Читать книгу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014) - Бақыт Бөжеева - Страница 9

1997 жыл

Оглавление

9-11 қаңтар. Бішкекте Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы басшылары үш елдің мемлекетаралық кеңесі шеңберінде кездесті. Кездесу соңынан үш елдің арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімшартқа қол қойылды.

14 қаңтар. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Бас хатшысы О. Озарды қабылдады. Кездесу барысында құрылыс және телекоммуникациялық жүйелер мен көліктік қатынастарды жетілдіру салаларында Қазақстан мен ЭЫҰ-ның ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.

22 қаңтар. Словакия Қорғаныс министрлігі Қазақстанға ресми сапармен келіп, оның барысында ҚР және СР арасында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық жөнінде ведомствоаралық келісімге қол қойылды.

30 қаңтар-3 ақпан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысу үшін Давосқа (Швейцария) сапар шекті.

30 қаңтар. Премьер-министр А. Қажыгелдиннің БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Х. Берстокпен кездесуі. Қазақстан Республикасы үкіметінің басшысы БҰҰ-ны әлемдік қауымдастықтың назары мен жеке капиталды тарту мақсатымен Арал және Каспий мәселелері бойынша бірлескен бағдарламаларды жасауға қатысуға шақырды.

17-18 ақпан. Қ. Тоқаевтың Украинаға ресми сапары. Сапар барысында Украина Президенті Л. Кучмамен, Украина премьер-министрі П. Лазаренкомен, бірінші вице премьер В. Дурдинмен, Жоғарғы Раданың төрағасы А. Морозбен кездесті. Екі ел арасындағы сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі хаттамаға қол қойылды.

18-19 ақпан. Қ. Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары. Сапар барысында 1997 жылға арналған Қазақстан мен Ресей арасындағы сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық бойынша шаралар жоспары, екі елдің сыртқы істер министрліктері жанындағы Дипломатиялық академиялар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды.

21-22 ақпан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев жұмыс сапарымен Қытай Халық Рсепубликасына барды. Сапар барысында Н.Ә. Назарбаев ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен экономика, саяси және гуманитарлық салалардағы бірқатар мәселелерді талқылады.

27-28 ақпан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түрікменстан Президенті С.Н. Ниязовпен кездесті. Талқылаулар нәтижесінде 17 екіжақты құжат келісіліп, қол қоюға дайындалды. Н.Ә. Назарбаев пен С. Ниязов Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі декларацияға және Каспий мәселесі бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

28 ақпан. Алматыда Арал теңізі мәселелеріне арналған орталықазиялық мемлекет басшыларының саммиті өтті. Бес мемлекет басшысы Алматы декларациясына қол қойды. Аралды қорғау халықаралық қорының Президенті болып И.А. Кәрімов сайланды.

28 ақпан. Н.Ә. Назарбаев 1995 жылы 21 қыркүйекте Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және кеңейту жөніндегі келісімді бекітуге үкім шығарды.

7 наурыз. Қазақстанға Литва Республикасының Президенті А. Бразаускастың ресми сапары болды.

20 наурыз. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаев Венадағы ЕҚЫҰ-ның тұрақты кеңесіне қатысты.

27-28 наурыз. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Мәскеуде ТМД қатысушы мемлекет басшыларының саммитіне қатысты.

8-9 сәуір. Қазақстанға Қырғыз Республикасының Президенті А. Ақаев ресми сапармен келді.

18 сәуір. Президент Н.Ә. Назарбаевтың Иран Сыртқы істер министрі А.А. Велаятимен кездесуі.

24 сәуір. Мәскеуде Ресей, Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан басшылары кездесіп, Шекара аймағындағы қарулы күштерді қысқарту туралы келісімге қол қойды.

27-30 сәуір. Қ. Тоқаевтың ЭСКАТО-ның мерейтойлық 53-сессиясының жұмысына қатысуы.

5-6 мамыр. Қазақстанға Италия Республикасының Президенті Оскар Луиджи Скальфароның ресми сапары болды.

6 мамыр. Қ. Тоқаев пен Италия Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қазақстан мен Италия арасындағы Достық пен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

10 мамыр. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Алматыға келген ГФР Федералды канцлері Г. Кольмен кездесті.

13-14 мамыр. Ашхабадта Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының саммиті өтті. Ашхабадта орналасатын ЭЫҰ-ның комитеті құрылды. Уағдаласушы тараптар Ашхабад декларациясына қол қойды.

15 мамыр. Қазақстан Республикасының премьер-министрі А.М. Қажыгелдиннің Чили Республикасының Тау-кен өнеркәсібі министрі Б. Теплицкимен кездесуі.

22 мамыр. Алматыда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау бойынша арнайы жұмыс тобының бірінші отырысы. Оған бес Каспий маңы елінің өкілдері қатысты.

26 мамыр. Н.Ә. Назарбаевтың босқындар ісі бойынша БҰҰ-ның жоғарғы комиссары С. Огатамен кездесуі. 1951 жылғы Босқындар мәртебесі жөніндегі халықаралық конвенцияға Қазақстанның қосылу мүмкіндігі жайлы мәселе талқыланды.

26 мамыр. Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды (23 қаңтар 1995 жылы қол қойылған).

2-4 маусым. Қазақстанға Өзбекстан Республикасының Президенті И.А. Кәрімов ресми сапармен келді.

4 маусым. ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Ә. Кекілбаев пен ЕҚЫҰ Ұлттық азшылықтар ісі бойынша жоғарғы комиссары Макс ван дер Стулмен Алматыда кездесуі.

10 маусым. Қазақстанға ресми сапармен Әзірбайжан Республикасының Президенті Г. Алиев келді.

10 маусым. Н.Ә. Назарбаев 26 мамыр 1995 жылы Минскіде қол қойылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мүше-мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясы жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы заңға қол қойды.

11-16 маусым. ҚХР Қорғаныс министрі Қазақстан Республикасына келді. Сапар барысында әскери ынтымақтастық саласында бірқатар келісімдерге қол қойылды.

23-26 маусым. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Нью-Йоркте өткен экология және орнықты даму жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының ХІХ арнайы сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа аттанды.

22 шілде. Қ. Тоқаевтың Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Нельсон Манделамен кездесуі. Қ. Тоқаев пен ОАР-дың Сыртқы істер министрі Альфред Нзо екі ел сыртқы саяси ведомстволары арасындағы кеңесулер жайлы хаттамаға қол қойды.

24-25 шілде. Қырғыз Республикасыда Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанның мемлекетаралық кеңесінің отырысы өтті. Тараптар БҰҰ қамқоршылығындағы ортаазиялық батальонның әскери қызметкерлерінің мәртебесі туралы келісімге қол қойды.

7 тамыз. Алматыда Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы премьер-министрлер кеңесінің отырысы өтті.

24 тамыз. Қазақстан-Қытай шекарасында Достық станциясы маңындағы бірінші шекара белгісінің ресми ашылуы өтті.

25-26 тамыз. Татарстан Президенті М.Ш. Шаймиевтің Қазақстан Республикасына сапары барысында Н.Ә. Назарбаевпен кездесіп, Қазақстан Республикасында Татарстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы жайлы келісімге қол жеткізілді.

29 тамыз. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы мәлімдемесі.

31 тамыз. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Кувейт мемлекетіне ресми сапар шекті. Сапар барысында Кувейт Әмірі шейх Жабер Аль Ахмад Аль-Жабер Ас-Сабахпен, Кувейттің Сыртқы істер министрі шейх Саби Аль-Ахмад Аль-Жабер Ас-Сабахпен кездесіп, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды.

1-2 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Бахрейнге ресми сапары орын алды. Н.Ә. Назарбаев Бахрейннің Әмірі шейх Иса бен Сальман Аль-Халифпен кездесті.

2-4 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Оман Сұлтанатына ресми сапар шекті. Сапар барысында Оман Сұлтаны Кабуспен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойды.

9-11 қыркүйек. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасының премьер-министрі Месут Йылмызбен кездесті.

16-18 қыркүйек. Қазақстанға Италияның премьер-министрі Роман Проди ресми сапармен келді. Сапар барысында Президент Н.Ә. Назарбаевпен кездесіп, ҚР премьер-министрімен келіссөздер жүргізді.

23 қыркүйек. Қазақстанға ресми сапармен Беларусь Республикасының Президенті А. Лукашенко келді.

22-24 қыркүйек. Грузия Республикасының Президенті Э.А. Шеварднадзенің Қазақстан Республикасына ресми сапары.

24-26 қыркүйек. Қазақстанға ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Пэн келді. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара туралы қосымша келісімге, Мұнай және газ саласындағы ҚР үкіметі мен ҚХР үкіметі арасындағы келісімге, Кен орындарын игеру және мұнай құбырлары жобалары туралы Бас келісімге қол қойылды.

25 қыркүйек-4 қазан. Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 52-сессиясына сапары.

4-5 қазан. Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы В.С. Черномырдиннің Қазақстан Республикасына сапары.

14-15 қазан. Қазақстанға ресми сапармен Украина Президенті Л. Кучма келді.

21-22 қазан. Алматыда Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мүше-мемлекеттерінің Сыртқы істер министрліктері консулдық қызметі жетекшілері кеңесінің отырысы.

22 қазан. Мәскеуде Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы мемлекетаралық кеңесінің отырысы.

23 қазан. Кишиневта Тәуелсіз мемлекеттер достастығының елбасылары кеңесінің отырысы.

27 қазан. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Испания үкіметінің төрағасы Хосе Мариа Азнарды қабылдады.

30 қараша. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының 1985 жылы наурызда қабылданған Озон қабатын қорғау жөніндегі Вена конвенциясына қосылуы туралы заңға, 1987 жылы қыркүйекте қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына Қазақстан Республикасының қосылуы туралы заңға қол қойды.

3 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Венгрия Республикасының Президенті Арпад Генцпен кездесті.

11 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Э.А. Шеварднадземен кездесті.

12 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының «Дипломатиялық қызметі туралы» заңға қол қойды.

17-23 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Америка құрама штаттарына ресми сапармен барды. Сапар барысында АҚШ Президенті Б. Клинтонмен, АҚШ вице президенті А. Гормен, Президент әкімшілігі өкілдерімен кездесті. Сапар соңынан ҚР мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестік жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

24-26 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары өтті. Н.Ә. Назарбаев сапар барысында Германияның Федеративтік Президенті Р. Херцогпен, канцлер Г. Кольмен, Сыртқы істер министрі К. Кинкелмен кездесті.

27-28 қараша. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Польша Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында Польша Президенті А. Квасьневскимен кездесті.

3 желтоқсан. Алматыда АӨСШК-ның Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі отырысына қатысушылардың қорытынды мәлімдемесі және меморандумы қабылданды.

8 желтоқсан. Ташкентте Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы үкімет басшыларының кездесуі.

8-9 желтоқсан. Қ. Тоқаевтың Тегеранға Ислам конференциясы ұйымының VIII саммитіне сапары. Қазақстан Республикасының Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесін шақыру туралы бастамасын қолдау туралы қарар қабылданды.

9-11 желтоқсан. Тегерандағы ИКҰ-ның VIII саммитінде Экологиялық апаттардан (Арал теңізі бассейні, Семей ядролық сынақ аймағы) зардап шеккен ислам әлемі аймақтарына көмек көрсету жөніндегі қарар қабылданды.

12 желтоқсан. Ақмолада Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы мемлекет басшыларының кездесуі.

18-19 желтоқсан. Қ. Тоқаевтың Копенгагенге ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттері Сыртқы істер министрлері кеңесі отырысына сапары.

26 желтоқсан. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Н.У. Балғымбаевтың Қырғыз Республикасына сапары, Президент А. Ақаевпен кездесуі.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014)

Подняться наверх