Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 12

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
АҚ НИЕТ, АДАЛ ЕҢБЕК – ӨМІРЛІК МАҚСАТ

Оглавление

Оқу бітіргеннен кейін, Қызылорда қаласына жұмысқа келдім. Қазақстан мәдениет министрлігі мені сондағы облыстық мәдениет басқармасының жанындағы облыстық лекциялық бюроға директор етіп жіберді. Келісімен әлгі басқарманың бастығы Абдіжәми Байшуақов деген кісіге кірдім. Жақсы қабылдады. Киген киімім өте ескі еді. Анам қайтыс болып, әкем шеттей бала-шағамен қалып, соларды асыраудың әуресімен болатын. Артық мал да жоқ. Сатып бере салатын ақша болса да жоқ. Үсті-басыма қарап тұрып Әбекең: «Жігітім, бес жыл оқимын деп тұрмыстан жүдеп қалған екенсің, саған жәрдем керек. Обком партияға айтып, пединститутқа жарты ставкаға мұғалім етіп орналастырайын», – деп біреуге телефон соқты. Орнында екен. Онымен сөйлесіп: «Бізге университетті бітірген бір жігіт келді, соны пединститутқа жарты ставкаға орналастыруға жәрдем бер», – деді де, орнынан тұрып, маған: «Жүр, кеттік», – деп бірден обком партияның мектептер бөлімінің меңгерушісі Уали Төралиев деген кісіге алып келді. Біраз әңгімелесіп, менің мән-жайыммен танысып болған соң, пединституттың проректоры Быковаға телефон соғып, мен туралы сөйлесті. Соңынан сол институтқа орналасып алдым. Қызметке кірісіп кеттім. Аудандарға лекция оқуға шығып, ел-жұртпен танысып, халықтың өмірін көре бастадым. Шыны керек, бұл облыста елдің тұрмысы өте ауыр екен. Қыркүйек айында күріш орағы басталады. Соған байланысты мен Қазалы ауданына лекция оқуға іссапарға шықтым. Колхоз, совхоздарды аралап жүріп, бір күні Қарақалпақстанмен шекаралас жердегі Андреев деген колхозға жеттім. Колхоз бастығы жас жігіт екен. Күндіз екі жерге лекция оқыдым. Кешке үйіне бардық. Тамағын жеп, жататын уақыт болғанда үйдің иесі, колхоздың бастығы сипақтап маған бірдеме айтқысы келді. Бір кезде: «Сіз кешіріңіз, үйде бүтін көрпе жоқ. Ал колхоз тұрмысы өте ауыр, өмір бойы еңбекке ешнәрсе алған емеспін, жақында ғана төраға болып сайланып едім. Содан қысылып тұрмын», – деді. Мен таңғалдым. Біздің Оңтүстік Қазақстан облысында дәл осындай қурап қалған колхоз жоқ.

1954 жылы елдің жағдайы бірқатар жөнделіп қалған еді. Осы колхоздан кейін Левобережная деген МТС-қа келдім. Адамдарды жинап берді. Ішінде бір үлпілдеген, орта жастағы әйел отырды. Лекция біткенде ол: «Ауылшаруашылығының тұрмысы қашан дұрысталады? Осы МТС-тың тұрған жерінде бір дұрыс әжетхана да жоқ» – деген сұрау берді. Мен шамамша жауап бердім. Кейін сұрастырсам, Бериямен бірге атылып кеткен грузияның Мглидзе деген ішкі істер министрінің әйелі екен. Міне, тағдыр адаммен қалай ойнайды.

Ел аралап жүргенде әртүрлі жағдайға кездесесің. Оның кейбіреулері өмірде есіңнен шықпайтын болып қалады. 1955 жылы тамыз айында Арал ауданына іссапармен бардым. Ауданның мәдениет бөлімінің бастығы Жақас Шерипов деген жігіт екен. Сол қарсы алды. Ол кезде мейманхана деген жоқ. Барған жердегі үйлерге жайғасамыз. Жақас үйіне алып келді. Анасымен тұрады екен. Әлі үйленбеген. Мен үшін үлкен жаңалық – сүрленген балықтан жасалған бесбармақ болды. Тура сүрлеген жылқының етіндей болады екен.

Енді бір ұмытылмай, есте қалған нәрсені құмның ішімен кетіп бара жатып жолда кездестірдік. Күн шыжып тұр. Шөлдедік. Қарнымыз ашты. Бір төбенің үстіне шыға келіп едік, төменде кішігірім көл көрінді. Көлдің жағасында тігілген үй тұр. Жақындағанда көлдің ішінде қайыққа отырып алып қамыс орып жүрген азаматты байқадық. Үйге бұрылғанымызда ол қайығынан түсіп, бізге қарай беттеді. Сәлемдестік. Біздің келгенімізге өте қуанып қалды. Бірден бір тоқтысын сойып тастады. Біз «қойыңыз» дегенше болған жоқ. «Біраздан бері адам көргенім жоқ, сіздерді Құдай айдап келді. Осы қойдың етін жемей кетпейсіздер», – деді. Шай ішіп отырып әңгімелестік. Мен біздің ел туралы айта бастадым.

– Біз Алатау мен Қазығұрт тауларының қиылысқан жерінде тұрамыз. Шөп деген аттың бауырынан келеді. Кейбір жерлерінде аттың өзі көрінбей қалады. Қандай таза. Бастаулар әр жерден шығып жатыр. Біздің елдің адамдары сол қалың шөпті орып алуға ерінеді. Сіз болсаңыз судағы қамысты біртіндеп орып жүр екенсіз, – дедім.

Әңгімемді әбден тыңдап болып, қып-қызыл құмның ішінде Сырдың суының тасығанынан пайда болған көлшіктің жағасында отырған үй иесі былай деді.

– Шырағым, сөзіңнен байқаймын, сенің елің тура жұмақтың өзі сияқты болып тұр, бірақ мен үшін, менің бала-шағам үшін дүниежүзінде осыдан асқан жер жоқ. Бұл – менің ата-бабамның қонысы, мұнда солардың сүйегі жатыр, сіздің айтқан сөзіңіз менің басыма кіріп отырған жоқ, – деді.

Әңгіменің қызығы алда болды. Кептіріп қойған қамыры бар екен. Соны алып, етті түсіріп әкелді. Кебежеден жартылықты алып қойды. Менің ішім ауырып жүр. «Тамақты жей алмаймын», – дегенде үйдің иесі қапаланып кетті. Көңілі бұзылғанын көріп отырмын. Неге жемейсіз деместен бір әңгіме айта бастады: «Менің бала жігіт кезім. Өзіммен жасты досым болатын. Ағам үйленген еді. Досымды үйге ертіп келгенде, жеңгем алдымызға ас қойып «жеп қойыңдар, қайындарым» – дейтін. Менің досым өте ұялшақ болатын. Қысылып отырып, тамақ жемейтін. Бір күні жеңгем қайнысына: «Қайным, сен қыздай бала екенсің, қыздайлығың сонша, бір күні қатын болып кетейін деп тұрсың ғой», – дегені бар.

Осы әңгімесін тауысқан соң, үй иесі маған қарап: «Не айтайын, мейман жігіт. Сонша әуре болып тек сіздер үшін істеген тамағымнан дәм татпай отырсың. Айтарым сол, сенде қыздай жігіт екенсің» – дегені. Осы сөзге шыдай алмай мен стаканға толтырып арақ құйғызып, ішіне бір қасық тұз салып араластырып тартып жібердім де, тәуекел етіп алдыма қойған асты аямай соғып алдым. Үй иесі риза болды. Біз ол кісінің айтқан әңгімесіне күле-күле отырдық.

Осы оқиғадан аңғарғаным – қазағым қандай меймандос, көңілі тап-таза халық. Барлық ықыласымен адамгершілікті аямай жасайтын халық қой. Не деген қасиеттілік, не деген ізгілік. Бізді танымайды. Жолдан өтіп бара жатқан біреулерміз. Оларға қой сойып, барын аямай алдарына қойып, ақ пейілін ақтарып салып отыр. Халқымыз қандай шайқастар мен қиыншылық көрсе де, жер бетінен жоқ болып кетпей жүргені де осы ақ көңілі, адал жүрегі, қолының ашықтығы, адамгершілігі шығар деп ойлаймын. Осылардың өзі ылғи жақсы үмітке жетелеп, қасиетті жолға салатын болар. «Құдай – бергенге береді» деп тек айтылмаған. Бұл – шытырман өмірдің барлық құбылыстарын қорытып айтқан халық даналығы.

Қызылордада қызмет істеген жылдары Әбдіжәми Байшуақов сияқты қамқоршы аға, көптеген дос-жаран таптым. Олардың бірқатарымен әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз үзілмей келеді. Солардың ішінде өте көңіліміз жақын болып кеткен, өмірге деген көзқарасымыз да көп ұқсастықтар бар, ұзақ жылдар басшы партия қызметтерінде абыройлы болып, бүгінде пенсияға шыққан Дәуірхан деген азамат бар. Мен оны «қайнаға» деймін. Өйткені, Қызылордада істеген жылы өзімнің өмірлік жарым Фариданы таптым. Фарида менің әулетімнің анамнан кейін шашырай бастаған сиқын қайта жинап, екі інім, бір қарындасымды қолына алып, оларды өсіріп, отау құрып, еншісін беріп, бөлектеді. Менің бақытымды да, қуанышымды да бөлісе білді. Төрт ұл сыйлады. Олардың бәрін өзі тәрбиеледі. Жас кезімнен қызметке араласып балалардың тәрбиесіне ойдағыдай көңіл бөле алмадым. Өзінің көзі тірісінде үш ұлымызды үйлендірдік, немере сүйдік. 2001 жылы 66 жасында дүние салды. Фариданың дүниеден өткеніне қырық күн толғанда асқа келген көршіміз белгілі ғалым, жерлесім Фариданың қазасына арнаған өлеңін оқыды.

1956 жылы ақпан айында маған Өмірбек телефон шалып: «Шымкенттен «Білім» қоғамынан жұмыс таптым, ол жақпен есептесіп тез жет», – деді. Сөйтіп, Қызылордамен қош айтысып, елге тарттым. «Білім» қоғамында істеп жүрмін. Бірақ арманым жоғары оқу орнына ауысу, ғылыммен шұғылдану болды. 1958 жылы сәуір айында пединститутқа ауыстым. Қоғамдық ғылымдар кафедрасы кабинетінің меңгерушісі болдым. Осыдан кейінгі өмірімнің барлығы жоғары оқу орындарымен байланысты болды.

Пединститутта қызмет атқарып жүрген кезім. Шілде айының басы. Бітіргендерге диплом тапсыру кешіне дайындық жүріп жатыр. Мені институттың проректоры Палым Тілепов шақырып: «Бүгінгі кешке Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры Қ. Б. Біләлов келеді. Қасында екі-үш адам болады. Соларға менің кабинетіме дастарқан жасаймыз. Сен соған қызмет етуге жәрдемдес», – деді. Дипломдар берілді, концерт бітті. Дастарқан басына жиналдық. Мен қызметті шампан ашудан бастадым. Күн өте ыстық. Шампанның тығынын ашып қалып едім, бұрқ етіп таси бастады. Мен қайтадан жаба қояйын деп едім, шампан айналадағылардың бәріне шашырап кетті. Қыран күлкі.

Қалекең: «Ой, мынау қандай мырза жігіт? Бәрімізді шампанға шомылдырды ғой», – деп тағы ду күлдірді. Сол жерде Өмірбек менің философия факультетін бітіргенімді, мұғалімдік жұмыс болмай, лаборант болып жүргенімді айтты. Қалекең дәл сол жерде маған: «Ертең кел. Бізде философия мұғалімінің орны бос. Сені аламын», – деді. Ертеңіне барып едім, бірден 1959 жылдың 1 қыркүйегінен аға оқытушылыққа бұйрық берді. Сол уақыттан бастап осы ұстаздық жұмыс менің өмірімнің негізгі мақсаты болды. Осы институттан М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне аспирантураға түсіп, 1965 жылы философия ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәреже алып келдім, мәдениет мәселесінен қорғадым.

1967 жылы Шымкентте Педагогикалық мәдениет институты ашылды. Соған мені ректорлыққа ұсынды. Сол жылы 1 шілдеде министрдің бұйрығын алып, іске кірісіп кеттім.

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх