Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 10

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІІ тарау
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
§ 2. Қазақстанда ресейлік әкімшіліксаяси жүйенің енгізілуі

Оглавление

Орта және Кіші жүзде хандық биліктің жойылуы

ХІХ ғасырдың 20-жылдарына қарай Қазақстанда әлеуметтік-саяси қайта құруды жүргізуге барлық қажетті жағдайлар жасалды. Бірінші кезекте Даладағы барлық билік институттарын терең реформалау үрдісі басталды. Солардың ішінде қазақ көшпенді қоғамын Ресей империясының құқықтық саласына тарту, аумақтық-әкімшілік басқарудың даму жүйесі мен салық салуды енгізу сияқты реформалар көзделді. Қазақстанда мемлекеттік әкімшілік-аумақтық жүйені құру үрдісі арқылы Ресей билігі Далада өз жағдайын нығайтып, оңтүстік-шығысқа, Ұлы жүз бен Орта Азияға қарай жылжуда тірек базасын құруға тырысты. Кіші жүз бен Орта жүздің әлеуметтік-саяси құрылымына аумақтық-әкімшілік реформаларды енгізудің өзіндік ерекшеліктері болды және ол тек географиялық жағдайға ғана емес, аумақтық-әкімшілік қайта құруларды іске асыру бойынша нормативті-құқықтық актілерді жасайтын аймақтық әкімшіліктердің губернаторларының жеке тұлғаларына да байланысты болды.

Орта жүз. Бөкей (1817 ж.) мен Уәли хандардың (1819 ж.) өлімінен соң отарлаушы әкімшілік Орта жүзде жаңа хандарды сайлаудың қажеті жоқ деп тапты. 1822 жылы І Александрдың жарлығымен Орта жүзде хандық институт жойылып, оның орнына қазақ көшпенді қоғамын басқаруда жаңа әкімшілік-аумақтық ереже енгізілді. «Сібір қырғыздары туралы жарғының» негізін жасаған Батыс Сібір губернаторы М.М. Сперанский болды.

Жарғыда Орта жүздің барлық аумағында, көшпенді қазақ халқы арасында орыс шекаралық органдармен тығыз байланысты және оған қарасты жергілікті билікті танытатын округтерді құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Көшпенділердің рулық қатынастары мен ортақ қыстақтары, қоныстары ескеріле отырып, (10-12 ауыл) болыстар мен (60-70 киіз үй) ауылдардан тұратын округтер құрылды. Бұл маңызды шараларды іске асыру шекара шебінің далаға тереңдей енуіне, белгілі әкімшілік аймақтың шегінде көшпенді ұжымдарды ұстап қалуға және Қазақстанның Ресейге толықтай қосылуын тездететін тұрақты басқарудың ұйымдастырылуына жәрдемдесті.

Бұл ауқымды әрі қиын жоспар бірте-бірте жүзеге асырылды. Біріншіден, Орта жүзде жаңа ресейлік әкімшілік жүйені енгізуге байланысты дайындық жұмысы жүріп жатты. Жарлық татар19 тіліне аударылып, ең беделді деген адамдардың ауылдарына таратылды. Сібір қырғыздарының облысы екі округке бөлінді: сыртқы (Ертіс өзенінің арғы жағы) және ішкі округтер. Негізгі қазақ көштері сыртқы округтерге жатқызылды. Ресей билігі Орта жүз хандары Бөкей (1816-1819 ж.) және Уәли (1781-1821 ж.) иеліктері – Қарқаралы мен Көкшетау аймақтарына ерекше мән берді. Онда алғашқы округтерінің ашылуы жоспарланды. 1824 жылы 8 сәуірде Қарқаралы алғаш сыртқы округі ашылып, 1824 ж. 24 шілдеде Сенат өз бұйрығымен сыртқы округтің ашылуы мен Қарқаралы жарлығының құрылуын бекітті. 1824 ж. 29 сәуірде Уәли ханның көш аумағында екінші Көкшетау жарлығы ашылды. Содан соң Баянауыл (1826 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Үш-Бұлақ (1833 ж.), Аман Қарағай (1834 ж. кейіннен Құсмұрын атымен өзгерді) және Көкпекті (1844 ж.) округтері ашылып, Орта жүздің әкімшілік-аумақтық бөлінуі осымен аяқталды.

Округтер Омбы облысының басқармасына бағынып, басқару округтік бұйрықтарға міндеттелді. Округтік жарлық аға сұлтаннан (төраға), екі орыс мәжіліскері мен екі мәжіліскер – «құрметті қазақтардан», сонымен қатар кеңсе, тілмаштардан құрылған болатын.

Округтің құрылуы мен аға сұлтанның тағайындалуы әскери шеру рәсіміне жалғасты. Салтанатты іс-шаралар кезінде (округтік бұйрықтардың жетекшілері) аға сұлтандар Ресей тәжіне адалдығы туралы ант берді.

Сұлтандар «Аға сұлтанды» 3 жылға сайлаған және ол ресейлік қызметтегі майор шенін алып, 9 жылдан кейін (3 мерзім) дворян атағын сұрауға құқылы болған.

Болыс сұлтанының қызмет ету мерзімі шектелген жоқ. Болыстық сұлтандар билікті өз мұрагерлеріне беріп отырды. Бірақ олар міндетті түрде облыстық басқармамен бекітіліп отырды. Болыс сұлтандары 12 сыныптағы шенеунік атағын иеленді. Ауыл старшындары үш жылда бір сайланып тұратын, бірақ келесі мерзімге қайта сайлана алатын. Ауыл старшындары болыс сұлтандарына бағынды.

Сот істері 3 санатқа бөлінді: қылмыстық, талап ету, басқармаға шағым түсіру. Қылмыстық істер империя заңы бойынша округтік жарлықпен қарастырылды. Алдын ала тергеу орыс шенеунігінің қатысуы жағдайында қазақ биімен жүргізілген. Қазақтардың талабы бойынша қарастырылған істер жергілікті ескі заңдар негізінде қаралатын болды. Бірақ округтік бұйрық би шешімдерін қайта қарауға құқылы болды.

1838 жылы Омбы облысы жойылып, оның бұрынғы ішкі аймақтары көрші Сібір губернияларына қосылды: Петропавл округі Тобыл губерниясының Ишым уезіне, Семей және Өскемен Томск губерниясының Бийск уезіне қарады. Сыртқы округтер Орта жүз қазақтарын басқарудың арнайы органы – Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасының құзырына берілді. 1854 жылы жоғарыда аталған сыртқы округтер мен шекаралас солтүстік аумақтардың ішкі округтерінің бір бөлігі негізінде Сібір қырғыздарының облысы және Семей облысы құрылды. Біріншісіне Қарқаралы, Көкшетау, Ақмола, Баянауыл және Қошмұрын аймақтары кірді. Семей облысына Көкпекті мен Аягөз сыртқы округтері, бір Семей округіне біріктірілген бұрынғы Семей мен Өскемен ішкі округтері және Қапал әскери округі кірді.

1856 жылы Ұлы жүз қазақтары қоныстаған Жетісу аймағында округ басшысы бар Алатау округі құрылды.

Кіші жүз. 1824 жылы Кіші жүз қазақтарының жерін басқаруда жаңа тәртіп енгізіліп, «Орынбор өлкесін басқаруды өзгертуге қатысты Азиялық комитеттің бекітілген пікірі» құжатында заңнамалық негізде көрініс тапты. Кіші жүз қазақ жері сұлтан билеушілері басқарған Шығыс, Орта, Батыс деп үшке бөлінді. Ал хандық билік жойылды.

Шығыс бөлігінің аумағы (Звериноголовск станциясынан Сырдария шегі мен Шу өзенінің маңына дейін) оңтүстікте Сырдария шебін бойлай, батыста Степной станицасынан Маринск станциясы арқылы Ойыл өзеніне дейін үлкен Қобданың жоғарғы ағысы және Сырдария өзеніндегі № 2 форт Ойыл өзені мен Шалқар-Теңіз көлі арқылы Шығыс бөлігінің аумағына өткен. Батыстың орта бөлігі шығыс бөлігінде орналасқан қазақтардың қоныстарымен шекаралас болды. Шығыстағы батыс бөлігі Орта жүздің қоныстарымен шекаралас болды, солтүстікте Ілек өзені арқылы Оралдың жоғары ағысы, Ор бекіністері Орал жеріндегі казак жасақтарының Каспий теңізі арқылы, ал оңтүстікте Каспий мен Арал теңізі бөліп тұратын аумағы арқылы өткен20.

1824 жылы тамыз айында тағайындалған билеуші сұлтандар биліктің бейнелі белгілері – император елтаңбасы мен ту, алтын қылыштар және арнаулы нұсқаулар берілген, оны олар басқару барысында пайдаланулары тиіс болды. Билеуші сұлтан ресейлік қызметтің майор атағын (VIII сыныптың шені) иеленді және жергілікті басқару жүйесінің шенеунігі саналды. Билеуші сұлтандар атқарушы билікті иеленіп, жалақы алды (жылына 1200 рубль күміс, қосымша ұннан 60 ширек), зейнеткерлерге өмірлік зейнетақы тағайындалды.

1844 жылы «Орынбор қырғыздарын басқару туралы ережесінде» билеуші сұлтандар мен оларға бағынышты қашықтықтағы және ауыл старшындарының міндеттері анықталды. Билеуші сұлтандардың міндетіне қазақ халқының «тәртібін, олардың билікке бағынғанын қадағалау»; «халықтың қоныстануы, күймелі арба мен мал саны туралы дәл мәліметтер» жинау; «ақша жинау, басқа да жылдам есеп беруді талап ететін жағдайларда» аймақтық әкімшіліктің тапсырмаларын бұлжытпай орындау кірді.

Үкіметтің Кіші жүз қазақтарын Орынбор әскери губернаторына, Шекаралық комиссия мен шектік билікке бағындыру бағытындағы келесі қадамы бөлшектік аумақтық-әкімшілік құрылымдарды, нақты айтқанда, дистанциялық жүйесін енгізумен (1831 ж.) байланысты болды. Кіші жүздің Батыс, Орта және Шығыс бөліктерінің аумағы шек бойындағы және далалық қашықтық аумақтарға (екі бекініс арасындағы әкімшілік бөлімшелер) бөлінген және оларды беделді қазақтардың ішінен қашықтық аумақ басшылары басқарды. Шеп бойындағы дистанциялардың көп бөлігі географиялық орналасуына қарай орталық (13) және батыс бөлігінде (8) құрылды. Дала қашықтық аумақтарының басым бөлігі шығыс бөлігінде орналасқан, олардың саны 21-ге жететін. Дала қашықтық аумақтары шаруашылық саны жағынан кем түссе де, жер көлемі жағынан асып түсті. Дистанциялық жүйенің енгізілуі Орынбор ведомствосы қазақтарға жүйелі түрде салық салу арқылы олардың саны есепке алуды ғана емес, сонымен бірге беделді сұлтан, би, рубасыларынан тағайындалатын дистанциялық басшылар түрінде жаңа әлеуметтік тірек құруды көздеді.

ХІХ ғасырдың 40-жылдары Кіші жүздің ішкі қазақ қоныстарында әкімшілік-аумақтық және саяси қайта құруларды енгізу үдерісі барысында қазақ даласында бекітілген тірек тармақтары құрыла бастады: Торғай өзені бойында Орынбор бекінісі, Ырғыз өзені бойында Орал (1845 ж.), Раймск (1847 ж.) және Қарабұтақ форты (1848 ж.). Қазақ даласын ішкерілей бекініс жүйесінің құрылуы мен «Сырдария шебі» аталған әскери-әкімшілік бірліктің енгізілуі нәтижесінде ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Ресейдің Орта Азиямен шекарасы «Сыр және Үстірт» арқылы өтті.

Қазақ қоғамының ішкі өміріне араласуы, қазақ жерлерінің округ, «қашықтық аумақтар», болыс пен ауылдарға бөлінуі көшпенді халыққа тұрақты салық салу үшін қажет болды. Сібір ведомствосының қазақтары жыл сайын мемлекет пайдасына табиғи үдемелі салық – «жасақ салығын» (малдың жүз басынан бір бас) төлеп отыруға тиіс болды.

Орынбор ведомствосының қазақтары ақшалай белгіленген салық – «түтін салығын» төлеп отырды, яғни жыл сайын әр түтіннен мемлекеттің пайдасына 1,5 сомдық күміс алынды.

Кіші және Орта жүз аумағындағы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы реформалар Ресей билігіне аймақта өзінің экономикалық және саяси жағдайын тұрақтандыруға және ортаазиялық аймаққа енуде сауда-саттық саясатын нығайтуға мүмкіндік берді.

Бақылау сұрақтары:

1. 1822 жылғы Сібір қазақтары туралы Жарғының мазмұнын ашыңыз: әкімшілік пен сот істеріндегі өзгерістер.

2. Орта жүздегі сыртқы округтердің құрылу механизмі мен округтік бұйрықтардың қызметін талдаңыз.

3. «Азия істері комитетінің Орынбор өлкесін басқаруды жаңартуға қатысты бекітілген пікірі» атты құжаттың ерекшелігін түсіндіріңіз.

4. Орынбор басқармасының қазақтарды басқару жүйесіндегі дистанциялық және жергілікті басшылар рөлін айқындаңыз.

19

Татар – ол «ескі түркі» тілі, қазақ даласымен дипломатиялық хат алысуда пайдаланылды және ХVIII-ХIХ ғасырларда сол аймақтың оқу орындарында оқытылды.

20

Абдрахманова Б.М. История Казахстана: власть, система управления, территориальное устройство в ХІХ веке. – Астана, 1998. – С. 26-27.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх