Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 4

С.Т. ТЕМІРБЕКОВТІҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫСҚАША ОЧЕРКІ

Оглавление

А.Т. ТЕМІРБЕКОВ, география ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым-педагог, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Садуахас Темірбеков 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданындағы Алғабас елді мекеніне қарасты Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Осы елді мекендегі № 12 жетіжылдық мектепті 1946 жылы бітіріп, онжылдық білімді Шымкент қаласындағы № 7 Қ. Сыпатаев атындағы мектепте оқып, оны 1949 жылы күміс медальмен тамамдаған. Сол жылы Алматыға келіп, С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне түсіп, оны 1954 жылы бітірген. Университеттегі білімді аяқтаған соң, мемлекеттік жолдамамен Қызылорда облыстық лекторлар бюросының директоры болып 1956 жылға дейін қызмет атқарған. Осы негізгі жұмысымен қатар Қызылорда педагогикалық институтында мұғалімдік жұмысты қоса атқарып, философиядан сабақ берген. Ал 1956 жылы Шымкентке облыстық «Білім» қоғамына референт болып ауысып, 1958 жылдың қаңтар айынан 1959 жылдың тамыз айына дейін Шымкент педагогикалық институтындағы қоғамдық ғылымдар кабинетінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Осы жылдардан бастап оның барлық өмірі жоғары оқу орындарындағы қызметтерге байланысты болады. Оның ішінде 1959-1967 жылдар аралығында Қазақ химиялық-технологиялық институтында қоғамдық ғылымдар кафедрасында аға мұғалім, 1962-1965 жылдар аралығында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультеті аспирантурасында оқып, 1965 жылы философия ғылымдары бойынша «Закономерности культурного развития деревни в процессе строительства социализма» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған. Қазақ химиялық-технологиялық институтында мұғалімдік қызметін жалғастырып, институттың партия хатшысы қызметін бірнеше жыл бойы қоса атқарған. Осы қызметті абыроймен атқарып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен танылды, әділдігімен ерекшеленіп көзге түсті.

Мәдени дамудың динамикасын ғылыми тұрғыда терең игерген маман ретінде 1967 жылы Кеңес Одағы аумағында Мәскеу, Ленинград, Киев, Беларусия мәдениет институттарынан кейінгі Қазақстанда,Шымкент қаласында ашылған мәдениет институтына Садуахас Темірбеков небәрі 35 жасында ректор болып тағайындалып, осы лауазымда он бір жыл бойы жоғарғы деңгейде қызмет етті.

Садуахас Темірбеков бұл институтты республика көлеміндегі ең іргелі оқу орындарының қатарына қосуға қыруар еңбек сіңіріп, тер төкті. Аталмыш институт ашылған кезінен бастап республикадағы мәдени-ағарту мекемелеріне жоғары білікті мамандар даярлайтын Қазақстандағы бірден-бір оқу орны болды. Институтқа 1975 жылы ғұлама, ойшыл әл-Фарабидің есімі берілді.

Сәкең басқарған он бір жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды; институттың материалдық базасы құрастырылып, профессорлық-педагогикалық ұжымы жинақтала бастады. Алғашқы жылы мұндағы 225 студентке 30 педагог дәріс жүргізген болатын, олардың ішінде ғылыми дәрежесі барлары үшеу ғана еді. Ректор институттың білікті профессорлық-педагогикалық құрамын жасақтау үшін Мәскеу, Санкт-Петербург (сол кездегі Ленинград) мәдениет институттары, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваториямен тығыз байланыс жасап, тәжірибелі, білікті мамандар шақырды. Осының бәрі Сәкеңнің жас талантты жандар бойындағы қабілетті жазбай танып, оларды жоғары бағалап, жағдайларын жасап, өз ұжымына тарта білген тез тіл тапқыштық, аса жоғары ұйымдастырушылық қабілеті және екінің бірінің бойында кездесе бермейтін зор адамгершілік қасиетінің арқасында іске асырды. Осылайша институт студенттеріне сапалы білім беру әлеуетін барынша нығайтты. Ол кездері саз аспаптарын табу қиын болғандықтан Мәскеу, Киев, Минск, Новосибирск, Таллин сияқты қалаларға өзі барғанда немесе институт мамандарын іссапарға жібере отырып, қажетті музыкалық аспаптар алдырып отырды. Ол кезде өте сирек кездесетін мәдениеттану, музыкатану туралы жазылған арнаулы әдістемелік әдебиеттер алуға қол жеткізді.

Институт студенттеріне халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық құндылығы мен дүниетанымы, өнері мен мәдениеті туралы терең кәсіби сапалы білім беру үшін сол кезде Одақ көлеміндегі және еліміздегі рухани-мәдени ортаның барлық белгілі ұжымдарымен де, қайраткерлерімен де тығыз шығармашылық және іскерлік қарым-қатынас орната білді. Білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы жекелеген қайраткерлерді дәріс оқуға шақырып, олардың өмір жолын үлгі етіп, өнер шеберліктерінен үйренуге барынша жол ашты, қолдау көрсетті. «Көп естігеннен бір рет көрген артық» деген ұстаныммен аудиториядағы теориялық білімді күнделікті өмірдегі бетпе-бет кездесу-жүздесу тәжірибесімен, сахна көрсетілімдерімен ұштастыруды іске асырды. Сол жылдарда Сәкеңнің арнайы шақыруымен КСРО көлеміне танымал, көптеген белгілі саз ұжымдары Шымкентке келіп, өнер көрсетіп, мәдениет институты студенттерімен кездесулер ұйымдастырып жүрді. Атап айтқанда, КСРО халық әртісі Густав Эрнесакс дирижерлік әрі көркемдік жетекшілік еткен аты әлемге әйгілі Эстонияның «Ерлер хоры» капелласы, Мәскеуден белгілі мәдениеттанушы ғалым-профессорлар А. Арнольдов, И. Гегельмен, Нью-Йорктен БҰҰ кітапханасының сол жылдардағы директоры, дүниежүзі халықтарының 40 шақты тілінде оқып және сөйлей білетін В.К. Владимиров т.б. келіп, студенттерге арнайы дәріс оқыған-ды.

Студенттерге білім беруге арнайы таңдап шақырылған профессорлық-педагогикалық құрамдағы С.В. Коминов, В. Скитневский, Т.Қ. Бақшилов, М.И. Баймурзин, А.Т. Тілеубердиев, Ф.А. Бектурова, М.М. Фельдштейн, т.б. өз мамандықтары бойынша терең білімді, аса тәжірибелі қызметкерлер еді. Олармен қоса, Сәкең ұжымға жас кадрларды да көптеп тартты. Ө. Ғұбайдуллин, Ә. Жанысбеков, Ә. Қалыбекова, Т.Р. Зуева, Л.И. Шулунова, С.Р. Рахымжанова, М.К. Көкеева, Ж.Д. Кенешева, С.Н. Гевич, Л. Гевич, Л.Г Лаврушко, Н. Камалова, Қ.М. Расқалиев, Е. Сиқымбаев, С. Райымқұлов, Н.Д. Кулитова, С. Мадуанов, Б. Байтанаев, О. Пірімқұлов, М. Момынұлы, Е. Балабеков, Қ. Қылышбаева, С. Байжұманов, С. Жақыпбеков, К. Ахметова, С. Садықұлова, Д. Нығметұлы, Е. Омарұлы, З. Исатаева және т.б. бәрі де терең білімді, жалындап тұрған аса талантты, жоғары оқу орнын жаңа ғана бітірген жас мамандар болатын.

1976-1977 оқу жылында студенттер саны 1727-ге жетті. Институт Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген көптеген талантты жастарға білім берді. Нәтижесінде «Қобызшылар», «Фараби сазы», «Қазына» сияқты шығармашылық ұжымдары құрылып, олардың таланты республика, Одақ көлеміне белгілі болды. Сол жылдарда осы институтты бітіріп шыққан, бүкіл халыққа кең танымал болған көптеген өнер жұлдыздары оқу орнының даңқын одан бетер асқақтата түсті. Ескендір Хасанғалиев сияқты аға буын өкілдері бастаған қатарда Нағима Есқалиева, Марат Омаров, Марат Ілиясов, Мақпал Жүнісова, т.с.с. әншілер мен композиторлар болды.

Садуахас Темірбеков жаңадан ашылған институтта басшылық еткен жылдарда кафедралардың саны бесеуден 13-ке, оқытушылар саны 137-ге жетті. Ғылыми дәрежесі мен атағы барлар 4 есе өсті. Институттың алғашқы түлектері Мәскеу мен Ленинградта тәжірибеден өтіп, аспирантурада оқып, ғылым кандидаттары болып оралды. 1976 жылы Ресейдің жоғары оқу орындарының аспирантурасына 7 оқытушы жіберілді. Институт кітапханасының кітап қоры 18 мыңнан 130 мыңға көбейді.

Мәдениет институты музыка, музыкатанушы және мәдени-ағарту жұмыстары саласы бойынша мамандар даярлап шығаратындықтан, оқу үрдісінде әртүрлі музыкалық аспаптар пайдаланылатын еді. Оларды дер кезінде сабақ өтетін аудиторияға жеткізу өз алдына үлкен жұмыс болатын. Сол жылдарда институттың шаруашылық қызметін басқарған Н.Г. Ахундов, Е. Нұрманов, Қ. Жүнісов деген қызметкерлер Сәкеңнің өзі іздеп тапқан кадрлары еді. Олар әр уақытта өздеріне жүктелген тапсырманы үлкен жауапкершілікпен атқаратын тыңғылықты мамандар болатын.

Жаңадан ашылған педагогикалық мәдениет институтының жұмысымен танысуға КСРО Жоғары Білім беру және Мәдениет министрліктерінен келген бір топ маман мұндағы оқу үрдісінің ұйымдастырылуы мен іске асырылуына, материалдық-техникалық базасының деңгейіне ерекше көңіл қойып танысады. Оқу орнының әкімшілік ғимараты мен дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар өтетін және музыкалық аспаптармен дайындық жаттығу жүргізілетін студиялық бөлмелермен қамтамасыз етілуін тексеріп көрген соң, жоғары пікір білдіреді. Институттың ректоры Садуахас Темірбековті КСРО-дағы мәдениет институттарының оқу жоспары мен бағдарламаларын құрастырып әрі бекітетін Одақ Комиссияның мүшесі етіп кіргізуге шешім қабылдайды. Сонымен қатар, Одақ көлеміндегі мәдениет институттарының қызметкерлері осы оқу орнында тәжірибеден өтуге әбден лайықты деген тұжырым жасайды.

Институттың оқу үрдісіндегі табыстарымен қатар, ректор ұжымның әлеуметтік жағдайын жақсартуды да қарқынды түрде іске асыруды қолға алды. Студенттерге арналған, алдымен 600 орындық, сонан соң тағы 500 орындық жатақханалар салынды. Бұған қоса оқытушыларға 80 пәтерлік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Көп ұзамай институтқа жаңадан бас оқу ғимаратының салыну шешімі бекітіліп, құрылысы басталды. Бұл жылдары ол депутаттардың қалалық және облыстық кеңесіне сайланып, өзін партия және қоғам қайраткерлігі қырынан да танытты.

Ректордың осындай ерекше іскерлік қабілеті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің назарынан да тыс қалмады. Өзіне тапсырылған жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарауы, басқарушылық және жаңашылдық, тапқырлық қасиеттері мен қызмет атқарудағы ұстанымдық тазалығы, адалдығы ескерілді. 1978 жылы сәуір айында Садуахас Темірбеков ҚКП Орталық Комитет аппаратындағы ғылым және оқу орындары меңгерушісінің орынбасары қызметіне шақырылып, 1979 жылдың желтоқсан айында бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы жылдары оған халқымыздың ардақты ұлы, тұғырлы тұлғасы Д.А. Қонаевпен пікірлес, қызметтес, серіктес болу бақыты бұйырды.

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті аспирантурасында оқыған жылдары атақты ғалымдармен араласып, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ұйымдастыру әдістерімен жан-жақты әрі етене танысқан еді. Олардан алған мол тәжірибесін өз өмір жолына тиімді де нәтижелі пайдалана білді. Ұзақ жылдар бойындағы педагогикалық іс тәжірибесі, студенттердің ішкі жан дүниесіне терең үңілу арқылы олармен жүргізген тәрбие жұмыстарының нәтижелі жолдары мен ерекшелігін жанжақты білуі – оның Республика жоғары оқу орындары мен Ғылым академиясының құрамындағы зерттеу институттарында көп жылдар бойы жинақталып қалған қордалы мәселелердің шешімін табуға тез кірісіп кетуіне себеп болды. Әсіресе, еліміздің экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық дамуын әрмен қарай жетілдіру үшін жаңа мамандықтар бойынша жас ұлттық кадрлар дайындауда көптеген жоғары оқу орындарының ашылуына бастамашы болды. Оларды не себепті ашу қажеттілігін әлеуметтік-экономикалық және саяси-философиялық тұрғыдан тұжырымдап беруде өзінің терең білімі мен ұзақ жылғы мол тәжірибесі нақтылай нәтижесін берді. Сәкеңнің бастамасымен Қазақстанда Алматы сәулет-құрылыс және Алматы театр-өнер институттары, Қостанай мен Көкшетаудағы ауылшаруашылық институты, Қарағанды педагогикалық институттары ашылды. Олармен қатар, көптеген облыстарда техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтарын дайындайтын республикалық жоғары оқу орындарының бөлімшелері (филиалдары) жұмыс істей бастады.

Садуахас Темірбеков ҚКП Орталық Комитетте істеген жылдары халыққа білім беру ісі мен денсаулық сақтау мекемелеріндегі шұғыл мәселелер дер кезінде күн тәртібіне енгізіліп, олардың орындалуын қадағалауға қатаң талап қойылатын болды. Сәкең басқарған бөлімнің ұсынысымен, қолдауымен өтетін республикалық және аймақтық семинар-жиналыстарда атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шаралар нәтижесін талқылау тұрақты үрдіске айналды. Ондай жиындарда сол саланың жетекші қызметкерлерінің іс-тәжірибелері тыңдалып, жеткен жетістіктері мен кемшіліктері теңдей сарапталатын еді. Артынша жиын материалдары жинақ боп басылып, тиісті мекемелер мен оқу орындарына таратылатын болды.

«Сәкеңнің Орталық Комитеттің ғылым және оқу орындары бөлімін басқарған кездері осы саладағы ең бір жемісті жылдар болды, – дейді сол жылдары Қазақстанның Жоғары және арнайы орта білім беру министрі болған академик Көпжасар Нәрібаев. – Қазақстан Ғылым академиясының абыройы асып, Одақ пен Украина академиясынан кейінгі үшінші орынды тұрақты түрде иеленді. Білім беру жүйеміз де Одақ көлемінде алдыңғы шепке шықты. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайып, ғылыми-педагогикалық кадрлар саны сандық, сапалық жағынан өсіп-жетілді. Осындай жетістіктердің бәріне Садуахас Темірбековтің қосқан үлесі айтарлықтай болды», – деп ойын тұжырымдайды.

Қоғамдық қызметтерде аса іскерлік-ізденімпаздық әрі жаңашылдығымен көзге түскен Сәкең сол жылдарда халық назарынан да тыс қалмайды. Олар үміт артқан зор сенім мен жауапкершілікті арқалап, қатарынан екі рет, 1980 және1985 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мемлекетке сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды, ҚКП Орталық Комитетінің хатшылар тобының мүшесі болды.

Сәкеңнің осы қызметтегі соңғы жылдары 1986 жылы жарияланған Горбачевтың «қайта құру» авантюристік саясатына тұспа-тұс келді. КСРО үкіметінің сол кездегі отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесі халықтардың ұлттық мәдениеті, өзіндік дәстүрлері, менталитетімен санасуды біржола қойып, ұлттық ерекшелік, халықтың ұнасымды салт-дәстүрлері, өнегелілік, адамгершілік қағидаттарының көбін тәрк етіп, тек өз дегендерін ғана іске асырып, асқынып тұрған кезең еді. Осының салдарынан әлеуметтік-саяси, экономикалық өмірдегі қатынастар шиеленісі тым ширығып, ушыға түскен-ді. Ғасырлар бойы бодандықтан бостандыққа ұмтылған, өз ұлтының адал ұлы Садуахас Темірбеков осы бір алмағайып заманда қашанда халық жағында болды, ғұмырының соңына дейін осы ұстанымда қалды. Ол Орталық Комитеттегі қызметінен өз өтінішімен кетіп, 1986 жылдың сәуір айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне доцент болып қайта оралды.

Ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ-дың профессоры ретінде отандық мәдениеттану ғылымдарының қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді.

Ол елімізде алғашқылардың бірі болып, Шымкент мәдениет институтындағы оқытушылық қызметінен бастап, мәдениеттің теориясы мен тарихы бойынша жүйелі түрде дәріс оқи бастады.

Тәуелсіздік жылдарындағы өтпелі кезең – нарықтық қатынастарға байланысты руханияттың жағдайы, ұлт мәдениетінің даму мәселелері, қазақ халқының мінез-құлқывдағы құндылықтар мен кемшіліктер, қазақ жастарының еңбек ету, білім алу, ғылыми зерттеу жүргізу үрдісінде технологиялық менталитетті енгізу, т.б. мәселелер бойынша көптеген құнды еңбектер жазды. «Мәдениет және замануи өмір» (Культура и современность), «Мәдениет және өркениет» (Культура и цивилизация), «Әлемдік рухани өркениет құвдылықтарыньщ заманауи мәселелері» (Проблемы духовно цивилизационных ценностей в современном мире), «Нарық және ұлттық мәдениет» (Рынок и национальная культура) деген еңбектері заман мен қоғамның өткір де өзекті мәселелерінен сыр шертеді. Осы бағытта жүргізілген зерттеулердің негізінде профессор С. Темірбековтің жетекшілігімен философия ғылымдары саласында үш кандидаттық диссертация қорғалды.

Жоғары оқу орны студенттеріне арналған «Мәдениеттануға кіріспе» (Введение в культурологию) оқу құралын, «Мәдениет және өркениет» дәрістер курсын, мәдениеттану пәнінің мұғалім- деріне арналған оқу-әдістемелік құралын жазып, баспадан шығарды. Садуахас Темірбековтің «Мәдениеттануға кіріспе» (орысша басылымы «Введение в культурологию») атты еңбегін әрі ғылыми еңбек, әрі оқу құралы деп бағалай отырып, философия ғылымдарының докторы, профессор, мәдениеттанушы Тұрсын Ғабитов: «… адамзаттың мәдени жаңғыруына бұл мәдениеттану пәнінің қосар үлесі қомақты екенін ескерсек, әлі де болса буыны бекімеген бұл жас ғылым саласының болашағы зор болатындығына күмән келтіруге болмас», – деп жазып, әрмен қарай ұлттық мәдениет мәселелері туралы ой қозғап, мәдениет мәйегінің қалыптасар көзі кітап деп, оны көп оқу керек екенін ескертіп, бірақ еліміз нарықтық экономикалық қатынастарына көшкеннен бері кітап оқушылардың саны күрт төмендеп кеткеніне Сәкеңнің өкініш білдіргенін атап көрсеткен мәдениеттанушы ғалым Т. Ғабитов: «…осы мәселені елімізде С. Темірбековтен терең зерттеген ғалым шамалы. Сәкең сияқты нағыз мәдениеттанушының ден қойып зерттейтін тақырыбы осы екені даусыз. Оған ағамыздың еңбектері куә», – деп жазыпты. Сәкеңнің сол еңбегін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі жоғары бағалап, оған университеттің профессоры атағын берді, сонымен қатар әл-Фараби атындағы «Алтын медалімен» марапаттады. Еліміздегі жас мәдениеттану ғылымына сіңірген елеулі еңбегі профессор Садуахас Темірбековті осы саладағы ең танымал, белді ғалымдардың біріне айналдырды.

Өмірінің соңғы жылдары жазған «Өмір өрнегі» атты кітабы 2010 жылы баспадан шықты. Бұл еңбектің бірінші бөлімінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еңбек жолындағы азаматтық, адамгершілік тұрғыдан мемлекетті басқару саясатын жүргізудегі құндылықтарын саралап, оның адами портретін сомдауға арналса, ал екінші бөлімін өзінің ғылыми публицистикалық мақалалары құраған. Садуахас Темірбековтің ұзақ жылғы педагогикалық әрі жетекшілік қызметі өз алдына, ғылыми шығармашылығында арқау болған рухани және адамгершілік құндылықтар, адами қасиеттер мен тектілік, тазалық пен адалдық, ашық көңіл мен бауырмалдық оның өзінің бітім-болмысынан табылатын еді.

Осы орайда, Садуахас Темірбековтің кәсіби білімі мен біліктілігімен қатар, барлық қазақ зиялыларына тән жеке басының мәдениетін ерекше атап айту абзал. Ғасырлар бойғы ұлттың мәдени-рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп, мәйегін бұзбай келешекке табыстап, сол халықтың жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған қазақтың біртуар текті ұлдарына тән өнегелі өмір жолын кейінгілерге үлгі ету әбден орынды. Күн өткен сайын Сәкең сияқты азаматтардың халыққа еткен өлшеусіз қызметі мен жеке болмыс-бітіміндегі аңызға айналған азаматтық кескін-келбетінің тұғыры әманда асқақтай түспек. Адамгершілігі зор, ізгілігі мен ілтипаты мол, қай қырынан алсаң да аса сирек кездесетін ерекше жандардың бірі еді. Сол себепті де Сәкеңнің көзін көріп, шарапаты тиген адамдардың жадында жатталып қалған ол туралы айтылар естеліктер мен сағынышты үзік сырлар әлі де толассыз жалғасын таба береді деген ойдамыз.

Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35

Подняться наверх