Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 15

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
III тарау
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ
§ 1. Көшпенді қазақ халқы ның рухани мәдениетінің ерекшеліктері

Оглавление

ХІХ ғасырдағы қазақ халқының мәдениеті фундаменталдық бағытта қалыптасқан тұрмыспен ерекшеленеді, яғни көшпенді және отырықшы өмір салтының бірлігі мен халықтың рухани әлемінің табиғаты бірлігі негізінде еді.

ХІХ ғасырда қазақ халқының рухани мәдениетіндегі музыка өнері саласының басты ерекшелігі көшпенді халықтың тұрмыссалты мен қоғамдық өмірі арасындағы байланыста болған. Сол кезеңдегі музыкалық туындылар мазмұны мен құрылымы жағынан түрлі бағыттағы деңгейде болды. Бұл шығармаларда қоғамдағы әлеуметтік мәселелермен қатар адам құқығы, сол уақыттағы гендерлік аспектілер де басты тақырып ретінде алынды.

ХІХ ғасырда өмір сүрген композитор-әншілер мен күйшілердің шығармалары ұлттық музыка классикасы негізінде қалыптасты және олардың қатарында Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлының алатын орны ерекше.

Құрманғазы Сағырбайұлы (1806-1879 ж.). Құрманғазы күйлерінде өзі өмір сүрген кезеңдегі қоғамдағы күрделі мәселелерді көтере отырып, өмір туралы философиялық ой толғаулар, махаббат лирикасы және ұлттық мерекелердің көріністеріне де көңіл бөледі. Мысалы, «Көбік шашқан» күйінде табиғаттың тосын құбылыстары бейнеленсе, «Балбырауын» күйінде ұлттық мереке мәселесі суреттеледі. «Сарыарқа» туындысында азаттық бағыттағы философиялық ой толғаулар көрсетілген. Күйші композитордың күйлері, негізінен, өмірбаяндық бағыттағы шығармалар қатарында болды. Мысалы, «Кісен ашқан» күйі қоғамда туындаған өзгерістердің нәтижесіндегі әділетсіздікке қарсы болғандықтан жергілікті патша шенеуніктері мен олардың қолшоқпарлары күйшіні қуғындап, абақтыға жапқызуға дейін барды.

Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887 ж.) өз уақытындағы белгілі де беделді композиторлардың қатарында болды, қазіргі уақытқа дейін Дәулеткерейдің қырықтан астам күйлерінің өзектілігі жойылмай келеді. Композитордың шығармалары лирикалық бағытымен ғана ерекшеленбейді, қазақ халқының рухани мәдениетіндегі салт-дәстүрлер де басты тақырып ретінде қарастырылады. Мысалы, «Жігер», «Бұлбұл», «Керілме» күйлерінде лирикалық бағыттағы көңіл суреттелсе, «Желдірме» күйі ұлттық әрі халықтың рухын көтеруге бағытталған шығарма екендігін көруге болады.


Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862 ж). Сол кезеңдегі ұлттық аспаптық музыкаға өз үлесін қосқан күйші композитор. Тәттімбеттің шығармашылығының басты ерекшелігі шертпе күйлер болды және сол күйлерді орындау шеберлігімен халық арасына танылды. Күйшінің шығармаларының лирикалық бағыттағы күйлері халық арасында ерекше орын алды. Мысалы, Тәттімбеттің «Саржайлау» мен «Сарыөзен» күй шығармаларында туған жерінің табиғатының сұлулығымен қатар дала философиясының ерекшелігі жоғары деңгейде баяндалады. Ал «Ерке атан», «Бозайғыр» күйлерінде көшпенді өркениет ерекшелігі бағытындағы жан-жануарлардың табиғатпен үндес көркем ерекшеліктерін де суреттеп халыққа жеткізе білгендігін атап көрсетуге болады.


Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897 ж ). ХІХ ғасырдағы кдзақ халқының рухани бағыттағы мәдениетіне музыкалық және ақындық шығармаларымен үлес қосқан ерекше тұлға. Біржан сал шығармаларының басты ерекшелігі өз уақытындағы қоғамдық жүйенің ерекшеліктерінің кері жақтарын көрсетумен қатар адам құқығы мәселесін де көтере білген. Мысалы, ақын «Біржан сал», «Жанбота» және «Шідер» деген әндерінде осы бағыт мәселесі айқын көрініс тапқан, ал «Ғашығым» әні лирикалық бағыттағы махаббат мәселесіне арналған шығарма болып табылады.


Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913 ж). Сол кезеңдегі қазақтың ұлттық әндерінің классикасындағы ерекше орын алатын композитор-әнші болды. Ақан сері өз уақытында өмір шындығын сыршыл лирикалық сезіммен терең жырлаған. Олардың қатарындағы шығармалар – «Ойқалқа», «Біздің көңіл қайда жатыр?».

Халық арасында танымал әндері «Балқадиша», «Ләйлім шырақ», «Маңмаңкер» өз уақытындағы сал-серілік бағытын көрсететін шығармалар қатарында болды.

Сонымен қатар Ақан серінің әндерінде тұрмыстың, қоғамдық өмірдің күрделі әлеуметтік мәселелері көрініс тауып, адамның ар-намысын аяққа басатын келеңсіздіктер және әлеуметтік теңсіздікке қарсылық мәселесі де шебер бейнеленеді.

Ауыз әдебиетіндегі ақын-жыраулар. Қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихында ерекше орын алатын бағыт ақын-жыраулар шығармалары болып табылады. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің құнды мұралары қатарына ақын-жыраулардың өлең-жырлары және сол өлең-жырлардағы қоғамның саяси жүйесі, халық өмірінің ерекшеліктері, рухани мәдениетінің менталитетіндегі өзгерістер мен тарихи құндылықтары сомдала көрсетілген. ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығармаларындағы басты міндет пен мақсат ұлттық мүддені қорғай отырып, халыққа қоғамдағы әлеуметтік жағдайларды жыр арқылы жеткізу болды.

XIX ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетіндегі ақын-жыраулардың шығармалары өзіндік туынды бағытымен ерекшеленді. Мысалы, сол кезеңдегі айтыс өнерін дамытуға үлес қосқан ақындар Көтеш, Шал, Шөже, Орынбай, Түбек, Тілеуке, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Жамбыл секілді ақындар қатарында Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала секілді ақын қыздарымызды да атап көрсетуге болады. Айтыс өнерінің басты ерекшелігі – мазмұны мен сипаты жағынан өзара ұқсамайтын жанр. Айтыс жанры негізгі мазмұны жағынан халықтың өмірі, шаруашылық-тұрмыстық және қоғамның ерекшеліктері туралы мәселені көтереді. Мысалы, Біржан мен Сара айтысында бүгінгі таңдағы мәселенің қатарындағы гендерлік, яғни қазақ әйелдеріне жеке бостандық беру мәселесі көтерілген.

Ақындар айтысы көшпенді өркениеттегі қазақ халқының әдеби шығармашылық бағытындағы ертеден ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан жанрлар қатарына жатады. ХІХ ғасырдағы айтыс өнері жанры ақын-жыраулардың поэтикалық шеберлігімен, шешендігі және тапқырлығымен, қоғамдағы күрделі мәселелердің қамтылуымен ерекшеленеді.

Махамбет Өтемісұлының (1804-1846 ж.) шығармалары қазақ даласындағы Ресей әкімшілігінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтеріліспен тікелей байланысты болды. Мысалы, «Ереуіл атқа ер салмай», «Тарланым», «Қызғыш құс», «Мұнар да мұнар, мұнар күн» өлеңдерінде халықтың азаттық бағыттағы күресінің сипаты бейнеленіп, жергілікті биліктің саясаты сынға алынған. Сонымен қатар Махамбет өз халқының тәуелсіздік жолындағы күресін идеялық бағытта жырға қосып өткен ақын болды.

Шернияз Жарылғасұлы (1806-1867 ж.) отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларын жырлау арқылы халыққа рух беріп отырды. Мысалы, «Па, шіркін Исатайдай сабаз тумас», «Ақ алмас, алтын сапты қылышым-ай», «Ай, жігіттер» өлеңдері өзі өмір сүрген қоғамдағы әділетсіздік пен аумалы-төкпелі өмір мәселесіне арналған. Шернияз өлеңдері тек батылдығы мен өткірлігі жағынан ғана емес, поэтикалық жағынан да халық арасында кең тарады.

Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871 ж.) өзінің «Наурызбай – Қаншайым» дастаны арқылы халық арасында танымал болды. Кенесары басқарған ұлт-азаттық көтеріліс куәгері ретінде ол өз шығармасында Кенесары мен Наурызбайдың көтеріліс басындағы жеңістері мен соңғы жеңілісі туралы баяндайды. Ресей патшалығының қазақ даласындағы отаршылдық саясатына қарсы идеялық күрестің реалистік жаңа бағыттағы ақындар қатарында Жанақ Сағындықұлы (1770-1846 ж ), Шөже Қаржаубайұлы (1808-1895 ж.), Сүйінбай Аронұлы (1815-1898 ж.) сияқты ақындардың шығармаларын атап көрсетуге болады. ХІХ ғасыр ақындарының поэзиялық шығармаларында халық өміріндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен қатар Ресей әкімшілігінің экономикалық, саяси және рухани бағыттағы отаршылдық саясатының әрекеттері әшкереленіп, халық арасында тарады.

Шығармалары қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған зар-заман ақындарына М. Әуезовтің берген бағасы бойынша «Зар заман поэзиясы» да қазақ әдебиетінде өзіндік орын алады. Зар-заман ақындарының көрнекті өкілдері – Дулат Бабатайұлы (1802-1874 ж), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881 ж.), Мұрат Мөңкеұлы (1843-1909 ж.), Әбубәкір Кердері Шоқанұлы (1858-1912 ж.)71. Олар қазақ халқының өмірін ақиқатпен жырлаған ақындар болды. Ахмет Байтұрсынұлының «Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында» деп тұжырымдағаны сияқты бұл ақындар да қара басын күйттеген ақын емес, халқының үнімен елдің мұңын жеткізуші болды. Жүз жылға созылған зар заман дәуірінің ақындары халықтың басына түскен қайғы-қасіретті тарығу сарынымен жырлады. Зар заман ақындары өмір сүрген кезең патшаның отаршылдық саясаты дәуірлеп, қазақ жерінің нағыз талауға түскен кезі еді. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай» сияқты толғау-дастандары арқылы қазақ жерін отарлаушыларды батыл әшкерелеп, озбыр саясатқа қарсы тұрса, Дулат Бабатайұлы «Бейшара менің қазағым», «О, Сарыарқа, Сарыарқа» өлеңдері арқылы қазақтың ауыр тұрмысын бейнелейді. Дулат Бабатайұлының шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдық, білім мен надандық мәселелері қарастырылды. Ал Шортанбай ақын «Зар заман» шығармасында адамгершілік мәселесін көтере отырып, Ресей империясының отарлау саясатына қарсылығын өз шығармаларында көрсете білді. Оның басты себебі қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтары да көрсетілді. Зар заман өкілдерінің қатарындағы ақын Мұрат Мөңкеұлының да шығармаларында қазақ жерінің талан-таражға түскендігі қарастырылады72. Әбубәкір Кердері Шоқанұлының шығармалары зар заман тұсындағы адамдардың менталитетіндегі өзгерістерді және сол уақыттағы жағымсыз құбылыстарды сынау арқылы халықтың жағдайын көрсету бағытында болды. Мысалы, «Қазағым, қапыл болмаңыз», «Әдеби қазақия» шығармаларында халық арасында білім және оқуды насихаттау мәселесін көтеруді басты мақсат етеді. Қорытындылап айта кететін болсақ, зар заман ақындары көшпенді халықтың әлеуметтік-философиялық дүниетанымы мен ойлары арқылы қазақ ұлтының қоғамдық санасының қалыптасуына, қоғамдық ойдың дамуына, келешек ұрпақтың гуманистік, патриоттық ұлтжанды рухта тәрбиеленуіне әсерін тигізеді. Зар заман ақындары өз заманында халықтың тілеуін тілеген, халықты бірлікке шақырған, рухани байлығын көздің қарашығындай сақтауға үндеген және халықтың мұңы мен зарын жырлай білген ақындар болды.

Ағартушылық ой-сананың дамуы. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тарихындағы рухани бағыттағы өзгерістердің қалыптасуына әсер еткен факторлар ағартушылық ой-сананың дамуы деп айтуға болады. Абай Құнанбайұлы (1845-1904 ж.). ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы саяси ахуалды терең философиялық бағытта жан-жақты талдай білген ақын, сазгер және ойшыл. Ойшыл ақын өз шығармаларында өзін қоршаған ортада адамдар өмір шындығына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс деп көрсетеді. Абайдың шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық проза, аудармалар мен әуендер болды. Сонымен қатар ол қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы болды. Ол ел ішінде бірлік пен татулық болғанда ғана қоғамның негізгі күштері – ғылым, алдыңғы қатарлы идеялар, мәдениет толық көлемде дами алады және бүкіл халықтық игілік әкеледі деп санады. Қоғамды алға дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Ұлы ақын:

«Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел,

Алдыңғы толқын – ағалар,

Артқы толқын – інілер», -


дей отырып, дүниенің өзгерісте, дамуда болатындығын болжап көрсеткен. Абай шығармаларының басты тақырыбы моральдық бағытта болғандығын да айта кеткен жөн.

Өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде ақын дүниетанымдық бағыттағы философиялық мәселелерге ден қойып, өмір, өмірдегі адамның орны, мақсаты мен қажеттілігі туралы ойлар айтады.


Абай қазақ халқының әлеуметтік даму мәселесіне де өз пікірін білдіріп отырды. Мысалы, Орта жүз руларының басы қосылған Қарамолда съезінде 74 баптан тұратын жаңа «Шар» атты заң ережелерін ұсынады. Сол сияқты ақын орыс әдебиеті және мәдениетімен таныс болды. М.Ю. Лермонтов, А.С. Пушкин, Н. Крылов шығармаларын аударумен шұғылданды. Орыс халқының әдебиеті үлгілерін, идеяларын қазақ халқы арасына алғаш өз аудармаларын насихаттау арқылы да таныстыра білді.

Абай қазақ халқының классикалық әдебиетіне көптеген өзгерістер енгізді. Мысалы, олардың қатарынан «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» атты дастандарды атап көрсетуге болады.


Шоқан Уәлиханов (1835-1865 ж.) ХІХ ғасырда қазақ даласында ағартушылықтың негізін салушы және демократиялық бағыттағы ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі болып табылады. Ол – энциклопедист, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері ретінде Қазақстан және Орта Азия тарихы мен мәдениеті бағытында, этнография саласында ғылыми еңбектер қалдырған ағартушы ғалым. Мысалы, «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Даладағы мұсылмандық жөнінде» және ХІХ ғасырдағы қоғамның саяси, әлеуметтік жүйесіндегі ерекшеліктерді айқындайтын «Сот реформалары жөніндегі жазбалар» еңбектерінде маңызды мәселелер қамтылады. 1856 жылы Ш. Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біріншісі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөл аралығы болса, екіншісі – дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Ш. Уәлиханов Алатау қырғыздарына келіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазбаша нұсқаға көшіріп алды. Ыстықкөл экспедициясы кезінде Ш. Уәлиханов тарихи деректермен қатар ерте заманғы жәдігер бұйымдардың үлгілерін жинастырып, нәтижесінде «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» атты тарихи-этнографиялық туындыларды жазды. Ш. Уәлихановтың ғылыми бағыттағы қызметі Ресей Орыс географиялық қоғамындағы әкімшілік және ғылыми ортаның назарын аударып, 1857 жылы Шоқан қоғамның мүшелігіне қабылданады. Ағартушы-ғалымның ғылыми мұрасы Қазақстанның және көп ұлтты Ресейдің, басқа да халықтардың өзекті мәселелері тұстарын да қамтып отырды. Шоқан Орта Азия мен оған іргелес жатқан аймақтар халқының географиясын, этнографиясы мен фольклорын зерттеуге де үлес қосты73.


Ыбырай Алтынсарин – ағартушы, ғалым


Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 ж.) – ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы ағартушы жаңашылпедагог Ыбырай Алтынсаринның дүниетанымдық көзқарасы қазақ халқының ауыз әдебиеті, батыс ойшылдарының еңбектері мен прогрессивті орыс мәдениеті негізінде қалыптасты. Өзі өмір сүрген кезеңдегі жастарды инабаттылық пен адамгершілікке тәрбиелейтін шығармаларын ерекше атап көрсетуге болады, олардың қатарына «Кел, балалар, оқылық», «Өнер, білім бар жұрттар» секілді өлеңдерін жатқызамыз. Ыбырай өз шығармаларында қоғам өмірінің даму бағыттарының шешуші факторлары ағартушылық және білім екендігі туралы тұжырымдар жасаған. Сонымен қатар өз еңбектерінде ол қоғамдық-саяси көзқарастарын да көрсете білген, мысалы, «Қырғыз қайғысы» туралы жазбаларында 1967-1868 ж. отаршылдыққа, қанаушылыққа бағытталған реформаға қатысты наразылығын білдірген.

Ол, әсіресе қолөнер және ауылшаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсап, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты оқу құралдарын жазды74. Сондай-ақ орыс кластарына қазақ тілінен сабақ беріп, ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту, қазақ әдеби тілін қалыптастыру жолында жемісті еңбек етті.

Бақылау сұрақтары:

1. Ресей империясы отарлау саясатының қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетіне тигізген әсері туралы не білесіз?

2. ХІХ ғасырдағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұраларының өкілдері туралы не білесіз?

3. Қайшылыққа толы, күрделі тұлға саналған «зар-заман» ақындарының шығармаларына талдау жасаңыз.

4. XIX ғасырда қазақ әдебиетіндегі гендерлік мәселеге қатысты шығармаларға талдау жасаңыз.

5. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тарихындағы ағартушылық ой-сананың дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбектеріне талдау жасаңыз (А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин).

71

Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991.

72

Омарұлы Б. Мұрат Мөңкеұлы. – Алматы, 1993.

73

Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. – 3-том. – 765 б.

74

Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. – Алма-Ата, 1988.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх