Читать книгу Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35 - Коллектив авторов - Страница 13
ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ Д.А. ҚОНАЕВ МЕКТЕБІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛДАРЫМ
Оглавление1978 жылы сәуірдің 26 жұлдызында сол кездегі министріміз Тұрғанбек Қатаевич Қатаевтың кенет телефон соққаны. Не болып қалды екен деп жүрегім лүпілдеп кетті. «Үшінші сәуір күні менің қабылдауыма келіңіз, ақылдасатын жағдай бар», – деді. Менің ойыма келгені төмендегідей еді.
«Екі ұлым Алматыда оқиды. Біреуі университетте, біреуі мединститутта. Жататындары жатақхана. Алматыға келген сайын олардың жатақ жерін көріп, көңілім бұзылатын. Бір келгенімде Өмірбекке: «Маған Алматыға ауысуға жәрдемдес. Жұмыстың үлкен-кішісін таңдамаймын, тек пәтер берсеңіздер болды» деп айтқанмын. Өмекең көп ойланып қалды. Балалардың жағдайын айтқан соң, көнгендей болды. Министрге де кіріп, осы өтінішімді айттым. Ол кісі бәрін тыңдап болып: «Ректорлық қызмет жоқ. Ал басқа не тандайсьщ?» деп сұрады. Маған министрліктің қоғамдық ғылымдар бөлімінің төрағалығын берсеңіз болды. Жоқ, ол обал болады, ойланғаныңыз дұрыс. Мені асықтырмаңыз. Өтінішіңізді түбінде ескерермін», – деп қалған. Әңгіме сонымен біткен. Министрдің мына телефон соққаны сол қызмет жайы болар деп ойладым. Сонымен 2 сәуір күні ұшып келдім. Өмекең қарсы алды. Оның сөзіне қарағанда орталық партия комитетіне алуы мүмкін сияқты. 3 сәуір күні сағат 9-да министріміз Тұрекеңе келдім. Мені бір қуанышты сезіммен қарсы алды. Сөйтті де, ай жоқ, шай жоқ бірден орталық партия комитетінің меңгерушісі С.О. Жандосовқа телефон соғып: «Темірбеков жолдас келді, менде отыр», – деп еді, ол кісінің «Тезірек маған жіберіңіз», – дегенін естіп тұрмын. Тез арада Санжар Жандосовқа кірдім. Ол кісі:
– Садуахас, біз сені осы бөлімге меңгерушінің орынбасары етіп алғымыз келіп отыр, оған қалай қарайсың? – деп сұрады.
– Егер маған ондай сенім көрсетілсе, ойланбастан келісім беремін. Осында екі балам оқиды, арманым қызмет таңдамай, тек пәтер болса келетін ойым бар еді, – дедім. Оның алдында құжаттарым жатыр екен. «Сен қоғамдық ғылымдар кабинетін басқарыпсың, мұғалім болып істейсің, бірнеше жыл ҚазХТИ парткомының хатшысы болыпсың. Райком, горкомның бюро мүшелігін де атқарыпсың. Сен бізге керек кадрсың», – деді де, орталық партия комитетінің хатшысы Саттар Нұрмашұлы Имашевқа телефон соқты. «Ал, кеттік» деп мені ертіп ала жөнелді. Бірден қабылдады. Мен ректор болып істейтін институттың жағдайын сұрады. «Кадрлері қалай? Келешегіне қандай көңіл бөліп жатырсыңдар? Корпус салу мәселесі не болып жатыр? Өзіңнің ғылыми-зерттеу жұмыстарың қандай проблемалар төңірегінде?» деген мәселелер әңгіме болды.
– Жолдас Темірбеков! Сіздің жоғары оқу орнының мәселелерін білетініңізде күмәніміз жоқ. Істеп жүрген ісіңізге біздің көзқарасымыз дұрыс. Осыны ескеріп отырмыз. Бірақ та, орталық партия комитетіне қызметке алу үшін бұл жеткіліксіз. Жұмысын жақсы білетін, өздері өте сауатты азаматтар баршылық. Сіздің кандидатураңызға тоқтап отырғанымыздың тағы бір үлкен себебі, ол жеке басыңыздың тазалығы. Сіз анау-мынау былғаныш іске бармайсыз. Топтарға қосылмайсыз. Жүріс-тұрысыңызда опыр-топырлық жоқ. Осы қасиеттеріңізді ескеріп, партия жұмысына алайық деп отырмыз. Барып бөлімде бола беріңіз. Мен Димаш Ахметовичке айтамын, қабылдайтын болса хабар береміз, – деді. Қабылдауы өте жылуарлы, қарапайым болды. Үлкен бастық екендігін сездірмейді. Бөлімге келгенімде мені бір бос кабинетке отырғызып қойды. Сағат екіде Д.А. Қонаев қабылдайтынын айтты. Дәл мезгілінде С.Н. Имашев ертіп кірді. Есіктен кіргенімде Д.А. Қонаев орнынан тұрып, маған қарай жүрді. Кабинеттің ортасында қол алысып амандастық. «Отырыңыздар» деп орындықтарды сілтеді. С.Н. Имашев барлық жағдайды айтты. Ол кісі тыңдап болып: «Қай жердің жігітісің?» деп сұрады. Мен Леңгір ауданында туып-өскешмді айттым. Оны естіп Д.А. Қонаев Саттар Нұрашұлына қарап:
– Мен соғыс жылдары Леңгірде республикалық өкілі ретінде айлап жүргенмін. Леңгірді аралағанмын. Ол елдің жігіттері мықты болады, – деп әзілдеп күлді. Сөзінің соңында:
– Саттар Нұрашиевич! Егерде осы жігітті аламын деген шешімге тоқтасаң, Бюроның шешімін дайындатқыз. Мен қол қойып беремін, – деді. Димекеңнен шыққан соң маған: «Бөлімге бара беріңіз, шешімге қол қойылғасын хабарлайды», – деді. Аз уақыт өткенде: «Бекідіңіз, құттықтаймын, бірге жұмыс істейміз» деп қолымды алды. «Жемісті жұмыс істеуіңізге тілектеспін. Шымкентке барып, жұмысыңызды өткізіңіз, 7 сәуір күні таңертең жұмысқа кірісіңіз», – деді. Бұл 1978 жылы сәуірдің үшінші жұлдызы, дүйсенбі күні еді. Шыға сала Өмірбекке хабарластым. Ол тез жетіп, қуанышы қойнына сыймай құттықтап жатыр. Көлікке отырып алып, екеуміз келіп Асқар Қонаевқа сәлем бердік. Қызметімнің ауысқанын айтып содан Шымкентке тартып кеттім. Үйге келдім, бірақ Фарида үйде жоқ болатын. Жалғыз әпкесінің күйеуі қатты ауырып, Мәскеуде ауруханада жатқан еді. Соған кеткен. Үйге ауылдан әкем келген екен. Жасы сексеннен асып қалған. Қызметім ауысып, Алматыға кететінімді айттым. Әбден түсінген соң маған:
– Әлгі сомелетке шығатын қызмет пе? – деп сұрады. Басымды изедім де қойдым. Бірақ сұрағын түсінбедім. Ертеңіне әкемді ауылға апарып, анамның басына барып құран оқыдық. Әкемнің сұрағының мәнісін көп ойлана жүріп, бір күні жауабын тапқандай болдым. Ол сұрауының мәні мынандай болса керек деп шамаладым. «Майда-шүйде қызмет пе? Жоқ, Алматыға үлкен кісілер келгенде аэропортқа шығып, қарсы алатын дәрежедегі лауазым ба?» – дегені екен ғой. Әкем оқымаған, өзінше сауат ашқан адам. Қызметтің аттарын білмейді. Оның дәрежесін әуежайға меймандарды қарсы алу, алмаумен өлшейді екен ғой, жарықтық.
Сонымен, 1978 жылы сәуір айының 7 жұлдызында жаңа қызметіме кірістім. Бірден басыма түскен қиыншылық қағаз дайындаудан шығып қалғаным болды. Ал бөлімнің негізгі қызметі әртүрлі анықтамалар мен талдау қағаздарын жазу екен. Өте қиналып жүрдім. Ректор болып жүргенде, дайындап әкелген қағаздарды қарап шығып, жетіспейтін жерлерін толықтырыңдар деп тапсырма беріп, әбден піскен кезінде қол қойып үйренген басым. Бұл жерде бастан-аяқ өзің дайындауыңа тура келеді. Оның үстіне партиялық стиль дегені бар. Осылайша басым қатты. Ең алғашқы тапсырманы да орындауға тура келді. Оның қалай боп шығатыны тағы уайым. Оның үстіне, бөлімдегілер әрбір қадамыңды қадағалап отыр. Бұл қайдан келді? Жерден шықты ма, жоқ аспаннан түсті ме деушілер де бар. Бір күні партия ұйымының есебіне тұруға парткомның орынбасарына барып едім. «Ал, сіз қай жақтан келіп қалдыңыз?», – демесі бар ма. Даусында кекесін бар. «Оны білгіңіз келсе, С.Н. Имашев пен Д.А. Қонаевтан сұраңыз», – дедім. Менің байқағаным, Оңтүстіктен келген адамды жақтырмайтын сияқты. Жалпы атмосфера да осындай пікірде секілді. Ол кезде оңтүстіктерді «техастықтар» деп айтады екен. «Барлығын ақшаның күшімен бітіреді» деген қауесет жайлап кеткен. Көп ұзамай мен туралы да әжептеуір адамдар отырған жерде осы тәрізді әңгіме айтылыпты. Дастарқан басында Шымкенттен келген Жұмабай Тәшенов те болыпты. Ол кісімен бұрын қызмет бабында дастарқан басында араласып жүретінбіз. Әңгімеге араласып отырғандардың ішінен бір азамат:
– Темірбеков тиісті адамдарға кемінде жүз мың сом асырған болуы керек, – деп қалған екен, сонда Ж.А. Тәшенов қатты ренжіп:
– Толық білмейтін адамың туралы неге өсек сөз айтасың. Мен ол жігітті жақсы білемін. Барынша жақсы азамат және өте білімді әрі жоғары мәдениетті адам. Тап осы жерде Д.А. Қонаев кадрды барынша дұрыс таңдаған, – депті. Сол дастарқан басында отырған бір шымкенттік сыйлы ақсақал Жұмекеңнің сөзін растап:
– Темірбековтің обалы бар жігіт, мынау айтқаныңыздың оған қатынасы жоқ. Білімді, тәрбиелі адам, – депті. Осыны естіп өте қуанып қалдым. Өйткені, Жұмекең отырған жерде мені ылғи көтермелеп, өзінің қатты сыйлайтындығын білдіріп жүретін. Осының бәрінің шын көңілден екендігіне көзім жетті. Жұмекең сияқты абыройлы ағалардың көпшілік ортасында айтқан сөзі тез жайылды да.
Жұмысқа кіріскен екі-үш күннен кейін бөлім меңгерушісі шақырып алып:
– ЦК-ның екінші хатшысы А.Г. Коркин келесі дүйсенбіге Алматы жоғары оқу орындарының ректорлары мен партия ұйымдарының хатшыларын жинап, студент жастар арасындағы заңбұзушылықтың кең орын алып бара жатқаны және оны жолға қою туралы кеңес өткізбекші. Соған аналитикалық материал дайындау керек. Оны жұма күні әкеліп беруді сұрап отыр. Осы істі сізге тапсырамын, – деді. Бұл мәселе негізінен маған таныс. Дегенмен, екі күн аянбай отырып, бейсенбі күні бастырған материалды С.О. Жандосовқа алып бардым. Қарап шығып қып-қызыл етіп шимайлап, қайта жазып шықты. Бірақ мазмұнын өзгерткен жоқ. Мен де қып-қызыл болып кеттім. С.О. Жандосов бетіме қарап, менің қатты қысылғанымды байқап қалып:
– Садуахас, қағаз жазу – тәжірибемен келетін нәрсе, ең керегі мазмұндылығында. Сенің мына жазғаныңда нағыз жанды мәліметтер қойылған. Маған ұнады, – деп мені қолдап қойды. Ішімнен ол кісінің маған жаны ашығанын сездім. Өзі жөндеген күйінде бастырып, ертеңіне А.Г. Коркинге апарып берді.
Ол дүйсенбіде сәуірдің 10 күні жиналыс өткізді. Мені шақырған жоқ. Жандосовтың өзі қатысты. Мәжіліс бітісімен Жандосов маған соғып, дайындаған материалды қолыма ұстатты. Оның әр жері қызыл, қара, көк сиямен сызылып, жандарына белгілер қойылған.
– Сенің материалың А.Г. Коркинге ұнады. Кеңес бітісімен мені шақырып алып: «Маған берген аналитикалық материалдарың өте сапалы екен, саған рақмет», – деді. Мен ол кісіге:
– Бұл талдауды дайындаған мен емес, бөлімге жаңадан Темірбеков деген орынбасар алғанбыз. Бұл соның еңбегі, оған сіздің атыңыздан рақмет айтамын дедім. Соны саған айтқаным.
Біріншісінен өттім. Жұмысқа батылдау кірістім. Қағаздармен алысып, қиналып жүргенімде, бір қызық оқиға болды. Түскі демалыс кезінде тез тамақтанып, поштаның жанындағы орынға барып демалатынмын. Бір күні орындықта отыр едім, қасыма менің жасы үлкен бір кісі келіп жайғасты. Әңгімелесіп қалдық. Ауылшаруашылық министрлігінде бөлім меңгерушісі, өзі Түлкібастық екен». Облыста бірінші бастық болып жүрген азаматты Республиканың бір министрлігіне орынбасар етіп алыпты. Елден келгендер ол азаматқа кіріп, қызметінің өсуімен құттықтайды екен. Ол кісі рақметін айтқанда, елден келгендер «ағай, бізден не жәрдем керек» деп сұрағанда, оның беретін жауабы «маған түскен бір қиындық бар, сол өте ауыр болып жүр, бірақ, оған жәрдем беру сендердің қолдарыңнан келмейді», – дейді екен. Аға, айтыңыз, біз аянбаймыз дегенде: «Мен облыста бастық болып жүргенде, қиғаштап жазуға үйренген екенмін. Ал бұл жерде тура жазу керек екен. Соны үйрене алмай жүрмін депті. Сол сияқты сіз де қиналып жүр екенсіз ғой», – деді.