Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 14
ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
І ХАЛЫҚАРАЛЫҚ Ө. ЖОЛДАСБЕКОВ СИМПОЗИУМЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
(Алматы, 1 наурыз 2011 ж.)
ОглавлениеҚұрметті Президиум!
Құрметті аудитория!
Бүгін біздер халқымыздың біртуар ұлы Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың сексен жылдық мерейтойын тойлап отырмыз. Мен Өмірбекпен Шымкент қаласындағы Сыпатаев мектебінде бірге оқып, 1949 жылы бітірдім. Екеуміз айырылмас дос болдық. Достығымыз Өмекең дүниеден өткенге дейін жалғасты. Егіз қозыдай болдық. Мен өзімнің сөзімде осы азаматтың тұлғалық қасиетіне тоқталмақпын.
Мектепте оқып жүрген кезінен оның лидерлік ерекшелігі көзге түсетін, ол жанып тұрған от еді. Өте әділетті болды. Қажет кезде басқаларға қол ұшын созып, нағыз достық көмек көрсететін. Біздер үшін қызықты шараларды ұйымдастырудың шебері болатын. Сондықтан да бәріміз Өмірбектің айналасына топтасып, соның ықпалымен шешім қабылдайтынбыз. Жастар арасында ұрыс-төбелес болып тұрады ғой. Оларға Өмірбек әділетті төрелік айтып, тоқтатып отыратын. Ұрыс-керістің арты үлкен төбелеске айналып, шиеленіс ушығып кеткенде, мектеп басшылары Өмірбектің абыройын пайдаланатын.
Сондайдың бірі біз 9 сыныпта оқып жүргенде болды. Есболған Егембердиев деген оқушы Ботанов деген досымен үзіліс кезінде төбелесіп, оның мұрнын бұзып жіберіпті, балалар екі жаққа бөлініп мәселе үлкен шиеленіске айналғанда Өмекең өзінің лидерлік абыройын пайдаланып, мәселені оларды татуластыру арқылы шешкен еді.
Өмекеңнің келесі тұлғалық қасиеті – оның жаңашылдығы мен жасампаздығы. 1947 жылы біз оқыған мектептің жанынан интернат-пансион ашылды. Біздер жатақханада жатып, мемлекеттің толық қамқорлығына көштік. Елден келген балалармыз, мектепте өткізілетін кештерде билеуді білмейміз, сопайып тұрамыз. Өмірбек оқушылар комитетінің төрағасы. Соның ұсынысымен мектепте биді үйрететін үйірме ашылды. Оған жетекшілікке пресс-автоматтар зауыты клубынан Фертик деген хореограф шақыртылды. Әр аптада екі рет жаттығу өткізіп, біздер көпшілік билейтін билерді үйреніп шықтық. Енді орыс тілін жетік меңгеру мәселесі туындады. Оны да Өмекең ұйымдастырды. Орыс мектептерімен байланыс орнатып, бір-бірімізді кештерге алма-кезек шақырысып жүрдік. Осы кештерде Өмекең өзінің келешек жары Маямен танысты. Не керек, Өмірбек мектеп бойынша оқушыларға қатысты барлық ірі мәселелердің басында жүретін нағыз лидерге айналды. Оның орнын мектеп басшылары да мойындады.
Өмекеңнің тағы бір ерекшелігі – ол бала кезінен өте батыл болатын, ешкімнен қаймықпай, өз пікірін айта алатын.
Міне, Өмірбек Арысланұлының осы қасиеттері оның өмірдің үлкен сахнасына шығуына, нағыз қайраткер болып қалыптасуына сөзсіз әсер етті.
1970 жылы ҚазМУ-дың ректоры болып тағайындалғаннан бастап ол өзінің барлық күш-қуатын аямай осы университетті алдыңғы қатарға шығаруға арнады.
Ол негізгі үш мәселеге ерекше көңіл бөлді. Біріншіден, университеттің нағыз ғылым мен білімнің орталығына айналдыру. Ол үшін оқытушылар құрамын күшейтті. Қазақстанның көрші республикаларында жұмыс істейтін ғылым докторларын, профессорларын жинай бастады. Екі-үш жылдың ішінде университеттің ғылыми потенциалы мықтап өсті, оны одан ары қарай күшейте түсті. Одақтың ең мықты жоғары оқу орындарына көптеген аспиранттар мен доктаранттарды жіберуді барынша үдетті.
Екіншіден, ерекше көңіл бөлген нәрсе – оқу процесінің сапасын арттыру, лекциялар мен семинарлардың сапасын көтеруге ерекше мән берілді. Оқытушылардың сабаққа деген көзқарасын олардың лекциялары мен семинарларының мазмұнын тексере отырып бағалау. Кафедра меңгерушілерінің басқаруымен ашық сабақтар өткізіп, оның қорытындысын талқылау арқылы оқытушылардың кәсіби деңгейіне баға беріп, оның ары қарай осы жұмыста қалу-қалмауы шешіліп отырды. Бұл мәселені жүйелі түрде жолға қойды. Мұның өзі мамандардың сапасын арттырды.
Үшіншіден, ол профессорлар мен оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, студенттердің білім алуына барлық жағдай жасау керектігін ойластырды. Ол үшін оқытушыларды тұрғын үйлермен, ал студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету керек болды.
Осы үш мәселені шешу үшін ол барлық мүмкіндіктерді пайдаланды және оларды негізінен шешті де. Сөйтіп Қазақ университетін Кеңес одағындағы ең мықты жоғары оқу орындарының қатарына шығарды, Халықаралық университеттер ассоциациясына қабылдатты.
Өмекеңнің бұл жолында небір қайшылықтар тұрды. Қиянаттарға ұшырады. Көреалмаушылар, аяқтан шалушылар да болды. Оның артынан өсек жаудырып жіберді, жала да жапты. Оның барлығына қолды бір-ақ сілтеп, халқының маңдайына біткен жалғыз университетін дамыған үстіне дамыта берді. Дегенмен, оған көрне-көзге қиянат жасаушылар Горбачев бастаған авантюризм кезеңінде қудалауға салды. Оның басында сол кездегі Қазақстан Орталық Партия Комитетінің хатшысы Камалиденов тұрды. Қалай да қылмыстық іс тауып, оны түрмеге отырғызғысы келді. Одан түк шықпады.
Авантюристер қанша қудаласа да, орнынан босап, жұмыссыз қалдыру қаупі төніп тұрса да, Өмекеңнің тұлғалық қасиетінің ерекшеліктері сол – үйінде отырып ғылыми жұмысымен шұғылдана берді. Ол өзіне сенді. Әділеттіліктің орнайтынына күмәнданған жоқ. Осының өзі оған қуат берді.
Өмекеңнің сол кездегі жазықсыз қудалануынан, оны барынша рухани қорлауынан қазақ қоғамы үлкен қорытынды шығару керек. Бұл тарихи қорытынды болуы қажет. Ол қорытынды қазақ қоғамының бойына сіңген, оған Ресейдің бодандау дәуірі әкелген өз ұлыларын қудалау, оларды қорлау ауруынан жазылу қажет. Біз білеміз, еліміздің данышпан перзенттері М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Д. Қонаевтардың көзі тірі кезінде қандай қорлықтар көрді. Биліктен көрген азаптары бір төбе болса, өздерінің жағымпаз, жандайшап отандастарының жаласын, былғаныш сөздерінен кешкен азаптары одан да ауыр болды. Сол қорлықты Өмірбек те басынан өткізді.
Мұны айтып отырғаным, кешегі Өмірбектің басына іс түскенде «Өмірбек – біздің досымыз» деп үйінен шықпайтындар жоқ болып кетті, «біз – Өмекеңнің шәкірттеріміз» деп жүргендерді іздеп таппай қалдық. Сондай қиын кезеңде ешнәрседен сескенбей, ұстазының қасында болып, қолтығынан сүйеген шәкірті мынау ортамызда отырған бүгінгі министріміз Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов болды. Сол үшін сізге рақметімді айтамын.
Өзінің дарынымен, тынымсыз адал еңбегімен, өмір бойы ізденумен алға шыққан азаматтарымызды қоғам қолдап отыратын болса, ондайларды авантюристерге, жағымпаздарға, бәлеқорларға қорлатпай жолдарын ашық ұстаса екен деймін.
Құрметті қауым! Осында еліміздің ең мықты жоғары оқу орнының профессорлары мен оқытушыларының, білім министрінің отырғанын пайдаланып, бір мәселеге баса көңіл аударғым келеді және бұл мәселе Өмірбек Жолдасбековтің артында қалдырған мұрасымен байланысты.
Құрметті министр!
Сізге дейін бірқатар министрлер болды. Оларды сынағым келмейді. Бірақ та ренжімесін. Барлығы да реформалар жүргізді. Бірақ сол реформалар проблеманың сыртқы жағын әшекейлеп, қағаздармен толтырып жіберді. Ол оқу орнының күретамыры – оқу процесінің сапасына кері әсерін тигізді. Көңілдеріңізге келмесін, шындықты айтатын болсам, оқу процесінің сапасы кеңес дәуіріндегі дәрежеден көп төмендеп кетті.
Біз бір нәрсені нақты түсінуіміз қажет: ол оқу орнының негізінде оқу процесінің, сабақ оқытудың сапасы жатыр. Шын мәнінде сол сапа көтерілсе, істің барлық жағы дами түседі. Кредиттік технологияны іске асырмаса, ол кімге керек.
Шетелден озық үлгілерді алу керек. Бірақ оқу процесінде тәрбие жұмысының ескірмейтін, атамзаманнан келе жатқан, маңдайтермен жасалған рухани құндылықтарын аяқасты етпейік.
Құрметті министр!
Сіз еліміздің көреген басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың командасындасыз. Өмірбек Жолдасбеков сияқты жоғары мектептің теңдесі жоқ қайраткерінің мектебінен өттіңіз. Өмірден көргеніңіз, біліп-түйгеніңіз мол басшысыз. Сізге ғылым мен білім саласының азаматтары үлкен үміт артып отыр. Сол үмітті ақтайды деп сенеміз.
Құрметті қауым!
Өмірбек Арысланұлының жасампаздығын бүгін жұртқа жарқырап көрсетіп тұрған – мынау ҚазМУ қалашығы. Оны жұрттың барлығы ҚазГУград дейді. Бұл – Өмекеңнің халқына қалдырған сыйы. Бүгінде бұл қалашық Өмекеңнің өзіне салдырған ескерткішіндей болып тұр. Сондықтан да бүгінгі Өмекеңе арнап ашылған кешен сондай әдемі жарасып, өзінің орнына отыра салғандай.
Бүгін арамызда Өмекең жоқ. Бұл күнде ол өзінің замандастары болған данышпан ағалары М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Д. Қонаевтармен бірге қазақ тарихының төрінде.