Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 7

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Оглавление

Мен мектепке 1939 жылы бардым. Бұл соғысқа дейінгі жылдар болатын. Есім кіріп қалған. Сол кездің өзінде көп нәрселерді аңғаратындай жағдайда едім. Ойыма түсетіні – үйге кісілер келсе, әкем марқұм қызмет жаса деп шақырып алып, солардың әңгімесін тыңдататын. Ол кезде орынсыз қылжақбас сөздер айту деген атымен болмайтын. Меймандардың қолына су құюдан бастап, дастарқан жаю, тағамдар қою, төменгі жақта отырып шай құю, оны кісілерге екі қолдап ұсыну мәдениетін мұқият үйрететін. Үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сәлем беру, артық сөз айтпау, жұмсаса тілін алу, жүгі ауыр болса көтерісу, бітпей жатқан тірлігіне жәрдем беру өнегесін ата-аналарымыз ылғи құлағымызға құйып отыратұғын.

Баланы жас кезінен еңбекке баулу мәселесі өз алдына үлкен әңгіме. Мүмкін жоқшылықтың салдары болды ма, әйтеуір әке-шешеміз ерте оятып, қозы бағуға жіберетін. Тары піскенде таң сәріден тұрғызатын, оны шымшықтардан қорғайтынбыз. Астықты комбайн орып кеткен соң, масақ теретінбіз. Әр жерде қалған бидайдың бастарын жинап, колхозға өткіземіз. Ол кезде үйме-үй қауын-қарбыз, қызанақ, қияр, сарымсақ егетін. Солардың арамшөбін жұлып, кетпендеп соңынан суғаратын едік. Әркім өз учаскелерінде бидай, арпа, тары өсіретін. Осы дақылдар піскенде, оларды кішігірім орақпен орысамыз. Көктемде, біздің жақта, жерді жер ағашпен екі өгіз қосып жыртатұғын. Біз сол өгіздерді жетектеп жүреміз. Не керек, көзіңді ашқаннан бастап, үйге қажет еңбектің барлық түрлеріне жегетін. Еңбексіз өмір жоқ екенін іс жүзінде бастан өткізіп, санамызға сіңіретінбіз. Үгіттеу жоқ, тіке жұмысқа кірісіп кетеміз. Біздің ұрпақтың дерлігі бұл үрдісті басынан өткізді десем, қателеспеймін. Сондықтан да университетке түскен кезімізде қала балалары тек берген сабақты дайындаса, елден келген біздер олардан жұмысты екі есе артық істедік. Ауылдық мектептен алған біліміміздің олқылығын толтыру және күндіз-түні жатпай-тұрмай орыс тілін үйрену қажеттілігі туындады.

Ол кездері ауылда табиғатты керемет аялайтұғын. «Көкті жұлмаңдар, оны таптамаңдар, су жүретін арық шапқанда, мүмкіндігі болғанша көк шөбі сирек жермен өткізіңдер, малды өріске айдағанда, бітік көгалмен жүргізбеңдер» деген өсиеттерді жасы үлкен кісілер қайталап отыратын. Наурыз айы келгенде ауылдың кетпен, күрек ұстауға жарайтын азаматтары жаппай арықтарды тазалауға кірісетін. Жас балаларға шөп-шаламдарды, қоқыстарды бір жерге жинатып, өртететін еді. Қайнардың көзін тазалау үлкен жиынға айналатын. Мал сойылушы еді. Наурыз мейрамының сол кездегі тойлануына байланысты соңғы кездерде орынсыз әңгімелер айтылып жүр. Соның ішінде «наурыз көжеге тыйым салынды» деген сөз де бар. Біздің ауылда сол кездердің өзінде наурыз көже мерекесін өткізетін. Оның мезгілін екі белгімен анықтайтұғын. Біреуі – наурыз гүлінің ашылуы. Ол көз тартатын көкшіл болады. Екіншісі – ел ішінде «наурызек» деп аталатын шымшық келетұғын. Осы кезде қариялар «ал енді наурыз көжені беруге болады» деп баталарын беретін. Әрине, бірақ бұл мемлекеттік мереке болмағандықтан ба, жоқ халық арасындағы ұлттық мерекенің маңызын білетіндер сирей бастағандықтан ба, бірте-бірте осы дәстүрдің маңызы әлсірей бастағаны рас.

Менің есімде қалған жағымды әсер – ауыл адамдары наурыз көжеге жиналғанда өте көңілді әзіл-оспақ құрып отыратын. Олары тым жарасымды болушы еді. Жұртты рақаттанып күлдіріп, әзілді айта білетін жігіттердің айналасына адамдар тез жиналатын. Әсіресе, жеңгелер мен қайындардың әзілі соншалықты ұнасымды, орынды, астарлы әрі күлкілі болатын. Жеңгелеріміз мырза жігіттердің қытығына тиетін жайттарды дөп тауып айтушы еді. Ал ер балалардың ең қызығып ойнайтын ойыны асық ату еді, оның «алты атар», «үш табан», «түйе табан», «төрт асық» дейтін түрлері болатұғын. Ертеден кешке дейін сарылып, құмарымызды қандырған соң түнге қарай үйге келіп, тамақ ішер-ішпестен ұйқыға кететінбіз.

Сол кездері біздің «табиғатпен тілдесуіміз» де ең сүйікті ойынның бірі еді. Ол жабайы гүлдерді теруден басталатын. Ботаника пәнінен сабақ беретін Шерақмет Қалдыбаев деген ағайымыз көктемде табиғат аясына шығарып гүлдерді оқытатұғын. Бұл әсерлі де қызық сабақ болушы еді. Демалыс күндері, әсіресе жазғы демалыста бірнеше бала топтасып, Қазығұрт тауына шығатынбыз. Көктердің, гүлдердің көптігі сонша керемет әсер беретін. Сол гүлдердің ішінде «қойөсер» дегені бар. Үйге әкеліп іліп қойсаң, жаз бойы қурамай өсіп тұра беретін. Сөйтсек, ауамен қоректенетін өсімдік екен ғой. Одан басқа көк күйінде адамдар жұлып алып жейтін желкек, түйіртбек, сарымсақ, рауаш дейтін өсімдіктер көп болушы еді. Ол кездегі табиғаттың тазалығы сонша, бұл шөптерді жеуден еш қорықпайтынбыз және ауырып та көрген емеспіз. Халық соғыс кезіндегі қиыншылықта таудағы жабайы бұршақ деген өсімдіктің дәнін қуырып жеп, күн көретін.

Біздерді әсіресе тікендерге, ағаштардың басына ұя салған шымшықтардың балапандары қызықтыратын. Оларды темір қанаттан өткен кезде үйге әкеліп ойнайтынбыз. Тал ағаштың көк шыбықтарын кесіп алып тор жасап, солардың ішінде ұстаушы едік. Көбелек қуып, шегірткелер ұстау, құмырсқалардың жолын іздеу – ең қызықты ісіміз еді. Ондайда тамақ ішуді ұмытып кететінбіз. Көбелектердің көптігі сонша – оған қарап тұрудың өзі рақат еді. Түстері, түрлері есепсіз мол сол көбелектерге қарап, туған жер табиғатының сұлулығына құмарта тамсанып өстік десем артық айтқаным бола қоймас.

Соғыстың аяғына қарай елге жаралы болып жазылған азаматтардың алды орала бастады. Халық қашанғы күңірене берсін, ел ішінде азын-аулақ той-томалақтар өткізілетін болды. Менің есімде солардың бірі ерекше әсер беріп қалып қойыпты. Әміре деген ағамыз соғыстан бұрын Ташкенттегі Орта Азия университетінің (САГУ) соңғы курсында оқып жүргенде, Алматыда ашылған коммунистік журналистика университетіне сабақ беруге шақыртылып алынады. Оқытушы болып істеп жүргенде, оны Жезқазған комбинатына парторг етіп жібереді. Бұл кезең халық жауларын жоспарлы түрде іздеп жатқан уақытқа сай келеді. Көп ұзамай бұларды қалалық партия комитетінің бюросында тыңдап, ағамызды партиядан шығарады. «Коридорға шығып күте тұрыңыз», – дейді. Қамалатынын білген ол шығысымен вокзалға тартып, руда тиеген вагонға жасырынып, тайып тұрады. Өзбекстанға өтіп кетіп, аты-жөнін өзгертіп, жұмыс істеп жүргенде соғыс басталып, майданға кетеді. Соғыстан оралған соң ауылда бухгалтер болып жұмыс істеді.

Сол ағамыздың үйлену тойына колхоз жәрдем беріп, үлкен етіп өткізді. Бірнеше үй тігілді. Бұл 1946 жыл еді. Мен ауылдағы мектептің жетінші сыныбын бітірген кезім. Өзімді жігіт сезініп қалғанмын. Бір кезде қыздар мен жігіттердің ойын сауығы басталды. Қасымда Оралхан деген менен бір сынып кейін оқитын досым бар. Мен оған: «Тойға келген мейман қыздардың тұсына барып айтысайық» деп бір үйдің сыртына алып келдім. Сұрастырсақ, ол жерде Қожымбет деген атамыздың бой жеткен балдызы бар екен. Қасында қыз-келіншектер де бар. Әй-шәй жоқ тұсына отырдық та, өлеңді бастап жібердік. Олар да жауап өлеңдерін айта бастады. Бір уақытта қарасам біздің айналамыз адамдарға толған. Оралханның әкесі Шаңбай деген атамыз менің көкем мен анамды ертіп келіп, «мына балаңның жігіт болғанын көр» деп қауғалап жатыр. Анамның қуанышында шек жоқ. Қуанғаны сонша, ұшып кетуге дайын тұрғандай. Қайындары жеңгесіне: «Балаңның қыздарға өлең айтқанына той жаса!» деп ортаға алуда. Менің құлағыма келгені анамның «Ертең үйге келіңдер, ешнәрсені аямаймын» деген сөздері болды. Біз сасқан жоқпыз. Өлеңімізді аяқтап, қыздардан телім алдық. Кейінгі тойларда қыздармен айтысу әдетке айналып кетті.

Осы күндері ойланып отырып, «шіркін, албырт жастық-ай» деймін. Өлеңге құмарлығым ана сүтімен берілген, халқымыздың аңыз-әңгімелерін, ертегілерін ақындар айтысын жастайымыздан құлаққа құйып өскендіктен болар деп ойлаймын. Оның үстіне сол кезде шыққан дастандар жинағы, батырлар жырын құмартып оқып қалыптасқанымыздың әсері сөзсіз көмектесті. Соғыс кезінде (әсіресе 1943-1944 жылдары) ауылда қалған кемпірлер, күйеулері әскерге кеткен әйелдер, олардың ішінде жас келіншектер көп болатұғын. Мал-жанды жайғастырып болғаннан кейін, түнге қарай Айшагүл апамыздың үйіне жиналып, шамның жарығымен маған дастандар оқытатын. Күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейтіні: «Қыз Жібек» дастанындағы Бекежанның Төлегенді Қособаның көлінде жауыздықпен атқанын, Төлегеннің қансырап жатып, елге қарай ұшып бара жатқан алты қазға сәлем айтатын жеріне келгенде, үлкен-кішінің барлығы елжіреп, жылап отыратын. Әсіресе, Төлегеннің алты қазға «әке-шешем, бауырым Сансызбай, қарындасым Қарлығаш сендерден «Төлегенді көрдіңдер ме?» десе:

Қосабаның көлінде

Қоса кетті дегейсің.

Маңдайынан аққан қан

Жоса кетті дегейсің.


