Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 1

Құрметті оқырман!

Оглавление

Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары жеке тұлғаның құндылықты бағдарына және қажеттіліктеріне, адамның дүниетанымдық көзқарастары мен мінез-құлқына негізделеді. Руханилыққа ұмтылатын адам жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болады, айтулы тұлғаға айналады, әлемдік мәдениеттен сусындайды, өзініц азаматтық парызын орындауга жауапты қарайды. Танымал мемлекет және қоғам қайраткері, білікті мәдениеттанушы, көрегенді де ұлағатты ұстаз – Темірбеков Садуахас Темірбекұлы нақ осындай адам болатын. Ендеше «Өнегелі өмір» сериясыныц 35-шығарылымы дарынды ғалымға арналмақ.

С.Т. Темірбеков 1932 жылы 31 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Ұзынбұлақ ауылы Алгабас елді мекенінде дүниеге келген. Ол С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті философия факультетін алғашқы түлектердің бірі болып бітіргеннен кейін, Қызылорда облыстық дәрістік бюроның директоры болады.

1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде философия мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Ал 1967 жылы 35 жасында жацадан ашылған Шымкент педагогикалық мәдениет институтыныц ректоры болып тағайындалады. Сол жылдары мұндай жас маманды ректорлық қызметке қою өте сирек кездесетін көрініс еді.

Ректордың ерекше іскерлік, өз ісіне адалдық қасиеттері республика басқару органдарының назарынан тыс қалмады. Садуахас Темірбекұлы 1978 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысты. Халқымыздың заңғар тұлғасы Д.А. Қонаевпен бірге 1986 жылға дейін қоян-қолтық еңбек етті. Жаңа «мамандықтар» бойынша ұлттық жас кадрлар дайындауда көптеген жоғары оқу орындары ашылуы керектігін тұжырымдап беруде өзінің терең білімі мен ұзақ жылдардағы мол тәжірибесін нақтылы пайдалана білді.

ҚКП Орталық Комитетінде қызмет етіп жүрген кезі өзі білім алған С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті «КазГУград» қалашығының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жылдармен тұспа-тұс келді. Оның оқу ғимараттары мен студенттік жатақханалары, оқытушы-профессорларға тұрғын үй салуға байланысты мәселелерді шешуде әкімшілік жағынан, партиялық басқару тұрғысынан жан-жақты қолдау көрсетуден тартынбады.

Қандай қызметте, қоғамдық жұмыста болмасын, С. Темірбеков өзіне тапсырылған мемлекеттік міндеттерді аса іскерлік, ізденімпаздық әрі жаңашылдығымен атқаруға білімін, тәжірибесін, күшін аямады. Екі рет, 1980 және 1985 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мемлекетке сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды, ҚКП Орталық Комитеті хатшылығының мүшесі болды. Осы қоғамдық жұмыстарының арқасында танымал қоғам қайраткеріне айналды.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абайдың сөзі ғалымның кейінгі қызметінің айнасындай. Өйткені ол 1986 жылдан бастап ҚазҰУ доценті, кейіннен мәдениеттану кафедрасының профессоры болды. С. Темірбековтің оқыған дәрістері қазақтың рухани дүниесін молайтуға, жаңғыртуға қосылған сүбелі үлес. Ғылыми-педагогикалық қызметінде С. Темірбеков мәдениет тарихы және теориясы мәселелерімен жүйелі түрде айналысады. Ол алғашқылардың бірі болып, «Мәдениеттануға кіріспе» (Введение в культурологию) атты оқулық жазды.

Мәдениеттанушы ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Садуахас Темірбекұлы Темірбековтің ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі мен өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты қалың оқырманға ұсынып отырмыз.


Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх