Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 6

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 4. XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Ресей үкіметінің саясаты

Оглавление

XVIII ғасырдың екінші жартысында Батыс Қазақстан территориясындағы маңызды мәселелердің бірі жер мәселесі еді. XVIII ғасырдың 30-жылдарынан бастап Ресей үкіметі Ресей мемлекеттілігі концепциясын басшылыққа ала отырып, қазақтардың жерін де, өзін де империяға бағынышты етуден үміттенді. Өлкенің әрбір әкімшілігі Ресей империясы билігіне толықтай әрі тұтастай кіргелі жатқан жер өсіміне өз үлесін қосуға тырысты. Осы саясатты жүзеге асыру барысында қазақтардың, қалмақ, башқұрттардың дербестіктері толықтай жойылды, сонымен бірге ресми билік жергілікті халықтың батыл қарсылығына тап болды. Сондықтан да олар жерді бөлшектеудің және бөлудің түрлі әдістері мен амалдарын: ұлттарды бір-біріне айдап салуды, халықтың барлық тобынан өздерінің агенттерін жасақтауды, казактарды отарлаудың басты күші ретінде толықтай бағындыруды қолдана бастады. Бұл саясат И.И. Неплюевтің «қосымша» жоспары түрінде рәсімделді де империя үстемдігі Қазақстанда түрлі жолмен жүзеге асырылды. Бұл саясат аймағы империямен шекаралас жатуына байланысты Батыс Қазақстан территориясында толықтай атқарылды. Осы себептен де қазақ рулары мен барлық Кіші жүздегі билік құрылымындағы қарамақайшылықтар, сондай-ақ ұлт-азаттық қозғалыстардың қиыншылықтары, Ішкі (Бөкей) ордасының Ресей әкімшілігіне қайта бағынуы туындайды.

XVIII ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамында бірыңғай орталықтанған билік пен мемлекеттілік мәселесі өзекті болды. 1748 жылы қазан айында Орынбор әкімшілігінің қатысуымен Нұралы сұлтанға хан атағын беруіне байланысты сайлау болып өтті. Осы мәселені шешу үшін сұлтандар кеңесі шақырылды. Орта және Кіші жүз руларынан жиналған 1000 адамның ішінде билер, батырлар, сұлтандар болды. Нұралы патша үкіметіне өзін хан ретінде бекіту жөніндегі өтінішін білдіріп, 1748 жылдың соңында Нұралы ханның мемлекеттік жалақысы жылына 600 рубль көлемінде бекітілді.


Нұралы әкесінің Кіші жүздегі билігін де сақтап қала алмады. Шекті руы Батырды өздерінің ханы деп мойындады. Нұралының інілері – Айшуақ пен Ералы өз алдына тәуелсіз болғысы келді. Сырдария сағасын иеленген Ералы Нұралыға бағынышты болған жоқ. Батыр сұлтан өзіне қарасты руларымен Сырдарияның төменгі ағысы мен солтүстік Арал жағалауындағы жайылымды жерінде көшіп-қонып жүрді. Әбілқайырдың өлімінен кейін ол ресми түрде хан болып жарияланды. Оның иелігіне шекті ауылының, шөмекей, төртқара руларының бір бөлігі қарады. Хан ұлы Батыр Хиуада да билік жүргізіп отырған еді.

Нұралының ішкі жағдайы да тұрақсыз болды. Ол сыртқы қолдауға зәру болғандықтан, жәрдемді патша әкімшілігінен тапты. Сонымен бірге алғашқы кезде Нұралы барлық қазақ жүздеріне ұлы хан болуды ойлайды. Ал шындығына келгенде Нұралының шынайы билігі мен қожалығы Ембі мен Орал аралығында көшіп-қонған қазақтармен, байұлы, жетіру руларымен ғана шектелді. Кіші жүздің саны жағынан да, ықпалы жағынан да басымдыққа ие әлімұлы рулық бірлестігі Нұралыға бағынбады. Өте беделді рулардың бірі саналған шекті руы да одан көшіп кетті.

Шекаралық барымта, анығырақ айтқанда, бір-бірінен мал айдап кету отарлық экспансияның көрінісі және онымен орыс-қазақ шекарасында жүргізілген күрес биліктің тәртібіне бағынбады. Орал бойында орналасқан Ресей шекаралық отрядтары бейбіт қазақ ауылдарына жиі-жиі шабуылдар жасап отырды. Өздерінің жазаланбайтындығын көріп отырған Ресей шекаралық күзетшілерінің бір бөлігі үшін қазақ даласына шабуыл жасау біртіндеп оңай олжа табу көзіне айналды. Олардың бастамашылары Орал казак әскерінің старшындары болды.

Кіші жүз үшін маңызды мәселелердің бірі «ішкі жаққа», яғни Жайық пен Еділ аралығына көшіп-қону мәселесі еді. 1756 жылы қазақтарға қыстың күні Оралдың батыс бөлігіне мал жаюына тыйым салынған патша жарлығы шықты. Ал жазда Оралдың сол жағалауындағы жұтаң жайылым мал тұяғына тапталып жатты, яғни ол жерде қамыс төселген жер де, қысқы тұрақ үшін шөп те, тоғай да болмады. Қысқы бұрқасын мен боранда жаппай малдың қырылуы орын алды. Нұралы хан, билер мен сұлтандар осындай орын алған жағдайларға алаңдады. Бұл мәселе хан мен ру старшындарының, ірі билердің жағдайын қиындатты. Патша жарлығының ресми түсіндірмесі қазақтар мен қалмақтар арасындағы қақтығыс отын тұтатып, бір-бірінен барымта алуды күшейтуге құрылды. Дегенмен бұл жарлықтың астарында тағы да мынадай сыр жатқан еді: қазақ қоғамын экономикалық жағынан әлсірету, оларды сыртқы ықпалдан оқшаулау. Өз кезегінде мұндай ахуал жер пайдалану мәселесін одан әрі ушықтыра түсті. Жайылым жерлердің жетіспеушілігінен, қыстың қатты болуынан қазақ шаруалары зардап шекті. Жер иеленудегі рулық айтыс-тартыстар, егестер қатардағы көшпенді малшыларға ауыртпалық әкелді: олардың жайылымдық жер көлемі, көшіпқону жолдары да қысқартылды, одан сорақысы бұл жағдай жылдан-жылға шиеленісе түсті.

Қазақтардың жер қожайындары «ішкі жаққа» көшіп-қону құқығына қол жеткізудің қажеттілігі мәселесі төңірегінде ауызбіршілікте болды. Осындай талаптарын алға тарта отырып, Нұралы ұзақ уақытқа созылған хат алмасулар жүргізді, бұл жерлерді қазақтардың пайдалануына рұқсат беру туралы көптеген өтініштер де түсірді. Осындай хат алмасулар мен келіссөздер негізінде қазақтар бұл тәртіпке қол жеткізіп, 1759 жылдың қысында қазақтардың айтарлықтай бөлігі Оралға қарай өтті. Дегенмен мұнда олар қазақтардың 40 мыңға жуық малын айдап әкетіп бара жатқан қалмақтармен қақтығысып қалды.

Патша билігі өкілдері қазақтардың «ішкі жаққа» көшіп-қонуына әр түрлі көзқараста болды. Сонымен, Орынбор әкімшілігінің белді тұлғалары П. Рычков пен А. Тевкелев қазақтарды Ресей билігі жағына тартуда оларды шегіну жолымен батысқа қарай тартамыз деп есептеді. Бұл әкімшілік қызметкерлері қазақтардың Жайықтың оң жағалауына көшіп-қонуына қалыпты тұрғыда қарады. Бірақ Орынбор губернаторы А.Р. Давыдов ешқандай да мәмілеге келмей, ортақ бір пікірге тоқталуды талап етті. Патшайым қазақтардың қиын жағдайының байыбына бармай Жайықтан өтуге қатаң тыйым салды.

Ортақ шекараның қалыптасуы және Ресей мен қазақ жүздері жерлерінің шектесуіне байланысты құлдардың Ресей жағына қашып кету жағдайлары көптеп орын алды. Патша әкімшілігі оларға христиан дінін қабылдау талабын қойды. Құлдарды бос жерлерге жіберді, жер қазу жұмыстарына пайдаланды, рекрутқа (патшалық Ресейде армия қатарына жаңадан алынған солдат) жұмылдырылды, олардың басым бөлігі ауқатты тұлғаларға қызмет етті. Байлар мен сұлтандар құлдарды қайтару жолында бірнеше рет хат алмасты, алайда патшалық үкімет келісімін бермеді.

Жайылымдық жердің тарлығы Кіші жүз қазақ руларының бір бөлігін Жайық, Сағыз аудандарынан Ембі жағалауына, Сырдария сағасына көшуге мәжбүр етті. Бұрынырақ бұл жерлерде қазақ қауымы шашыраңқы орналасқан еді. Қазақтардың жаппай көшуі орын алмаса да олардың бір бөлігі оңтүстік шекараға қарай кетті.

Кіші жүз қазақтары мен башқұрттар арасындағы қарым-қатынас өте күрделі болды. Батыршы қолбасшысы бастаған башқұрттар көтерілісі кезеңінде патша әкімшілігі бір ұлтты екінші бір ұлтпен араздастыруға көшті (бір-біріне айдап салу). Патша әскерінің тегеурінінен 50 мыңға жуық башқұрт Қазақстанға ауып кетті. Олардың басым бөлігі Кіші жүз шекарасына тұрақтады. Көтерілісшілер қазақтармен күш біріктіре отырып, күресті жалғастыруды көздеді.

Орынбор өлкесінің билеушісі И.И. Неплюев қазақ хандары мен сұлтандарына башқұрттарды ұстап беруін талап етті. Алайда Орта жүзде бұл талапқа еш мән бермеді. Бірақ Кіші жүзде Ералы, Айшуақ, Нұралы және олардың төңірегіндегілер башқұрттарға қысым көрсетіп, олардың көбісі дерлік байлар мен сұлтандар арасында бөліске түсті. Сондай-ақ бұған қайшы жағдайлар да орын алды. Жетіру руы ауылдарында башқұрттар тату болды, онымен қоса шекаралық шептерге бірлесе отырып, соққы беру үшін ортақ әскер ұйымдастырды. Бұл жағдайлар екі халықтың қарым-қатынасында көптеген жылдар бойы өз әсерін қалдырды. Батыршы бастаған көтеріліс кезеңіндегі қақтығыстар мен оқиғалар екі халықтың қатынасын сипаттап берді. Оларды туысқандық, мәдени өзара қарым-қатынастар байланыстырды.

Қазақ даласының батыс, солтүстік және солтүстік-шығысқа созылған кең аумағына патшалық бекініс шептерін салды. Олар тек әскери база қызметін атқарып қойған жоқ, сондай-ақ Ресейдің отарлық саясатын жүзеге асырушы құралы да болды. Қазақ даласы жағына қарай жылжи түскен казак бекініс шептері қазақтардың көшіп-қонатын жерлерін тарылта түсті. Сондықтан да байырғы өз жерлерінен қуылған және қысымға түскен қазақтар Жайықтың оң жағалауына рұқсатсыз өтуге мәжбүр болды. Үкімет өлкедегі отарлық үстемдікті орнықтыру бойынша жаңа акт қабылдады. Сонымен, казактарға қазақтардан адамдар мен малдарды рұқсатсыз тартып алуына (сол кездегі көрінісі – барымталауға) жол берген қаулы 6 қарашада бекітілді. Бұл қаулы 1760 жылдың 18 шілдесінде адамдар мен малды барымталауға жалғыз-жарым емес, «топтанған командамен» баруға рұқсат етілген шешімдермен толықтырылды. Пугачев көтерілісі басылғаннан кейін 1755 жылы 25 шілдеден бастап Орынбордағы кез келген қазақты күдікті ретінде ұстауға ресми түрде рұқсат етілді, ал 1779 жылы 4 қазанда кез келген қазақты өзге қазақтың жасаған тәртіпсіздігі мен қылмысына қатысты ұстауға өкім шығарды. Сонымен қатар оның заңды жалғасы ретінде 1783 жылдың 3 қарашасында шыққан қаулы «казактар мен башқұрттардан әскери жазалаушылар ұйымдастырып», қазақ халқын үнемі тонауға зор мүмкіндік берді. Бодандық туралы актіге қол қойылғаннан бастап қазақтар үнемі империя тарапынан жүргізіліп отырған малдарын айдап әкету, керуенге, бекіністерге, редуттарға, т.б. шабуыл жасау саясаттарына әскери және саяси қарсылықтар, яғни тұтқындарды ұстау, бұйрықтарды орындамау, саяси бағыныштылықтан бас тарту сияқты қарсылық әрекеттерге барды. Қазақтар тарапынан қарсылық күшейген сайын халықты ауыздықтауға қатаң шаралар қолдана бастады.

Хандар мен сұлтандар дәстүрлі ақсүйектер – старшындар, билер, батырлармен ақылдаспай, құқын шектей берді. Олар барған сайын патшалықтың далалы аймақтағы тірегіне айналды, оның саясатын жүргізді, ру ақсүйектерін биліктен қуды. Патша әкімшілігі билеуші топтар арасындағы араздықты тиімді пайдалана білді. Ру аралық күрес еңбекші қауым шаруалардың тынышын алды.

XVIII ғасырдың ортасында саяси дағдарыс салдарынан Кіші жүз территориясы екі хандыққа бөлінді. Нұралы ханның қарамағына қараған қазақ рулары Батыр хан иелігіне қарайтын Арал бойы мен Сырдария бойындағы қысқы жайылымдарды пайдалану құқығынан айырылды. Бұл ру қазақтары батысқа Каспий ойпатында орналасқан жайылымға жылжуға мәжбүр болды. Дегенмен Орал бекініс шебі Оралдың оң жағалауына қазақтардың қыстауына кедергі келтірді.

Қазақ старшындары патша үкіметіне 1756 жылғы қазақтарға «ішкі жаққа» өтуге тыйым салған жарлықтың күшін жоюды және сол жерлерді қысқы жайылым ретінде пайдалануға беруге рұқсат сұрады. Алайда Сыртқы істер алқасы 1771 жылы бұл іске тағы да тыйым салды.

1775 жылы патша үкіметі жергілікті басқару жұмыстарын қайта ұйымдастырды. Орынбор губерниясы таратылып, Кіші жүз бен Орта жүз аумағының бір бөлігі Сібір және Уфа генерал-губернаторлықтарының құрамына кірді. Орынбор обер-комендантына Кіші жүздегі патша әкімшілігінің жергілікті мекемелерінің іс-шараларын, оның ішінде Орал бойындағы шекаралық шептерді қайта қалпына келтіріп, бекініс гарнизондарын күшейту сияқты іс-шараларын тікелей жүргізу тапсырылып, сол үшін шекара істері комиссиясы құрылды.

1782 жылғы жарлық бойынша қазақ ауылдары хан шекаралық биліктен рұқсат алған жағдайда ғана Жайық арқылы өте алды. Нұралы және оның жақын туыстары қоныстарға иелік етуде Орал казак әскерлері старшындарымен келісімге келе отырып, құқықтарын барынша асыра пайдаланды. Әскери старшындар Жайықтан ақы төлемей өткен ауылдарды тонап, ал қазақтарды тұтқынға алып отырды. Сол кезде хан және оның маңындағылар халықтан тұтқындарды босатып алу үшін қаражат жинады. Жиналған қаражатты Орал әскери старшындарымен бөлісіп отырды. Осылайша, «әскери барлау» ісі ханның, шекаралық әкімшіліктің және казак басшыларының тұрақты табыс көзіне айналды.

Бақылау сұрақтары:

1. XVIII ғ. басындағы қазақ даласындағы тарихи ахуалды сипаттаңыз.

2. А.И. Тевкелев елшілігінің миссиясы.

3. Орынбор экспедициясының құрылуын және оның қызметін баяндаңыз.

4. Қазақ даласындағы саяси жағдайдың шиеленісу себептерін ашып көрсетіңіз.

5. Нұралы хан басқару кезеңіндегі Кіші жүздегі саяси жағдайды айтыңыз.

6. Кіші жүздегі саяси тоқырау кезеңін сипаттаңыз.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх