Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 11

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
СТУДЕНТ КЕЗІМІЗДЕГІ ОҚЫТУШЫЛАРЫМЫЗ ТУРАЛЫ СӨЗ БОЛҒАНДА, ЕҢ АЛДЫМЕН ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТТАРЫ, ДОЦЕНТТЕР

Оглавление

Николай Петрович Дардыкин мен Михаил Никифорович Чечин еске түседі. Н. П. Дардыкин философия кафедрасының меңгерушісі, әрі факультеттің деканы болды. Философиядан жүйелі курсты сол кісі бастап оқыды. Өте білімді, керемет шебер лектор еді. Лекцияны жайлап оқитын, жазып үлгеретінбіз. Бірақ та, оны тек оқып шығу емес. Әрбір сөзінің мазмұндық салмағы ерекше бай болатын. Егер де біздің толық түсінбей жатқандығымызды байқаса жан-жақты түсіндіруге көшетін. Н. П. Дардыкинның «Неміс классикалық философиясы» туралы арнаулы курсы біздің философ болып қалыптасуымызда шешуші рөл атқарды» десем қателеспеймін. Неміс философиясына тісіміз батпай жүретін. Н. П. Дардыкинның арнаулы курсынан кейін Кант, Гегель еңбектерін түсініп оқитын дәрежеге жеттік.

М. Н. Чечин аса дарынды ұстаз еді, ол логикадан бастады. Біз мектепте оқыған жылдары логиканы оқу жоспарына енгізген еді. Одан бізге сабақты қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен беретін Биімбет Досмұрзаев ағай өткізді. Шынын айтсақ, бұл пәннен жарытып ешнәрсе түсінген емеспіз. Міне, енді доцент Чечин лекция оқығанда бізде қызығушылық пайда болды. Соның нәтижесінде мен 1954 жылы университетті бітіріп, Қызылордаға жұмысқа барғанымда пединститут студенттеріне осы пәннен лекция оқыдым.

Н. П. Чечиннің философиядағы теориялық тереңдіктің, білімділіктің не екенін бізге аңғартқан «Ежелгі гректер философиясының тарихы» деген арнаулы курсы болды. Оған сабақ кестесі бойынша берілген сағат аз болатын. Бізге арнайы курстың алғашқы лекцияларын оқығаннан кейін: «Сіздердің ертедегі грек философиясын шын мәнісінде білгілеріңіз келе ме? Егер де білгілеріңіз келсе, бұған берілген сағаттар жеткіліксіз. Сіздер келіссеңіздер сабақ кестесінен тыс әр демалыс күні мен алты сағаттан лекция оқуға дайынмын. Оның барлығы тек менің сіздерге деген көмегім болмақ», – дегенде, бәріміз қойдай жамырап, келісім бердік. Сонымен, әр демалыс күні алты сағаттан лекция тыңдаймыз. Бірде-бір студент бұл лекцияларды жіберген жоқ. Есімде қалғаны аудиторияда тыныштықтың орнайтындығы соншалық – әрбір студенттің пышылдап дем алып отырғаны ғана естілетін.

Бізге білім бергендердің ішінен сол кезде жас келіншек болғанымен, өте білімді Вуся Ароновна Черняк деген доцент болды. «Қоғамның дамуындағы жаңа идеялардың рөлі» деген арнайы курсы әлеуметтік философияның мазмұнын білуге жәрдемдесті.

Университет өмірі жан-жақты қызық болатын. Қоғамдық шаралар өткізіліп жататын. Көрнекті жазушылармен кездесулер болып тұрады. Біздер өз бетімізбен опера және балет театрына, драма театрға, жасөспірімдер театрына баратынбыз. Менің Қырғызбай деген мектептес досым барлық опералардың сөзі мен әнін жаттап алып, демалыс күндері таңертеңнен кешке дейін оларды өз бөлмесінде айтатын да жүретін. Біз оны тыңдауға барып, кейде «Қыз Жібектің», «Ақжүністің» арияларын айтқанда «сен нағыз әйел болатын адам екенсің» деп күлкіге айналдыратынбыз. Қырғызбай Бақтыбаев – бұл күнде физика ғылымдарының докторы, ҚазМУ-дың профессоры, есімі бұрынғы Кеңес үкіметі аумағында белгілі үлкен ғалым.

Философия факультетінен білім алғанымызда, біздің түбегейлі маман болып қалыптасуымызда оң әсерін тигізген бір факторын айтпауыма болмайды. Ол – бұзуға болмайтын темір тәртіптей қалыптасқан басты талап. Сабақтарға тек түпдеректер арқылы дайындалу, емтихандар мен сынақтарды философтардың өздерінің еңбектерінен өткізу. Бұл өз бетімізше дайындалудың алғышарты еді. Барлық философиялық мәселелердің тетігіне тек түпнұсқаны оқып-түсіну арқылы жететінбіз. Осы педагогикалық тәсілдерді біздің ұстаздарымыз бұлжытпай ұстады. Осының арқасында дүниежүзінің ұлы философтарының негізгі еңбектерін түгел қазбалап оқып, конспектілер жасап шықтық. К. Маркстың «Капиталын» философияның ең негізгі еңбектерінің бірі етіп оқыдық. Шындығында солай ғой. Қандай керемет философиялық, экономикалық, публицистикалық, керек болса, әдеби көркем шығарма ғой. Әсемдеп, әсерлеп айтатын сөздері қандай. Менің МГУ-де оқып жүргенімде, бір қызық оқиға болды. «Диалектикалық материализмнен» кандидаттық емтихан тапсырып жатырмыз. Комиссияның төрағасы Панцхаба деген профессор, ұлты грузин. Мен билет бойынша жауап беріп, үшінші сұраққа «динамикалық және статистикалық заңдылықтардың арақатынасы» деген сұраққа жауап беріп болдым. Панцхаба маған «Статистикалық заңдылықтардың бар екендігін кім ашты?» деген қосымша сұрақ қойды. Оған мен бұл заңдылықтарды К. Маркс «Капитал» деген еңбегінде халықтың салыстырмалы және абсолютті кедейленуін зерттегенде ашқанын айттым. Ол маған: «Неге кейбір философтар мен экономистер біз аштық деп жүр. Оған не айтасыз?» – деді. Оған мен былай деп жауап бердім. «Мұның себебі өте қарапайым. Біздің кейбір философтар мен кейбір экономистер К. Маркстың «Капиталын» терең түсініп оқымағандықтан». Айтқаным сол екен, профессор Панцхаба бір рақаттанып күліп: «Ой, дорогой, как ты правильно сказал, действительно они «Капитал» Маркса глубоко не изучают», – деді. – Сіз қандай мамандықты бітіргенсіз?» деп сұрады. Мен 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде философия факультетін бітіргенімді айттым. Ол таңданып қалды. Онда мұндай факультеттің болғанын білмеген екен.

Осынша сүрген өмірімде институттарда мұғалім болдым. Орталық Партия Комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқардым, енді, міне, кафедра профессорымын. Барлық қызметімде университеттің философия факультетінде алған тиянақты білімім менің айнымас тірегім болды. Қандай бір қиын жағдайларда жол көрсететін жарық жұлдызым болды. Рухани шаршағанда дағдарыстан алып шығатын нағыз дәруменім болды. Менің саналы өмірімде осы университеттің студенттігінен бастап, еңбек етуімнің соңғы сатысын осы ұямда өткізіп жатқаныма өте бақыттымын. Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті шын мәнінде менің университетім.

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх