Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 5

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
АНАНЫҢ АҚ СҮТІ

Оглавление

Көзімді ашып, өмірден бірдеңе түсіне бастаған кезімнен, ең алдымен, түйсінгенім – анамның елжіреген ыстық ықыласы мен жып-жылы лебі, тіршілікке талпынуға демеу беріп, қуаттандырған, өн бойымды балқытқан қамқорлығы, оның маған деген шексіз махаббат сезімі – жан дүниемнің ең терең түкпірінде мәңгі ұялап қалып қойыпты.

«Ана» деген – қасиетті сөз. Дүниенің ең асылы – ана махаббаты… Оның қасиеті – тірі тіршілікте жер бетіндегі пенде біткеннің қол жеткізген барлық жетістігі мен жеңістеріне жетелейтін Ұлы күш-қуатында. Баласының қол жеткізген бақыты мен қуанышына шын ортақтасатын, шыққан шыңың мен алған асуыңа еш қызғанбай, бақталаспай мәңгі адал тілеуқорың болып қалатын да жалғыз жанашырың – осы анаң. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп Абай айтқандай, жалын жастық артта қалып, ес тоқтатып, арман ұлғайған сайын, мен балалық шағыма жиі көз жіберетін болдым. Ондай кездерде «келместің кемесіне» мініп, менен тым алыстап кеткен аяулы асыл анамның кескін-келбеті мен әрбір іс-әрекеті ойыма әлсін-әлсін орала беретін болды. Сағыныш пен қимастыққа толы сезімім терең толғандырып, көрсетпей күрсіндіретін кездерім де көбейе бастады.

Менің анам Айзада – суан елінің бағыс руынан шыққан Омар деген кісінің қызы. Жұбайы қанша көп құрсақ көтергенімен, бәрі шетінеп, тек менің шешем мен өзінен кейінгі сіңлісі Қанзада екеуі ғана тұрып қалады. Біздің анамыз да әкемізге қосылғаннан кейін қатарынан дүниеге екі ұл бала әкеледі. Бірақ олар да үйелмелі-сүйелмелі жасқа келгенде (5 жас, 3 жас) үстеріне қызамық шығып, қайтыс болады. Осы күйіктен кейін анам құсалықтан жер бауырлап қалады. Құдайдан күндіз-түні бала сұрап, зарығып жүрген кезінде мен өмірге келіппін.

Бұл қой жылының 1930 жылғы суық күзі екен. Жерге ең алғашқы қырбақ қар түскенде, жұрт жайлаудан қыстауға көшу үшін үйлерін жыға бастайды. Дәл сол кезде анамның толғағы ұстап, үйдің киізін қайта жабады. Артынша мені босанып, қашан қырқынан шығарғанша көшпей отырып қалады. Бертінде «менің көз жасымды көрген рақымы мол құдай бұл баланы өзі бере салған, еш қиналмай босандым» деп отырушы еді. Қазақ ырымшыл халық қой. Ауылда Несібелі деген қасиеті бар шешеміз болған екен. Ол кісі мінезге бай, дастарқаны жаюлы, көңілі дарқан жан екен, менің кіндігімді сол кісі кесіпті. Сол кіндік шешемді бала кезімде көргенім есімде.

Қайран, шіркін ана… Жылап жүріп көргендіктен бе, жоқ ерекше балажанды жаратылысы ма, ол ылғи менің асты-үстіме түсіп, байыз таппай, бәйек болып жүретін. «Ауырып қалмаса екен» деп «мойнына бұршақ салып», амандығымды Алладан ерекше тілейтін еді. Егер де тұмауратып жатып қалсам, қасыма келіп, ба- сымды сипап, екі көзінен жасы парлап отырушы еді. «Апа, неге жылап отырсың?» деп сұрасам, «жылағам жоқ, суықтан екі көзім жасаурап тұр» дейтін. Ол кезде балалықпен ешнәрсе түсінбейміз ғой. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, кейіннен сол сезімді өз басымыздан өткере бастадық. Балалары- мыз ауыра қалса, жанымызды қоярға жер таппайтындай халге түстік. Сонда ғана ана мейірімінің не екенін түсіне бастадым, ол кісінің не себепті жан дүниесінің күйзеліп-егіліп кететінін енді сезіндім. Көпке дейін мен жалғыз болған соң, тағы да айырылып қаламын ба деп, құдайға жалынып-жалбарынумен жүрген күйі екен ғой. Осы күні сол сезімді өз басымыздан өткергенде, «Айналайын, анашым» деп, жер бетінде теңдесі жоқ осы мейірімді жанды, оның перзентке деген шексіз сүйіспеншілігін еріксіз елжірей еске аласың.

Ата-ананың сезімі мен мейірімі, отбасындағы тәлім-тәрбиеден көрген адалдық пен тазалық – бала кезден біздің бойымызға адами қасиеттерді сіңіретіні рас. Осы тұста «Алып анадан туады» деген халық даналығының астарында жатқан терең мағынаны зерделеуге тура келеді. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген ана сүтімен көптеген қасиет даритынын ешкім де және үлкен ғылым да жоққа шығармайды. «Адамды сүю – ананы сүю» сезімінен бастау алатынын сезіндіретін сол аяулы жанның адам баласы тәрбиесіндегі алатын орны өте ерекше болады. Мұны жас кезде түсінбесек те, ішкі сыршыл әрі нәзік адами-рухани байлығымызды жасайтын ұлы құдірет-күш анада екенін бертінде білдік. Өйткені ұл бала тәрбиесінде әкенің қатқылдау, нағыз «еркектік» қолтаңбасы басымдау болса, ал әйел тәрбиесінде ізгілік, мейірім-шапағат басым болады. Ананың жаны нәзік, қолы жұмсақ, сипаса мамықтай жағады; оның әлдилеп айтқан «Бесік жыры» – әлемдегі ең құдіреті күшті музыкалық шығарма. Біздің қазақта әкелердің «балам маған тартқан» деп таласып жататын әдеті бар. Әрине, балаға оның биологиялық тұрғыдан әсер ететініне дау жоқ. Бірақ та, баланың «Ананың ақ сүтінен» қайрат алып өсетінін ескерсек, оның рухани дүниесі, ең алдымен «Ана» қасиетінің шешуші ықпалымен қалыптасады. «Ананың ақ сүті» деген ұғым баланы тек емізіп қойғанымен ғана түсіндірілмейді. Оның «ақ сүті» барлық жан-тәнінен жаралатынын, емізгендегі аналық сезімге толы бақыты, баланы әлдилеу, денесін сипауы мен бетін иіскеуі арқылы беретін рухани нәрі – сәби тәрбиесінің ең шешуші қайнар бұлағы. Қазақ балаға бата бергенде «ананың ақ сүтін ақтайтын» азамат бол деген өсиет айтатын болған.

Ананың текті ұрпақ жалғастырудағы орнын қазақтар ертеде түсінген. Сондықтан, ұлдарына құда түсуде көргенді-өнегелі жердің қыздарын іздейтін болған. Елден бір азамат шықса, «ол кімнің жиені екен» деп сұраған. Бұл туралы «үйдің жақсы болмағы ағашынан, ұлдың жақсы болмағы нағашыдан» деген мақал тегін айтылмаған. Менің бойымда ел аузына іліккен азын-аулақ жақсы қасиеттерім болса, оларды, ең алдымен анамнан алдым деп түсінемін. Ол кісі ашық-жарқын, жылуарлы, дастарқаны жаюлы, кеңпейілді адам болатын. Тамақты керемет дәмді дайындайтын. Бір жаққа меймандыққа барғанда (бала кезімде), олардың тағамы ұнамаса, анамның тағамдарымен салыстырып отыратынмын. Ауылымызда Ербота деген аузы дуалы ағаш ұстасы болды. Қазақ шешендерінің, билерінің тарихын, айтқан сөздерін, тапқырлықтарын ылғи айтып отыратын. Мен Төле би, қаз дауысты Қазыбек туралы әңгімелерді өмірімде бірінші рет сол кісіден есіттім. Қазақ шежіресін судай ағызатын. «Шырағым, келін, сенің шайыңды сағындым», – деп Ербота атам анда-санда үйге өзі келіп тұрушы еді. Анамның қуанышы қойнына сыймай қарсы алатын. Сары майға пісірген қаттама жасаушы еді. Соңынан бұйырған басқа тамағы болатын. Ол кісіні әртүрлі желеумен жібермей, ұзақ ұстайтұғын. Мен қолына су құямын, шайын құйып берем. Әкем екеуі әңгімелеседі. Сол әңгімелері маған өте ұнайтұғын. Осы кезді ойласам, анам марқұм ауылдың білімді, көргенді қариясынан тағылым алсын дейді екен ғой.

Менің жас кезімде көргендерімнен есіме ылғи түсетін мынандай бір дәстүр бар. Үйге үлкен кісілер келсе, әкем немесе ауылдың үйде отырған бір сыйлы адамы: «Садуахас балам, мұнда келіп шай құйғын, үлкен кісілердің әңгімесін тыңда» дейтұғын. Ол кездері ішімдік деген болмайтын. Бос, жағымсыз әңгімелер айтылмаушы еді. Сөздері мәнді қариялар баршылық болатұғын. Біздің ауылда осындай көкірегі сайрап тұрған Ербота, Бекболат, Арысбай деген үш қария бар еді. Олар барған жерге ылғи адамдар жиналып, әңгімелерін тыңдайтын. Арысбай деген атамыз белсенділікке ерте араласқан. Елтайдың Ерназарымен қатар өскен және аралас-құралас болған адам еді.

Қызметте жүріп басына жалалы болып іс түседі. Соған жәрдем іздеп, Алматыға Елтайдың үйіне барады. Есігін әйелі ашып, Арысбай атамды көріп, қуанып қалады. «Елтай анау өзінің бөлмесінде отыр, барып әңгімелесе бер. Мен асханада боламын», – дейді. Елтай отыр деген бөлмеге кіргенде, ол кісі ұйықтап жатыр екен. Оятуға батылы бармайды. Бір кезде өзі оянып, көре салып құшақтайды. «Ой, қашан келдің? Неге оятпадың?» – деп сұрағанда, «келгенім осы» депті. «Қызметтің сұсы дегені қиын екен» деуші еді Арысбай атам.

Осындай әңгімелер жиі болып тұратын. Төле би бабамыз туралы, Әмір Темір Көреген шежірелері туралы талай қызық пікір алысулардың куәсі болдық.

Біздер өсе келе ел ішіндегі қаймағы бұзылмаған көптеген салт-дәстүрмен бірге ұлттық сана да өзгеріске ұшырай бастады. Яғни, салиқалы сөз айтатын үрдіс бірте-бірте ұмытылып, ұлтымызға жат саналған ішімдік сусыны дастарқан сәнін кетіре бастады. Осының салдарынан ұрпаққа тәлім-өнеге беретін бұрынғыдай шежіре әңгіме айтушылар қатары сирей бастады. Аға буын мен жас ұрпақ арасындағы тағылымды қарым-қатынас бірте-бірте үзіле бастады. Сол бір аласапыран кезеңде атам заманнан келе жатқан керемет дәстүрлердің көбі құрдымға кетті. Бұл ұлттық тәрбиеге орасан соққы, үлкен опық әкелді.

Осындай жағдайдың жастарға үлкен зиян екенін, ең алдымен, қайран, аналар байқай бастады. Мені анам арақ ішетін жерге жібермейтін болды. Демалыс күндері Омар деген нағашы атама жіберуді әдетке айналдырды. Оның себебі бар. Нағашы атам дінге шын берілген, аздап молдалығы да бар болатын. Менің бір таңғалатыным: мен келгенде атам «қанша ойнасаң да, түскі және кешкі асқа дәл мезгілінде келіп іш» деген қатаң талап қоятұғын. Тамақ үстінде насихат сөздерді айтып отыратұғын. Ешуақытта өтірік айтпа, біреудің ала жібін аттама, қолөнерге үйрен дегендерді қайталаудан жалықпайтын. Өзі барып тұрған диқан және керемет ағаш ұстасы еді. Екпейтін дақылы болмайтын. Ноқат, жасымық, жүгері, тары, қонақ, бидай, күнбағыс, қауын, қарбыз, сәбіз, сарымсақ, асқабақ егетін. Және егін ішінде бірде-бір арамшөп қалдырмайтын, 40 градусқа дейін жететін оңтүстіктің ыстығында тері шалбар, тері тон киіп алып, шыжып тұрған күннің астында жұмыс істейтін. Өз еңбегінен тапқаны өздеріне жете-тұғын. Соғыс жылдары қанша тапшылық болса да, атам пысықтығынан еш қиналмай, күн көретұғын. Дастарқанды жинарда: «Е, құдай, байытпасаң байытпа, бірақта біреуден сұратпа» деп бата жасайтын. Құдайдан адал тілеген адам екен, сол тілегі орындалып, бұл дүниеден абыройлы ақсақал болып өтті. Мені құдайға, дінге сендіруді өзіне басты мақсат етті ғой деп ойлаймын. Сол кісінің ықпалымен құдайға, ислам дініне сену бала жасымнан бойыма ұялады.

Мен, 1949 жылы ҚазМУ-дың философия факультетіне келіп түскенде, осы бір қасиетті ұғымдар менің санамда әлдеқашан қалыптасқан еді. Біз бірінші курста елу студент болдық. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келгенбіз. Сөз саптауларымызда айырмашылық бар. Арқаның жігіттері бізді «өзбексіңдер» деп сөгетін. Шалбарды – сым, тамақты – ауқат, таңертеңді – азан дейміз. Тағы басқа сөздер де көп. Ұлытаудан келген Ниязбек Сайткенов деген досым мені мазақтап, «азанмен тұрып, сымымды киіп, ауқат іштім» дейтін. Сол Ниязбекпен пікір алысып жүргенде, ол менің құдайға, ислам дініне сенетінімді байқап қалды. Бір күні маған былай деді: «Менің ойымша, сен құдайға, дінге сенетін сияқтысың. Біріншіден, сен қай жерге оқуға түскеніңді білмейтін болуың керек. Бұл факультетте марксистерді, құдайға сенбейтін атеистерді дайындайды. Егер де бұл көзқарасыңнан қайтпасаң «есің барда еліңді тауып» басқа факультетке ауысқын. Мысалы, химфак, матфак сияқты факультетке. Екіншіден, сен құдайға сенетініңді ешкімге сездірме. Біліп қойса, университеттен шығып кетесің», – деді.

Қатты ойлануға тура келді. Ешкімге сыр білдірмей, философия классиктерінің еңбегін күндіз-түні оқумен болдым. Әсіресе, Фейербахтың «Сущность Христианствасын», Кант еңбектерін оқығанда, көп нәрсені қайта қарауға тура келді. Сол шақтарда Канттың «Құдай бар ма? Жоқ па? Оны ешкім, ешуақытта дәлелдей алмайды» дегені қатты әсер етті.

Сонымен, үшінші курс студентімін. Ауылға қысқы демалысқа келдім. Анамның қуанышы жер-көкке сыймай қарсы алды. Байқауымша, ыңқыл-сыңқылы көбейіпті. «Ана, ауырып жүрсіз бе?» деп сұрағанымда. «Көңіл-күйім болмай жүр, балам», – деді. Ауруы күннен-күнге асқынып, ақыры төсек тартып жатып қалды. Бір күні «балам, бері қасыма келіп отыршы, сөйлесейік» – деді. Бардым, отырдым. Ауруы күшті сияқты. Көңілім қатты бұзылды. Реңім қашқан болу керек, анам маған: «Балам, жақсы болып келемін, құдай қаласа. Қатты уайымдама», – деді. Сөйтіп, әңгімесін бастады. «Қарағым, үйелмелі-сүйелмелі екі ұлым қайтыс болғаннан кейін, құдайдан күндіз-түні сені сұрап жүріп тапқан едім. Шүкіршілік етемін, сен өстің. Өмірлі бол. Сен менің жүрегімнің жарасын жаздың. Ендігі арманым – келін түсіріп, немере сүйсем деймін. Мен шегірге, Досан жездеңнің үйіне барғанда, көршісінің қызын көріп едім. Сондай келісімді, әдепті, қолынан бәрі келетұғын қыз екен. Соны барып көріп кел. Егерде саған ұнаса, айттырып құда түсейік», – деді. Бұл мәселе ойымда жоқ нәрсе еді. Алайда анамның ахуалын көріп-сезіп отырмын. Оның үстіне Алматыда көңілім кеткен қызым бар болатын. Егерде мен «бармаймын» десем, ауру адам құсалықтан тіпті қиналып қалатындай болып көрінді. Бұл мүмкін, ең үлкен және соңғы арманы болар, бәлкім… Көңілін қимай «мақұл» деп жүріп кеттім. Ол жерде екі әпкем бар болатын, әрқайсысына бір-бір күннен қонып, анам айтқан қызды көріп қайттым. Келсем, анам өте ауыр халде жатыр екен. Жерде қар қалың, тездетіп «1 май» селосына барып, дәрігер алып келдім. Ол: «халі ауыр екен» деп, дәрі-дәрмек жазып берді. Дәрілерді дереу сол селодағы дәріханадан әкеліп ішкіздік. Күннен-күнге ауруы қайтудың орнына күшейе түсті, есіміз шығып кетті. Қоңырбөрік деген жерде дем салатын емші бар еді, әкем соны алып келуге жіберді. Ол кісі келгенде, анамның қызуы қатты көтеріліп жатыр екен. «Мұны басу үшін, суық сүтке таза жерден қар алдырып, араластырып беру керек», – деді. Осы айтылғандарды істегеннен кейін, қазір ойлансам, бұл ауруды одан бетер есірте түскен екен ғой. Өйткені, сол кезде анамның екі өкпесі қабынған болуы керек. Оған қар араластырған суық сүт берсең, ауруы одан ары асқына түсетінін кеш білдік.

Тағдыр шығар, анамызды қолдан беріп алдық. Ең ақырғы күні, мен ауыз үйде тандырдың үстінде демалып жатыр едім. Анамның жан дауысы шықты. Жүгіріп барсам, әкем қасына келген екен. Оны шақырмай басын шайқап, «ары тұр» дегендей белгі берді. Маған қарап, басын изеді. Алдына тез бардым. Иегімен «жақында» дегендей етті. Мен бетімді анамның ерніне апарып едім, бетімді қайта-қайта сүйді де, жан тапсырып жүре берді… Алдына барғанда байқағаным, екі көзі жанып, маған қайта-қайта қарай берді. Соңынан ойлансам, қимай жатыр екен ғой. Артында менен басқа үш ұл, үш қызы қалып бара жатыр. «Солардың тағдыры не болады? Олардың ең үлкені сенсің. Саған тапсырдым» дегені екенін кейін білдім. Ақ сүтіңнен айналайын, аяулы анам… Небәрі қырық жасында дүние салды. Не көріп кетті?! Артында аңырап, ұлардай шулап жетілмеген бала-шаға – біз қалдық. «Қыз Жібек» операсында әкесі Төлегенге батасын бермеген соң, анасынан келіп рұқсат сұрайтыны бар. Сонда Баба Түкті Шашты Әзізге жалбарынып, баласына адамның жан дүниесін теңселтіп жіберетін әуенмен: «Адасса, жолға салып жүр-ай, Сүрінсе қолдан алып жүр-ай» – дейтін сөздерді айтады. Театрда осыны тыңдағандардың бәрі жылаумен болатын. Менің де жаным ышқынып, әз анама арнап, дауыстап жоқтау айттым:

Ұл-қызыңның қызығын көрмедің, ойбай!

Қызыңды қолдан бермедің, ойбай!

Қу дүниеде мынау өзіңсіз енді,

Қолымды қалай сермермін, ойбай?!


Бүкіл жиналған ел езіліп кетті. Өзімнің есім кірелі-шығалы. Анамды жақсы көргендігім сонша – ендігі жерде маған бұл дүниеден еш қайран қалмаған сияқты болып көрінді. Жетісін бердік. Ауылдың ақсақалдары, ағалары жиналды. Қариялар маған: «Балам, есіңді жина, қайғыға берілме, оқуыңнан қалма. Мына жетім қалған бауырларыңды жетілдіру үшін университетті бітіріп, жұмыс істеуің керек. Қайғыға салынып, ауырып қалсаң, сенің бетіңе қарағандардың бәрінің үмітін үзесің. Біз ауыл болып сенен көп үміт күтіп отырмыз. Ер азаматсың, беліңді бу, оқуыңа аттан – біздің айтатынымыз осы», – деді. Жәутеңдеген жетім інілерім мен қарындастарымның көздеріне қарап, ағыл-тегіл жылап, анамның аруағының алдында «ант» бердім.

«Ақ сүтінен айналайын, ана! Ендігі жерде бір құдайға сеніп, Сіздің алдыңыздағы қарызымды өтеу үшін, оқуымды жақсы бітіріп, мына жетімдерді ешкімге шекесінен шерттірмей, қамқорлығыма аламын. Тыныш ұйықта, жатқан жерің жайлы болсын», – деп Алматыға жүріп кеттім.

Содан былай өмірімнің осы күніне дейінгі барлық кезеңдерде анамның ақ сүтінің алдында мәңгі бақилыққа қарыз екендігімді есімнен еш шығарған емеспін.

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх