Читать книгу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014) - Бақыт Бөжеева - Страница 12

2000 жыл

Оглавление

19 қаңтар. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Біріккен Араб Әмірлігіне сапары кезінде шейх Зайед бин Сұлтан Әл-Нахаянмен кездесті. Екі мемлекет басшысы халықаралық және аймақтық саясатқа байланысты кең көлемді мәселелер тізбегін қарастырды.

21 қаңтар. Қырғыз Республикасының премьер-министрі А. Муралиев Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Мейман Қазақстан Республикасының премьер-министрі Қ.К. Тоқаевтың қабылдауында болды.

25 қаңтар. Президент Н.Ә. Назарбаев ТМД мемлекет басшыларының саммитіне қатысты. Шара шеңберінде Н.Ә. Назарбаев және Өзбекстан басшысы И. Кәрімов халықаралық лаңкестікке қарсы күресте күштерді біріктіру қажеттілігі, біртұтас үйлестіруші орталықтың құрылуы туралы ұсыныс жасады.

27 қаңтар. ҚР премьер-министрі Қ.К. Тоқаев Давостағы XXX мерейтойлық экономикалық форумына қатысып, «Кавказ бен Орталық Азияға көзқарас» баяндамасын жасады.

3 наурыз. ҚР Перзиденті Израиль мемлекетіне ресми сапармен келді. Сапар барысында Н.Ә. Назарбаев Израиль премьер-министрімен келіссөздер жүргізді.

10 наурыз. Қазақстанға ресми сапармен Украинаның премьер-министрі В. Ющенко келді. Мейман Президент Н.Ә. Назарбаев пен премьер-министр Қ.К. Тоқаевтың қабылдауында болды.

29 наурыз. Қазақстанның бастамасымен Астанада Шанхай бестігі мемлекеттерінің Қорғаныс министрлерінің кездесуі болды, онда әскери ведомстволар басшылары Шанхай және Мәскеу келісімдерінің жүзеге асырылу сипатын, сонымен бірге аймақтағы жағдайды талқылады. Халықаралық лаңкестік, контрабанда және есірткі заттарына бірлесіп қарсы тұру және өзара қимылды тереңдету бойынша шаралардың бірлескен жоспарын дамыту туралы шешім қабылданды.

7 сәуір. ҚР Президентінің Әзірбайжанға ресми сапары. Перзидент Н.Ә. Назарбаев пен Гейдар Әлиев кездесті. Сапар барысында екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланып, Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты ұстанымдардың ұқсастығы айтылды.

8 сәуір. Бакуде түркі тілдес мемлекеттер – Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия Республикасының IV саммиті өтті. Достық және өзара пайдалы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімге қол жеткізілді.

15 сәуір. Қазақстанға жұмыс сапарымен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт келді. ҚР Президентімен кездесу барысында демократияның дамуы, экономикалық, атап айтқанда, энергетикалық саладағы ынтымақтастық сияқты кең көлемді мәселелер бойынша екіжақты қатынастарды күшейту жолдары талқыланды. Қазақстан Перзиденті Каспий энергетикалық ресурстарды экспорттау үшін құбыр жолдарының көп нұсқалық бағыттар саясатын растады.

20 сәуір. ҚР Президентінің Өзбекстанға жұмыс сапары. Н.Ә. Назарбаев пен Президент И. Кәрімовтің кездесуі барысында екіжақты сауда-экономикалық байланыс мәселелері талқыланды.

20 сәуір. Ташкентте Президенттер Н.Ә. Назарбаев, Э. Рахмонов, А. Ақаев және И. Кәрімов лаңкестік, саяси және діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және де тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қауіптерімен күресуде бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойды.

26 сәуір. Алматыда Еуразиялық экономикалық форум ашылды. Мемлекет басшылары еуразиялық аймақ дамуының мәселелерін, оның мүмкіндіктері мен қиындықтарын, инвесторларға тартымдылық және әлемдік аренадағы рөлі талқыланды. Бұл шарада әлемнің 37 елінен 500-дей саяси көшбасшы, алдыңғы қатарлы кәсіпкер және халықаралық сарапшылар қатысты.

27 сәуір. Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалары үшін арнайы БҰҰ бағдарламасының тұсаукесері болды. Шараның басты мақсаты – Орталық Азия мемлекеттерінің Еуропа мен Азия экономикаларына интеграциясы және экономикалық дамуы қарқындарын жылдамдату үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту.

10-11 мамыр. Қазақстанға мемлекеттік сапармен Литва Республикасының Президенті В. Адамкус келді. Мейман мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қабылдауында болды.

23 мамыр. Минскіде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы мемлекет басшыларының саммиті өтті. Онда Кеден одағының қатысушы мемлекет басшылары интеграциялық үдерістердің одан әрі дамуының негізгі бағыттары белгіленді.

13 маусым. ҚР Президентінің Тәжікстан Республикасына ресми сапары болды. Екі мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастық, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

19 маусым. ҚР Президентінің Ресейге ресми сапары шеңберінде Н.Ә. Назарбаевтың В.В. Путинмен кездесуі болды. Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» кешенінің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірлескен мәлімдеме мен меморандумға қол қойды.

26 маусым. ҚР Президенті жұмыс сапарымен Бельгия және Брюссельдегі Еуропалық комиссияның штаб-пәтерінде болды. Елбасы ЕК Президенті Р. Продимен кездесті.

27 маусым. ҚР Президентінің Францияға ресми сапары. Француз басшысымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, сонымен қатар халықаралық және аймақтық мәселелердің кең көлемі талқыланды.

4 шілде. ҚР Президенті Астанада НАТО-ның Бас хатшысы лорд Дж. Робертсонмен кездесті. Келіссөздерде ҚР мен НАТО арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасын іске асыру жайттары қарастырылды.

5 шілде. Душанбеде Шанхай бестігі қатысушы мемлекеттер басшыларының бесінші саммиті өтті. Форум жұмысына алғашқы рет Тәжікстан Президенті Э. Рахмоновтың шақыруымен Өзбекстан Президенті И. Кәрімов қатысты. Қабылданған Душанбе декларациясында тараптардың Шанхай бестігін әртүрлі салалардағы көпжақты ынтымақтастықтың аймақтық кұрылымына айналдыру талпынысы расталды.

18 тамыз. ҚР Президенті ТМД мемлекет басшыларының бейресми кездесуіне Ялтаға келді. Саммит қатысушылары Орталық Азиядағы және Тәжікстанның таулы шекараларындағы жағдайды талқылады.

4 қыркүйек. ҚР Президенті Лондонға сапар жасап, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Ж. Лемьермен, BAE Systems аэроғарыш компаниясының директоры Дж. Вестонмен және Ұлыбританияның экс премьері М. Тэтчермен кездесті.

6 қыркүйек. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-сессиясы шеңберінде мыңжылдық саммиті ашылып, елбасы «Қауіпсіздік және ынтымақтастық – ғаламдық және аймақтық аспектілер» баядамасын жасады.

9 қазан. Қазақстанға алғашқы ресми сапармен Ресей Федерациясының Президенті В. Путин келді. Аталған сапар шеңберінде екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің бірқатары талқыланып, Қазақстан Республикасының Астраханьда консулдығын және Ресей Федерациясының Оралдағы консулдығын ашу туралы келісімге қол қойылды.

10 қазан. Астанада Кеден одағының қатысушы мемлекеттері басшылары Еуразиялық экономикалық қауымдастықты (ЕурАзЭҚ) құру туралы мәлімдемеге және шартқа қол қойды.

19 қазан. Қазақстанға ресми сапармен Түркия Республикасының Президенті Ахмет Неджет Сезер келді. Кездесу барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

25 қазан. ҚР Президентінің Данияға ресми сапары болды. Сапар шеңберінде Елбасы Дания Королевасы II Маргарет және Дания премьер-министрі Поль Рамусеннмен кездесті.

30 қазан. ҚР Президентінің Испанияға ресми сапары болды. Сапар кезінде біздің мемлекетіміздің басшысы Испанияның үкімет төрағасы Хосе Мария Азнармен және іскер топтармен кездесті.

6 қараша. Президент Н.Ә. Назарбаев Пәкістан Ислам Республикасы атқарушы билігінің басшысы Первез Мушарафпен кездесті. Кездесу барысында екі мемлекет басшылары екіжақты қатынастардың және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберінде аймақтық ынтымақтастықтың маңызды астарларын талқылады.

12 қараша. Сырқы істер министрі Е. Ыдырысов Катарда өткен Ислам конференциясы ұйымының IX саммитіне қатысты. Шара шеңберінде АӨСШК-ны шақыру туралы Қазақстан Президентінің бастамасын қолдады.

15-16 қараша. ҚР Президентінің Ұлыбританияға ресми сапары болды. Мемлекет басшысы Ұлыбритания Королевасы II Ели-завета және премьер-министр Тони Блэрдің қабылдауында болды.

18 қараша. ҚР Президентінің Мәскеуге жұмыс сапары болды. Н.Ә. Назарбаевтың Ресей Федерациясының Президенті В. Путинмен кездесуі болды.

27 қараша. Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысов Венада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің сегізінші отырысының жұмысына қатысты.

1 желтоқсан. Минскіде ҚР Президенті қатысқан ТМД мемлекет басшыларының саммиті өтті.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014)

Подняться наверх