Читать книгу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014) - Бақыт Бөжеева - Страница 11
1999 жыл
Оглавление10 қаңтар. Қазақстан Республикасының Президенті болып 81,71 % дауыс алған Н.Ә. Назарбаев қайта сайланды.
28 қаңтар. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты.
4 ақпан. Қазақстан Босқындар жөніндегі халықаралық келісімге қол қойған Орталық Азиядағы төртінші, әлемдегі жүз отыз жетінші ел болды.
26 ақпан. Мәскеуде Кедендік Одаққа мүше мемлекет басшыларының кездесуі өтті. Кездесу нәтижесінде Кедендік Одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісімшарттарға қол қойылды.
11 наурыз. Сенат Қазақстан-Қытай шекаралары бойынша мемлекетаралық келісімдерді ратификациялау туралы заңдарға қол қойды.
11-12 наурыз. Нью-Делиде ҚР-ның Инвестициялар жөніндегі агенттігі мен ҚР-ның Үндістандағы елшілігі бірігіп ұйымдастырған «Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» атты халықаралық конференция өтті.
2 сәуір. Мәскеуде ТМД мемлекет басшыларының кеңесі өтті, оған 12 ел басшысы қатысты. Отырыс барысында Ұжымдық қауіпсіздік келісімін ұзарту (Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузиядан басқа) туралы хаттамаға, ТМД даму бағыттары туралы декларацияға, 1994 жылғы 15 сәуірде қабылданған Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, ТМД органдарының құрылымын реформалау және жетілдіру туралы шешімге қол қойылды.
6 сәуір. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заңдарға және Қазақстан Республикасының жоғалу қаупіндегі жабайы флора мен фауна түрлеріне халықаралық сауда туралы конвенциясына қосылу туралы заңға қол қойды.
8 сәуір. Ашхабадта Орталық Азия мемлекеттер басшыларының отырысы өтті. Оған Н.Ә. Назарбаев, А. Ақаев, И. Кәрімов, Э. Рахмонов, С. Ниязов қатысты. Саммит нәтижесі бойынша Аралды құтқару халықаралық қорының ережесі бекітілді.
14 сәуір. Қ. Тоқаевтың трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша ҚХР елшісі Ли Хуэймен кездесуі.
16 сәуір. Алматыға жұмыс сапарымен Палестина Мемлекетінің Президенті Я. Арафат келді.
19 сәуір. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Чех Республикасының премьер-министрі М.Земанды қабылдады.
21 сәуір. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Танимен кездесті.
23 сәуір. НАТО-ның саммитіне қатысу үшін Н.Ә. Назарбаев Вашингтонға сапар шекті.
12 мамыр. Қ. Тоқаев «Тенгиз Новороссийск» мұнай құбырының құрылысының ашылу салтанатына қатысты.
21 мамыр. Бакуде Экономикалық ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің мәжілісі өтті. Қазақстандық делегацияны премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаев бастады.
3 маусым. Алматыда үшінші инвестициялық саммитінің ашылуы.
4 маусым. Минскіде өткен ТМД мемлекеттері үкімет басшыларының кеңесі өтті.
11-12 маусым. Алматыда ЕҚЫҰ мен ҚР-ның Ұлттық экологиялық орталығы ұйымдастырған Орхусс конвенциясы мен оның үш қағидасына (ақпаратқа қол жетімділік, шешім қабылдауда қоғамның қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелерде әділ сотқа қол жетімділік) арналған семинар өтті.
17 маусым. Бішкекте ОАЭҚ-ға қатысушы мемлекеттер премьер-министрлерінің кеңесі өтті. Оның барысында 1999 жылға арналған ОАЭҚ Мемлекетаралық атқарушы комитетінің шығыс сметасы, Ортаазиялық ынтымақтастық және даму банкі қаржыландыратын инвестициялық жобалар тізімі бекітілді.
24 маусым. Бішкекте Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысы өтті.
1 шілде. 1995 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісім ресми түрде күшіне енді.
2 шілде. РФ-ның Мемлекеттік думасы пленарлық отырыста Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы арасындағы шекара аймағында қарулы күштерді өзара қысқарту жөніндегі келісімді ратификациялады.
6 шілде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Түрік Республикасының Президенті С. Демирелмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты мәселелер талқыланды.
14 шілде. Астанаға ресми сапармен Молдова Президенті Петр Лучинский келді. Ол сапар барысында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевпен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды.
24 тамыз. Бішкекте «Шанхай бестігі» мемлекет басшыларының саммиті өтті.
2 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Армения Президенті Р. Кочерянмен кездесті. Сапар нәтижесінде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия құру туралы келісімге қол қойылды.
14 қыркүйек. Алматыда Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңеске қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуі өтті. Кездесу барысында қатысушы мемлекеттердің өзара қатынасын айқындайтын қағидалар туралы декларацияға қол қойылды.
15 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Болгарияға бірінші мемлекеттік сапары болды. Сапар барысында Н.Ә. Назарбаев Болгария Президенті П. Стояновпен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды.
17 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Украинаға ресми сапармен барды. Сапар барысында Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді бағдарламасы бекітілді және екіжақты қатынасты қамтитын екі келісімшартпен алты үкіметаралық келісімге қол қойылды.
23 қыркүйек. Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті В. Путин ресми сапармен келді.
4 қазан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев ЕҚҰЫ-ның төрағасы, Норвегия Сыртқы істер министрі К. Воллебекті қабылдады.
5 қазан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Иранға ресми сапар шекті. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының арасындағы өзара қарым-қатынас туралы декларацияға, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы, терроризм және ұйымдасқан қылмыстармен күресуде ынтымақтастық туралы келісімшарттарға және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы Қазақстан-Иран үкіметаралық 5 хаттамаға қол қойды.
8 қазан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев АҚШ Президентінің Каспий аймағындағы энергетикалық мәселелер жөніндегі арнайы кеңесшісін қабылдады.
23 қазан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Прагада Чехия Президенті В. Гавелмен кездесіп, В. Гавелді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
29 қазан. Қазақстан Республикасына Польша Президенті А. Квасьневскидің алғашқы ресми сапары басталды.
3 қараша. Қазақстанға ресми сапармен Беларусь Республикасының Президенті А. Лукашенко келді. А. Лукашенко Н.Ә. На-зарбаевпен кездесіп, 1999-2008 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы келісімшартқа және басқа да екіжақты құжаттарға қол қойды.
10 қараша. Қазақстан Республикасына ресми сапармен Румыния Президенті Эмиль Констатинеску келді.
18 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Ыстанбұлда ЕҚЫҰ саммитінің жұмысына қатысты. Саммит барысында Жалпы еуропалық қауіпсіздік хартиясына қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түрікменстан Президенттері Баку-Жейхан мұнай құбырын қолдайтын Ыстанбұл декларациясына қол қойды.
22 қараша. Астанада «Қазақстан-еуропалық кеңес» ынтымақтастық комитетінің бірінші отырысы өтті.
22 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Моңғолияға ресми сапармен барды.
23 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.
6 желтоқсан. Президент Н.Ә. Назарбаевтың Жапонияға сапары болды. Н.Ә. Назарбаев Жапон премьер-министрі К. Обучимен кездесті. Келіссөздерден кейін Н.Ә. Назарбаев пен К. Обучи Достық, серіктестік және ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
15 желтоқсан. БҰҰ және ЕЫҚҰ агенттіктері мен бағдарламаларының жаңа офистерінің ашылу рәсімі өтті. Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов тұсау кесерде сөз сөйлеп, гуманитарлық саладағы, білім, денсаулық сақтау, азаматтық қоғамды дамыту мәселерін шешуде БҰҰ-ның Қазақстан үшін үлкен маңызын атап өтті. Осы әмбебап халықаралық форумның арқасында дүниежүзі Қазақстан проблемаларымен, оның ішінде Семей ядролық сынақ алаңына байланысты жайттармен танысты, оларды шешу жолдары қарастырыла бастады.
16-желтоқсан. НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде ҚР Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Е. Ыдырысов НАТО-ның еуроатлантикалық серіктестік кеңесінің Сыртқы істер министрлері мәжілісінің жұмысына қатысты.
16 желтоқсан. Президент Н.Ә. Назарбаев Нью-Йоркке сапарында қысқа мерзімге Мадридте тоқтады. Испанияның Королі I Хуан Карлоспен және Испан үкіметінің төрағасы Х. Ансармен кездесулері болды.
17-21 желтоқсан. Президент Н.Ә. Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Н.Ә. Назарбаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы К. Аннанмен және Дүниежүзілік еврейлер конгресінің Президенті Э. Бронфманмен кездесулері болды. Сапар кезінде Н.Ә. Назарбаев Қазақстан-америкалық бірлескен комиссиясының (ҚАБК) жұмысына қатысты. ҚАБК төрағалары Н.Ә. Назарбаев және АҚШ вице президенті Альберт Гор алтыншы жыл сайынғы отырыстың нәтижелерін қарастырды. Комиссияның отырысынан кейін Н.Ә. Назарбаев және Альберт Гор қорытынды құжатқа қол қойды.