Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 13

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІІ тарау
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
§ 5. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының ұлтазаттық қозғалысы

Оглавление

Жоламан Тіленшіұлы бастаған қазақ халқының көтерілісі. XIX ғасырдың 20-30 жылдары Кіші жүздегі қоғамдық-саяси жағдайдың күрделенуі, патшалық Ресейдің жаулап алу саясатын жеделдетіп, қазақ қоғамында өзгерістер енгізуде ортаазиялық хандықтардың басқыншылық саясатының негізінде түсіндіріледі. Бұл кезеңдегі халық наразылығы жергілікті толқуларға ұласып, ірі көтеріліс ошағына айналды.

Осы кезде патшалық отарлаушылардың өмір сүріп отырған жерінен ығыстырылған Жаңа Елек мекеніндегі табын руының қазақтары Жоламан Тіленшіұлы бастауымен, қолдарына қару алып, көтеріліске шықты. Көтерілістің ерекше кең өріс алған кезеңінде 1835 жылы шекаралық күзет орны мен бекіністердің күйреуі, хандар мен сұлтандардың тонаушылық әрекеттері шешуші шаралар қолдануға мәжбүрледі. Бірақ қанаушы әскерлермен болған қақтығыстардың салдарынан Жоламан Тіленшіұлы туған мекенінен кетіп, үш жүзді қамтыған Кенесары Қасымұлы бастаған ірі көтеріліске қосылады.

Жоламан Тіленшіұлы – қазақ батыры, XIX ғасырдың 20-30 жылдары Кіші жүздегі қазақтардың азаттық жолындағы күресін басқарушы. Көрнекті қазақ ғалымы, тарихшы Е.Б. Бекмаханов «Қазақстан XIX ғасырдың 2040 жылдарында» атты монографиясында Жоламан Тіленшіұлы мен Саржан Қасымұлы бастаған көтеріліс тарихына «Саржан мен Жоламанның стихиялық қозғалысы (20-30 жылдар)», («Стихийное выступление Саржана и Жоламана (20-30-е годы)» атты тарау арнап жазды. Бұл көтерілістер Кенесары Қасымұлы қозғалысының жаршысына айналды.


Кіші жүз жерін, жайылымдық жері кең, суы мол, тұз кеніне бай Жаңа Елек ауданын жаулап алып, Елек тұзын тасымалдау қажет деген сылтаумен жаңа бекіністер тұрғызды. Бекініс құрылысынан кейін жүк тасушылардың қауіпсіздігі үшін деп бекітілген шепті (линия) Елек өзеніне көшірді. Жаңа Елек шебі 29 бекіністен құралды. «Орал, Елек, Берденкі және Құрат өзенінің бойындағы аудандардың ең жақсы деген 7 мың десятина жерінен қазақтар айырылып қалды. Бұл жерге Ресей үкіметі Орынбор және Орал орыс-казактары мен шаруаларын орналастыра бастады. Бекіністердің салынуымен қазақтар көшпенді ортадан ығыстырылды. Бұл жағдай Жоламанның көтеріліс бастауына себеп болды»29, – деп Е. Бекмаханов Кіші жүздегі қозғалыс себептерін түсіндіреді.

Алғашында, Ж. Тіленшіұлы жер мәселесін бейбіт түрде шешуге тырысып, Орынбордың әскери губернаторы П. Эссенге30 хат жолдады. Бейбіт келісімге келу мүмкіндігі бірнеше мәрте іске аспағандықтан, Жоламан батыр қарулы соғысқа шықты. Бұл қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы тарихында ең ұзаққа созылған қақтығыстың бірі болды.

Жоламан Тіленшіұлы бастаған қозғалыс тарихы бойынша негізгі дерек көздеріне, көбінесе, Орынбор облысының мемлекеттік мұрағаты, бүгінде Қазақстан Республикасының орталық мұрағаты, КСРО тарихи мұрағатының № 4 қорындағы материалдар мен құжаттар жатады. Е.Б. Бекмаханов еңбегіндегі сілтемелерде көрсетілген Орынбор қаласы мұрағатының қорларында Чкалов мемлекеттік тарихи мұрағаты қоры көрсетілген. Екеуі де бір болып табылатын мұрағат Орынбор қаласында орналасқан, кейін 1938 жылы қалаға Чкалов қаласы атауы берілсе, 1957 жылы қалаға бұрынғы атауы – Орынбор қайтарылды.

1824 жылы Кіші жүздегі хандық биліктің жойылуынан кейін Қаратай сұлтан31 орданың батыс бөлігінде билеуші сұлтан болып тағайындалды. Ол Жоламан Тіленшіұлының бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты.

Ж. Тіленшіұлының басқаруымен қазақтардың патша отаршыларына қарсы қозғалысының басталуына себеп патша үкіметінің өктемдік саясаты нәтижесінде табын руының қазақтарына жайылым мен су қоры болған Жаңа Елек ауданын тартып алу еді. Жоламан батыр мен оның жақтастарының патша әкімшілігі үндеуіне қатысты өткір айтылатын басқа да себептері бар: Елек өзені бойында 22 бекіністің салынуы нәтижесінде қазақтар Елек өзенінің ішкі жағалауынан айырылды; Нарын құмын орыстар мен башқұрттар иемденді; Шерғазы32 жағынан әділетсіздік пен басынушылық басым болды және т.б.

Көтеріліске қатысушылар алдына басты екі міндет қойды: қазақтарға тартып алған жерлерді қайтару және Арынғазы33 ханды босату. Ескеретін мәселе, Жоламан батырмен бірге Сырымның ұлы – Жүсіп көтеріліске қатысты. Шерғазы ханға орыс бекініс шебін паналауға тура келді.

Жоламан батырдың әскері шекара заставасына, билеуші сұлтандардың қоныстарына қарсы қозғалыс бастады. Ж. Тіленшіұлының ізінен бірнеше рет жазалаушы әскер жасақталды. 1835 жылы Жоламан батыр бастаған көтеріліс кең өріс алды. Бұл уақытта көтеріліске қатысуға қазақтардан Орск пен Троицск аралығында жаңа шептің салынуына орай 10 000 шаршы шақырым жерден айырылған жағалбайлы, жаппас, алшы, арғын, қыпшақ рулары стихиялы түрде бас көтерді.

Ж. Тіленшіұлы кейін Саржан Қасымұлы бастаған Орта жүз қазақтарының көтерілісіне қосылды. Кенесары Қасымұлы басқарған Орта жүз қазақтары көтерілісі басталған кезде Жоламан батыр көмек көрсетуге асықты. Е. Бекмахановтың пікірінше, ол Кіші жүз қазақтарының белгілі бір бөлігіндегі көтерілісшілерді біріктіруші болды. Өзінің уәкілдері арқылы шекаралық шепке жақын көшіп жүрген қазақтарды Кенесары қозғалысына қосылуға шақырды.

Жер үшін күрес, тартып алынған жайылымдар Ж. Тіленшіұлы қозғалысына түрткі болды. Е. Бекмахановтың көзқарасы бойынша, мұндай күрес Орта жүздегі Саржан Қасымұлы қозғалысының басталуына себепші, алайда Саржан көтерілісінде Жоламан батырдың қозғалысына жат, әсіресе Абылай хан ұрпақтары, сұлтандары билеген Қазақ хандығының қайта құруға бағытталған саяси себептер орын алды.

1836-1838 жылдардағы Бөкей хандығы қазақтарының қозғалысы. Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің маңызы зор. 1801 жылы Еділ мен Жайық өзені арасындағы жерлерге Бөкей хан басқарған 5 мың қазақ шаруаларының қоныстануы негізінде Ішкі (Бөкей) орда қалыптасты. 30-жылдың соңында орда халқын 20 мың шаруа мен 80 мың адам құрады. Жер мен жайылымдар тең дәрежеде бөлінбеді. Аз уақыт ішінде 273 мың десятина жер қазақ феодалдарына және орыстың Юсупов пен Безбородко секілді ірі жер иеленушілеріне жеке иелікке берілді.

Жәңгір хан 400 мың десятина жерді өзіне бекітті. Бұл жағдайды өз пайдасына тиімді пайдаланған ханның туысы, сұлтан лауазымын иеленбеген Қарауылқожа Бабажанұлы еді. Қарауылқожа жерді жалға алушы помещиктермен есептесіп, кейін өзінің қалауымен, ханның туысы ретінде жалға алған жерілерге мал жаюға рұқсат берілген қазақ ауылдарынан жер ақысы, айыппұл, салық түрлерін жинап отырды.

Ресей жаулап алушылығы салдарынан Бөкей ордасын жан-жағынан орыс елді мекендері, станица мен помещик иеліктері қоршады. Оралға өткен қазақтар белгіленген пунктерге ғана орналасты, оларға қазына үшін алынатын төлемнен басқа, қосымша алым-салық түрлері салынып, күш көрсетілді.

Каспий жағалауындағы ірі жер иеліктерін орыстың ірі помещиктері, князь Юсупов пен граф Безбородко иемденді. Бұл помещиктерді басқарушылар қазақтардан шекараны асып өткені үшін ақы төлетті, айыппұл салып отырды. Қазақтар белгісіз шекарадан өткені үшін әр үйге он сом, әрбір мал басына он сом және арбаға тиелген шөп үшін 10 сом айыппұл төлеген. Орда билігін Жәңгір хан иеленді, ол әкімшілік бірліктердің территориялық принциптер бойынша құрылуы туралы ережеге сай жеке-дара сайланған сұлтандар, қожалар, билер мен ру старшындарына иек артты.

Бөкей ордасы кең көлемді құмды аймақты алып жатты және салыстырмалы түрде аз ғана территория отырықшылық пен жер өңдеуге жарамды болды. Айналасы тұйықталған территория, орыстың ауылдары мен помещик жерлерімен тығыз қоршалып, көшпенді мал шаруашылығымен айналысуға кедергі жасады. Патша үкіметінің қолдау көрсетуі аз болғандай ірі феодалдық таптар өктемдік жүргізуді және қанаушылық әрекеттерді күшейтті. Қазақстанның облыстарында дәл Бөкей ордасындағыдай қанаушылық пен өктемдік көрсетудің қатаң формасы болмаған. Хан және оның жақтастары жер өңдеуге пайдаға асатын ортақ жерлерді жаулап ала бастады. Осылайша, Жәңгір хан 400 000 десятина, Қарауыл қожа 700 000 десятина жер иеленді. Жәңгір хан өз билігі тұсында әр түрлі тұлғаларға жерді иеленуге 1517 акті берді.

Орданың тұрғындарына қатаң салық салынды: «зекет» салығы – жылына 115 000 мың сом түсетін мемлекеттік салық түрі, «соғым» хан мен оның шенеуніктерінің жағдайын қамтамасыз етуге мал түрінде алынып отырды. Хан өзінің пайдасына жыл сайын 4000 жылқы мен 24 000 қой жинады. Бұл тек «соғымның» тіркелген саны ғана, ал негізінде оның саны бұдан да жоғары болды34.

1827-1829 жылдары Ішкі ордада көтерілістің алғашқы толқыны өтті. Қазақ ауылдары Оралдың ар жағынан келе бастады. Старшын Серкеш Жақсыбайұлы Орал әскерінің атаманы Бородинге «Оралға өтудің себебі хан тарапынан қысымшылықтың көрсетілуі; әділетсіз және салық төлеушілердің жағдайын ескермейтін салықтың салынуы» деп түсіндіреді. Қатаң жер дағдарысы, салық ауыртпалығы, жерді тартып алу, феодалдар арасындағы талас-тартыстар 1836 жылы көтерілістің бастауына түрткі болды. Көтерілісті бастаған батырлар Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы еді.


Исатай Тайманұлы // Дерек көзі: http://religioved.com


Исатай Тайманұлы (1791-1838 ж. 12 шілде) руластары арасында жоғары қабілетімен ерекшеленген, 1812 жылы Жайық тармағының старшыны қызметіне Бөкей ханның қалауымен тағайындалды35.

Исатай батырдың жақын серігі, ақын Махамбет Өтемісұлы болды (1803 ж. 20 қазан және 1846 ж.), ресейлік құжаттарда Мухамед Утемисов деген атпен тіркелген. Ол татар және орыс тілдерін меңгерген. Хиуада жүріп, Орынборда тұрған. Махамбет батыр орыс жазушысы мен этнографы В.И. Дальмен және ғалым-саяхатшы Г.С. Карелинмен таныс болған. Алғашқы білімін медреседе алған. Оқуын Орынборда жалғастырып, кейін 1824 жылы танымал ақынды Бөкей ордасының ханы Жәңгір өзінің ұлы – Зұлхарнайға тәлімгер етіп Орынборға жібереді. Осы жерде Махамбет Өтемісұлы орыс тілін меңгеріп, орысша сауат ашады. Сонымен бірге өте діндар адам болған, ислам қағидаларын өте жақсы білген. Ол бес жыл көлемінде ханның мұрагеріне тәрбиелеуші болды, кейін Махамбет пен Жәңгір хан арасында келіспеушілік орын алды.


Мaхaмбет Өтемісұлы. Дерек көзі: http: www.biografia.kz


Оның әскерін беріш руының Жайық тармағынан шыққан қазақтар құрады. А.Ф. Рязановтың пікірі бойынша, Махамбет қозғалысқа дем берді. Ол ордадағы үндеулерді жазды, ауылдарды аралап, Жәңгір ханға қарсы халықты шақырды, Исатайды қарулы қозғалыс жолына итермеледі.

Ұлт-азаттық қозғалыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең, 1833-1836 жылдарды қамтиды және қарулы көтеріліске дайындық кезеңі ретінде сипатталады. Екінші кезең, көтерілісшілердің ханға қарсы қозғалысы ретінде басталып (1837 жылдың басы), 1837 жылдың қараша айының ортасына дейін көтерілісшілердің жеңіліске ұшырауымен аяқталды. Үшінші кезең, Оралдың сол жағалауында Исатай мен Махамбет бастаған азғантай топ көтеріліске шығып (1837 жылы желтоқсан айының ортасы), көтеріліске жаңа күш жұмылдырды, алайда Ақбұлақ өзенінің жағасында көтеріліс жеңіліске ұшырайды (1838 жылы шілденің ортасы).

1837 жылдың басында көтеріліс аумағы кеңейе түсті. 1837 жылдың жазы мен күзіне қарай ірі байлардың ауылдарына көтерілісшілер басып кірді. Көтерілісшілердің ірі қолдары хан тағына жақындады. Исатай хан тағын күшпен тартып алғысы келмеді. Көтеріліске қатысушылар Жәңгір ханға Балқы би мен Қарауыл қожаны өз қарамағынан ығыстырып, билікті ру старшындарының қолдарына өткізуді және оларға қарсы бағытталған істердің тоқталуын, оның билер сотының қолына өтуін талап етті. Жәңгір хан үрейлене бастады. Келіссөздер басталып, ханға жаңа петиция тағайындалды. Исатай Тайманұлы ханмен болған келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешкенді жөн көрді.

15 қарашада таңата Тастөбе шатқалында көтерілісшілер мен екі мың әскер және хан жақтастарынан құралған Геке отрядымен шайқасқа түсті. Көтерілісшілер 100-ге жуық адамнан айырылды. Көтерілісшілерді қудалау барысында ондаған адам қайтыс болып, көтерілісшілердің үлкен көлемде ірі қара малы өлтіріледі, Исатай мен Махамбет Оралдың ар жақ бетіне өтіп кетеді.

Бөкей ордасындағы қозғалыс ендігі тұста Оралдың сол жақ жағалауына ауысады. 1838 жылы көктемде қозғалыс басшыларына ірі көтеріліс жасағын құруға мүмкіндік туады. Орынбор генерал-губернаторлығы Кіші жүз территориясындағы Исатай Тайманұлының көтерілісін басып-жаншуға жаңа отрядтар жібереді.

1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ пен Қиыл өзенінің арасында подполковник Геке басқаруымен қанаушыларға қарсы қақтығыс өтті. Қарсылас екі жақтың әскери күші тең болмады, көтерілісшілер аяусыз басып-жанышталып, Исатай Тайманұлы қаза болды. Қозғалыс басылғаннан кейін далада жасырынған көтерілісшілердің кіші топтары қатаң жазаланады. Олардың көпшілігі соққыға жығылып, каторгалық жұмыстарға жіберілді, мүлкінен айырылып, өзге аймақтарға қоныс аударылып жіберіледі. Махамбет Өтемісұлы қозғалысы жеңіліске ұшырағаннан кейін далада жасырынып, біраз уақыттан кейін хан мен шенеуніктерге қарсы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Алайда Махамбет 1846 жылы қазанда жау қолынан қаза болады.

Исатай мен Махамбет бастаған қозғалыстың негізгі қозғаушы күші жергілікті көшпенді халық болды. Көтерілісшілер арасында өзара бірліктің болмауы, көтерілістің стихиялық сипат алып, нақты жоспарлы түрде орындалмауы, ұйымдастырушылықтың жеткіліксіздігі көтерілістің жеңіліске ұшырауына басты себеп болды.

1837-1847 жылдардағы Ке несары Қасы мұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. XVIII-ХІХ ғасырларда орын алған ұлтазаттық көтерілістердің арасында көлемі жағынан ірі көтеріліс Кенесары Қасымұлының бастауымен болып өтті және оған үш жүздің де қазақтары қатысты. Алайда олар толыққанды біріккен қалыпта күреске шықпағанымен, біртіндеп көтерілісшілер саны артып, бір ауданнан екінші ауданға ауыса отырып, көтеріліс жаппай халықтық сипат алды36.

Қозғалыстың ерекшеліктері: қозғалыс үш жүзді де қамтып, көтерілісте халық бұқарасының барлық әлеуметтік тобының өкілдері қатысып, көтерілісшілер құрамы өзге де ұлт өкілдерінен тұрды37.

Көтеріліске бұхара халықтың жаппай қатысуы мен көтеріліс аумағының кеңеюі және соған орай нақты саяси сипат танытуы бұл көтерілісті басқалардан ерекшелеп берді.

Бұған дейінгі Орта жүз аумағында болып өткен отаршылдыққа қарсы күрестер қиын жағдайда еді, ол әкімшілік-саяси жаңа ережелер енгізілуімен тұспа-тұс келді. Халық арасында Ресей үкіметінің қазақ халқын тәуелсіздігінен айыру жолындағы барлық әрекеттеріне әр кезеңде екпінді наразылық пен қажырлы күрес көрсету байқалды. Алайда көтерілістер бірікпеген сипат алып, стихиялық түрде өтіп отырды. Бір жүзден шыққан көтерілісшілер екінші жүзден шыққан көтерілісшілерден бөлек және тәуелсіз болуды қалады. Соған орай қаруланған көтерілістер Қазақстанның белгіленген аудандарымен ғана шектелді. Дегенмен алғашқы ұлт-азаттық қозғалыстар патшалық Ресей саясатына қарсы қазақ ұлтының күш біріктіруіне ықпал етті. Бұл жайттар біртіндеп 1837 жылдан 1847 жылға дейінгі аралықты қамтып өткен қазақ даласындағы жаппай қозғалыстың орын алуына ықпал етті.

XIX ғасырдың 30-40 жылдары Кенесары Қасымұлының бастаған ұлтазаттық қозғалыстың басты мақсаты Ресей құрамына енбей қалған жерлерді сақтап қалу, үкімет тартып алған жерлерді қайтару, округтерді ыдыратып жіберу болды.

Кенесары қозғалысында әлеуметтік топ мүддесі басты рөл атқармады. Кенесары, негізінен, тәуелсіз Қазақ хандығын құруға кедергі келтірген, патша әкімшілігі мен Қоқан хандарының ыңғайына берілген ақсүйек өкілдеріне қарсы шықты. Ол қазақ халқының бірлігін сақтай отырып, орталықтанған мемлекетті қалыптастыру арқылы тәуелсіз мемлекет құрып, күшті орыс отаршылдығын тоқтатуды қалады. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында қазақтың территориялық бірлігін сақтау қажет болды. Аталған тұста Түркістан, Әулиеата қалаларымен бірге Ұлы жүздің белгілі бір бөлігі Қоқан хандығының иелігінде болды. Соған орай Кенесары Қоқан хандығы мен ортаазиялық хандықтарынан туып отырған қауіптің Ресей патшалығынан да қиын екендігін ұғынды және осы жолда Қоқан хандығына қарсы азаттық көтерілісін бастап та кетті.

Кенесарының әкесі Қасым төренің қоқандық хандармен ынтымақтастық орнатудың сәті болмады. Керісінше, екі ұлы – Саржан мен Есенгелдінің қаза болуына, кейін Қасымның өзінің қаза болуына себепші болды. «Саржан мен Есенгелді сұлтандардың сенімді болмайтынын, керісінше, жергілікті қырғыздарды өз жағына шығарып алатынын» түсінген Қоқан қоластындағы ташкенттік беклербек38 Саржан мен Есенгелдіні қатар өлтірді. Сұлтандардың екеуі де Әулиеатада қаза болды.

Кенесары өзінің патша үкіметінің өкілдеріне жазған хаттарында қазақ жеріне бекіністердің салынуына наразылығын білдірді. Хаттардың бірінде Кенесары 1825 жылдан 1840 жыл аралығына дейінгі мерзімде орыс әскері мен сұлтандар ұйымдастырған тонаушылық әрекеттерді санай келе, аталған аралықта 15 жәбір көрсету, тонау, қыздарды ұрлау, балаларды сату жағдайы орын алғанын дәлелдеп көрсетті.

Стихиялық күресті бастап қойған Орта жүз қазақтары жаппай Кенесары Қасымұлы туының астына жұмылды. 1838 жылдың басында көтеріліске Ағыбай, Жанайдар, Аңғал батыр мен Басығара батыр бастаған Ақмола, Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы округтері қазақтарының көп бөлігі қосылды.

Қозғалыстың қозғаушы күші. 1838 жылдан бастап Кенесары бастаған ұлт-азаттық күрес жаңа кезеңге аяқ басты. Көтеріліске қатысушылардың саны жағынан көп болуымен сипатталды.

Үш жүз қазақтарының жаппай қозғалысқа шығуы тез арада және бір қалыпты болмады. Көтеріліс болған аудандардың кеңеюімен басқа аймақтар біртіндеп қосылып отырды. Жоламан Тіленшіұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының белгілі бір бөлігі көтерілістің алғашқы күнінде-ақ Кенесарының қозғалысына қосылып кетті. Көтеріліс аумағының кеңеюіне Кенесарының Ресейдің қол асытындағы қазақ руларына жазған үгіт-насихат хаты ықпал етті. Жолданған хаттарында Кенесары ортақ жауына қарсы барлық қазақтарды қарулы қозғалысқа бірігуге шақырды.

Кенесары Қасымұлының қозғалысына сұлтандардың бірқатары қосыла бастады. Сұлтандардың көтеріліске қосылуына 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарлықтың» жариялануы әсер етті. Жарлық бойынша барлық сұлтандар жоғарғы тапқа тиесілі болса да олардың барлығы бірдей жоғарғы сұлтан мен болыс басшылары қызметіне тағайындала алмады. Сол себептен де сұлтандардың жартысы өз артықшылықтарынан айырылды. Жарлық бойынша аталған сұлтандар тобына Қазақстан территориясы арқылы өтетін сауда керуендерінен баж салығын алып отыруға тыйым салынды, сұлтандардың экономикалық жағдайы белгілі бір дәрежеде нашарлай түсті.

Сұлтандар көтерілістің алғашқы кезеңінде (1837-1838 ж.) халықпен бірге жаппай қатысқанымен, көтерілістің келесі шешуші кезеңдерінде олардың басым бөлігі көтерілістен бас тартты. Бұған себеп орыс отаршылдарының үстемдігі нығайған тұста өздеріне тиесілі артықшылықтар мен пайдадан айырылып қалудан қорықты.

Кенесары Қасымұлының әскері халық батырлары мен феодалдық жасақ – төлеңгіттерден құралды. Кенесары әскері құрамында қазақ жүздеріндегі ықпалды да танымал батырлар болды. Олардың қатарында Шұбыртпалы руынан Ағыбай (Орта жүз – Қарқаралы), Сүйіндік руынан Жанайдар батыр (Орта жүз – Баянауыл), қыпшақ руынан Иман Дулатұлы (Амангелді батырдың атасы) (Орта жүз – Торғай), табын руынан Жоламан Тіленшіұлы (Кіші жүз – Сырдария), Дулат руынан Бұғыбай батыр (Ұлы жүз – Жетісу, Жамбыл), Дулат руынан Саурық батыр (Ұлы жүз – Жетісу), Атығай руынан Аңғал батыр (Орта жүз – Көкшетау), Қыпшақ руынан Басығара батыр (Орта жүз – Ақмола).

Батырлар арасында танымал болған Кенесарының апасы Бопай ханша еді. Көтерілістің алғашқы күнінен бастап-ақ белсенділік танытып, кейін көтеріліске қатысуға күйеуі Сәмеке мен оның туыстары – Сөртек сұлтан мен Досан Әбілқайыр ұлдарын да шақырады. 1837 жылы ұсынысын қабыл алмаған күйеуі бөлек кетіп, 17 жасар ұлымен тағдырын байланыстырды және көтеріліске қатысудан бас тартқан сұлтандардың саудасы мен мүлкін тәркілеп, зекет салығын жинап отырған 500 адамдық әскерін басқарды. Бопай Кенесарының барлық жиналыстарына қатысып, оның ірі қозғалыстарына араласты және жау тылын бағдарлайтын жекеленген партизандық топ жұмысында болды.

Кенесары әскерін қазақ көтерілісшілерімен қатар көтеріліс өткен аудандарда тұратын әр түрлі ұлт өкілдері толықтырып отырды. Ортақ жауына қарсы қазақтармен бірге патша үкіметіне қарсы орыс, башқұрт және татар шаруалары да қатысты. Кенесарының қарамағында олардан өзге қарақалпақ, түрікмен, өзбек, қырғыздар да болды. Олардың арасында Самарқан мен Бұхарада білім алған Сайдақ Қожа Остановтың орны ерекше еді. Ол дипломатиялық келіссөздерде және мемлекеттік басқару істерінде Кенесарының сенімді көмекшісі болды.

1838 жылдың көктемінде Кенесарының патша отрядымен қарулы қақтығысы ұзаққа созылды және табанды қарсылық көрсетілді. 1838 жылдың 26 мамырында Кенесары Қасымұлының Ақмола приказдығы үшін өткен ұрысы ерекше қиян-кескі сипатқа ие болды. Ақмола округінің бас сұлтаны, подполковник Қоңыр Құлжа Құдаймендин мен бекіністің коменданты старшын Карбышевтың әскері отқа оранған бекіністен үлкен кедергілер арқылы әрең босап шықты. Көтерілісшілер Торғай далалық аймағына барып орнықты.

Қозғалыстың жаңа кезеңі 1838 жылдың қыс мезгілінде басталды, Кенесары қуатты және біріккен қозғалысты ұйымдастыруды қолға алды. Ең алдымен, ол Орынбор ведомствосының қоластындағы қазақтардың қозғалысына қосылуы үшін әрекеттенді. Осы мақсатпен ол Торғай өзеніндегі Орынбор ведомствосының шығыс бөлігіне бағыт алды. Бұл жерде Кенесары қазақтардың бірігуіне қарсылық көрсеткен патша үкіметінің уәкілдері қатарындағы өзіне бағынбаған сұлтандар мен билердің ауылдарын қиратып кетті. Көтерілісшілердің жеке отрядтары Сібір шебінен және Троицктен Ташкентке қарай бағыт алған орыстың сауда керуендеріне шабуылдады. Мұндай әрекеттерімен Кенесары орыс саудасының ортаазиялық сауда орталықтарына тасымалдануына шек қойды. Патша үкіметі Орынбордағы көтерілісті басып жаншуға әскери старшын Лебедевтің басқаруымен құрамында 1900 жауынгері бар қанаушы отрядты аттандырады. Олардың қатарына Кенесарыға наразылық білдірген Қыпшақ және Керей руларының қазақтары қосылды. Лебедевтің отряды қыстақтағы Кенесары ауылын жаулады. Тұтқынға 14 адам алынып, олармен бірге Кенесарының туыстары да болды. Кенесарының жақтастарынан 50 адам қаза болды. Көктемдегі су тасқыны салдарынан Лебедев отряды қазақ даласына жорықтарын жалғастыра алмады.

Кенесары Қасымұлы әскерімен бірге Орта жүздегі қазақтардың көтерілісіне көмектесуге Торғай мен Ырғызға қарай аттанған Жоламан Тіленшіұлының Табын руы қазақтарына қосылуға бет алады.

1840 жылдың көктемінде қазақтарды бір мемлекет астында біріктіру жолында қоқандықтардың қоластындағы қазақтарды қайтаруға үміттенген Кенесары Қасымұлы Қоқан хандығына барады. Ташкент билеушісі Кенесарыдан бас иетін вассал табатынына сеніп, жақсы қарсы алып, Кенесарының сұраған оқ, қорғасын, жүз шақты қаруын да мақұлдайды. Алайда Кенесары қоқандықтардың қоластындағы қазақтардан «зекет» жинап, билеушіге бас имейтіндігін дәлелдеді. Ташкент билеушісі жасырын түрде Кенесары мен оның төңірегіндегілердің көзін құрту үшін әскерін жібереді. Осы шабуыл кезінде Кенесарының әкесі Қасым төре мен біраз туысы қаза болды, ал басқалары тұтқынға алынып, мүліктерінен айырылды.

Кенесары Қасымұлының мемлекеттік және дипломатиялық қызметі. Бұл жағдайдан кейін Кенесары халқымен бірге Торғай жағалауына көшеді де ұлт-азаттық қозғалыстың орталығын осы аймақта бекітеді. Мұнда үш жүздің өкілдері әкесінің өмірден озғанына бір жыл өткен соң Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақтың ханы етіп жариялайды. Бұл оның мансабы мен атақ дәрежесін жоғарылатады.

Кенесары қазақтың құқық жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізді, ру ішіндегі сотты жойды және жалпы қазақ сотын құрды. Кенесары сауда керуендерінен алынатын баж салығы мен зекет салығын жинауды ретке келтірді, өз бетінше халықтан зекет жинағандарды аямай жазалады. Олардан түскен ақшаны мемлекеттік қажеттілік үшін қазынаға жинап отырды. Сырдария ауданында салықтың ерекше түрі – ұшыр салығы енгізілді.

Ташкент билеушісі бұйрығымен Кенесарының әкесінің қаза болуы және ауылын қырып-жоюы оның қоқандық ханға қарсы шығуына түрткі болды. Кенесары өзінен мықты қарсыластарымен екі майдан алаңында соғыс жүргізе алмады. Сол себептен де ол Ресеймен қарым-қатынасын реттеуді жөн көрді. Патша әкімшілігімен жүргізген келіссөздерде Кенесары айрықша талантты дипломат ретінде өзін көрсетті. Ең алдымен, Кенесары әскери старшын Лебедевпен «жоғары мәртебелі патшадан кешірім сұрау» жайлы хат жазады. Кенесарының шынайылығына сенген Лебедев орынборлық әскери губернатор Перовскийге хабарлайды. Ол Лебедевтің пікірімен келісе отырып, патшаға кешірім сұрағаны жайында мәлімет береді. Сол бір мезгілде Кенесары шекара комиссиясының төрағасы Генспен келісім жүргізеді. Одан кешірім сұрай келе, сібірлік билік басындағылардың оның ауылын иесіз қалдырғандарына наразылық білдіреді. Сол себептен ол Орынбор ведомствосы даласына көшкендігін түсіндіреді.

Генске жазған басқа хаттарында ол орыс отрядтарының қолға түсірген туыстарын бостандыққа шығаруын сұраса, кейін тағы да қазақтарды қатаң жазалаған сібірлік билеушіге наразылығын білдіреді. Хат алмасудың нәтижесінде Кенесарыға кешірім беріліп, туыстарын да бостандыққа шығара бастайды.

Кенесарының қоқандықтарға қарсы соғысы. Орынбор ведомствосының қолдауын өз үлесіне тиімді пайдаланып және біраз тыныққан Кенесары 1841 жылы Қоқан хандығына қарсы соғыс ашады. Бұл кезде Қоқан мен Бұхара хандықтарының арасында күрес жүріп жатқан болатын. Кенесары Бұхар хандығымен одақ құрып, қоқандықтарға қарсы соғыста қолдау көрсетіледі деген сеніммен Қоқан хандығына қарсы Бұхарамен одақтас ретінде шайқасады, сонымен қатар Ресейге соғыс ашқан жағдайда да көмек боларына үміттенді.

Кенесарының әскері 4 мың адамнан құралған батырлар мен төлеңгіттерден тұрды. Оның әскері құрамында қол бастаған батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлы да әскерімен қатысты. Оларға Ақмешіт, Жүлек және Түркістаннан да қазақтар келіп қосылып жатты. Соғыс қимылы Созақ пен Ташкентті бір мезгілде қоршаумен басталды. Бес мың жауынгерден құралған негізгі күш Созақ бекінісін алуға жұмылдырылды, нәтижесінде он екі күнде Созақ алынып, қиратылды. Кейін Сауран бекінісі алынды. Кенесарының жеке отрядтары қоқандықтар бағындырып отырған Хазірет (Түркістан) маңына жайғасты. Қоқан хандығын ойсырата жеңгеннен соң кейінгілер Кенесарымен әскери одақ құруға ұсыныс білдіреді. Бірақ Кенесары қоқандықтармен одақ құрудан бас тартты, қазақтардың үлесіндегі жерлерді қайтып беруін талап етті. Кенесары Хиуа ханымен дипломатиялық келіссөздер жүргізу арқылы Хиуа мен Қоқан хандықтары арасындағы келіспеушілікті күшейтіп, бір-бірімен шайқаста екі жақтың күшін әлсіретуді көздеді.

Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Горчаков Кенесарының Қоқан хандығымен соғысы мен оның үш жүздің ханы тағайындалғанын естіп, Перовскийге хабарлайды. Перовский Кенесарының өзінен сұрауды жөн көрді. Кенесары болса өзін хан сайламағанын айтып, Ташкент пен Созаққа шабуыл жасауы Орынбор ведомствосының қоластындағы қазақтарға жәрдемдесу деп дипломатты түрде жауап береді. Перовский Кенесарының жауабына разы болады.

Орынбор ведомствосының сеніміне уақытша ену қажеттігін түсінген Кенесары онымен болар қақтығыстан бас тартып, әскери қимылын Орынбор шебінен ығыстырып, әскери қақтығыстың орталығын Батыс Сібір губернаторлығына ауыстырады. Сырдария өзені мен Телкөл аралығында көшіп жүріп, 1842 жылы Кенесары Батыс Сібір губернаторлығының территориясына қарумен шабуылдап, қазақ ауылдарына қозғалысқа қатысуға үндеу тастады. 1842 жылы маусым айында Көкшетау, Ақмола, Құсмұрын мен Ұбаған өзенінде оның әскері пайда болды. Кенесарының бұл әрекеттері туралы Горчаков Перовскийге хабарлайды. Кенесары Перовскийге өзінің адал екендігін айтып, патша алдында марапаттауын сұрайды. Бұл жолы да Кенесарыға сенім танытқан Перовский өтінішін орындауға кіріседі. Кенесарының Ресей билеушісін бағытынан жаңылыстыру тәсілін қолдануы, бір жағынан, соғыстың жалғасы еді.

1842 жылдың соңында орынборлық әскери губернатор Перовскийдің орнына генерал-лейтенант Обручев тағайындалды. Оның тұсында Кенесарының патша үкіметі арасындағы қарым-қатынасының қыр-сыры ашылды.

Кенесарыға қарсы патша әскерінің қимылы. 1843 жылдың басында Кенесары Батыс Сібір губернаторлығының шекаралық шебіне шабуылын күшейтті. Ресейдің қоластындағы жаппас руынан шыққан Алтайбай Күбековтің ауылын қиратты. Алтайбай сұлтан қаза болды. Ал Кенесары Қоқан хандығына қарсы шабуылдарын тоқтатпады39.

1843 жылдың 10 шілдесінде орынборлық әскери губернатор Обручев бүлікті ұйымдастырушы сұлтанға қарсы әскери старшын Лебедевтің басқаруымен 300 адамнан құралған эскерді аттандырады. Әскер Кенесарымен Ырғыз өзені жағалауында кездеседі. Кенесары орыс әскерімен қақтығыстан бас тартып, Лебедевті алдайды. Кенесары Патша бұйрығына бағынатынын, Ресейдің қоластында қалатынын, Орынбор ведомствосының шекарасына көшетінін айтып көндіреді.

Орынбор губернаторы Обручев Петербургке сұлтанның мойынсұнғанын хабарлайды. Алайда Кенесарының Орынбор шебіндегі қарсылықтары барлығына жария болады.


Кенесары Қасымұлының портреті (Рязанов А.Ф. Восстание Кенисары Касымова (1837-1847 г.) // Исторический очерк. – Алматы, 1993. – 32 с.


Обручев Нессельроде канцлеріне Кенесары көтерілісін басуға әскери көмек сұратады.

Сонымен бірге Обручев Кенесарының үлкен әскері жасақталғанын және Орынбор бекінісіне қауіп төніп тұрғанын ескертеді.

Бұл кезде Кенесары әскері үлкен күшті қолға айналды. Оған бағаналы, арғын, табын, тама, байбақты, шекті, шөмекей және т.б. рулардан құралған 5 мың ауыл жиналды.

27 маусымда І Николай Кенесарының басын алуға кибиттік соборды қаржыландырып, соғысқа аттандырады. 1843 жылдың тамызында Кенесарының әскерін жою мақсатында Орынбор даласына 5 мың адамнан құралған билеуші сұлтандар Жантөрин, Баймахамбет Айшуақұлы, полковниктер Генс пен Бизянов бастаған әскер аттанады. Басқа отрядтар Омск, Петропавл және Қарқаралы жағына бағытталды.

1843 жылдың 1 және 7 қыркүйегінде Орынбордан шыққан орыс әскерлерімен шайқас басталады. Шайқас барысында екі жақтан да адам шығыны көп болды. Екі жақ әскери қимылдарды тоқтатып, тарап кетеді.

Қалған орыс әскерлеріне Кенесарымен шайқасудың сәті түспейді. Ол өзінің қулығын іске асыра жүріп, қарсыластарын жаңылыстырады. Орыс әскерін шаршатып, тірідей жайратып тастайды. Әбден әлсіреген жауынгерлер ерте күзден бастап әскери қимылдарын тоқтатып, қыркүйек айында қазақ даласын босатады. Кенесарыға қарсы ұйымдастырылған әскери қимылдарды 1844 жылдан бастап қайта жаңғыртуға шешім қабылданды.

1844-1845 жылдар Кенесары Қасымұлының бастаған ұлт-азаттық қозғалысының шарықтау кезеңі болды. Бұл мезгілде қозғалыс Сырдария, Жетісу обыстары, Орталық, Батыс және Оңтүстік Қазақстанға дейін таралып, Қазақстанның барлық аудандарын қамтыды. Кейбір наразы болған қазақ рулары, әсіресе жаппас руының өкілдері Кенесарының көтерілісіне қосылды.

Талантты қолбасшы Кенесары Қасымұлы әскери тәртіпке бағынған, 20 мың жауынгерден құралған мықты әскерді қалыптастырды. Кенесары жігіттеріне тек қолдау көрсетумен болды.

Патша үкіметі Кенесарының қозғалысын басу үшін үш отрядты Орск бекінісі, Ұлытау және Тобыл өзені жағынан жіберуге шешім қабылдайды. 1844 жылы мамырда Жантөрин, сұлтан Баймахамбетұлы мен әскери старшын Лебедевтің әскерлері оңтүстікке Қарақұм жағына аттанады.

Орыс әскерлері Кенесары отрядын екі жақтан шабуылдауға және Қарақұмға Торғай жағына шегінер жолын кесіп тастауға талпынды. Бірақ Кенесары Қарақұмға сәті түсіп шегінді. Лебедев отрядын жалған бағытпен жіберіп, Ресейдің қоластында болған Байқадамұлының ауылын білместікпен қырып тастады. Лебедев Орынборға шақырылды және Ресейдің қоластындағы бидің ауылын қырып, тонағаны үшін сотқа тартылды. Лебедевтің орнына полковник Дуниковский тағайындалады. Бұл кезде Жемчужниковтың басқаруымен Сібір отрядтарын Кенесары қозғалысын басуға аттандырады. Алдын ала жау тылына өз адамдарын жібере отырып, сібірлік отряд орынборлық Дуниковский отрядымен бірігуге бағыт алғандығы туралы мәлімет алады. Кенесарының мақсаты бұл әскери шептердің бірігуіне жол бермеу және оның қоршауынан шығу еді. Кенесары Қасымұлы қарсыластарын алдап-арбау мақсатында әскерінің бір бөлігін жау әскерімен беттестіреді, осылайша, олар Кенесары әскері Ұлытау жағына түгелдей шегініп барады дегендей көрініс қалдырды. Сібірлік әскери шеп Кенесары әскері соңынан еріп алданады. Кенесары негізгі күшімен 23 маусымда жаңа шепке келді және Константин бекінісіне шабуылдады. Әскердің шапшаң қимылы мен жолдан ауытқытып жіберуі орыс әскерлерін таңғалдырды.

Кенесары аз ғана әскерімен орыс әскеріне тосқауыл қоюға бел байлады, ал негізгі қолын жауға қарсы шайқасқа даярлады. 1844 жылдың 17 шілдесінде сұлтан Жантөрин мен полковник Дуниковский басшылығымен орыс әскерлерінің жеке отрядымен шайқасты. Кенесары орыс әскерімен шешуші шайқасты болдырмау үшін қарсыластарын әбден қажытып жіберуді мақсат етті және ол өзін шебер қолбасшы әрі мықты стратег ретінде көрсетті. 1844 ж. 20 маусымнан 21 маусымға қараған түні Кенесарының негізгі әскери күші Жантөрин әскери отрядтарын қоршап, қарсыластарына соққы берді. Кескілескен ұрыста қарсыластардың әскері түгелдей қырылды. Шайқас алаңында 44 сұлтан қаза болды. Шайқас алаңы жақын қалса да айналасын қырып-жойып жіберуден сақтанған Дуниковский отряды сұлтандарға қол ұшын беруден сескенді. 44 сұлтанның өлімі орынборлық және батыссібірлік губернаторлардың ызасын келтірді.

Бұл шайқаста өзінің ерлігімен көзге түскен Кенесарының інісі Наурызбай батыр болды. Ол қарсыластармен болған шайқаста сауытының тозғанына да қарамастан бірнеше жарақат алып, оннан астам жауынгерді жеңіп, ең қауіпті майдан алаңында ерлік көрсетті.

1822 жылы туылған Наурызбай Кенесарының ең сенімді кеңесшілерінің бірі болды, оның ерліктері туралы халық арасында «Наурызбай батыр» әні туса, ал «Топ жарған» халық поэмасында батырдың ерлік істері жырланады.

Кенесары Қасымұлының қолбасшылық өнері бұл шайқаста ерекше байқалды, барлау әрекеттерін сәтті ұйымдастырып, өз әскерлерін қоршаудан шығарып, сырттан орап алу тактикасын қолдана отырып, қарсылас жауын түпкілікті қырып-жойып, орынборлық және сібірлік әскерлердің бірігуіне жол бермеді.

1844 жылдың жаз айының басында Кенесары жорықтары жалғаса берді. 14 тамызда Наурызбай мен Ағыбай батырлар бастаған отрядтар Екатеринский бекінісін қоршауға алып, бұл шайқаста 100 жауынгер шамасында тұтқынға алынды және үлкен олжаға, әсіресе 1847 пұт астыққа кенелді.

Орынбор және Сібір губернаторлығы шайқастың ушығуынан сақтану мақсатында Дуниковский, Жемчужников және Жантөрин отрядтарымен бірге қосымша Ковалевский отрядын да аттандырды. Бұл кезде Кенесары әскерімен бірге Мұғалжар тауына бекініп, Орынбор губернаторлығымен әскери тұтқындарды алмастыру жөнінде хат жазысады. Шөл дала мен құмды аймақта шайқас жүргізудің қиыншылықтарынан зардап шеккен орыс отрядтары Кенесарымен шайқаста ешбір нәтижеге қол жеткізбегендіктен, Орынбор мен Омбыға қайта шегінеді.

Патша үкіметі Кенесары қолының табандылығы қазақ халқының қолдау көрсетуінде екенін ескере отырып, көшпенді қазақтар арасынан қолдау табу шараларын жүргізуді қолға алды. 1844 жылы осы мақсатта шекара аймақтарына 1831 жылдан бастап енгізілген дистанциялық жүйе Орынбор ведомствосының барлық территориясына, яғни Кіші жүз бен Орта жүздің батыс аудандарына кең етек жайды. 1844 жылдың 14 маусымында барымта, жаулап алу мен маңызды әскери сотта тұтқындалған орыстар туралы ереже бойынша өзгерістер енгізілді. Патша үкіметі жаңа заң негізінде Кенесарыға қолдау көрсетіп келген қазақтарға үрей туғызғысы келді, алайда бұл әрекеттерінен де ештеңе шықпады, керісінше, олардың наразылығы басым түсті. Ережені енгізу арқылы қазақтардың қарсылықтары күшейді. Сондықтан да ол әрекет іске аспады.

Бұл кезде бұхарлық және хиуалық хандар жасақтың орналасқан жерін қалай да жаулап алуға ұмтылды. Бұхарлық хан Кенесарыға 60 мылтық, 15 зеңбірек және соғыс снарядтарын, хиуалық хан 15 арғымақ, 2 алтынмен қапталған ертоқым, 2 зеңбірек пен бірнеше түйе жіберді, оның екеуіне оқдәрі жүктелген әрі Кенесарының көшіне тұрақты жер таңдауды және қосымша қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алуды ұсынды40.

Сол кезде Кенесары патша үкіметімен жаңадан уақытша қарым-қатынас орнатуды шешті. Патша үкіметі Кенесарыны қарулы күшпен тоқтата алмайтындықтарын түсініп, енді келіссөздер жүргізе бастайды. Кенесары жүргізілген бейбіт келіссөздерді өз пайдасына тиімді пайдалана отырып, патша отаршылдарымен қазақтардан тартып алынған жерлер мен тұтқынға алынған туыстарын босатуды көздеді. Сонымен қатар қоқандықтармен шайқас аяқталмаған еді. 1845 жылдың қаңтар айындағы келіссөздер нәтижесінде Сыртқы істер министрлігінің рұқсаты бойынша Кенесарыға туыстары, олардың қатарында әйелі Күнімжан қайтарылды, ал қалған мәселе бойынша Долгов басқарған елшілікті тағайындады. Кенесарының әйелі Күнімжан 1844 жылдың көктеміне дейін Тобылда тұрды41. Басқа елшілікті басқару бас штабтың поручигі Гернге міндеттелді, көтеріліске қатысушы қазақтардың орталығы – Ырғыз бен Торғай өзендері жағалауында бекіністерді тұрғызуға екі орынды таңдау бұйырылды. Кенесарының күдігін туғызбау мақсатында патша үкіметі Гернге ресми түрде сұлтанға тұтқындағы әйелін апарып беруді бұйырды.

1845 жылдың сәуір айының басында 45 күннен кейін Долгов елшілігі Кенесары ордасына келді, кейін Герн де келіп жетті. Долгов хаттарынан Кенесары патша үкіметінің ынтымақтастығының әлі де шынайы еместігіне, ал елшіліктің уақытша екендігіне көз жеткізеді. Ол патша елшілігімен кездесуден қашып, күнде қоныстанған орнын өзгертіп, елшілікті өзімен бірге соңынан ертіп қояды. Кенесары ордасына бір ай бұрын келіп, онымен келіссөз жүргізе алмаған Долгов кейін қайтады. Кенесары оған қазақтың жеріне салынған әскери бекіністерді жойып, қазақтарға бұл жерлер қайтарылмағанша, сонымен бірге патшаның қанаушы отрядтарының қазақ ауылдарына зорлық-зомбылық көрсетіп, тонауын тоқтатпағанша патшалық Ресеймен келісімге келмейтіндігін мәлімдейді.

1845 жылы жазда патша үкіметі Кенесары жеріне көшпенділердің ортасынан, бірі Ырғыз, екіншісі Торғай өзені бойынан екі бекініс тұрғызуды жүктейді. Алғашқысы, Орал, екіншісі Орынбор деп аталынды. Көтеріліске қатысушы қазақтардың көшпенді орталығында бекіністердің салынуы бұл аудандарда қозғалысты жалғастыруға кедергі келтірді. Патша үкіметі қазақ көшпенділеріне енді күнде шабуыл ұйымдастырып отырды. Сол себептен де Кенесары Қасымұлы қазақтардың ұлт азаттық қозғалысының орталығын Ұлы жүз территориясына қарай ауыстырды.

Кенесарының Орталық Қазақстан даласынан көшуі қазақтар үшін ауыр соққы болды. Кенесары ауылымен бірге Торғай ауданынан Жетісу мен Сырдарияға қарай көшеді. Бұл жерде ол Ұлы жүз қазақтарының басын біріктіріп, Қоқан хандығы мен патшалық Ресейге қарсы қырғыздармен одақтасуды қолға алады. Сонымен қатар бұл кезеңде достық қарым-қатынаста болған Қытайға арқа сүйейді. Кенесары өзінің уәкілін қытайлық билеушілермен келіссөз жүргізуге Құлжаға жібереді.

Құлжада Кенесары елшілігіне ерекше құрмет көрсетіледі. Кенесары болашақта бейбітшілік қарым-қатынасын сақтап, қазақтарға қолдау көрсетуге уәде берген қытайлық императормен дипломатиялық келісім жүргізеді.

Кенесарының Қоқан хандығы және қырғыз манаптары мен күресі.

1845 жылдың күз айында қоқандықтармен соғыс басталды. Кенесарының жеке жасақтары қазан-қараша айларында Жаңақорған, Жөлек, Созақ бекіністерін күшпен алды. Кенесары әскерінің бір бөлігі Түркістан мен Ташкентке бет алды. Кенесары әскерінің негізгі күші қоқандық бекінісі Ақмешітке қарсы шабуылдап, оны қоршап алды. Алайда әскер арасында жұқпалы ауру таралып, көптеген адам көз жұмады. Қоқан және Бұхар хандықтары өзара одақтасып, қазақтарға қарсы біріккен шабуыл ұйымдастырғалы отырғандары мәлім болады.

Бұл жағдай Кенесарыны Ақмешітті қоршаудан уақытша босатып, оңтүстік-шығыс Қазақстанға қарай Балқаш көлі мен Іле өзені жағалауларына көшуге себеп болды. Онда Нюхалов пен қазақ сұлтандарынан құралған орыс жасақтарына қарсы шайқаста Кенесары жағында болған үйсін, жалайыр және найман руының қазақтары қуанышпен қарсы алады. Сол уақытта Кенесарыға қарсы Қарқаралыдан Құнанбай Өскенбайұлы, Аягөзден Барақ Сұлтанбайұлы, Іле ауданынан Нұралы Әділұлы бастаған сұлтандардың біріккен қолын дайындайды. Патша жасақтары мен сұлтан әскерлерінің біріккен күшіне басшылық жасауға генерал-майор Вишневский тағайындалады. Кенесары өз әскерлерімен Балқаш көлінің қолжетімсіз бір аумағына бекініп, олардың жақындауына мүмкіндік бермеді. Вишневский қазақ сұлтандарымен бірге Кенесары жасағына тосқауыл қоюды шешті. Қоршаудың ұзаққа созылуына төзе алмаған Кенесары және оның әскері Іле өзенінің сол жағалауына шығып, сол аймақтан Алатау етегі мен Шу өзені жағалауында орналасқан Ұлы жүздің орталық аудандарына көшеді. Жамбыл ақын жырлаған Дулат руынан шыққан Тойшыбек, Саурық, Сұраншы және Байзақ батырлар Кенесары әскеріне қосылып, Қоқан хандығы мен патшалық Ресейге қарсы біріккен шайқасқа әзірленеді. Кенесары шет аумақтарда көшіп жүрген қазақтарды шайқасқа қатысуға үндеу тастайды.

Кенесары өз өкілдерін алатаулық қырғыздарды да Қоқан хандығы мен орыс отаршылдарына қарсы күш біріктіруге шақыруға аттандырады. Алайда бұл келіссөздер сәтті болмады. Ұрман мен Жантай бастаған қырғыз манаптары Кенесары ұсынысынан бас тартады. Қоқандықтар қоластында болып, кейін орыс әкімшілігімен байланыс орнатқан Ұрман мен Жантай қазақ ауылдарына қырғыз манаптарын аттандыру арқылы арандатып отырды.

1846 жылы қырғыздармен қатынасын ушықтырмас үшін Кенесары ауылына шабуылдау кезінде қолға түскен Халча би басқарған 200 қырғызды еркіндікке шығарады. Сол жылы Кенесары Жантай мен Ұрманға жазған арнайы хатында қырғыздарға қарсы ешқандай арам мақсаты жоқ екенін жазды. Оның арманы қоқандықтар мен патшалық Ресейге қарсы қазақтар мен қырғыздарды біріктіру деп баяндады.

Қырғыз манаптарының рубасылары – Жантай мен Ұрман Кенесары жолдаған хатқа байланысты кеңес өткізіп, оның ұсынысынан бас тартатын болып шешеді. Олар өздерінің араларында Кенесарының қырғыздарды қосып алуға үгіттейтіні туралы сыбыс таратады. Бұл туралы хабардар болған Кенесары Ұлы жүз өкілдерін өздеріне қызмет еткен билер мен халық батырларын жинап кеңес өткізеді. Кеңесте қоқандықтарға сатылып кеткен қырғыз манаптарын жазалау жөнінде шешім қабылданады.

1847 жылы қырғыз манаптарына қарсы ұйымдастырылған бұл соғыс, негізінен, Ұлы жүз территориясында қоқандық үстемдікке қарсы бағытталған соғыстың жалғасы еді.

Қырғыз манаптарымен күрес. 1847 жылы көктемде Кенесары Пішпек уезіндегі қырғыз манаптарына қарай бағыт алды. Жеке қырғыз жасақтарын қадағалай жүріп, Кенесары Үлкен Тоқмаққа дейін жетті (қазіргі Фрунзе қаласына жақын аймақ) және өз жасағымен Майтөбе жеріндегі Шу өзенінің оң жағалауына орналасты (Үлкен Тоқмақ мекенінен 6 шақырым жерде). Майтөбенің солтүстік-шығысын «Қасиетті соқпақ» атанған Кекілік тауының сілемі жалғастырып жатты. Осы тауда Кенесарының ең соңы шайқасы болып өтті.

Кенесары жасағына таулы аймақта соғыс жүргізу, бір адамға арналған жолдар мен тік жартастардан өту қиынға соқты. Қырғыз манаптары ыңғайлы және стратегиялық тиімді тау жартастарын ертерек таңдап алған еді.

Патша үкіметі Қоқан хандығы және қырғыз манаптарымен келісімге келіп, біріккен қол арқылы Кенесары Қасымұлы көтерілісін басуды ұйғарады. Бұл уақытта Қоқан хандығы өз қаржысынан Ұрманның басшылығымен қырғыз манаптарының жасағын жасақтайды. Абақұм мен Нюхалов бастаған арнайы құрылған жүздіктер көмекке келе жатқан Үйсін мен Жалайыр рулары әскерінің Кенесарыға қосылуына бөгет жасауға Талғар жағына қарай жылжиды.

Қиын-қыстау сәтте қырғыз манаптарына Ұрман бастаған топ келіп жәрдемдеседі. Оның көмегімен қырғыздар Кенесарының жасағын қоршап алады. Қырғыздар Шу өзенінің сол аңғарына судың барлығын жіберіп, Кенесары әскерін сусыз қалдырады. Төрт күндей Кенесары жасағы сусыз, тағамсыз шайқас жүргізеді. Кенесары шақырған әскери кеңес келесі күнге дейін жағдайдың қалыпқа келетінімен үміттендіреді. Түнде әскердің тұрақты емес бөлігі әскер қатарынан қашып кетсе, дулат руынан Сыпатай мен Рүстем билер бастаған әскердің қалған тобы көтерілісті өзгертіп, жау жағына өтеді.

Кенесары мен Наурызбай өздеріне шынайы берілген әскерлерімен қажымай күрес жүргізу арқылы жол табуға шешім қабылдады. Наурызбай батыр өз жасағымен бірге қырғыз манаптарымен күші тең емес ұрыста жау қолынан қаза тапты. Кенесары тұтқынға түсіп, азапталып өлтірілді42. Қырғыз манаптарының қолына мыңға жуық сарбаз тұтқынға түсіп, ел естімеген қатыгездікпен өлтіріледі43.