Өлі екенін білмейміз,

Тірі екенін білмейміз,

Жылай-жылай бір жалғыз

Дүниеден өтті дегейсің! –


деген сөздерін оқығанда, барлығы еңіреп жылайтұғын. Мен жас баламын, өзімді арқалап өсірген Несіпбай деген ағам Ленинград майданында хабарсыз кеткен. Сол ағамды ойлап, менде қосылып жылаймын. Дастанның жалғасы ертеңге қалып қояды. Осындай жыр-дастандар шерлі жандардың көкірек көзін ел-сел қып жылатумен қатар, адамның адалдық қасиеттерін тереңінен оятып, оны езілген жүрегінде мәңгі қалдырып, жеке басыңа иман береді екен ғой. Ауыз әдебиетінің шексіз байлығынан сусындап, оған шомылып өсу үлкен бақыт екен. Халқының жан сырын түсіне бастағандай әсер қалдырады. Бұл заманның жастарының көпшілігі осы бақытты сезбей кетіп барады. Қандай өкінішті! Жапония сияқты өркениетті елдерде баланы бесігінде өздерінің рухани байлығына бөлеп өсіреді екен.

Мен социалистік жүйені орынсыз балағаттамаймын. Кеңестік дәуірдің біздің халыққа тигізген оң әсерін айрықша атап көрсеткен жөн. Бірақ сол жүйені жоғары жақта басқарғандар бұрмалаушылыққа жол беріп, империялық мақсатқа пайдаланды. Сол себепті ұлттарды өзінің шыққан тегі мен түп-төркінінен, мәдениетінен бірте-бірте аластатып, түбегейлі ажыратуға бағыт ұстады. Оның басты нысанасы – ұлттық тіліміздің қағажу көруі еді. Алайда бұған социализм ілімі кінәлі емес. Бұл – сол ілімді бұрмалаған Орталық басшыларының кінәсы. Қазіргі жұрттың дені барлық «жаманды» социалистік қоғамға аударып, өткенге түгел топырақ шашып жүр. Ондайлар көз алдымыздағы «демократия» деген ұғымның да жан шошытып, жаға ұстатар жақтарын көрседе көрмеген болады. Сондықтан қай қоғамның болсын дұрысы мен бұрысын теңдей саралау – қоғамдағы көптеген келеңсіздіктердің алдын алады. Өткеннің жақсысын алып, жаманынан «сабақ алуға» жәрдемдеседі.

Шын мәнінде, Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін Тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Халқымыз бодан күннен осы бостандыққа ұзақ уақыт зарығып жетті. Бұл жолда еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Сондықтан оның баянды болуына атсалысу – әрбір қазақтың қасиетті борышы. Ал Тәуелсіздік шынайы демократия жолдары арқылы ғана қалыптаса алады. Сонда ғана халық оның жемісін көреді. Оған жету үшін авторитаризмнен құтылу керек. Мұны «ашық қоғам» дейді. Қазіргі айтылып жүрген пікірлердің көбінде біржақтылық басым. Шын мәнісінде әкімдерді тағайындау арқылы да демократия орнатуға болады. Тек қоғамда не болып жатқанын жасырмай айтып отыру керек. Барлық меншіктің иелері кімдер? Олар бұл меншікті қалай иеленді? Шығарылған байлық қанша? Одан мемлекетке қанша пайда келді? Әрбір қазақстандық өз табысы туралы декларация жариялауы керек. Егер халық жоғары билікпен тығыз қарым-қатынаста болса, шенеуніктер де сыбайлас жемқорлыққа бара алмас еді. Өйткені, қазіргі қоғамымыздағы ең үлкен трагедия – жемқорлық болып отыр.

Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы армандаған ең басты құндылығы. Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан халқыма Тәуелсіз Қазақстанымыздың Көк байрағы желбіреп, тұғыры әрқашан биіктеп, Егемен еліміздің іргетасы берік болып, нығая берсін демекпін!

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх