Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 19

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІV тарау
ҚАЗАҚСТАНААҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-САЯСИ РЕФОРМАЛАРЫ
§ 2. ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалардың мазмұны

Оглавление

1867-1868 жылдары уақытша ережелер 2-3 жылға енгізіліп, кейін жаңа заңдар дайындауы керек болатын. Бірақ олардың әрекеті ұзақ жылдарға созылып, осының барысында олар өзгертілді және толықтырылды.

1867 жылғы реформа 8 тарау, 398 баптан тұрады:

1) әкімшіліктің құрылысы; 2) соттың құрылымы; 3) Сырдария облысының қоғамдық және шаруашылық басқармалары; 4) алым-салық, жерге міндеткерліктер; 5) өлкедегі қаржы бөлімінің құрылымы; 6) пошта бөлімінің құрылымы; 7) медициналық бөліктің құрылымы; 8) Жетісу және Сырдария өлкесіндегі қызметтің айрықша құқығы және артықшылықтары. Ең үлкен тарау әкімшілік құрылым туралы болса, кейін сот ісі, алым-салықтар, сауда, қаржы бөлімі, пошталық және медициналық бөлімдер туралы орналасты. Түркістан өлкесінде қызметкерлердің айрықша құқығы мен артықшылықтары көрсетілген.

1868 жылдағы реформа 7 тараудан 268 баптан тұрды: 1. Әкімшілік құрылым. 2. Сот құрылымы. 3. Алым-салықтар, жиындар және жерге міндеткерліктер. 4. Пайдалану және иелену туралы. 5. Қырғыздардың мінез-құлқы туралы. 6. Қырғыздардың рухани істі басқаруы туралы. 7. Дала мектептері туралы. Оның ішінде маңызды орын әкімшілік және сот құрылымына, салық жүйесіне, қазақ халқының құқықтарына, рухани іс басқармасына, дала мектептеріне бөлінген. Осы екі құжатта да жаңа басқару жүйесі туралы бір мақсатты көздеген бірыңғай заң енгізілді.


1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалардың құрылымы


1867-1868 жылдары жаңа әкімшілік-саяси реформалары бойынша, бүкіл қазақ аймағы үш генерал-губернаторлыққа бөлінді: Орынбор, Батыс Сібір және Түркістан.

Бірінші екі генерал-губернаторлық Ішкі істер министрлігіне, ал соңғысы әскери министрлікке бағынды. Орынбор генерал-губернаторлығы Орал және Торғай облыстарынан құрылды. Орал облысына Орал, Гурьев, Калмыков, Ембі, ал Торғай облысына Николаев, Ырғыз, Елек, Торғай уездері кірді. Батыс Сібір Ақмола және Семей облыстарынан тұрды. Ақмола облысына Ақмола, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездері; Семейге Семей, Көкпекті, Зайсан, Қарқаралы, Баянауыл уездері кірді. Түркістан генерал-губернаторлығы Сырдария және Жетісу облыстарынан құрылды. Сырдария облысына Жызақ, Әулиеата, Қазалы, Перовск, Ташкент, Түркістан, Шымкент және Ходжент уездері, Жетісу облысына Верный, Ыстық көл, Қапал, Сергиополь және Тоқмақ уездері енді. Бөкей ордасы Астрахань губерниясына өтті. Маңғышылақ Кавказ әскери округіне енді.

Генерал-губернаторлықтар басшылығында генерал-губернатор тұрды, оларға азаматтық және әскери билік берілді. Олар округтердің әскери қолбасшысы болып табылды. Өлкедегі негізгі басты басқару генерал-губернаторға жүктелді. Түркістан аймағының басшысы бір уақытта көрші елдермен дипломатиялық қатынас жасауға құқықты, Түркістан әскери округінің әскери қолбасшысы да болды. Генерал-губернатор құзырында: 1) канцелярия; 2) айрықша тапсырма орындайтын шенеуніктер болды.

1-сызба

1867-1868 ж. Уақытша ереже


Облыстарды басқару үшін азаматтық және әскери билікті толық иеленген әскери губернаторлар тағайындалды. Олар өз аймақтарындағы әскерді басқарып, казак әскерінің атамандары саналды. Әскери губернаторларда облыстың жарлықшы, сот және шаруашылық басқармалар бөлімдері құрылды. Басқарманың төрағалары әскери губернатордың көмекшілері болып табылды. Басқарманың бөлімдерін аға кеңесшілер басқарды.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх