысқа қажет ақшадан көп болса, онда бағалар өседі.

А. Смит сыртқы экономикалық байланыстарға үлкен көңіл бөледі. Сыртқы сауда ішкі өндіріс сияқты еңбек бөлінісінің және мамандануының негізінде қалыптасқан. Егер шетелде тауар өндірісі мемлекеттің ішіндегі өндірістен арзан болса, онда шетелден сатып алу тиімді болады. Еркін сыртқы сауда барлығы үшін тиімді, сондықтан Смит меркантилистердің арзан тауар кіргізуді шектеуге және өздерінің экспорттаушыларына сыйақы беру сияқты пікірлеріне қарсы тұрады. Смиттің бір мемлекетке арналған «көрінбейтін қол» қағидасы кейіннен бүкіл әлемге тарады.

А. Смит еңбекті «халықтар байлығының» өсуіне әсер етуіне қарай өнімді және өнімсіз деп екіге бөледі. Өнімді еңбек ретінде Смит әлдебір затта көрінетін құнды тудыратын және оны сатып алуға капитал авансыланған еңбекті айтады. Осыған сәйкес өнімсіз деп оны көрсеткен уақытында жоқ болып кететін және оны сатып алуға табыс шығындалатын қызметтерді айтады. Сол себептен материалданбаған еңбектің құндылығы болмайды, ал бұл категорияға Смит адамдардың өте үлкен тобын енгізеді: мемлекеттік шенеуніктер, әскер, музыканттар, заңгерлер, жазушылар және т.с.с.

Бұл А. Смиттің ізбасарларының наразылығын тудырды, олардың пікірінше, кез келген еңбектің ерекше құндылығы болады және қоғамдық байлықтың белгілі бөлігінің көзі болып табылады.

А. Смит либерализм тұрғысында экономикалық еркіндікті және мемлекеттің араласпауы қағидасын қолдады, бірақ мұның абсолюттік ереже емес, жалпы қағидалар екенін ескеру қажет. Смит жеке мүдделерге негізделген «көрінбейтін қол» үйлесімділікке және экономикалық өсуге, тек еркін жеке мүдделер сәйкес құқықтық және институционалды шектеулерге қамтылғанда ғана әкелетіндігін түсінген. Нақты өмірде мемлекет, классиктің пікірінше, келесідей қызметтерді атқаруы керек: а) елді қорғау; ә) қоғамдық мекемелерді (білім және байланыс мекемелері) қамтамасыз ету; б) пайыз мөлшерлемесін бекіту.

М. Блаугтың пікірінше, «мемлекеттің толық араласпауында бәсекелестіктің артықшылықтары көрінбейді. Және Смит саяси экономия туралы бекер айтпаған»12.

Өзінің минималды міндеттерін атқаруы үшін мемлекетте қаражат болуы керек және ол қаражат салық түсімдері арқылы жинақталады. Салықты барлық адам өзінің мүлігіне сәйкес төлеуі керек. Смит салық салудың төрт ережесін қалыптастырды:

1. пропорционалдық

2. анықтылық (салық төлеудің нақты уақыты мен сомасы көрсетілуі тиіс)

3. салық төлеуші үшін ыңғайлылық

4. минималдылық (салықтар тек ең қажетті мұқтаждықтарды өтеуі тиіс).

Смиттің идеясы ең алдымен оның елінде, сосын бүкіл әлемде іс жүзінде қолданыла бастады.

9

Смит А. Халық байлығының табиғаты және оның себептері туралы зерттеу // Экономика. Әлемдік классика, 10 томдық.Т 2. – А., 2006. – 154 б.

10

Смит А. Халық байлығының табиғаты және оның себептері туралы зерттеу // Экономика. Әлемдік классика, 10 томдық. Т 2. – А., 2006. – 159 б.

11

Жид Ш., Рист Ш. История экономических учений – М., 1995. – С. 69.

12

Блауг М. Экономическая мысль в ретроспективе. – М., 1994. – С. 56.

Экономикалық ілімдер тарихы

Подняться наверх