Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 7

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 5. Қазақтардың Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы

Оглавление

Ресейдің қазақ жеріне қарай енуі, казак шептерінің нығаюы қазақтардың көшіп-қону аудандарын шектеді. Үй, Ертіс, Есіл шептері салынып, қазақтарға Еділ мен Жайық аралығына, Есіл, Тобыл маңына, Каспий теңізінің солтүстік жағалаулары бойларына көшіп-қонуға заңды түрде тыйым салынды. Бұл жерлер казактарға берілді немесе мемлекеттік қор ретінде тіркелді. Көшпенділердің өмірлік қажеттіліктеріне көптеген шектеулер қойылды. Патша үкімдерін бұзғандарды соттап, Сібірге айдауға жіберді. Жайық пен Орал казактары, қызметші башқұрттар далаға қарақшылық шабуылдар жасап, малдарын айдап, адамдарды тұтқындап әкетіп отырған. Ресейдің құрамына кіруге де бірінші болып әрекеттеніп, басқалардан бұрын патша отаршыл озбырлығын өз басынан өткерген Кіші жүз өзінің тарихи территориясына деген құқығын қорғау үшін бірінші болып қолға қару алған болатын.


Пугачев http://subscribe.ru/archive/ media.news.runapro


1773-1774 жылдары Кіші және Орта жүз қазақтары Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына белсенді қатысты.

Қазақтардың бұл көтеріліске қатысуының басты себептері жер мәселесінің ушығуы, қазақтардың Жайық, Елек, Каспий теңізі жағалауларындағы жайылым жерлерінен айырылуы, отаршыл әкімшіліктің шектен тыс әрекеттері еді. Сонымен қатар жүздегі орын алған күрделі ішкі саяси жағдайлар, хандар мен ру басшыларының саясатына наразылығы Пугачев үндеуінің қазақтар тарапынан қолдау табуына себеп болды.

1772 ж. Жайық казактары патша үкіметіне қарсы көтеріліс бастады, бұл көтеріліс басылғаннан кейін орыс шекара шептеріндегі жағдайлар жөнінде сыбыс қазақ даласына жайлап жете бастады.

1773 жылдың қыркүйегінде Е. Пугачев көтерілісі басталады. Пугачевтің үндеулері мен «манифестерінің» қазақ даласында таратылуы көптеген қазақтардың көтерілісшілерге қосылуына септігін тигізді. 1773 жылдың күзінде қазақ жасақтарының төменгі Жайық шептері бойындағы бекіністер мен форпостарға жаппай шабуылдары басталды. Қазақтардың, қалмақтардың, казактардың біріккен топтары Кулагин бекінісін және шептің орталығын басып алып, өздері жек көретін Бородин атаманын дарға асты. Одан соң қазақ жігіттері патша әскерінен Жайық қаласын алуға, Орынборды қоршауға, Гурьевті қорғауға қатысады.


Е. Пугачев көтерілісінің барысы http://www.cleversite.narod.ru/vostan.html


1774 жылдың көктемінен күзіне дейін қазақ тобы Жайықтың барлық ағысының Гурьевтен Ор бекіністеріне дейінгі қорғаныстарына шабуыл жасады. Сахарный бекінісі, Яманкаменский, Антоновский, Бударинский, Сарайшық, Каленовский және т.б. форпостарға шабуылдар жасалды. Қазақ жасақтарын Досалы сұлтан, Сырым, Айдар, Жолан, Елбарыс деген батырлар басқарып, әскери әрекеттерге 6000 шамасында ғана қазақтар қатысқан.

1774 жылдың көктемінде қазақ шонжарлары көтерілісті тастап кетті, ал 1774 жылдың шілде-тамыз айларында көтеріліске халықтың көптеп тартылуы орын алды. Бұл кезеңге дейін күрестің сипаты да өзгерді. 1773 жылдың соңы-1774 жылдың басында қазақтардың қозғалысы «шекаралық деңгейде», яғни орыс қоныстарына шабуылдау, мал айдап әкету, тұтқындау түрінде жүргізілсе, 1774 жылдың жазында бұл күрес орыс топтарымен қақтығысу дәрежесіне ұласты, яғни ресейлік алып империяның күштеріне қарсы бағытталды. Бұл кезеңде қазақтардың күресінің күшеюі хандар мен ақсүйек старшындардың басшылығымен жүргізілмеді.

Қарсылықтың белең алу барысында Жайықтың «ішкі жағына» көшіп-қону мәселесі шешілген болатын. 1773 жылдың қоңыр күзінде қазақ түтіндерінің көп бөлігі Жайықтың оң жағалауына көшті. Пугачев көтерілісін басуға бар күшін салып жатқанда қазақтар тарапынан қарсылықтың күшеюінен қорыққан патшалық жазалау шараларын қолдана алмады.

Көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін Пугачев Кіші жүз ауылдарында жасырынбақ болған еді, алайда казактар арасынан шыққан сатқындарға ұсталып, ол патша билігіне тапсырылады. Пугачев көтерілісінің жеңілісіне қарамастан қазақтар азық-түлік керуендерін, шөп қорларын жою арқылы күресті одан әрі жалғастыра берді, кейін бұл жағдай Орынбор, Астрахань және Саратов губернияларында орналасқан орыс тұрғындарының ашаршылыққа душар болуына алып келді.

Пугачев көтерілісін талқандағаннан кейін орыс үкіметі ірі әскери күштерін қоршауға түскен бекіністерге көмек беру үшін қазақ даласына жіберуге мүмкіндік алды. Е. Пугачевті дарға асқаннан кейін патша үкіметі қазақтарға қатысты қуғын-сүргін саясатын күшейтті, қазақ даласының түкпір-түкпіріне өздерінің жазалау отрядтарын жіберді. Бағынбаған ауылдарға жаза қолдануға, адамдарды тұтқындауға, малдарды айдап әкетуге және мүліктерін ұрлауға өз топтарын жіберіп отыратын тәжірибе дағдысы қалыптасты. Бекіністерге Жайық казактарынан басқа Дон казактары, атты әскер полкі мен драгундық полктер, башқұрттар, қалмақтар, тұрақты жаяу әскерлері де жұмылдырылды. Нұралы ханның11 қолдауымен бірнеше лекке (сапқа) бөлінген орыс әскерлері өздерінің жазалау науқанын бастады. Жаз бойы Жайықты жағалай жолында кездескен барлық қазақ ауылдарын жойып отырған жазалау экспедициясы жалғасты. Қазақтар батыл қарсылық көрсете отырып, далаға ішкерілей көшіп кетуге мәжбүр болды.

1775 жылдың қыркүйегінде керей руында қозғалыс пайда болып, кейін табын және тама руларында да орын алды. Бұл «Көктемір» немесе «Көрінбейтін адам» деген атпен белгілі болды. «Көрінбейтін адамның» үгітнасихаты Пугачев есімімен байланысты еді. Қазақтар өздерінің қонысынан жаңа «басшының» шығуын күтті. Пугачев қазасы туралы қазақ даласына хабар жеткенімен, халық бұқарасы Пугачев есімін ІІІ Петр есімімен байланыстырмады. «Көктемір» қозғалысын табын руынан шыққан 22 жасар Сапура Мәтенқызы басқарды. Көзге көрінбейтіндер атынан ол өз тұрағында әскери жасақтар жинады, бұл қозғалыс 1775 жылдың желтоқсанына қарай табын және тама руларынан басқа шекті, шөмекей, байбақты руларының ауылдарына да тарап кетті. Кейін 1776 жылдың ақпанында Ресей жағына шығып кететін Досалы сұлтаннан басқа бұл көтеріліске Сейдалы сұлтан да қолдау көрсетті. 1776 жылдың көктемінде Сейдалы сұлтан бастаған көтерілісшілер отряды жазалаушы әскердің құрамында болған башқұрттарға қарсы бірнеше шабуыл жасады. Қазақ топтары бекіністерге шабуыл жасап, азық-түлікке өрт қойды, адамдарды тұтқынға алды. Құрамында 10 мыңдаған әскері бар ірі топтар Ресейге шабуыл жасау үшін Гурьев пен Кулагин бекіністері аралығындағы жерлерге топтаса бастады. Жоғарғы Орал, Таналық, Ор бекіністеріне, Елек қорғанысына және Орынборға шабуылдар жасалды.

Қазақтардың іс-қимылынан шошынған жергілікті әкімшілік орталық губерниялардан жаңа әскер жіберілуін талап етті. Отаршыл билік басындағыларға сатылған көптеген сұлтандар қозғалысты тастап кетті. Бұл «Көктемір» тобының бөлінуіне алып келді. 1776 жылдың жазында «Көрінбейтін адам» бастаған қозғалыс аяусыз басып-жаншылды. Сапура мен оның жақтастары Нұралы ханның талқандауы мен қуғын-сүргінінен қауіптеніп, Кемел өзенінің арғы жағына қоныс аударып кетті.

Е. Пугачев көтерілісі, «Көктемір» қозғалысы қалың қазақ қоғамына барынша ықпал етті. Қазақтардың бұл қозғалыстарға қатысуы империяның отаршылдық езгісіне қарсы күреске қатысуына түрткі болды. Бұл стихиялы қозғалыстарда қазақтардың өз жерлерін казак отарлаушыларынан азат етуге талпыныстар жасалып, патшалық ұлы державаға қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына ұласты. Сонымен қатар қазақ шаруаларының қозғалыстары қазақ жүздеріндегі ішкі әлеуметтік қайшылықтарын ашып көрсетті.

Бақылау сұрақтары:

1. Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қазақтардың да қатысуының себептерін айтыңыз.

2. Қазақтардың көтеріліске қатыса бастауына түрткі болған себептер қандай?

3. Қазақ жасақтарының шаруалар көтерілісі жеңілгеннен кейінгі соғыс қимылдарын баяндаңыз.

4. Көтерілістің жеңілу себебі мен салдары.

5. Қазақтардың шаруалар көтерілісіне қатысуының тарихи маңызы қандай?

6. Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының осы көтеріліске қатысуының тарихи маңызы неде болды?

11

Нұралы (1704-1790 ж.) – кіші жүз ханы (1748-1786 ж.) Әбілқайырдың үлкен ұлы. Орыс-қазақ қарымқатынасын нығайтуға атсалысты. 1748 жылы Нұралы Кіші жүз ханы болып бекітілді.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх