Читать книгу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014) - Бақыт Бөжеева - Страница 8
1996 жыл
Оглавление15-17 қаңтар. ҚР-ға Иран Ислам Республикасының бірінші вице президенті Х. Хабибидің ресми сапары. Сапар барысында инвестицияларды қолдау, сауда-экономикалық мәселелерге қатысты құжаттарға қол қойылды.
17-18 қаңтар. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапар шекті. ҚР мен БР арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. ҚР, БР және РФ арасындағы кедендік одақ құру мәселелері және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстары талқыланды, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
30 қаңтар. Испания ЕО мен ҚР арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
19 ақпан. ҚР Сыртқы істер министрінің бұйрығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқасы құрылды. ҚР СІМ алқасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы кеңестік орган болып табылады.
21 ақпан. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Е. Примаков Қазақстанға сапармен келді. Ол ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевпен кездесті. Әңгіме барысында олар екіжақты ынтымақтастық, ТМД шеңберіндегі интеграциялық үдерістерді және бірқатар халықаралық мәселелерді талқылады.
26 ақпан-2 наурыз. ҚР Қорғаныс министрінің Вашингтонға ресми сапары. Ол Қорғаныс министрі У. Перри және елші Дж. Коллинзбен кездесті, Қазақстанның Бейбітшілік үшін серіктестік бағдарламасына қатысуы талқыланды.
1 наурыз. Н.Ә. Назарбаев ЕҚЫҰ ұлттар азшылығы істері бойынша жоғарғы комиссары Макс ван дер Стулды қабылдады.
29 наурыз. Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияның тереңдеуі туралы келісімге қол қойды.
3 сәуір. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазан қаласына Татарстан Президенті М. Шаймиевтің қызметіне кірісу салтанатты жиынына қатысу үшін келді. Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықтың негізгі қағидалары туралы келісімге қол қойылды.
5 сәуір. Ташкентте Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы үкіметтері арасындағы энергетикалық және су ресурстарын қолдану туралы, Орталықазиялық аймақта газ құбырлары құрылысы мен пайдалану туралы келісімдерге қол қойылды.
16 сәуір. Софияда ҚР мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге («Ақтау» портын қайта құру жобасы) қол қойылды.
26 сәуір. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, ҚХР, Ресей және Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери салалада сенімділікті нығайту туралы келісімге (Шанхайлық келісім) қол қойды.
27 сәуір. Алматыда Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Президенттері Каспий бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта Каспийдегі мұнайгаз кен орындарын игеру құқығы Қазақстанға берілген, ал Ресей бұл салада барынша жәрдемдеседі деп белгіленген.
30 сәуір. Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы СІМ кеңесі өз үкіметтері атынан ҚР, ҚР және ӨР-ның БҰҰ резервті күштері туралы келісімдерге қосылуы туралы БҰҰ-ға нота жіберді.
6 мамыр. Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан мемлекет басшылары кездесті. Кездесу барысында бейбітшілік батальонын құру бойынша және «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы шеңберіндегі дайындық шаралары мәселелері қарастырылды.
11 мамыр. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Президенттер Каспий теңізі бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ол бойынша теңіз бен оның ресурстары жағалауындағы мемлекеттерге тиесілі және осы мемлекеттер ғана оларды пайдалануға құқылы екендігі ескерілді. Екі елдің Мұнай министрлігі басшылары арасында келіссөздер жүргізілді.
12-18 мамыр. Қазақстанға ЮНЕСКО делегациясы келді. Қазақстан үкіметінің қоршаған ортаға қатысты жаһандық бағдарламаларға ықпалдасуы туралы келісімге қол жеткізді. Арал мен Каспийге көмек концепциясын құрастыруға көңіл бөлінді.
14 мамыр. Ашхабадта Н.Ә. Назарбаев Экономикалық ынтымақтастық ұйымы мүше-елдері басшыларының отырысына қатысты.
17 мамыр. ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы болды. Онда ТМД-ның интеграциялық дамуының 1996-1997 жыл-дардың болашақ жоспары қабылданды.
25-29 мамыр. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Малайзияға ресми сапар шекті. Сапар барысында Малайзияның Жоғарғы басқарушысы Туанку Джафар Абдул Рахманмен және елдің премьер-министрі Махатхир Мохамадпен кездесті. Сапар қорытындысы бойынша екі ел арасында сауда ынтымақтастығы туралы; инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.
29-30 мамыр. Н.Ә. Назарбаевтың Сингапурға ресми сапары. Сапар барысында Сингапур премьер-министрі Г.Ч. Тонгпен және министр Ли Куан Юмен келіссөздер жүргізді. Екі ел арасындағы әуе жолдары туралы келісімге қол қойылды.
13-15 маусым. ҚР басшылығының шақыруы бойынша Ислам даму банкінің (ИДБ) Президенті Ахмед Мухамед Али бастаған ИДБ-нің делегациясы ресми сапармен келді.
14 маусым. Ұлыбритания ЕО мен ҚР арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
24 маусым. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Галимен кездесті.
24 маусым. Ирландия ЕО мен ҚР арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
4-6 шілде. Қытай Халық Республикасының төрағасы Цзян Цзэминь Қазақстанға алғашқы рет ресми сапармен келді. Ел басшылары бірлескен декларация қабылдады. Президенттер екіжақты ынтымақтастықты нығайту ниетін білдірді.
6 шілде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Алматыға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Президенті А. Ақаевпен, Өзбекстан Президенті И. Кәрімовпен кездесті.
8-9 шілде. Дания мен Финляндия ЕО мен ҚР арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
17 шілде. Швеция ЕО мен ҚР арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
18-20 шілде. Қазақстанға Малайзияның премьер-министрі Махатхир Мохамадтың ресми сапары болды. Сапар барысында әуе жолдары туралы және Ұлттық банктер арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды, сондай-ақ бірлескен мәлімдеме қабылданды.
23 тамыз. Алматыда Орта Азия Одағына қатысушы мемлекеттер басшыларының кездесуі болды. Кездесу барысында 1996-1998 жылдарға арналған Біртұтас экономикалық кеңістік құру бойынша іс-шара бағдарламасы бекітілді, қатысушы-мемлекеттер шекаралық аумақтарында арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылданды.
30 тамыз. Еуропалық комиссияның жоғарғы комиссары Ханса ван ден Брук Н.Ә. Назарбаевпен Алматыда кездесті. ЕО мен ҚР арасындағы сауда және инвестициялық қатынастарға байланысты мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құрастыру туралы келісілді.
3 қыркүйек. Н.Ә. Назарбаев Алматыға сапармен келген Халықаралық олимпиада комитеті төрағасы Х.А. Самаранчаны қабылдады.
9 қыркүйек. Н.Ә. Назарбаев ЕҚЫҰ өкілдерін және ЕҚЫҰ-ның орталықазиялық аймақ бойынша бюро басшысы А. Резникті қабылдады.
10 қыркүйек. ҚР үкіметі қаулысымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің жоғарғы дипломатиялық мектебі (Диломатиялық академия) құрылды.
16-17 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Әзірбайжан Республикасына алғашқы рет ресми сапар шекті. Бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
16 қыркүйек. ҚР мен Әзірбайжан Республикасы басшылары Каспий теңізі мәселелері бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
17 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Грузияға ресми сапармен барды.
20 қыркүйек. Н.Ә. Назарбаев Үндістан вице президенті К.Р. Нарайананы қабылдады.
30 қыркүйек. Қазақстан ядролық сынақтарға тегіс тыйым салу келісімшартына қол қойды.
8 қазан. ҚР премьер-министрі А. Қажыгелдиннің Чех Республикасына ресми сапары. Сапар барысында Чех Республикасының премьер-министрі В. Клауспен кездесті. ҚР мен ЧР үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды.
16 қазан. Н.Ә. Назарбаев Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрі А.А. Велаятиді қабылдады.
21 қазан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев түркі тілдес мемлекет басшыларының кездесуіне қатысу үшін Ташкентке сапармен барды.
28-30 қазан. Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Сардар Фарук Ахмед Хан Легаридің Қазақстанға алғашқы сапары өтті. Сапар барысында ҚР және ПИР екіжақты қатынастарының болашағы туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
8 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Алматыға келген Жоғары мәртебелі Уэльс Чарльз ханзаданы қабылдады.
11-12 қараша. Түрікменстанда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі жағалаудағы бес мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің бірінші кеңесі өтті.
2-3 желтоқсан. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Лиссабон саммитіне қатысуы. Саммиттің алғашқы отырысында Н.Ә. Назарбаев төрағалық етті.
9-11 желтоқсан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев ресми сапармен Үндістанға барды. Сапар барысында ол Үндістан Президенті Ш.Д. Шармамен, вице президенті К.Р. Нарайананмен, премьер-министр Х.Д. Деве Говдамен және Сыртқы істер министрі И.К. Гуджаралмен кездесті. Кездесу соңында екіжақты бірқатар құжаттарға қол қойылды.
12-14 желтоқсан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Австралияға алғашқы ресми сапары орын алды. Сапар барысында Австралияның генерал-губернаторы У. Хэйденмен және премьер-министрі Дж. Хауардпен кездесті.