Читать книгу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының хронологиясы (1991-2014) - Бақыт Бөжеева - Страница 2
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
СЫРТҚЫ САЯСАТЫ МЕН ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ
МЕРЗІМДІК ШЕЖІРЕСІ
ОглавлениеХХ ғасырдың басында құрылған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы өзінің әкімшіл-әміршіл жүйесінің даму заңдылығына төтеп бере алмауының нәтижесінде ХХ ғасырдың аяғында құрамдас бөлікте болған он бес республикаға ыдырап, мәңгілік құрдымға кетті. Бұл жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуына себеп болған аса маңызды үдеріс болды. 1990 жылдың 25 қазан күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам еді.
Жаңа даму сатысына бет алған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы 1991 жылы 10 желтоқсанда қабылданған № 1000-ХІІ заңына сай Қазақстан Республикасы деп өзінің мемлекеттік атауын өзгертті. 1991 жылы 16 желтоқсан күні қабылданған № 1007-ХІІ заңның негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды.
Аталмыш заңның 1-тарауында Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел ретінде өз аумағында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді (1-бап) деп атап өткен. 2-бапта Қазақстан Республикасы барлық мемлекетпен өзара қатынасын халықаралық құқық қағидалары бойынша құратындығын белгілейді. Соған орай 13-бапта Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың субъектісі болып табылатындығы, дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен алмасуына, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіруіне және олардың қызметіне қатысуына болатындығын көрсетеді. Осы заңның негізінде Қазақ елі үшін толыққанды тәуелсіз ел ретінде халықаралық қатынастар жүйесімен үйлесу дәуірі басталған еді.