Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 8
I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 6. Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздегі ұлтазаттық көтеріліс (1783-1797 ж.)
ОглавлениеӘбілқайыр ханның Ресей бодандығын қабылдағаннан кейінгі Кіші жүз қонысының әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде өзгерістер орын алды. Отарлау саясаты барған сайын ұлғая түсіп, саяси және экономикалық билік патша әкімшілігі қолына шоғырланды. 1742 жылы Жайық қалашығы маңына жақын жерлерге мал жаюға тыйым салу туралы жаңа акті қабылданады. 1760 жылы толықтырылып, казактарға «ерікті барымта» жасауға рұқсат еткен жарғы қабылданды. 1783 жылғы жарғы қазақтарды одан әрі тонауға мүмкіндік берді.
Қазақ қоғамында феодалдық үдеріс, ру басшылары мен ақсүйектер мүддесіндегі қарама-қайшылық тереңдей түсті. Хандар мен билік басындағы сұлтандар патша тірегіне айналып, оның саясатын жүргізді, ру шонжарларын биліктен ығыстырды. Ал патша үкіметі олардың арасындағы алауыздықты тиімді пайдаланды, ру аралық күрес қатардағы шаруаларға зардабын тигізді.
Саяси дағдарыс салдарынан XVIII ғасырдың ортасында Кіші жүз территориясы екі хандыққа бөлінді. Нұралы ханның қарамағына қараған қазақ рулары Батыр хан иелігіне қарайтын Арал бойы мен Сырдария бойындағы қысқы жайылымдарды пайдалану құқынан айырылды. Бұл ру қазақтары батысқа Каспий ойпатында орналасқан жайылымға жылжуға мәжбүр болды. Дегенмен Орал бекініс шебі Оралдың оң жағалауына қазақтардың қыстауына кедергі келтірді. Қазақ старшындары патша үкіметіне 1756 жылғы қазақтарға «ішкі жаққа» өтуге тыйым салған жарлықтың күшін жоюға және сол жерлерді қысқы жайылым ретінде пайдалануға беруге рұқсат сұрады. Алайда 1771 жылы Сыртқы істер алқасы тыйым салды.
1775 жылы патша үкіметі Кіші жүзді басқару жұмыстарын қайта ұйымдастырды. Орынбор губерниясы таратылып, Кіші жүз және Орта жүз аумағының бір бөлігі Сібір және Уфа генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Патша үкіметінің іс-шараларын орындау үшін шекаралық комиссия құрылды. Ал халық жадынан шаруалар көтерілісін өшіру мақсатында Орал деп аты өзгертілді. Жайық бойындағы шекаралық шептер қайта қалпына келтіріліп, бекінісі қатайды және бекініс гарнизондары да күшейтілді. Патшалық шен беру, жалақы тағайындау саясаты арқылы сұлтандарды өз өкілі етіп бекітуге барын салды.
1782 жылғы жарлық бойынша Нұралы хан мен оның туыстары Жайық арқылы өте алды және құқықтарын барынша асыра пайдаланды. Олар Орал казак әскерлері старшындарымен келісімге келе отырып, Жайықтан ақы төлемей өткен ауылдарды тонап, ал қазақтарды тұтқынға алып отырды. Сонан соң хан және оның маңындағылар халықтан тұтқындарды босатып алу үшін қаражат жинады. Жиналған қаражатты Орал әскери старшындарымен бөлісіп отырды. Осылайша, «әскери барлау» ісі ханның, шекаралық әкімшіліктің және казак басшыларының тұрақты табыс көзіне айналды.
Осы кезде Пугачев көтерілісіне қатысқан қазақ шешені, батыр Сырым Датұлы тарихи сахнаға көтеріледі. Ақылдылығымен, әділдігімен, шешендігімен танымал болған 20 жастағы жігіт халық арасында беделі зор, ықпалы күшті байбақты руының старшыны болды. Қарамағына 2000-ға жуық түтін кірді. Жеке қасиеттері мен ел арасындағы беделі Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне басшылық жасауға мүмкіндік берді.
Сырым Датұлының Оралдағы ескерткіші http://kazakhs.kazakh.ru/undefined
Біртіндеп қазақ даласындағы жағдай ушыға түсті. Малшыларды ашықтан-ашық тонау, ғасырларға жалғасқан көшу бағыттарының бұзылуы шаруашылықтың құлдырауына алып келді. Қазақтар «ішкі жаққа» мал жайғаны үшін төленетін төлемнен бас тартты. Жаппай халық толқуының алғышарттарының пісіп жетілуіне жер мәселесі, Жайықтың арғы бетіне өтуге тыйым салынуы, ру старшындары құқығының шектелуі, хандар мен сұлтандар, казактар мен патша әкімшілігі тарапынан жасалған тонаушылық және т.б. жағдайлар әсер етті.
1783 жылға қарай даладағы жағдай ушығып, шарықтау шегіне жетті. Казак отрядтары қазақ ауылдарына шабуылдап, малдарын күштеп тартып әкетіп жатты. Қыстың қаталдығынан мал шығыны көп болды, азық-түліктің жетіспеушілігі жағдайды одан әрі қиындата түсті. Көктем мен жаз мезгілдерінде өзара шабуылдар тұрақты сипат алды. Міне, сол кездері халық көтерілісін Сырым Датұлы басқарды. 1783 жылы тамыздағы шабуылдардың бірінде Сырым Орал казактары қолына тұтқынға түседі. Нұралы хан Сырымды қайтарып алу үшін 70 жылқы және 350 рубль күміс төледі. Қазақ даласына қайта оралған Сырым көтерілісшілерді маңына жинап, Орал казактарына қарсы күресін жалғастырды.
Бұл кезде қазақтар көтерілісі жаппай сипат алып, оның басты бағыты Оралдың төменгі бойы мен Ор бекінісі аудандарына бағытталды. 1784 жылы қарашада Сырым Сағыз өзені маңына 1000 адамнан тұратын отряд жинады. Батырдың ханмен санаспай өз бетінше әрекет етуі хан екеуінің арасын салқындатты. Оның қозғалысына жауап ретінде қазақтардың наразылығын туындатқан жазалаушы отрядтар ауылдарды шабуылдап, тонады. 1775 жылдың көктемінен бастап Кіші жүз руларында қарама-қайшылық өріс алды.
Сырым отряды Оралдың төменгі ағысындағы бекіністерге: Сахарный бекінісіне, Антоновский, Январцевский және т.б. форпостарға шабуылдады. Бұл кезде Айшуақ кепіл ретінде тұтқынға алынды. Сырым хандық және сұлтандық дәрежені сақтай алмаған Нұралы ханға қарсы шығады. Соңында осы жағдайдың нағыз иесі патшалық режим екені түсінікті болды.
Сырым казактармен партизандық соғыс жүргізді, көтерілісшілердің шағын отрядтары тұтқиылдан және бір мезетте әр жердегі шептерге, патша үкіметіне қызмет еткен хандар мен сұлтандар ауылдарына шабуыл жасады. Шағын топтана қимылдаған көтерілісшілер патша әскері мен казак отрядтарының қолына түспеді. Дала тұрғындары көтерілісшілерге белсенді түрде көмек көрсетті, соңына түскен жазалаушыларға жалған бағыт сілтеп оларды жасырды. Көтерілісшілер әрбір ауылдан өздеріне баспана мен көмек ала алды.
Нұралы ханның билігі дағдарысқа түсіп, халқы теріс айналды, ал Нұралының дәрменсіздігіне патша үкіметінің көзі жетті. Көтеріліс биліктің қатты алаңдатушылығын туғызған жаңа сатыға көтерілді. 1784 жылы Орынбор губерниясына қарасты Сібір және Самара өкілдігіне О.А. Игельстром тағайындалды. Игельстром қазақ мемлекеттілігі мен дербестігі саналған хандық билікті жоюға тырысты, сондықтан да реформа жүргізуді қолға алды.
Кіші жүз старшындары ханға көңілдері толмады, наразы болды, өз кезегінде ханның да старшындарға деген сенімі азайған еді. 1785 жылдың күзінде патша әкімшілігі кеңесімен Кіші жүз старшындарының съезі болып өтті, онда Кіші жүзді басқаруды 3 бөлікке бөлу, жоғары билік басына съезд таңдауы бойынша старшын тағайындау мәселесі шешілді. Сонымен қатар патша әкімшілігіне бағытталған Нұралы ханды биліктен аластату, қысқы жайылым көлемін кеңейту, казактардың шапқыншылығын тоқтату секілді мәселелер де қаралды. С. Датұлы кеңесші болып сайланды. Шекаралық сот мекемесі туралы шешім қабылданды, жаңадан хан сайлау, Қайып хан мәселесі қаралды, бірақ Игельстром бұл шешіммен келіспеді. Старшындар патша үкіметіне адалдыққа ант берді. Игельстром 17 старшынға ауылымен Сахарная бекінісінен Гурьевке дейінгі Орал бойында көшіп-қонуға рұқсат етті, бұл өз кезегінде көтерілісті бәсеңдетуге көмектесті.
1786 ж. сәуір айында қайта көтерілген қазақтардың тегеурініне шыдамаған Нұралы хан Ресейден қорған іздеді. ІІ Екатерина шешімімен биліктен аластатылып, саяси қуғындалушы ретінде Уфаға жер аударылған Нұралы 1790 жылы сол жерде қайтыс болды. 1791 жылы Ералы Кіші жүзге хан болып сайланды.
Қазақ даласында болып жатқан жағдайды патша әкімшілігі өз пайдасына пайдалануды көздеп, хандық билікті жойды. 1786 жылы «Игельстром реформасы» аталған Кіші жүзді басқару жобасы мақұлданып, бекітілді. Саяси билік Орынбор әкімшілігінің қолына шоғырландырылды, шекаралық сот үлкен құзыретке ие болды. Сонымен қатар керуен сарай мен бірнеше қала тұрғызу ұйғарылды. Дәстүрлі қоғамдық-саяси ұйымдарды түбегейлі өзгерту Қазақстанды бейбіт жолмен отарлауға бағындыруды көздеді. Реформаның мақсаты Кіші жүздегі хандық билікті жою болып табылды.
Ірі старшындар мен билер басым бөлігі хандық билікті сақтауды қолдай отырып, реформаның жүргізілуіне қарсы болды. Жаңа басқару аппараты өміршең болмады, расправа (жаза, жәбір) бірде-бір рет жиналмады. Шындығында, билік старшындардың қолында болды. Нұралы ханның інісі Ералы сұлтан басқарған хандық билікті қалпына келтіру әрекеті басталды. Оны Орта жүзден Уәли хан, Абылайдың ұрпақтары – сұлтандар қолдады. 1786 жылы тамызда Ералы және оның маңындағылар жүзде орын алған бақытсыздықтың басты кінәлілері деп есептеп, Сырым мен оның серіктестерін ұстады. Сондай-ақ Ералы Сырымды Нұралы ханға айырбастауды да ойластырды. Барон Игельстром өз реформасының тірегі болады деп есептеп, Сырымды тұтқыннан босатуды жақтады. 1786 жылы көктемде Сырым тұтқыннан босатылды.
Осы жылдың қыркүйек айында шекаралық сотты құруға келісілген старшындар съезі шақырылды. Сот 1786 жылы ашылып, Сырым тархан лауазымына ие болды, патша әкімшілігі тарапынан биліктен шеттетіліп, қолында толықтай билігі жоқ Сырым серіктестерімен бірге өз билігін жергілікті жерлерде нығайтуға тырысты. Өзінің дербес саясатын жүргізе отырып, ол Орынбор әкімшілігімен арақатынасын алшақтатып алды әрі реформаны орындамау көтерілістің жалғасы екендігін түсінді.
Патша үкіметі реформаның еш нәтиже бермегенін көре отырып, хандық билік пен бұрынғы басқару жүйесін қайта қалпына келтіруді ұйғарды. Алғаш рет О. Игельстром 1792 жылы жұмыстан босатылып, орнына 17921794 жылдар аралығында жаңа губернатор А.А. Пеутлинг тағайындалды. Ол отарлау саясатын одан әрі күшейте түсті, қазақ даласына көтерілісшілерді жазалау үшін үнемі жазалаушы отрядтарын жіберіп отырды.
Жаңа губернатордың басшылығы кезінде хандық билік қалпына келтіріліп, Ералы сұлтан хан сайланды. Сырым бұл жағдайға өз қарсылығын білдіріп, көтерілісшілерді шекаралық шептерге шоғырландырды. Көтерілістің жаңа кезеңі басталады, Сырым патша үкіметінің тікелей қарулы күшіне қарсы тұрып, Ресейге соғыс жариялады. Жергілікті әкімшілік қозғалысқа қатысы барын анықтап алмай қазақ ауылдарын шабуылдауға көшті, осыдан кейін 5000 түтін Оралдан көшіп кетті. Патша әскерімен бірге көтерілісті басуға Сырымның қарсыластары сұлтандар да атсалысты.
Сырым Дaтұлы Дерек көзі: www.zkolib.kz502 admin
Қозғалыстың жаңа кезеңінде батыр тұрақсыздық пен тиянақсыздық танытып, хандық билікті жою талабынан бас тартты. Сырым «тіл алғыш» хан таңдаудағы билер мен старшындардың талабына қосылды.
1794 жылы жазда Ералы хан қайтыс болып, Орынбор әкімшілігі Нұралы ханның ұлы Есімді хан етіп сайлады. Қозғалыстың жаңа өрлеу тұсы 1795-1796 жылдары жұттан кейін басталады. Есімнің өзіне көмектеспейтінін түсінгеннен кейін Сырым оған да қарсы соғыс жариялайды. Оның бір бітімге келмеу ұстанымы көптеген старшындардың одан теріс айналуына алып келді. Қайта билікке келген Игельстром оны бейтарап қалдыру үшін батырмен келісімге келуге тырысты. Бірақ 1797 ж. көктемде Есім хан Сырым сарбаздары қолынан қаза табады. Қазақ даласында Айшуақ сұлтан басшылық еткен хандық кеңес шақырылды. Игельстромды күтпей, халық съезін шақырмай-ақ кеңесте жаңа хан сайланды, ол Қаратай сұлтан болатын. Бұл ру басшыларын қолдаған сұлтандардың хан кеңесіне наразылығын білдіретін еді. Сырым Сырдария аймағында көшіп-қонды, старшындармен татуласып, күресті тоқтатамын деп мәлімдеме жасады. Ол хан кеңесі алдына Кіші жүздегі жағдайды тыныштандыру, руаралық барымтаны жою, Орал казактарымен қақтығыстар, тұтқындар алмасу жөніндегі өзінің талабын қойды. Соның ішінде Кіші жүздегі старшындық басқару қалпына келтірілді, Игельстром Айшуақты хан сайлайды. Бұл ұсыныс сұлтандарды да, ру старшындарын да қанағаттандырды. Жасамыс тартқан Айшуақ хан қазақ жүздері өмірінде шешуші рөл атқармады. Ру старшындары мен сұлтандар бір мәмілеге келіп татуласуы С. Датұлының жанына рубасыларын топтастырып, сұлтандар мен патша әкімшілігіне қарсы күрес жүргізуіне кедергі келтірді. Жазалаушы отряд қудалауына түсіп, жақтастарының басым бөлігінен айырылған Сырым Кеңес отырысына келіп, күресті тоқтататындығын мәлімдеді. Сырым 1797 жылы Хиуаға қоныс аударып, 1802 жылы сонда қайтыс болады. Аңыздарға қарағанда уланып өлген.
14 жылға созылған көтерілістің жеңіліс табуына билер мен старшындардың сатқындығы, басшылардың тұрақсыздығы, Жайық пен Еділ аралығында мал жаюға рұқсат етілуі, көтерілістің бірден-бір себебі саналған жер мәселесінің уақытша бәсеңдеуі себеп болды.
Көтерілістің басты қозғаушы күші феодалдық және отарлық езгіден, хан, сұлтан, патша әкімшілігі озбырлығынан құтылуға талпынған шаруалар болды. Олар Еділ мен Жайық аралығындағы тартып алынған жерлерін қайтарып алуға ұмтылды. Көтеріліске жүздегі өз жағдайларын нығайтуға ұмтылған билер мен старшындар да қатысып, хандар мен сұлтандарды билікпен бөлісуге мәжбүр етті. С. Датұлы халық бұқарасының жер үшін күресін қолдай отырып, мемлекеттіліктің жаңа формасын құруға, хандық билікті халық жиналысымен алмастыруға, олардың арасында билікті старшындардың қолына беруге ұмтылды.
Қазақ халқы тарихындағы Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтары көтерілісі маңызды тарихи оқиға болып табылады. Бұл көтеріліс ұлт-азаттық сипатқа ие бола тұра, ұлттық сана-сезімінің өсуіне әсер етті. 1783-1797 жылдары ірі қозғалыс феодалдық және отарлық езгіге қарсы бағытталып, Кіші жүздегі хандық билікке кері әсер ете отырып, оның толық жойылуына себепкер болды.
Бақылау сұрақтары:
1. 1782-1783 жылдары Кіші жүз жерінде қандай ауыр жағдай болды?
2. Кіші жүзде хандық билікті жойып, отарлауды тездету және әкімшілік билеуді іске асыру туралы реформаның жобасын дайындаған кім?
3. Кіші жүздегі Қазақ шаруалары көтерілісі кезіндегі басты оқиғаларды айтыңыз.
4. 1790 жылдардың басында Сырым көтерілісінің қайта өрлеуіне не түрткі болды?
5. Жайықтың оң жағалауына қазақтардың көшіп-қонуына рұқсат берген патша жарлығы қашан шықты?