Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 5

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 3. XVIII ғасырдың 40-80 жылдары. Қазақстан шекаралас аймақтармен қарымқатынас жүйесінде

Оглавление

XVIII ғасырда арнайы Орынбор казак әскері құрылды. Өзінің құрылымы бойынша ол тұрақты әскерге жақын болды және жоғарғы Жайық шебі бойында – Жайық қалашығынан Жоғарғы Жайық бекінісіне дейінгі аралықта қызмет етті. Жайық казактарының жері Жайық бойымен созылып жатты, олар Жайықтың оң жағасында 1745 жылы өз күшімен 7 қамал мен 11 форпост тұрғызды, 1769 жылға қарай Жайық шебі бойында 15000 ға жуық үкіметтік казак отбасы өмір сүрді9. Жалпы, әскери меншік болып табылатын жерде казактар егіншілікпен, мал шаруашылығымен және балық аулаумен айналысты. 1748 жылдан бастап үкіметтің бұйрығымен казактар жаз мезгілінде шөп дайындап, бекініске жақын жерлерде хуторлар сала бастады. Осы уақыттан бастап Жайық пен Елек қалашықтарының және Жайыққа құятын кішігірім өзендердің аралығында көптеген хуторлар пайда болды. Жайық пен Еділ өзендерінің аралығында, сонымен қатар Жайықтың оң жағалауында хуторлардың салынуы қазақтардың жерін шектей түсті. Ал қазақтарға казак шаруашылық құрылыстары ауданында көшіп-қонуға рұқсат берілмеді. Егер Жайық бойында Жайық және Орынбор казактары мен қалмақтарының иеліктері болса, ал Каспий теңізінің жағалауындағы жерлер де қазақтар үшін қолжетімсіз болды. Бұл жерде помещиктер – Безбородко мен Юсуповтардың саяжайлары болды. 305 шақырым бойы, яғни Еділдің сағасынан Жайықтың сағасына дейінгі Каспий теңізі жағалауының барлық жері помещиктердің алқабы болды. Екі помещиктің де саяжайлары бос болды және онда ешкім тұрмады, жағалауда балық шаруашылығымен айналысатын көпестерге қайта сатып алуға берілді. Помещиктердің приказчиктері қазақтарды бұл жерлерге үлкен төлем төлегенде ғана өткізді. 1752 жылы Ой шебін Ертіс шебімен байланыстыратын 10 бекініс пен 53 редуттан тұратын әскери бекіністің шебі салынды. Бұл шеп Омбы бекінісін Звериноголовск (Бағлан) бекінісімен қосты және Жаңа Есіл деп аталды. Осының нәтижесінде орыс шекарасы Орта жүздің жеріне қарай 50-200 шақырымға созылды. Мұндай әрекет қазақтардың қалыптасқан көшу жүйесін бұзып, Ертістің оң жағалауындағы жайылымдық жерлерінен айырды. Әскери шептердің салынуы патша үкіметіне Орта жүз қазақтарының жерлерін шектеуді заңдастырған XVIII ғасырдың 50-жылдары алғашқы заңдық актілерді қабылдауға мүмкіндік берді. 1755 жылдың наурызында шетелдер ісі коллегиясы Ертіске өтуге тыйым салды. 1764 жылдан бастап қазақтарға Ертіске 10 шақырымға және бекіністер мен форпосттардың аудандарына 30 шақырымға жетпей көшуге рұқсат берілді. Осылайша, қазақтар ең жақсы жайылымдарынан айырылып қалды. Қазақтардың казак хуторларын жоюға деген ұмтылыстары осы жағдайларға байланысты түсіндіріледі. 1756 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарына Жайықтың оң жағалауына қыстауға көшуіне тыйым салынғандықтан, қазақтардың Жайық және Орынбор казактарымен қатынастары шиеленісті. Осыдан соң патша үкіметі қазақтарды жуасыту үшін «әскери барлау», яғни қазақ даласында кішігірім жазалау экспедицияларын ұйымдастырды. Казактарға тұтқындар алуға, мал-мүлікті тартып алуға рұқсат берілді. Үкіметтің «әскери барлау» атты бұйрығы Жайық және Орынбор казактарының қазақтарға, көбінесе, себепсіз тонаушылық жорықтарын ұйымдастырып, ауылдарын шауып, тонауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге казактармен қақтығыстарға қатысқан ауылдар шалғайда орналасқан болатын, ал қудалауға шептердің жанындағы бейбіт ауылдар ұшырады. 1742 жылы 19 қарашадағы қазақтарға Жайық арқылы малын айдап өтуге тыйым салатын бұйрықты казактар өздеріне тиімді пайдалануға тырысты. Малды айдап өтуі үшін қазақтардан көп мал талап етті. Патша әкімшілігі казактардың бейбіт ауылдарға шабуыл жасамауы жөніндегі нұсқауды бұзып жатқандығын білді, бірақ жазалау экспедицияларын шектеу дұрыс емес деп есептеді. 1755 жылы казактардың ығыстыруына қарсы жауап ретінде қазақтар бекіністер мен форпосттарға жиіжиі шабуыл жасады. Орынбор әкімшілігі мұндай қақтығыстардың казактардың себепші болып жатқандығын мойындауға мәжбүр болды. Қазақтардың шеп казактарымен қақтығыстарының жиілегендігі соншалық, шетелдер ісі коллегиясы 1755 ж. 11 сәуірде казактарға қазақтарды жауы ретінде әрекет жасауына рұқсат берді. Бекіністерде тәулік бойы қарауылдар, ал көрші қазақ даласында арнайы пикеттер кезекшілік етті. Казактарға бекіністен белгілі бір қарауылдармен рұқсат берілді, мал болса жаз мезгілінде бекіністің сыртындағы үлкен отрядтың қарауында болды. Далалық қыраттарда шеп бойымен күзет мұнарасы мен бақылау мұнарасы орнатылды.


1770 жылға дейін қазақтардың Жайық пен Еділ аралығында көшіп жүрген қалмақтармен қарым-қатынасы күрделі болды. Ұлтаралық араздықты тұтату мақсатында патша үкіметі 1743 жылдың 28 қыркүйегінде қалмақтарға 2 мың казакты көмекке беріп, қазақ даласына «әскери барлау» ұйымдастыруға рұқсат берді. Қалмақтар Жайық арқылы өтіп, қазақтардың көп малын тартып алып, айдап әкетті. Қазақтардың қалмақтармен қатынасы 1771 жылға қарай шешілді, бұл кезде Убашы билеуші өкілі бастаған қалмақтардың басым бөлігі патшалықтың ауыр қысымынан кейін Жоңғария территориясына көшіп кетті. Ертеректе қалмақтар орналасқан жайылымдар бос болғанымен, патша үкіметі бұрынғыдай қазақтардың осы жерлерді еркін пайдалануына рұқсат бермеді. Елек аумағында да тыйым салынған жерлер болды. Мұнда Елек бекінісін салуға байланысты қарсылық қозғалыстары басталды. Қазақтар бекініс салынғаннан кейін Елек өзені бойындағы жерлерінен айырылып қалуынан қауіптенді. Сондай-ақ қазақтар Елек бекінісінің ауданында шығарылатын тұзды алудан айырылып қалғанына риза болмады.

Сондықтан олар Орынбор губернаторынан Елек бойында еркін көшіп-қонуға және бекініс құрылысын бастамауға рұқсат беруін сұрады. Рұқсат бермеген жағдайда олар бекіністі бұзып тастайтындығын айтып қорқытты. ХVIII ғасырдың 50-жылдарынан бастап қазақтар патша үкіметімен жайылымдарының ауданын кеңейту жөніндегі бейбіт келісімдермен қатар қарсылықтың бейбіт емес түріне де көшті: тыйым салынған территорияларға өз еркімен малын айдап және әскери бекіністерге қарулы шабуылдар жасады. Қазақ халқының Ресейдің отарлау саясатына қарсылығы ретінде көрші елдерге көшіп кету арқылы бодандықтан бас тарту әрекетін айтуға да болады. Сонымен қатар Жоңғар мемлекетінің жойылуына байланысты Қытай шекарасында бос жерлер пайда болды. 1759 жылы Нұралы хан орыс әкімшілігіне қазақтардың қазақ-қытай шекарасына көшіп кеткелі жатқандығын мәлімдейді. Қазақтардың екінші және жүзеге асуы беймәлім әрекеті Түркия жеріне көшіп кету болды. Осылайша, орыс отарлаушы әкімшілігі қазақ қоғамының экономикалық негіздерін бұзатын көптеген шектеулер қоя отырып, XVIII ғасырда қазақ даласына белсенді түрде ене бастағандығын айтуға болады. Мұның барлығы XVIII ғасырдың 70-жылдары қазақтарды отарлауға қарсы қозғалысының кеңінен өріс алуына себеп болды. Сондай-ақ орыс әскерлерімен ғана емес, ішінара патшалыққа адал қызмет етуші қазақ билеушілерімен де күрес жүргізілді.

Жоңғарияда Қалдан-Церен қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері арасында билік үшін кескілескен күрес басталды. Қазақ сұлтандары жоңғар


Абылай хан билеушілерінің талас-тартыстарына қуана қатысты, себебі бұл оларға Жоңғарияның ішкі істеріне белсенді қатысып, Цеван-Рабдан мен Қалдан-Церен тұсында жаулап алынған Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс жерлерін қайтарудың сәтті мүмкіндігі болды. Жайылымдық жерлері жоңғар иеліктерімен көршілес орналасқан Абылай сұлтан Жоңғариядағы жағдайларға ерекше қызығушылық танытты. Таққа мұрагерлерді кезекпен қолдай отырып, жоңғарлардың территориядан бірталай шегінуіне қол жеткізді. Осы уақытта Моңғолиядағы қытай билеуші өкілдері Жоңғариядағы жағдайды жіті бақылады және осы елді жаулап алудың жоспарын дайындады. 1755 жылы Цинь императоры өз әскерін Жоңғарияға енгізді. Қытайлықтар елдің барлық территориясын алуға үміттенді, бірақ Зайсан мен Алакөл көлі маңында жүрген қазақтармен қақтығысқа түсуден қашты. 1755 жылы жазда Қазақстанға Абылай сұлтанға қазақтармен арадағы бағытын айқындау үшін қытай елшілігі жіберілді. Бірақ Абылай хан Жоңғарияның басып алынуын мойындамай, жоңғарлардың Цинь империясына қарсы көтерілісін басқарған Әмірсанаға белсенді көмек көрсете бастады. 1756 жылы көктемде қазақ жасақтары қытай әскерлеріне қарсы Жоңғарияға жорық жасады. Осыған жауап ретінде қытай императоры Қазақстанды жаулап алуды бастауға бұйрық берді. Қарсылық көрсеткен жағдайда Қазақстанның барлық тұрғынын жою арқылы Орта жүздің жайылымына екі жақтан – оңтүстіктен және шығыстан басып кіру жоспарланды.

Сонымен қатар қытай әскері осы уақытта Абылай ханды паналап жүрген Әмірсананы тұтқынға түсіруі керек болды. Шығыстан жылжыған әскерге Әмірсана мен Қожаберген батыр бастаған қазақ-жоңғар жасағы шабуылдады. Оңтүстік әскеріне Абылай мен Бөгенбай батырдың жасағы қарсы шықты. Қазақ ауылдарының орыс шекаралық шептеріне көшіп кетуіне мүмкіндік беріп, қазақ жасақтары Цинь әскеріне бірнеше соққы жасап, олардың далалық өңірге ішкерілей енуін тоқтатты. Қазақ жасақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, белгісіз бағытта көрінбей кету арқылы екі топ қытай әскерінің бірігуіне кедергі келтірді. Саны азайған екі топтағы әскер үлкен талпыныстың нәтижесінде Есіл өзенінің жоғарғы ағысында бірікті, бірақ бұл қыс кезінде жүзеге асқан еді. Қытайлықтар жылқысыз, азық-түліксіз, жан-жағынан қазақ жасақтарымен қоршалған адам тұрмайтын далада қалды. Сондықтан қытай императорының Қазақстандағы өзінің қалған әскерінен айырылып қалмау үшін оларды кері қайтарудан басқа амалы қалмады. Қытайлықтар кері шегінді. 1757 жылдың басында Жоңғария жаңа күшпен қайта жанданып, Цинь әулетіне қарсы көтеріліс бастады. Қытайлықтар жаңа күш жинап, 1757 жылдың көктемінде Әмірсананың көтерілісін түпкілікті жаншыды және жаз мезгілінде Тарбағатайдың солтүстік сілемдеріндегі қазақ жерлеріне екінші рет басып кірді. Осы жерде қытай әскері мен Абылай жасақтарының арасындағы соңғы шайқас өтті. Жоңғарлардың көмегінен айырылған Абылай қытайлықтармен қарым-қатынасын шиеленістірмей, бейбітшілік туралы келіссөздер жүргізу үшін Пекинге елшілігін аттандырды. Осымен бір мезгілде Қытай императоры Абылай сұлтанға өзінің елшілігін жіберді. 1758-1759 жылдар аралығында жоңғарларды жазалау кезінде қытай жасақтары қазақ жерлеріне бірнеше рет басып кірген болатын, бірақ император қазақ жерлерінен үміттенбеді. Сондай-ақ ол Абылайдың хандық титулын алдын ала мойындап, орыстарға қарсы өзінің көмегін бірнеше рет ұсынды. Бұл жағдайлар Абылайдан сыртқы саясатында екі жақтылықты тиімді ұстанып және Қытай мен Ресей арасында өз әрекетін бағамдап жүзеге асыруын талап етті. Ресми түрде Ресей империясының боданы бола отырып, орыс отарлаушыларының билігіне қарсы Қытай императорынан қолдау табу мақсатында Абылай Пекинге бірнеше рет елшіліктер жіберді10.

Қазақтардың Шығыс Түркістанға қоныстануы. Жоңғарияда манчжур-қытай билігінің орнауымен Қазақстанның шығысындағы жер мәселесі шиеленісе түсті. Қытайлықтар жоңғарлардан босатылған жерлерге қазақ көшпенділерін кіргізбеу үшін Іле өзені даласында және Тарбағатайда әскери бекіністер сала бастады. 1761 жылы Қытай императоры қазақтардың Аягөз өзенінен оңтүстікке қарай көшуіне тыйым салғандығы туралы жарлық шығарды. Бірақ та бұл тыйыммен ешкім санаспады, қазақтар Тарбағатайдағы жайылымдарды иелене берді. 1762-1765 жылдары Қытай әскерлері қазақтарды Жоңғария жерлерінен қуып шығуға байланысты бірнеше жазалау шараларын жүргізді. Дегенмен бұл әрекеттердің нәтижесі болмады, себебі қыстың басталуы мен қытайлықтардың кетуіне байланысты қазақтар осы территорияларға қайта оралды. Сонымен қатар XVIII ғасырдың 60-жылдарының екінші жартысында қазақтардың Жоңғария аумағына келуі күшейгендіктен, Цинь үкіметі 1767 жылы Тарбағатай мен Іле өзені бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат беруге мәжбүр болды. Қарымтасына қытайлықтар жалға берілген жерлердің ақысын және қытай бодандығын қабылдауын талап етті. Нәтижесінде XVIII ғасырдың соңына қарай Орта және Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Қытай бодандығын қабылдап, Тарбағатайдың, !ле өзені даласы мен Моңғол Алтайының бай жайылымдарын иеленді. Бұл территориялар Қытайдың «Жаңа провинциясы» – Шыңжаң құрамына кірді. Осылайша, Абылай сұлтанның салмақталған және ойластырылған саясатының арқасында қазақ жасақтары Ресейден көмек алмай-ақ қытай басқыншылығын өз күштерімен тоқтата алды, сондай-ақ XVIII ғасырдың соңында қазақтар Шыңжаңның бай жайылымдарын иеленді, осының нәтижесінде Қазақстандағы жер дауы біраз бәсеңдеді. Дегенмен бұл түптің түбінде қазақ этносының Ресей мен Қытайдың арасында бөлінуіне алып келді.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақстанды отарлаудағы Орынбор казак линиясының ішкі саяси жағдайларға ықпалы.

2. Абылай ханның дипломатиялық саясатына баға беріңіз.

3. XVIII ғасырдың екінші жартысындағы сыртқы саяси өзгерістердің нәтижесі туралы баяндаңыз.

4. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның геосаяси жағдайын талдаңыз.

9

Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. – Алматы, 1994. – 160 с.

10

Абылай хан. Тарихи жырлар. – Алматы, 1993. – 4-том. – 134 б.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх