Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 6
ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР
ОглавлениеӘкем – Темірбек Тәжіұлы, елдің абыройлы азаматы болды. 1924 жылы Лениннің шақыруымен коммунистік партияға өткен. Әртүрлі басшы қызметте істеген. Әкем туралы менің ойымда оттай басылып қалғаны – барынша әділетті, қара қылды қақ жаратын, ешбір жағдайда былыққа бармайтын, жөн сөйлейтін, сөз қадірін білетұғын адам еді.
Әкем өзінің осы қасиеттерін іс жүзінде бұлжытпай орындағанын көріп өстім. Егер де бір ретсіз жағдайға ұшыраса, соған көңілі кешке дейін орнына келмей жүретін кісі болған. Мынандай бір жағдай болды.
Мен 1965 жылы желтоқсан айында Мәскеуде М. В. Ломоносов атындағы МГУ-де кандидаттық диссертациямды қорғадым. Ол 1966 жылы сәуір айында бекітілген болатын. Шымкенттегі достарым, ағайындарым «жумайсың ба?» деп тынышымды алды. Жууға болады, бірақ қой табу керек. Амал жоқ, өзіміздің совхоздың Әлішер Науайы бөлімшесінің аға есепшісі Сапарбек деген ағамызға телефон соқтым. Ол кісі: «Темекеңнің үйіне деп бір қойшыға семіз қой апарғызып беремін. Келіп өзің алып кет», – деді. Сапарбек сөзіне тұрақты және елде абыройлы адам болатын. Келе жатқан жексенбі күніне қонақтарды шақырып, әйелім Фарида екеуміз дайындыққа кірістік. Сенбі күні Марат Бошаев деген досымның «Волгасымен» қойды әкелуге әкемнің үйіне бардым. Аман-саулық айтысқан соң, мені оңаша сөйлесуге шақырды. Сондағы айтқаны: «Немене?! Сенің әкеңнің колхоздағы малына қосып қойған малы бар ма? Неге Шымкентте жатып мұндағыларға міндет артасың? Базардан өз ақшаңа сатып алмайсың ба?» – деді ашуланып. Ақырында көкеме совхоздың конторына ақшасын төлеп қойғанымды айтып, ашуын әрең бастым. Біздер осындай таза адамдардың тәрбиесінде өстік. Және олардан өмірімізге мәңгі арымас рухани азық алдық. Өз басым барынша адал болуға тырыстым. Былық-шылыққа бармадым. Оны жұрт та білді және мемлекеттік органдар да байқап отырды. Мені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жұмысқа аларда, оның идеология жөніндегі хатшысы С.Н. Имашев былай деді: «Сіз басқару жұмысын жақсы білетін және ең білімді жалғыз мен ғана екенмін деп ойлап қалмаңыз. Мұнда сіз сияқты партия мүшелері жеткілікті. Сізге қызығып отырғанымыз – таза жүріп-тұратындығыңыз. Сізді мұнда шақыртудан бұрын тиісті органдармен сөйлестік, олар бәрін біліп отырады. Адамдардан пікір сұрастырдық. Барлығы да сіз туралы адал, былық-шылықтан мүлдем аулақ деген пікір айтты. Осы қасиеттеріңізді әрқашан сақтаңыз», – деді.
«Әке көрген оқ жонар» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Әкемнің бойындағы кісі ақысын жемеу, өзгенің ала жібін аттамау сияқты тазалық, адалдық қасиеті маған дарығандықтан, қызмет саласындағы жолымның болуына да осы қасиеттер үлкен әсерін тигізді. «Ақтың ақысын құдай жемейді» деген сөз бар. Қандай бір алмағайып замандарда менің бойыма әке қанымен, тәрбиесімен берілген осы «адалдық» қасиеті – менің мәңгілік «оққағарым» болды. Осы қасиет мені өсірді, қорғады және халық ілтипатына бөледі.