Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 10

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ

Оглавление

Ол кездерде мектепті медальмен бітіргендерге жоғары оқу орындарына түсу үшін емтихан тапсырудың керегі жоқ болатын. Әңгіме қандай мамандықты тандауда ғана. Менің ойым – химик болу. Бұл пәннен өте үздік оқығанмын. Осы сабақтың мұғалімі Хазима Батыршина апайдың ұсынысымен мектептегі Менделеев қоғамының төрағасы болып сайланғам. Бұл қоғамда екі айда бір рет оқушылардың баяндамаларын тыңдап талқылайтынбыз.

Сонымен, химик болуға дайындалып жүргенмін. Оның үстіне мені облыстық оқу бөліміне шақырып: «Москваға түс, институтқа жіберейік. Соған бар» деп ұсыныс айтқан. Осылай болып, шешім қабылдай алмай жүрген кезде, көктем уағында «Социалистік Қазақстан» газетіне С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жарнамасы шықты. Онда жаңадан «Философия» мамандығы ашылғандығы хабарланыпты. Өзім гуманитарлық пәнді жақсы көруші едім. Әсіресе, қазақ әдебиетіне деген құмарлығым ерекше болатын. Саяси әдебиетті оқуға құмарлығым да бар. Әлі есімнен кетпейді. Сол кезде 9-сыныпта оқып жүргенімде кітап дүкеніне барсам, Карпинский деген автордың «История комсомола» деп аталатын еңбегін сатып жатқанның үстінен түсіп, біреуін сатып алдым. Орыс тілінде болса да, қинала оқып шықтым. Айта кететін бірнәрсе, соғыстан кейінгі кезде саяси тәрбиеге жоғары мән беретін. Комсомолдың қатарына өткенде саяси сұрақтарды жаудырғаны есімнен кетпейді. Солардың әсері болар, «Философия» мамандығы ашылды дегенді көріп, бәрін жиып қойып соған түсуге ойым кетті. Мен Бекбосынға айтып едім, ол да солай шешкен екен. Бірге баратын болдық. Бітірген соң құжаттарымызды университетке жібердік. Көп ұзамай «Сіздер қабылдандыңыздар! 1 қыркүйекте оқуға келіңіздер» деген шақырту қағаз алдық.

28 тамыз күні Шымкентке келсек, отарбаға билет жоқ. Сөйтіп не қыларымызды білмей жүргенде вокзалдың радиосынан «Бүгін кешке Алматыға «500-Веселый» отарбасы жүреді. Осымен барам деушілер кассадан билет алуына болады» деп хабарлады. Шауып барып кезекке тұрып билеттерді алдық. Сол отарба екі жарым тәуліктей жүріп, Алматыға түнде жеттік. «Дом делегатов» деген мейманханаға келсек, орын бар екен. Соған орналастық. Есімде қалғаны – әрқайсысымыз қырық тиыннан төледік. 31 тамыз күні таңертең тұрып, асханасына тамақтануға бардық. Бекбосынның менен біраз үлкендігі бар. Ақшаны сол ұстайды. Мен шөлдеп өліп барамын. Сыра ішейік деп айтуға аузым бармайды. Үйден «Қаржыларың өте аз, анау-мынауға жаратпаңдар» деп пысықтаған. Сөйтіп, отырғанымда Бекең жейтін тамақты айтып болып, официантқа екі кружка сыра беріңіз дегенде шөлдегенім сонша, ішпей жатып шекемнен тер бұрқ ете қалды. Оны Бекбосын көріп әбден күлді.

Тамақтанып болған соң, университеттің ректорат отырған корпусына келіп, шаруашылық жағын басқаратын Беспалов деген проректордан жатақханаға қағаз алдық. Ол жерге орналасу қиын болған жоқ. Тек сан пропускниктен өтіп келіңдер деді. Онысын бітіріп, 18 адам жататын бөлмеден орын алдық. Сонымен, 1 қыркүйек күні оқу басталып кетті. Совет көшесі, 36-үйдегі корпустың үлкен аудиториясына жиналдық. Лық тола студенттер. Күн ыстық. Терлеп-тепшіп отырмыз. Бірінші лекцияны партия тарихынан Лукянец деген лектор оқыды. Әрі қарай барлығы орыс тілінде жүрді. Мектепті күміс медальмен бітірсем де, менің орысшам нашар. Не керек, өмірімнің жаңа және шешуші студенттік дәуірі басталып кетті. Бұл дәуірдің қызығы да, қиындығы да мол болды. Мектептегі оқу жүйесімен мұндағы жүйе бір-біріне тіпті жақындамайды. Лекторлар лекцияларын оқиды да тайып тұрады. Осы жері қатты батты. Бізді неге мектепте осыған аздап та болса үйретпеді деп өкіндік. Бірінші апталарда тек лекцияларды тыңдаумен болдық. Екі айдан кейін семинарлар басталды. Философиядан бірінші семинар Т. Александровтың «История западно-европейской философии» деген кітабы бойынша Москвада өткен философиялық дискуссияға арналды. Алдын ала сұрауларымен қажетті әдебиеттер тізімі берілген. Дайындалған болдық. Семинарды доцент Н. П. Дардыкин жүргізді. Кіріспе сөзден кейін: «Бірінші мәселе бойынша кім жауап береді?» – дегенде жұрт жым-жырт болды. Бір кезде Ағын Қасымжанов деген жігіт қолын көтеріп, жауап беруге кірісті. Сайрап тұр.

Философиялық дискуссияның материалын жаңғақтай шақты. Бір кезде К. Маркстің «Капиталынан» үзінді келтірді. Барлығын қағазға қарамай айтып тұр. Шынын айтсам, менің зәрем ұшты. Егерде қалған студенттердің бәрі осылай болса мен оқуды қоятын шығармын деген ойға келдім. Жоқ, басқалары жауап бергенде қорқынышым сейілгендей болды. Сөйтсем, Ағын ерекше білімді екен. Оның ойлау қабілеті, эрудициясы, орыс әдебиетін, батыс әдебиетін білуі, ежелгі гректердің ойшылдарын мектепте жүріп меңгергені оның білім жағынан бәрімізден көш ілгері алда екендігін көрсетті. Ол университетті бітіргенге дейін алдына жан салған жоқ. Университеттен кейін де ең бірінші болып диссертация қорғады. Бірте-бірте дүниежүзіне аты белгілі философ болды. Біздің мақтанышымызға айналды. Қазақ академиясының философия институтында «Фарабитану» бөлімін басқарып, ұлы бабаларымыздың еңбектерін өз еліне қайтаруға көп еңбек сіңірді. Философия факультеті ашылғанда, студенттерге дәріс оқып жүрді. Бұл университетке Өмірбек Жолдасбеков ректор болған соң, үлкен ғалымдарды жинауға ерекше мән берді. Және оны табанды түрде іске асырды. Сол кезде Ағын да біржола университетке ауысты. Университет төрт бөлмелі пәтер берді. Кафедра меңгерді, декан болды. Не керек, факультеттің қалыптасуына аянбай еңбек етті. Абыройлы болды, шетел философтарымен байланыс жасады. Сондай жемісті еңбек етіп жүрген кезде Горбачевтың «Қайта құру» дүрбелеңі келіп жетті. Адамдар осы бір алмағайып кезеңде бір-бірінің соңына түсе бастады. Өмірбек Жолдасбековтың басына да сондай зауал туды. Оның жасампаздығынан, жаңашылдығынан, қатаң талап қоюшылығынан құтылудың амалын іздегендер «домалақ арыздарды» жаудырды. Олардың Орталық партия комитетінде З. Камалиденов сияқты идеологы отырды. Не керек, Өмекең қолдайтын күшті мамандардың, көрнекті оқымыстылардың соңына шырақ алып түсуге үлкен жол ашылды. Сондай жағдайда аса ірі философ Ағынның да қарсыластары үлкен белсенділік көрсетіп, не болса, соны желеу етіп, оның үстіне сол факультетте істейтін З. Камалиденовтың күйеубаласын пайдала- нып, оны қуғындауға кірісті. Ақырында іздесең таптырмайтын маманды жұмыстан шығарып, малшаруашылығы институтына мұғалім етіп жіберді. Олар осындай бейбастықты «қайта құру» деп есептеді. Сол кезде мен Ағынның соңынан үріп жүргендерді айдақтайтынның біреуіне: «Мына тірліктеріңді қойыңдар, ертеңгі күні ұятқа қаласыңдар, Ағын да адамның баласы, кемшіліксіз емес, бірлі-жарымдарыңа сөзі, ісі өткен шығар? Бірақ та ол ешкімді қудалаған жоқ қой? Ең маңыздысы сендер студенттерді өте керек лекторлардан ажыратайын деп отырсыңдар. Бұл – орны толмайтын нәрсе» деп айтқанымды тыңдамады. Кейін заман орнына келгенде Ағын факультетке қайтып оралды. Сол факультеттің ашылғанына байланысты бітіргендерді шақырып, ғылыми-теориялық конференция өткізуге белсенді түрде қатынасты. Ағынның «Саясат және философия» деген баяндамасы тыңдаушыларды жаңа идеялармен сусындатты.

Сонымен, философия факультетінің бірінші курсының студенті болып жүріп жаттық. 1949 жыл – тұрмыстың ауыр кезеңі, күн көрудің өзі оңай емес. Бірақ та студенттердің білімге деген құштарлығында шек жоқ. Оған ұмтылуымыздың түрі басқаша. Біздер, яғни, елден келгендер орыс тілін қалай да тез игеруге күш салдық. Және білімдегі олқылықтарымызды толтыру керек. Оның үстіне өтіп жатқан жаңа материалдарды үлгермесек болмайды. Сабақ таңертеңгі сегізде басталады. Әр сағаты 50 минуттан 6 сағат, 2-де бітеді. Түскі тамақты іше салып, Пушкин атындағы кітапханаға келіп отырамыз. Ол жерден түнгі онда шығып, он бірлерге жетер-жетпесте келеміз. Нан жеп, шай ішеміз де жата кетеміз. Таңертең сол цикл қайта басталады. Демалыс күні ерте тұрып, таңертеңгі шайымызды іше салысымен кітапханаға барып, кезекке тұрамыз. Адам көп келеді. Орын жетіспейді. Жарық дүниені көруден қалдық. Басқа институтта оқитын жолдастарымыз іздеп келіп, таба алмай кетеді. Бір күні ауылшаруашылық институтында оқитын Ниязбек Қуатбеков деген сыныптас досым мені тауып алып: «Пушкин кітапханасына кереует қойып, сонда жатып алсаң болады ғой» деп ренішін білдірді. Не керек, осы қарқынмен екінші курсты бітіріп, басымды көтеріп қарасам айналамда жарық дүние бар екен. Өзім жігіт болып қалыппын. Ал қыздар бойжетіп, сұлуланып кетіпті. Осылайша студенттік өмірдің жаңа дәуірі басталды.

Университетте оқып жүргенде ерекше есте қалатын бір оқиға болды. Қыркүйектің аяғына жақын опера театрында ректор Төлеген Тәжібаевтің бірінші курстың студенттерімен кездесуі болды. Жиналыс ашылды. Ректорға сөз берілді. Оған дейін ол кісіні мен көрген емеспін. Сондай жарасымды киінген, түрінен нұр жауып тұрған адам. Трибунаға шығып баяндамасын бастап кетті. Даусы жай шығады, асықпай сөйледі. Өзіне жиналған жұртты тарта бастады. Бір кезде аудитория жым болды. Әрбір сөзі естіліп тұр. Ол кезде микрофон атымен жоқ. Сөзінің негізін біздерге, бірінші курс студенттеріне арнады. Менің есімде қалғаны медалистер туралы айтқаны:

«Былтырғы жылы бізге бір топ медалистер оқуға түскен. Олардың көбісі медальдарын ақтамады. Бірқатары қысқы сынақтан өте алмай чемодандарын арқалап, үйіне қайтты. Биылғы келген медалистерге айтатыным – осы бастан уақытты жіберіп алмай, дайындалуға көп көңіл бөліңіздер», – деді. Менің жүрегім зу ете қалды. Басыма осындай жағдай түсіп, масқара болмас па екенмін деп. Бізді ата-анамыз, мектеп, қоғам ол кезде өте намысшыл етіп тәрбиелейтін. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» дегенді күндіз-түні ойымызда ұстап, түбегейлі білім алдық. Одан кейін Москва университетінің аспирантурасына барсам, Қарағандыдан өзіммен бірге бітірген Рафхат Ешкеев деген досым келді. Екеуміз бір блокта жаттық. Аспиранттарға теориялық семинар жүрді. Оны философия ғылымдарының докторы, атақты ғалым, профессор Момджан Феликс Ншанович жүргізді. Біз Рафхат екеуміз берілген тақырыптар бойынша мұқият дайындалып, сөйлеп жүрдік. Жауаптарымызға профессор разы болып: «Қайда және қандай факультет бітіргенсіздер?» деп сұрады. Біздің жауабымызды естіп, таңғалды. Ол Алматыда философия факультетінің бар екенінен хабарсыз болып шықты. Кандидаттық емтихан тапсыра бастадық. Ондағы жауаптарымызды жұрттың көзінше ерекше атап өтетін болды. Не керек, Қазақстаннан келген аспиранттардың білімділігін мойындады. Бізде осындай терең білім берген ұстаздарымызды мақтанышпен айтып жүрдік.

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх