Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 8
ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
ҰШҚАН ҰЯМ
ОглавлениеЖарық дүниеге шыр етіп келген сәбиде алғаш рет анасын іздейтін түйсік пайда болса, бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттағанда алғашқы ұстаздан ерекше мейірбандық іздейді. Шәкіртке алғашқы ұстаздың әрбір сөзі, қадамы үлгі-өнеге болады. Ол ұстаздың қимылын қалт жібермей қадағалап, ұқсап бағуға тырысады. Адамға үлкен өмірдегі өз орнын табуда отбасылық тәрбиеден кейін ұлағатты ұстаздардың ықпалы өте зор болады.
Мен 1939 жылы 1-сыныпқа Алғабас орта мектебіне бардым. Ол кезде мектепке деген көзқарас өте жоғары болатын. Ата-аналарымыз ауылда алғаш жеті жылдық мектеп ашылғанда үлкен мереке болғанын айтып отырушы еді. Бізге бастауыш сыныптарда сабақ берген Шерақмет Қалдыбаев (ботаника), Жақашов (тіл мен әдебиет), мектеп директоры Ембергенов Серікбай, Елемес Асқаровтар (физика, математика) есімде ерекше қалыпты. Олар шын мәніндегі нағыз білімді, туа бітті «ұлы» педагогтар еді.
Біздің мектепті асар жасап, колхозшылар салған екен. Оны ұйымдастырған Ырсалы Құрымбаев деген көкеміз болыпты. Кейіннен ол кісі соғысқа кетіп, содан оралмады. Өзге мұғалімдер де әскерге кетті. Сол мектептің жетінші сыныбын бітіріп, Шымкентте үш айлық курсты тамамдаған 16-17 жастағы ағаларымыз – Шалғынбай Досымбетов, Құрал Сәрсембаев, Баймұса Шыңғысбаев деген ұстаздар бізге сабақ бере бастады. Әрине, ол кісілердің білімі мен тәжірибелері шектеулі еді. Бірде Құрал ағамыз биологиядан «бір клеткалы жәндіктер» деген тақырыптан сабақ жүргізіп тұрып амеба туралы былай деді: «Судан шықса, құрлықпен де жүріп кете береді». Мен алғыр, зерек, жақсы оқитынмын. Кітапты қарасам, басқаша жазылып тұр. Содан «Ағай, амеба судан шықса өліп қалады ғой? Неге сіз оны құрлықпен жүріп кетеді дейсіз?» – деп бас салдым. Ағай жауап бермеді. Үзіліс кезінде мені оңаша шақырып алып: «Садуахас, біз туысқан адамбыз ғой, ондайыңды айқайламай өзіме оңаша айтпайсың ба?» – деді. Кейін мен университет бітіріп, ауылға барғанымда жиналған жерде осы әңгімені еске алып, әбден күлетінбіз. Біз сондай өз әуселесін біліп өзгеремейтін қарапайым жандарға әрі бас иіп, әрі олардан «білмегеніңді мойындау» деген қасиетті үйреніп өскен едік.
Соғыстан кейінгі жылдары бірте-бірте мұғалімдер сапасы өзгеріп, мектеп он жылдыққа айналды. Білімді балаларды да дайындады. Мектептің материалдық жағдайы дұрысталды. Оған сол мектепті бітіріп, бухгалтерлік мамандық алған Сапарбек деген ағамыз көп күш салды. Бірінші Май совхозының бас есепшісі болып жүргенде мектепке жаңа корпус салдырды. Бұл күнде сабақтар сол үйде жүргізілді.
Ауылымыздан шыққан сол мектепті бітірген жас бизнесмен Алдаберген Рысбаев деген азаматымыз 2004 жылы 14 миллион теңгеге спортзал салдырып берді. Жобасы жағынан да, істелген жұмыстың сапасы жағынан да, облыс бойына үлгі боларлықтай жай болды. Сол жылы тамыздың жиырма төрті күні салтанатты ашылуы болды. Облыстың әкімі басқарған бір топ қызметкерлер қатысты. Облыс әкімі Болат Жылқышиев сөз сөйлеп, үлкен іс істелгеніне тоқтап, жеке басының қаржысын елі үшін аямаған Алдаберген Рысбаевқа үлкен рақмет айтты, халық та батасын берді.
Бұл мектептен қазірдің өзінде отызға жуық ғылым кандидаттары, доценттер, оннан астам ғылым докторы мен профессорлар шығыпты. Осында оқығандар ішінде екі халық қалаулысы бар: бірі – Кеңес кезіндегі, бірі – парламент депутаты.
1946 жылы ауылдан келген бір топ бала Шымкент қаласындағы Кеңестер Одағының батыры Сыпатаев атындағы орта мектептің 8-сыныбына қабылдандық. Жанында аз орындық интернаты бар екен. Одан бізге орын жетіспей, бес бала бір өзбек кемпірдің үйінде пәтерде тұрдық. Қазір ойлап отырсам, ол үйде ешқандай жағдай жоқ екен ғой. Қыстың күні от жағылмайды. Тіпті, ішетін, жуынатын суы қораның ішіндегі арықтан ағып жатыр. Сол кездегі табиғат тазалығын қатаң сақтаған адамдар суды әулиедей күтіп, ішіне қоқыс тастатпай, өте таза ұстайтын. Сол судан шөлдегенде іше саламыз, шай қайнатамыз, ешуақытта ауырған емеспіз. Біздің ауылда өскеніміздің бір пайдасы сол – ешқандай күй, жағдай таңдамайтынбыз. Өйткені ауыл тұрмысы ол кезде аса мәз емес еді. Қыстың күні тамақ істейтін басқа жерде от жағылмайтын. Жататын бөлмелеріміздің еденіне қамысты немесе сабанды қалың етіп салып, үстіне киіз төсеп, қоятұғын, көрпені жамылып, соның үстіне жата салатын едік.
Біз бірте-бірте интернаттағы босаған орындарға жайғастық. Мұғалімдер сабақты жақсы түсіндіреді. Миыңа құйып береді. Соғыс кезінде ауылдық жерлерде білімді мұғалімдер аз болды. Мұндағылар соны ескеріп, материалды жақсы түсінгенімізше келесі тақырыпқа жылжымайтын. Білімнің негізі терең қалана бастады. Біз сыныптас достарымызбен сол кезде ерекше ықыласпен білім берген ұстаздарымызды ылғи еске алып жүреміз. Олардың көпшілігі бүгінде бақилықта. Солардың ішінен химия-биология пәнінен берген Хазима Батыршина, анотомия және физиология пәнінен Ибагүл Мұсаева, физика пәнінен ұстаздық еткен Сұлтан Бұхарбаев, математикадан сабақ жүргізген Сопбек Тілеуқабылов ағайлар біздің жадымызда мәңгілікте қалып қойды. Сопбек Тілеуқабылов Ленинградтағы Герцен атындағы пединститутты, Ізбасар Бекманов ағай Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітіргендер болатын. Бір айта кететін нәрсе, Бекманов ағай Міржақып Дулатовты айтып қалатұғын. Бір күні ылғи үздік оқитын төрт-бес бала келіп қалды. Соларға ағай Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» – деген өлеңін оқып берді. Біздің жан дүниеміз шымырлап кетті. Соңында Сұлтанмахмұттың басқа өлеңдерін де оқыды. Бұл ақынды ағайымыз өте жақсы көретін. Оның өлеңдерін аса ыстық ықыласпен оқып, ынта-шынтысымен түсіндіретін. Осы кезде қалай ағайымыз қорықпады екен деп ойлаймын. Сірә, ішіне сыймай лықсып кеткен жағдайда амалсыз шығып кететін болуы керек. Біздің оқулықтан тыс тыйым салынған «інжу-маржандар» бар екенін сезіндіре білді. Осы ағайдың ықпалымен қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігім арта түсті.
Ауыл мектебіндегі дайындығымыздың салдарынан кейде өте қарапайым нәрсені түсіне алмайтынбыз. Бұл, әсіресе, математика мен химия сабағында қатты байқалатын. Сұлтан Бұхарбаев ағай тақтаға плюс, минус белгілерін жазып әбден түсіндіреді. Қанша айтса да түсінбегенімізге шыдай алмай: «Ит жоқ жерде, шошқа үреді дегендей», жарамдылардың бәрі соғысқа кетіп, көз алдындағысын дұрыс көре алмайтындар сендейлер ғана қалды» деп ашуланып қалатын. Не керек, Сұлтан ағай жанын салып, өзін-өзі аямай жүріп, сегізінші сыныптың соңына дейін бізді физика-математикадан бірдеме түсінетін деңгейге жеткізді.
Өте қиын сабақтың бірі химия пәні болатын. Хазима Батыршина апайымыз сабақты миымызға құятындығы сонша – ауылда «химия» дегеннің нендей пән екенін білмейтіндердің өзі бірте-бірте түсіне бастады. Сабақ үстінде қызық жағдайлар көп болатұғын. Бір күні апай хлор қышқылын әбден түсіндіріп, оның НСІ деген формуласын жазып көрсетті. Оны да ерінбей түсіндірді, енді сабақты қайталауға көшіп Сүгірәлі Назанов деген оқушыны шақырып, өткенді сұрады. Оның жауабы өте әлсіз болды. Апай: «Енді мына формуланы (НСІ) дауыстап оқышы?» – дегені, әлгі оқушы «қашшіл» дегенде сыныпта қыран күлкі. Апай да әзілдеп: «Шілді қайдан көріп тұрсың және ол қайда қашуы керек?» – дегенде күлкі үдейе түсті.
Біз 9-сыныпқа өткенде өкімет шешімімен мектебіміздің жанынан интернат-пансион құрылды. Бұл 1949 жылғы жаңа оқу жылында болды. Интернат-пансиондағылардың киім-кешегі, тамағы, монша, киноға, театрға баруы – барлығы мемлекет есебінен тегін қамтамасыз етілді. Киімді екі сыпырадан берді. Біреуін күнделікті киеміз. Ал екіншісін салтанатты жағдайларда киіп шығамыз. Жоғарғы сыныптың балаларына жаппай би үйрету басталды. Ол батыстың билері еді. Бұл ұйымның жетекшісі прессавтомат зауыты мәдениет үйінің директоры Фертик деген кісі болған. Пианинода Қазан революциясынан соң жер аударылған Червинский деген музыкант ойнайды. Оқу жылының бірінші жартысына келе (9-сыныпта), бір таңғаларлық жағдай, біз жақсы билейтін болдық. Қыстың күндері Ленин атындағы қыздар мектебімен байланыс жасап, оларды би кешіне шақырып едік, олар: «Жоқ, алдымен бізге келіңдер, сонан соң сіздерге барамыз», – деп көнбеді. Біз бардық, билеп жүрміз. Шала орысшамызбен бірдемені сөйлесеміз. Біз де қыздарды «разрешите Вас пригласить на танец» деп шақыруымыз керектігін қайта-қайта қайталап, барынша жаттағанбыз. Солай етіп шақырып жүреміз. Би біткен соң, өз орнына апарып салып, «рақмет» айтамыз. Келесі бидің музыкасы ойнап кетті. Бәріміз қыздарды шақыра бастадық. Сөйтіп жүріп Қуандық деген досымыз айтатын сөзді ұмытып қалып, қызға «дай, танцевать» демесі барма. Күлкімізді әрең бастық.
Мектебіміздің директоры Кәрім Ищанов асқан тәжірибелі педагог, өмірдікөп көрген адам еді. Біздер тентектік жасап қойсақ, орынсыз қате жіберсек, барынша сабырлық көрсетіп, ұрыспай-сөкпей, даусын көтермей ерінбей түсіндіруші еді.
Біздің бақытымызға шыдамдылықтан жаралған, неше түрлі педагогикалық тәсілдерді шебер меңгерген ұстаздарымыз баршылық болды. Солардың ішінен шоқтығы аса биік, білімділігінде шек жоқ Ленинградтағы Герцен атындағы педагогикалық институтты бітірген Сопбек Тілеуқабылұлы ағайды атағым келеді. Біз бұл ұстазымыздан ең алғаш рет Еуропа мәдениетінің, соның ішінде, орыстың ұлттық мәдениетінің иісін сездік. Ол кісінің киім киісі, өзін-өзі керемет ұстай білуі, аспай-саспай сөйлеуі, ішкі дүниесінің жылуарлығы, жан-жақты дайындығы бізді ерітіп әкететін. Оқушылар мен мұғалімдер арасында немесе оқушылардың өз арасында күрделі шиеленісу болып қалса, осы ағайымыз келіп төрелік жасайтұғын. Біз соған тоқтаушы едік. Мынандай бір жағдай болды. Есболған Ботанов деген Сайрам ауданынан 9-сыныпқа келген бала бар еді. Тілі өткірлеу болатын. Сол Егемберді деген сыныптасымыздың жанына тиетін ауыр сөз айтыпты. Үзілістің кезінде Егемберді оны «сыртқа шығайық» деп сүйретіп барады. Біз артынан қуып жетіп, ажыратамыз дегенше жұдырықпен бір ұрып, аузы-мұрнын қан етті.. Бұл мектепке тез жайылып кетті. Осыған байланысты барлық тоғызыншы сыныпта оқитын балалардың басын қосқан жиналыс болды. Егембердіні «интернат-пансионнан шығару керек» деген мәселе қойылды. Жиналыс у-шуға айналып кетті. Бір кезде Тілеуқабыл ағай жиналыс басқарып отырған адамның қасына шыққан замат айғай- шу басылып, жым болды. Ол кісі «Есболғановтың қол жұмсауын бұзақылық дей келіп, мұны интернат-пансионнан шығарсақ, оқи алмай қалады. Әке-шешесінің тұрмысы нашар, оның үстіне сендер жассыңдар ғой. Ал жастар арасында мұндай жағдай кездесіп тұрады. Ол үшін шетінен шығара берсек, мектепте оқитын бала қалмайды. Егер де мақұл десеңдер, Есболғановқа қатаң сөгіс жариялансын, ол Ботановтан кешірім сұрасын. Ал, Ботанов, сен кешірімді бол, атам қазақ айтқан ғой, «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп. Осыған қалай қарайсыңдар?» деді. Жиналғандар «дұрыс» деп шу ете қалды. Осыған ұқсас сөздерді басқа мұғалімдер де айтқан болатын, бірақ оған ешкім құлақ аспап еді. Ал Сопбек ағай айтқанда бәрі жым болып, бірауыздан келісті. Бұл – ол кісінің өзін-өзі мүлтіксіз ұстай білуі, асқан мәдениеттілігі, балаларға барынша әділетті болғандығы мен терең білімділігінің нәтижесі еді. Осы ағайға қатты еліктейтінбіз, сондай болсақ деп армандайтынбыз. Кәрім Ищанов, Сопбек Тілеуқабылов ағайлардың күшті ықпалымен біздер нағыз адамның бойында қандай қасиеттердің болу керек екендігін түсіне бастадық. Бұл тек оқумен ғана шектелмей, ол өмірден, жақсылардан көргендеріңді миыңа тоқу керектігін аңғартты. Біз есейе бастадық. Осының басында Сыпатаев атындағы мектептің сол кездегі өздерінің білімін, жүрек жылуын, шынайы әділеттілігін, жас буынға деген жанашырлығын аямаған аяулы ағайларымыз бен апайларымыздың тұруы біз үшін үлкен бақыт екен. Оны біз сол кезде сездік, кейін есейгенде өмірдің қайнаған ортасына кіріп кеткенде толық түсіндік.
Бұл мектептің бергені тек білім ғана емес еді. Мұндағы тәрбие біздер үшін айнымас достық пен ынтымақтастық қалыптастыра білді. Жігіт болдық, қыздарымыз бойжетті. Келешектегі бүкіл өмірімізде бір-бірімізді қолдап жүрдік. Мен осы мектепте Өмірбек Жолдасбековпен танысып, айнымас дос болып кеттік. Арамыздан қыл өтпеуші еді. Достасуымыз қызық болды. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде, Өмірбек бір топ жолдастарымен бізге қорғасын зауытынан ауысып келді. Қыркүйек айының ортасында қалаға жақын жердегі Тассай деген ауылға мақта теруге алып келді. Кешқұрым түстік. Үйлер дайындап қойған екен. Бірден жайғастық. Біздер оншақты балаға түскен үйіміз кең, қазақи жиһазы жақсы, өте таза үй екен. Енді отырып шәй іше бастап едік, үйге қорғасын зауытынан біздің мектепке ауысқан үш бала кіріп келді. Үйдің ол жақ, бұ жағына әбден қарап алып: «Сендер тез басқа үйге барыңдар! Бұл жерге Өмірбек Жолдасбеков басқарған бір топ бала орналасамыз», – деді. Үйдегілер үндемеді, қорықты. Қалада өскендердің тентектігі жетіп-артылады. Бұлар қит етсе, төбелеске дайын тұратындар. Бір кезде мен шыдай алмай: «Немене, сендер әке-шешелеріңнен артық туғансыңдар ма? Жоқ, біз кем тудық па? Бұл талаптарың орындалмайды! Үйді босатыңдар!» – дедім. Олар одан бетер ерегісе түсті. Сонда мен: «Ей жігіттер! Әңгіменің қысқасы – «кет дегенде ит те кетеді. Сендер ит құрлы жоқсыңдар ма?!» – дедім. Олар көгеріп, сазарып, шығып кетті. Содан Өмірбекке барып, болған әңгімені айтады. «Ертең қайтар жолда Темірбековті әбден ұрып-соғып, лақтырып кетеміз» – депті. Өмірбек: «Жоқ, олай етпеңдер! Қалаға келген соң, мен ол жігітпен сөйлесейін, сонан соң не істеу керектігін шешеміз» – деген қорытынды айтады. Қалаға келгенде Өмірбек: «Жүр, далаға шығып сөйлесейік», – деді. Менің ойыма келгені: «Бұлар мені сабайтын шығар. Не де болса, тәуекел» деп, далаға шықтық. Қошқар ата өзенінің жағасына келіп әбден сөйлестік. Ол менің көкірегімнің барын байқап жүрсе керек. Және ауылдан келгендердің ішінде сабаққа мықты болдым. Жиналыстарда шығып сөйлеп жүретінмін. Қай жерден келгенімді, ата-анам кім екендігін сұрады. Өзінің әкесі қорғасын зауытында жұмысшы екендігін айтты. «Ертеңнен бастап екеуміз бір партаға отырайық», – деді. Ертеңіне дәл солай болды. Сол-сол екен екеуміз айрылмастай дос болып кеттік. Халықта бір-біріне жұлдызы жақын адамдар болады деуші еді. Солай болған шығар. Екеуміз ешбір уақытта сөзге келген емеспіз. Мен артық кетіп бара жатсам Өмекең: «Сәке! Шаршап қапсың» деп қоя салатын еді. Мектепте жүргенде Өмекеңнің төңірегіне бір топ достар жиналдық. Олар – Бекбосын Көбеев, Қуандық Монтаев, Әбдіқадыр Бейсеев және мен. Лидеріміз – Өмірбек, «ақсақалымыз» Бекбосын еді, бақилыққа кетті. Өмір осылай екен. Енді қалғанымыз да «бойжетіп», ұзататын қыздай болып отырмыз..
Менің Сыпатаев атындағы № 7 қазақ орта мектебін бітіргеніме 61 жыл болды. Адам етіп қалыптастырған алтын ордамызда бас қосқанымызда жас кезімізді еске түсіріп, мәз болып қаламыз. Осы интернат-пансионда оқып жүргенде күндіз ойыңа келмейтін, ұйықтасаң түсіңе кірмейтін оқиға болды. Бізге бес балаға жатақхананың үлкен бөлмелерінде орын болмады. Сол кезде оқу залына деп бөліп қойған бір бөлме бар болатын. Соны уақытша жата тұруға берген еді. Қабырғасында Лениннің суреті ілулі, ортасында сабаққа дайындалатын үстел мен орындықтар бар. Сол заманның тұрғысынан алғанда ұялмай көрсетуге болады. Оның үстіне жатақханаға кіргенде ең бірінші бөлме. Демалыс күні еді, екі бала үйіне кетіп үш бала қалғанбыз. Шамада сағат күндізгі он мен он бірлердің арасы болатұғын. Үстелдің үстінде сабағымызға дайындалып отырғанбыз. Бір кезде есікті тоқылдатты да, бір топ адам кіріп келді. Біздің директорымыз, интернаттың меңгерушісі, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Пазиков бар. Орталарында ақсарылау келген, басында шашы жоқ бөтен кісі бар. Олар отырды, сосын сұрақтар бере бастады. Сол кезде: «Пазиков ағаларыңды таныдыңдар ма?» деп сұрады. Біз үндемей қалдық. «Мына кісі Жұмабай Шаяхметов деген ағаларың болады, – деді бөтен кісі туралы. – Осы ағаларыңның бастауымен Қазақстанда бірнеше жерде интернат-пансион ашылды. Бұл кісі пойыздан жаңа түсті. Бірден «пансиондағы балалардың жағдайын көремін» деп сендерге келді. Жұмабай ағамыздың ең бірінші сұрағы: «Интернаттың берген тамағына тоясыңдар ма? Таңертең, түсте, кешке не беріледі? Еті бар ма? Нан жеткілікті ме?» болды. Біз күмілжіп қалдық. «Тоямыз» деп айтуға ауыз бармайды. «Тоймаймыз» десек, ағайларымызды ұятқа қалдырамыз. Соны байқаған Жұмекең: «Мына балалар тамаққа тоймайды екен. Ертеңнен бастап нанды көбейтіңдер, түскі, кешкі тамаққа ет қосылсын. Тиісті қаржыны бөлдіреміз, интернат директоры кім? Осында бар ма?» деп сұрады. Ол өте денелі Смалков деген орыс еді, соны көрсетті. Жұмекең оған қарап тұрып, «Балаларға бөлген етті мынауыңның өзі-ақ жеп қояды ғой» деп жұртты ду күлдірді. «Қазақстанда көмір қай жерлерден шығады?» деген сұрауына мен: «Қарағандыдан, Келтемашаттан деп» жауап бердім. «Тағы қай жерден?» – дегенде үндемей қалдым. Сонда Пазиков: «Өзіміздің Леңгірде көмір шығатынын білмейсің бе?» – деп, ренжігендей пейіл көрсетті. Мен іле-шала: «Ағай, мен өзім сол Леңгір ауданынанмын (қазіргі Төле би ауданы солай аталатын), ол жерде көмір өте аз өндіріледі ғой. Сіздер білмейтін шығар деп ойладым, – дегеніме Жұмабек ағамыз: «Ай, мына қу бала тауып кетті!» – деп мәз болып күліп алды. Географияға байланысты тағы сұраулар берді. «Теміртау қаласын білесің бе?» – деді. Мен ойланып тұрып, орысшаға аударып, «Магнитогорск па?» – деп сұраппын. Жұмекең Пазиковке қарап тұрып: «Мен оны орысшаға аударған жоқ едім, егер де орысшаласақ солай бола ма?» – деді де, бірден: «Теміртау – жас, қазақтың металлургтер қаласы, жақында барып қайттым. Онда өздеріңдей қазақтың қарадомалақ, томпақ балалары жұмыс істеп жүр. Сонан соң сонда тұрған мектептің директорына қарап: «Мына бала оқулықтағы материалдың бәрін біліп тұр. Сіздер саяси жұмысты ойдағыдай жолға қоймағандықтан, Республикада болып жатқан өзгерістерден хабарлары жоқ. Бұдан қорытынды шығару керек», – деп Пазиковқа қарады. Барлығында үн жоқ. Паузадан кейін біздермен жылы лебізбен қоштасып шығып кетті. Бөлмеде қалған біздер мәз-мейрамбыз. Республиканың бірінші басшысымен сөйлесу ол кезде біз сияқты мектеп балаларына мәртебе сияқты көрінді. Ертесіне мектепке барғанда мұғалімдер:
– Темірбеков! Шаяхметовке не дедің? – деген сұрақтың астына алды.
Географиядан беретін Құрмашев деген ағайымыз (сабақты марқұм түсінікті етіп өткізуші еді): «Леңгірде көмір шығатынын кеш айтқаның үшін саған «төрт» қоямын. Ал, Теміртауды білмеуің – біздің кінәміз», – деді.
Осы күнде ойланып, таңғаламын. Сол кездегі біздің ұстаздарымыз қандай әділетті болған. Ұстаздарымыздың адамгершілік қасиеттері біздің бойымызға сіңіп, оларды әулиедей естен шығармай келеміз. Сол кезде мектеп бізге білім беріп қана қоймай, терең тәрбие де берген екен ғой. Маған қазіргі мектептерде көбіне тек сабақ қана берілетіндей болып көрінеді. Басқа құндылықтарға жеткілікті көңіл бөлінбейді-ау деп ойлаймын.
Жұмабай Шаяхметовты көруім көңілімде ұмытылмастай үлкен әсер қалдырды. Бізді тура өз балаларындай көріп, шын ықыласпен әңгімелесті. Әсіресе, Теміртау туралы түсіндіргенде онда өздеріңдей «қазақтың қарадомалақ балалары» деген сөзді жүрегі елжіреп, үлкен қуанышпен, ерекше мақтанышпен, толғану сезіммен айтты. Халқының келешегін көп ойлаған қайраткерлігі көрініп тұрды. Жұмекеңнің бастауымен қазақтың қыздар институты ашылды. Бұл қазақ қыздарына деген шексіз қамқорлық еді. Мен Орталық Комитетте істеп жүргенімде бөлімде ақылдасып: «Бұл заманда қыздар институтының не керегі бар? Оның орнына музыкалық-педагогикалық институт ашайық» деген қорытындыға келдік. Д.А. Қонаев тың атына хат дайындап, мен кіріп ұсынысымызды айтып хатты ұсындым. Сонда Димекең: «Бұл институт қиын жылдары Ж. Шаяхметовтың ұсынысымен ашылған еді. Сен екеуміз мынадай тыныш заманда ЖенПИ-ді жапқан адамдар ретінде тарихқа кірмей-ақ қояйық», – деп ұсынысты қабыл алмады.