Кенесары қозғалысының жеңілу себептері. 1837-1847 жылдардағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліс тапты. Патша үкіметі, қоқандық хан мен қырғыз манаптары қарулы күшінің басым түсуі қозғалыс бағытын шешіп отырды. Жеңілістің орын алуына патша үкіметі тұтандырған және жасанды қолдау көрсетіп отырған жекелеген қазақтар арасындағы алауыздық әсер етті.

Зор залал тигізгендер қатарында патшалық Ресейге қызмет еткен сұлтандар тарапынан болды. Қазақтар арасында үгіт-насихат жүргізіп, қозғалысты басу үшін белсенділік танытты.

Кенесары қолының астына бірігулері тиімді болмаған ірі билердің қатары да ұлт азаттық қозғалысқа кері әсерін тигізіп отырды. Орталықтанған мемлекеттің нығаюынан қауіптенген билер өз мансаптары мен рулық биліктерінен айырылып қаламыз деп қорықты. Сұлтандардың қоластындағы ауылдарды шайқас кезінде қырып жойғанын негізге алып қазақтарды үрейлендірген олар Кенесарыға қарсы үгіт-насихат жүргізіп отырды. Мұндай жағдай Кенесары мен қырғыз манаптары арасындағы шайқаста да қайталанды. Олар Кенесарыға қарсы қырғыз халқын айдап салып отырды.

Әйтсе де қазақтарды отарлық езгіден азат етуге бағытталған Кенесары қозғалысы патшалық үкіметтің Казақстанды отарлау үрдісінің он жылға тоқтатып қоюына үлкен әсер етті. Патшалық үкіметке қарсы қарулы қақтығысқа үш жүз қазақтары мен 10 жылға созылған бүкіл ұлттың қозғалысы қазақтардың қарсылық көрсету барысында еркіндікті сүйгіш халық екендігін айқындады.

Қазақ халқының ортасында ұмыт болған есімдерді қайта оралтқан тұста Абылай ханның немересі, қазақ жүздерінің соңғы ханы Кенесары Қасымұлының есімі де халқымен қайта қауышты.

Есет Көтібарұлы мен Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс. Ресейдің Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағына қарай бет алуы, Хиуа мен Қоқан хандықтарының жорықтары Есет Көтібарұлы мен Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған қозғалыстың басталуына түрткі болды.

Кіші жүз қазақтарының территорияларына басқыншылық жорықтарын ұйымдастырып отырған хиуалықтар әскерімен жиі қақтығысып отырды. 1816 жылдан 1841 жылға дейінгі аз ғана үзілістен кейін қоқандықтар Ақмешіт, Жөлек, Созақта бекіністер тұрғызды. Қоқандықтар Сырдарияның оң жағалауына – Күміс Қорған, Жаңа Қорған, Жөлек, Сарысудың төменгі ағысына Жаман Қорған бекіністерін салды. Қазақтардың негізгі халқы шариғат бойынша мүліктің 1/40 бөлігінен зекет төлеп отырды; салық нормасының орташа болуына қарамастан зекетшілердің күшпен қиянат көрсетуі қазақтарға өте ауыр тиді.

Хиуа хандығы Хорезм оазисі мен іргелес аудандарды ала отырып, ежелден қазақтармен байланыс жасап келді. Хиуалық билеушілер қазақ сұлтандары арасындағы талас-тартысты өз пайдасына шешіп, Бұхара хандығымен қазақ даласы үшін бәсекеге түсті.

20-жылдары хиуалық билеушілер Сырдария сағасында бірнеше бекініс тұрғызды. Олардың ішінде Жанқат бекінісі ерекше болды, 40-жылдары оған Қожанияз, кейін Райым атауы берілді. Кейін Ресейдің казак қоныс аударушыларының үлесіне жерлерді тартып ала бастады. Сырдариялық қазақтар екі жақтан қыспақ көрді, оларға патша билеушілері – шенеуніктер, көпестер, қоныс аударушылар және жергілікті феодалдар – бай, билер, сұлтандар қанаушылық көрсетті.

Арал жағалауындағы қазақтар қозғалысын Кіші жүздің шекті тармағынан Есет Көтібарұлы басқарды, ол – сұлтан Қаратайдың жақтасы, қазақтың біртуар батыры Көтібардың ұлы. Есет Көтібарұлы44 – қазақтың ірі қолын бастап, хиуалықтарға қарсылық көрсеткен ірі қолбасшы. Хиуалықтармен шайқаста Жанқожа Нұрмұхамедұлына45 бірнеше мәрте көмек көрсеткен.


Есет Көтібарұлы Дерек көзі: http://biografia.kz/


1847-1858 жылдары Есет батыр Кіші жүз қазақтарының Ресей әкімшілігіне қарсы көтерілісті басқарды. 1847 жылдың 18 шілдесінде Ембі ауданында Е. Көтібарұлы майор Михайловтың Орынбор және Оралдың 200 казактан және Таукин сұлтанның 120 қазақтан құралған жазалаушы отрядымен шайқасады. Сонымен қатар Елекей Қасымұлы бастаған 600 қазақты патша үкіметі қолына жібереді. Есет батыр көтерілісшілер қатарынан 800 адамды жазалаушы отрядқа қарсы аттандырып, олардың тас-талқанын шығарады.

1854-1858 жылдары патша әкімшілігінің қатаң жазалау шаралары мен енгізілген салықтарына наразы болған Арал бойы қазақтары көтеріліске шықты. Бұл кезде салық түйе жинау арқылы ұйымдастырылды. Мысалы, В.А. Перовский (1853 жыл) жорығына 8 мың түйе қажет етілді. Қазақтар наразылық танытып, Ембі өзеніне қарай қоныс аударды. Бүлікшілер бірнеше шарт қойды: түтін басына салық төлеуді, қазақ даласына жазалау отрядтарын жіберіп отыруды тоқтату, жайылымдарды қолдануға еркіндік беру және Жем, Мұғалжар, Елек, Қобда, Орал өзендері бойында көшіп жүруге мүмкіндік беру. В.А. Перовский бүлік ұйымдастырушыларға қарсы барон Врангельді көп әскерімен аттандырады. Есетке баронмен келісімге келу мүмкіндігі туады, алайда ол соғыс қимылдарын қайта жандандырып, әскери бекіністер мен казак отрядтарына шабуылдайды. Арслан Жантөрин сұлтанның жазалау отрядын Есет батыр әскерімен талқандайды. Сұлтанның өзі қаза болды.

Бүлікті басуда бейбіт халық жапа шекті. Көптеген көтерілісшілер оққа ұшырады. Көбі каторгаға жіберілді. Мысалы, батыр Бекет Серкебайұлы. 1858 жылға қарай көтеріліс басылды. Есетке қарсы ірі экспедициялар ұйымдастырылды (А. Жантөрин, Кузьминский, Дерышев, Михайлов). 1858 жылы Есет кейін шегінуге мәжбүр болды. Есет батырға қарсы күш көрсетудің тиімсіз екенін түсінген генерал-губернатор Катенин Есет батырмен келісімге келуді ұсынып, көтеріліске қатысушылардың талаптарын орындауға келісім береді. Есет батыр мен патша үкіметі бейбіт келісімге келеді. 1873 жылы Есет батыр орыс әскері құрамында хиуалық ханға қарсы жорыққа қатысады.

1853 жылдың мамыр айында орыс әскері Ақмешіт пен Сырдарияға жорық ұйымдастырып, қазақтардан түйе жануарын кәмпескелеуді бастады. Отарлаушылардың бұл шарасына қарсы Есет Көтібарұлы бастаған шекті руынан тараған қазақтар қозғалысқа шығады. 1854 жылы ақпанда қазақтарға қарсы барон Врангельдің жасағы аттанды, алайда еш нәтиже көрсетпеді.

1855 жылдың мамырында қазақ даласына Қырым соғысында Ресейдің жеңілгендігі туралы хабар келіп, орыстарға қарсы қозғалыстар жандана түсті. Шілде айында Есет батырдың жасағы билеуші-сұлтан Жантөриннің әскерін талқандады, сұлтанның өзі қаза болды. Ал қазақ әскерлері шекара шебіне қарай шегінді. Отаршылдар қазақтарға қарсы көтерілісте тең дәрежеде күш қолдана алмағаннан кейін жеке старшындар мен сұлтандарды сатып алу арқылы қазақтардың арасына іріткі салып отырды. Сонымен бірге қазақ ауылдарын тонауға жекелеген жазалау отрядтарын ұйымдастырды. Олардың арасында ерекшеленгендер Михайлов, Кузьминский және Дерышев жасақтары болды. 1856 жылы жаз айында қазақ көшпенділеріне тағы да жазалау отрядтары шабуылдады. 1858 жылдың қыркүйегінде Сан шатқалында Есет әскері түпкілікті жеңіліске ұшырады, ал әскерінің қалғаны Жанқожа батырға қосылды.

1858 жылы көтерілістің жалғасынан кейін Есет батыр патша билігімен бейбіт шартқа келіп, үлкен шекті руының басшысына айналып, Ырғыз уезі басқармасының көмекшісі қызметіне тағайындалады. 1873 жылы Орынбор отряды құрамында Хиуа хандығына қарсы жорыққа қатысып, «Ынтасы үшін» медалімен мараптатталады. 80 жастан аса өмір сүреді.


Жанқожа Нұрмұхамедұлы Дерек көзі: http:// ru.wikipedia.org/wiki


50-жылдың ортасы – 60-жылдың басында қазақтардың отарлық езгіге қарсы соғыс өрті жаңа серпінмен тұтанды. Есет Көтібарұлы Арал бойындағы қазақтарды, ал Жанқожа Нұрмұхамедұлы Сырдың төменгі ағысында орналасқан қазақтарды басқарды.

Біріккен қазақ-қоқан әскері Жетісудағы орыс әскерлеріне қарсы белсенді қимыл бастады.

Ж. Нұрмұхамедұлы – XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Хиуаға қарсы жорық ұйымдастырған Арынғазы Абылғазыұлының ізін жалғастырушы. Ол Әмудария мен Сырдария арасында орналасқан хиуалықтарға қарсы жорық ұйымдастырады. 1843 жылы Жанқожа әскері Қуандариядағы хиуалық бекіністі қиратты, 1845 жылы көктемде қиратылған бекіністерді қалпына келтіруге жіберілген 2000 хиуалық жасақты талқандады. Жанқожа Нұрмұхамедұлы Кенесары жақтастарының бірі болды, қоқандық бекіністерге шабуылдап, 1845 жылы Кенесарының өтінішімен қоқандықтардың бекінісі Созақты алуға қатысады. Кенесары Қасымұлының көтерілісі басылғаннан кейін Жанқожа Ресеймен күресті тоқтатты. Бірақ Сырдарияның төменгі ағысына бекініс құрылысы жұмыстары мен казактардың отарлау шараларын ұйымдастыруынан кейін қария батыр орыс әскерлеріне қарсы қозғалыс бастайды. 1856 жылы желтоқсан айының ортасында Жанқожа жасағында отаршылдық саясатқа қарсы наразылық көрсеткен қазақтар саны 1500-ге жетті. Желтоқсанның соңына қарай қазақтар Қазалы бекінісін қоршады және бірігіп шайқас жүргізуге байланысты хиуалықтар мен Есет әскерлерімен келісім жүргізді.

1856 жылдың желтоқсанында Ақмешіттен генерал Фитингоф бастаған 300 казак, 320 жаяу әскерден құралған жазалау отрядтары аттанады, оның ішінде 54 зеңбірекпен, ракеталық станокпен қаруланған. 1857 жылы Жанқожа әскерінің құрамына 5 мың көтерілісші қатысты, санының көптігіне қарамастан 9 қаңтарда қысқа және қантөгісті шайқаста қазақтар жеңіліс тауып, Хиуа территориясына қарай шегінді. Қазақ ауылдары қатаң репрессияға ұшырады.

Патша әкімшілігі сырдариялық қазақтардың көтерілісі басылғаннан соң Жанқожаның көзін құрту үшін жазалау отрядын жібереді. 1860 жылы Қызылқұмдағы Джакаринское өзеніне жақын аймақта жазалау отряды Жанқожа ауылын қоршап алады, 80 жастағы батырды өлтіреді, ауыл тоналып, 130 түйе, 115 жылқы, 210 ірі қара, 2234 қой айдап әкетілді.

Арал бойындағы қазақтардың көтерілісі жергілікті халық қозғалысы болды, бұл көтеріліске отаршылдық езгіге қарсы қазақ руларының көптеген бөлігі қатысты.

Бақылау сұрақтары:

1. Мирослав Хроха еңбегі (Ориентация в типологии. – Прага, 1996) бойынша Қазақстандағы ұлттық қозғалыстар фазаларын ашып көрсетіңіз.

2. Ресей империясының джадидтік қозғалысының негізін қалаған Исмайл бей Гаспринскийдің негізгі идеяларын талдаңыз.

3. ХХ басындағы Ресей империясы түркі халықтарының этникалық санасының дамуындағы ұлттық тілдердегі мерзімді басылымдар («Қазан мухбире», «Вакт», «Хаят», «Шуро», «Айқап», «Қазақ» және т.б.) рөлін ашып көрсетіңіз.

4. Ресей империясы түрік-мұсылман халықтарының ұлттық қозғалыстарының дамуындағы мұсылман съездерінің (1905-1907 ж.) рөлін көрсетіңіз.

5. ХХ ғасыр басындағы тарихи әдебиеттің даму ерекшелігін талдаңыз (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз һәм қазақ хандары шежірелері. – Орынбор, 1911; Валиди Дж. Түріктер мен татарлар тарихы. – Қазан, 1912).

6. Мұсылман қамқорлық көрсету қоғамдары қызметінің бағыттарын айқындаңыз: өзара көмек пен өзара ықпалдасу формалары.

29

Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40-е годы XIX в. – Алматы, 1992. – С.197.

30

Граф Пётр Кирилл Эссен (1772-1844) – Ресейдің мемлекеттік және әскери қайраткері, инфантерия генералы; Санкт-Петербург генерал-губернаторы (1830-1842), орыс шаруаларының басшысы. 1817 ж. 19 қаңтарда Орынбор әскери губернаторы атағын алған, азаматтық бөлім басқарушысы, Орынбор корпусының командирі және шекара бөлігінің басшысы. 1819 жылы 1 қаңтарда инфантерияның генералы болып тағайындалды.

31

Қаратай – Кіші жүз сұлтаны, Нұралы ханның екінші ұлы. 1797 жылы Есім ханның өлімінен кейін Әбілқайыр жағындағы сұлтандар оның айналасына жиналды. Орынбор әкімшілігінен петиция ретінде Кіші жүздегі Қаратай сұлтанның орнын беруді сұрады. Алайда Орынборда Айшуаққа хан орны дайындалды. 1797 жылы Айшуақтың хан сайлануына наразы болған Қаратай сол кезден бастап хандық билік үшін күрес жүргізді (1797-1814). 1824 жылы Кіші жүздегі хандық билікті жойғаннан кейін Қаратай Орданың батысына билеуші-сұлтан қызметіне тағайындалады. 20-жылы Жоламан Тіленшіүлының ұлтазаттық қозғалысын басуға қатысады (1819-1825). 1826 жылы қайтыс болды.

32

Шерғазы хан (29.08.1845) – Кіші жүздің соңғы ханы (1812-1824), Айшуақтың кіші ұлы. 1809-1812 ж. Кіші жүздегі билігі шектеулі хан кеңесін басқарды. Бірақ 1812 жылы патша үкіметі Жантөре ханның кіші інісі Шерғазыны Кіші жүздің ханы етіп тағайындайды.

33

Арынгазы (1783-1833) – Кіші жүздің соңғы ханы (1816-1821), Батыр сұлтанның шөбересі, хиуалық Қайып ханның немересі, Әбілғазы сұлтанның ұлы. 1816 жылы сәуірде Орта жүздің белгілі тұлғаларын біріктіріп, мықты Қазақ хандығын құруды мақсат етті. Бұхар әмірі оны хан лауазымына лайықтығын мойындап, сонымен бірге Орынбор губернаторы П.К. Эссеннің қолдауы да көрсетіліп отырды. 1821 жылы Петербургке патша үкіметі шақырады, алайда жолда ұсталып, Калугаға жіберіледі. 1833 жылы сол жерде қаза болады. Бұл Мәскеуде қабылданған билік басындағылардың ықпалды ханның көзін құртып, хандық билікті жою мақсатында жүргізген іс-шарасы еді.

34

Асфендияров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). – 2-е изд. / под ред. А.С. Такенова. – Алма-Ата, 1993. – С. 162.

35

Рязанов А.Ф. Восстание Исатая Тайманова (1836-1838 г.). Очерки по истории национального движения казахского народа. – Алма-Ата, 1991. – 102 с.

36

Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40-е годы XIX в. – Алматы, 1992. – С. 169.

37

История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – 3-е изд. – Алматы, 2011. – С. 329.

38

Беклербек – әскери басшы, жергілікті басқаруды, ірі тайпаны немесе жергілікті тұрғындарды басқару үшін хан бұйрығымен тағайындалып отырған. Мұнда Ташкент қаласының билеушісі.

39

История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – 3-е изд. – Алматы, 2011. – С. 343.

40

История Кaзaхской ССР с древнейших времен до нaших дней. – 3-е изд. – Aлмaты, 2011. – C. 350.

41

Рязанов А.Ф. Восстание Кенесары Касымова (1837-1847 г.). Исторический очерк. – Алма-Ата, 1993. – 32 с.

42

История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – 3-е изд. – Алматы, 2011. – С. 358.

43

История Казахстана. В пяти томах с древнейших времен до наших дней. – Алматы, 2001. – Т 3. – С. 353.

44

Есет Көтібарұлы (1803-1889 ж.) – Хиуа және Қоқан хандығына қарсы соғысты басқарушы, отаршылдыққа қарсы көтерілістің жетекшісі, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы. Есет батыр Кіші жүздің Әлімұлы тармағынан, шекті-қабақ бөлімінен тарайды. Бұл рудың қазақтары Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысында, сонымен қатар Жайық пен Еділ аралығында көшіп жүрді. Есет батыр 1803 жылы Қазақстанда Шалқар көліне жақын жерде ру басқарған Көтібардың отбасында дүниеге келді. Жоңғар жаулап алушыларына қарсы қазақ халқының азаттық көтерілісіне ықпал еткен қазақтың танымал қолбасшысы Есет батырдың құрметіне есімі берілген.

45

Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1780-1860 ж.) – қазақ халқының батыры. Халық арасында Жанқожа батыр есімімен танымал. Қоқандықтарға қарсы көтерілісті ұйымдастырушы. Арал бойындағы шекті руы, әлімұлы тармағынан тарайды. Оның атасы Киік батыр Абылай ханның қолбасшысы және басты уәзірі қызметін атқарған. Бұл рудың қазақтары Арал көлінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі аймақ пен Сырдарияның төменгі ағысында көшіп жүрген. 80 жасында шайқас алаңында қаза болды.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх