Читать книгу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014) - Бақыт Бөжеева - Страница 18

2006 жыл

Оглавление

25 қаңтар. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Санкт-Петербургте өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың мемлекетаралық кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты. Отырыстың негізгі нәтижесі – Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа қосылуы туралы құжаттарға қол қою. Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық қауымдыстықтың экономикалық комиссиясын құруды ұсынды.

25 қаңтар. Санкт-Петербургте өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың мемлекетаралық кеңесіне қатысу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті В. Путин атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту туралы бірлескен мәлімдемені қабылдады. Сонымен бірге мемлекет басшылары 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Су асты қорын пайдалануға дербес құқықтарды орындау мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін бөлу туралы келісімнің 2002 жылғы 13 мамырдағы хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

20 наурыз. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті И. Кәрімов екіжақты қатынастардың бірқатар мәселелері, Орталық Азия өңіріндегі жағдай және маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Сапардың қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.

31 наурыз-1 сәуір. ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевтың Ауғанстан Ислам Республикасына жұмыс сапары болды. Сапар барысында Ауғанстан Президенті Х. Карзаймен және Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Х. Резаймен кездесті. Ауған мемлекетінің басшысына Қазақстанның АИР-мен достық және өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтуға құжат әзір болғаны туралы ҚР Президентінің Жолдауы мен Х. Карзайды АӨСШК-тің екінші саммитіне қатысуға шақыруы табыс етілді.

3-5 сәуір. Мемлекет басшысы ресми сапармен Ресей Федерациясына барды. Кездесу шеңберінде елбасы ресейлік әріптесі В. Путинмен сауда-экономикалық, энергетикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

11-13 сәуір. ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына сапары болды. Сапар барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао, Мемлекет кеңесінің мүшесі Тань Цзясюан және Сыртқы істер министрі Ли Чжаосинмен келіссөздер жүргізілді.

4-5 мамыр. Тәжікстан Республикасының Президенті Э. Рахмоновтың Қазақстан Республикасына ресми сапары болды. Сапар қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге және бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды.

5-6 мамыр. Америка құрама штаттарының вице президенті Ричард Чейнидің Қазақстанға ресми сапары болды. Өткізілген келіссөздер шеңберінде тараптар энергетика, инновациялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы екіжақты қатынастардың келешегін талқылап, халықаралық саясаттың өзекті мәселелері, Орталық Азия мен Каспий теңізі бассейніндегі жағдай бойынша пікір алмасты. АҚШ вице президенті америкалық тараптың Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірудегі ынтасына қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті. Сапар шеңберінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

6-7 маусым. ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевтың Иранға сапары болды. Сапар барысында Иран Ислам Республикасының Президенті М. Ахмадинеджад және Сыртқы істер министрі М. Моттакимен келіссөздер өтті.

15 маусым. Шанхай қаласында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер басшыларының мерекелік саммиті өтті. Кездесу барысында өңірдегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Мемлекет басшылары ШЫҰ бес жылдық декларациясы мен халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы мәлімдемеге қол қойды.

17 маусым. Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) екінші саммиті өтті. Саммит барысында АӨСШК екінші саммитінің декларациясы қабылданып, Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне ортақ көзқарас білдірілді. Аталған шара шеңберінде АӨСШК хатшылығының құрылуы және оның Алматыда орналасуы туралы шешім қабылданды.

25-27 маусым. Малайзияның жоғарғы билеушісінің шақыруымен ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың осы елге мемлекеттік сапары болды. Сапар барысында мемлекет басшысы Король XI Янг ди-Пертуан Агонгпен, премьер-министр Абдулла Ахмад Бадауимен кездесулер өткізді.

4-5 шілде. Қырғыз Республикасының Президенті Қ. Бакиев Қазақстанда ресми сапармен болды. Сапар нәтижесінде екіжақты қатынастардың маңызды мәселелері бойынша уағдаластыққа қол жеткізіліп, 11 екіжақты құжатқа қол қойылды.

5-7 шілде. ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевтың АҚШ-қа сапары өтті. Сапар барысында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К. Райс, Президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі С. Хедли, АҚШ-тың сауда өкілі С. Шваб және де басқа АҚШ-тың жоғарғы лауазымды тұлғаларымен кездесулер болды.

11 шілде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік сапармен Хорватияда болды. Хорватияның Президенті Стьепан Месич, премьер-министрі Иво Санадермен кездесулер өтті. Сапар шеңберінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін хорват жағының қолдайтыны туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.

17 шілде. ҚР Президенті Санкт-Петербург қаласында өткен «Үлкен сегіздік тобының» мемлекет және үкімет басшыларының кездесуіне қатысты. Бұл форумға Н.Ә. Назарбаев ТМД-ның төрағасы ретінде қатысу үшін шақырылды. Аталған шара шеңберінде Қазақстан Президенті «сегіздік тобы» мемлекет және үкімет басшыларының жұмыс отырысында сөз сөйледі. АҚШ Президенті Джордж Буш, ҚХР-дың төрағасы Ху Цзиньтао, Франция Президенті Жак Ширак, ГФР канцлері Ангела Меркель, Үндістанның премьер-министрі Манмохан Сингхпен екіжақты кездесулер өтті.

Сонымен қатар Н.Ә. Назарбаев Ресей Президенті В. Путинмен кездесіп, Қарашығанақ кен орнының газын игеру мен пайдалану саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің декларациясын қабылдады.

17-18 шілде. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Латвияға мемлекеттік сапары өтті. Латвияның Президенті Вайра Вике-Фрейбергамен және премьер-министрі Айгарс Калвитиспен кездесулер болды. Сапар шеңберінде сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, денсаулық сақтау, мәдениет, білім, туризм мен спорт салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

24 шілде. ҚР премьер-министрі Д. Ахметовтің Болгарияға сапары өтті. Сапар барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

27 шілде. Қазақстан Президенті, ТМД басшылары кеңесінің төрағасы Н.Ә. Назарбаев Мәскеуде өткен ТМД-ның бейресми саммитіне қатысты. Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті ТМД институтын реформалау жөнінде әзірленген бағдарлама достастық мүшелерінің қарауына жіберілгенін айтты. Аталған бағдарлама келешек интеграцияның бес негізгі бағытын көздейді. Бұл – миграциялық саясат, ғылым және білім, мәдени-гуманитралық салаларындағы ынтымақтастық, көлік инфрақұрылымын бірлесіп пайдалану, дамыту және трансшекаралық қылмысқа қарсы күресудегі ынтымақтастық.

28 тамыз. Жапонияның премьер-министрі Дзюнъитиро Коидзуми ресми сапармен Қазақстанда болды. Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері, халықаралық сипаттағы, сондай-ақ БҰҰ-ның реформалануына қатысты мәселелер талқыланды. Сапар шеңберінде екі ел арасындағы достық, серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге және ҚР мен Жапония үкіметтерінің арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.

30-31 тамыз. ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевтың Түрікменстанға сапары өтті. Қазақстан Республикасы Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Түрікменстан Президенті С. Ниязов пен Сыртқы істер министрі Р. Мередовтің қабылдауында болды. Қазақстан-Түрікменстан шекарасын делимитациялау және демаркациялау үрдісі жөніндегі шарттың ратификациясы туралы грамоталармен алмасу жөніндегі хаттамаға қол қойылды.

1-4 қыркүйек. Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті өтіп, оның барысында өңірлік ынтымақтастың маңызды мәселелері талқыланды.

4 қыркүйек. Өзбекстан Республикасының Президенті И. Кәрімовтің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті. Сапар қорытындысы бойынша 9 екіжақты құжатқа қол қойылды.

8 қыркүйек. Семей қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанның Сыртқы істер министрлері деңгейінде «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аумақ құру туралы» шартқа қол қойылды. Қол қою рәсіміне БҰҰ, МАГАТЭ, халықаралық қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстанда аккредитацияланған дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.

12-13 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезі өтті. Аталған шараға Еуропа, Америка, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 26 елінен 25 діни жетекші мен 14 құрметті қонақ қатысты. Қатысушылардың саны 160 адамнан асты. Съездің күн тәртібіне сәйкес дін жетекшілері мен съездің құрметті қонақтары ресми бекітілген «Өзге діндер өкілдерін тану және діни сенімге бостандық» пен «Халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы діндер жетекшілерінің рөлі» тақырыптары бойынша сөз сөйлеп, пікір алмасты. Съездің негізгі құжаты «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің II съезінің декларациясы» және «Дінаралық үнқатысудың қағидалары» дін басшыларымен бір ауыздан қабылданды.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014)

Подняться наверх