Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 4
I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 2. XVIII ғасырдың 30-50 жылдары Ресей империясының Қазақстанда жүргізген саясаты
Оглавление1730 жылдардың басына қарай қазақ жүздерінің ішкі саяси жағдайы мен халықаралық байланысы күрделене түсті. Жоңғарлармен болған соғыстың аяқталуы басты міндетті – Қазақстанның басып алынған оңтүстік территориясын түпкілікті қайтарып алуды шеше алмады. Қажетті қысқы жайылымдарынан айырылған қазақ тайпалары солтүстікке қарай көшті, онда олар Ресей мемлекетінің шекараларына жақындады. Бұл Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен, орыс қамалдарының гарнизондарымен, Жайық және Сібір казактарымен қақтығыстардың өршуіне алып келді. Осыған орай, билік үшін әулетаралық күрес шиеленісе түсті. Қазақ хандығының алдында маңызды әрі күрделі міндет – қазақ жүздерін сыртқы жаулардан қорғау және ел ішінде күшейіп келе жатқан ішкі талас-тартыстар үдерісін еңсеру тұрды. Осы жағдайда қонысы Ресей шекарасына жақын орналасқан қазақ ақсүйектер элитасының бір бөлігі Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатпақ болды. Олар патшалық үкіметтің көмегімен ішкі саяси жағдайды тұрақтандырып, шекаралас территориядағы жер дауын реттеп, Еділ маңы, Орал маңы, Батыс Сібір базарына рұқсат алмақ болды, сонымен қатар орыс әскерлерінің көмегімен жоңғарлар тартып алған Жетісу жерлерін қайтарып алуды көздеді. Бұл жағдайлар орталықтанған хандық билік институтының әлсіреуіне, сондай-ақ Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жеке мүдделері оның 1730 жылы Ресей императрицасына жүгінуіне себеп болды. Әбілқайыр хан Ресей императрицасына өзінің қоластындағы халқымен бірге Ресейдің бодандығына алуын өтініп, Құлымбет Қоштаев пен Сейітқұл Қойдағұлов бастаған елшілігін жіберді6. Ортаазиялық базармен байланысын нығайтуды көздеп, Әбілқайыр хан Хиуа мен Бұхараға орыс көпестерінің керуендерін шығарып салуға дайындығын білдіріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігіне уәде берді. Сонымен бірге жыл сайын 4000 түлкі көлемінде жасақ төлеп, өз балаларын аманат ретінде жіберетіндігіне уәде берді. Осылардың қайтарымы ретінде Ор өзені сағасына қамал салып беруін, оған және оның ұрпақтарына хандық титулды бекітуін, башқұрт, қалмақ, Жайық казактарының тонаушылық жорықтарынан қорғауын сұрады. Қамалды салу арқылы Әбілқайыр хан өзінің хандық билігін нығайтуды және қоластындағылар мен бағынбағандарды жуасытуды көздеді.
Шетелдер ісі коллегиясы елдің азиялық саясаты бойынша жеткілікті дәрежеде тәжірибе жинақтады. Ресей 1730 жылы қазақ елшілігіне дейін Еділ қалмақтарын, Кабардин княздықтарын, грузин жерлерін құрамына қабылдаған болатын. Әбілқайырдың елшілеріне әр түрлі құрмет көрсетіліп, құнды сыйлықтар сыйланып, шетелдер ісі коллегиясының аудармашысы А.И. Тевкелевтің басшылығымен қазақ еліне қайтарылды. Қазақ елшілігінің қайтатын күні Шетелдер ісінің мемлекеттік коллегиясы шығыс тілдерінің аудармашысы А.И. Тевкелевке 12 пунктен тұратын қырғыз-қайсақ ордасына жіберілу кезінде оларды Ресей қоластына кіргізуге арналған нұсқау тапсырылды. Ханның айналасындағы адамдар Ресей бодандығын қабылдаудан бас тартқан жағдайлар кездесетін болса, «Нұсқаудың» 3-пункті бойынша А.И. Тевкелев оларды грамотаға қол қоюға көндіруі керек болды. Адалдыққа кепілдік алу үшін Әбілқайыр ханның рұқсатымен Ресейге аманаттар жіберу қарастырылды.
Елшілер дәстүрге сәйкес, қандай болмасын маңызды мәселелерді жеке өзі шешуге құқығы болмады және нұсқауды орындауы керек болды. Ал А.И. Тевкелевтің іс-әрекетіне толықтай еркіндік беріліп, оның өкілеттігінің шегі болмады. Сонымен қатар ол күнделікті журнал жазбаларын жүргізуі керек болды, өйткені патшалық Ресей өз елшілерінің барған елдер туралы белгілі бір білім кешенін талап етті.
1731 жылы қазанда А.И. Тевкелев Ырғыз өзеніндегі Майтөбе шатқалындағы Әбілқайыр ханның ордасына келді. 1731 жылы 10 қазандағы Кіші және Орта жүз рубасыларының жиналысында Әбілқайыр хан өзінің Петербургке елші жібергендігі туралы мәлімдеді. Бірақ атақты сұлтандар мен старшындардың басым бөлігі Ресей бодандығын қабылдауға келіспеді. Әбілқайыр ханды атақты Бөгенбай батыр қолдады. Ол жиналысқа қатысушыларға өзінің Ресейдің қоластына кіргісі келетіндігін жариялады. Бөгенбай батыр мен оның жақтастары Әбілқайыр ханды қолдауда ордадағы қалыптасқан Ресейге қарсы күштердің арасалмағын өзгерте алды. Бөгенбай батырдың белсенді көмегіне сүйене отырып, А.И. Тевкелев өз ісінің сәттілігінің кепілі ретінде оған 500 сомның тауарын ұсынуды жөн көрді, бірақ көреген Бөгенбай батыр одан бас тартуды жөн санады.
Ресейге адалдығын білдіріп, Әбілқайыр хан бірінші болып, одан кейін Бөгенбай батыр, оның күйеу баласы Есет батыр, Құдайменді мырза Құранмен ант берді. Алғашқы антты ханнан басқа старшын қызметіндегі 29 адам растады. Әбілқайыр хан өзінің дегеніне қол жеткізді және императрицаның грамотасы заңдық күшіне енді. Бұл тарихи жағдай қазақ жерлерінің Ресей құрамына қосылуының ұзақ үдерісінің бастамасы болды. А.И. Тевкелевтің елшілігі 1732 жылдың 24 қарашасында қайтар жолға шығып, 1733 жылдың 2 қаңтарында Уфаға оралды. Құрметті аманат ретінде онымен бірге Әбілқайырдың ұлы Ералы сұлтан мен бірнеше старшын келді. 1734 жылы 10 ақпанда Ералы сұлтанды Петербургте Ресей императрицасы Анна Иоановна қабылдады. Қабылдаудағы сөзінде ол қазақ халқының «мәртебелі қолдауға және Ресейдің мәңгілік бодандыққа қабылданғандығын» тағы да растады. Бірақ Кіші жүз Ресей бодандығын қабылдағаннан кейін де қазақ қоғамындағы жағдай шиеленіскен күйде қала берді. Орта және Ұлы жүз жерлеріне белгісіз басып кіру қаупі сақталды. 1733 жылдың соңында Ұлы жүз елшілері – Аралбай мен Оразгелді Әбілқайырға Ұлы жүзді Ресейдің қоластына кіргізуіне көмектесуін сұрап келді. Осы уақытта Ұлы жүздің сұлтандары мен билері – Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Хангелді батыр және Бөлек батыр императрицадан өздерін бодандыққа қабылдауын сұрады. 1734 жылы 10 маусымда Анна Иоановна Орта жүздің Ресей бодандығына қабылданғандығы жөніндегі жарлыққа қол қойды. Бұйрық Әбілқайыр ханға жіберіліп, Ұлы жүз ханы Жолбарысты Ор өзені сағасына ант қабылдауға шақырды. Жолбарыс хан өз кезегінде Орта Азия саудасын нығайтуға жәрдемдесу мүмкіндігі туралы мәлімдеп, сауда керуендерін қорғауға уәде берді. 1738 жылы 19 қыркүйекте императрица грамота негізінде Ұлы жүздің Ресей құрамына қабылданғандығын растады. Бірақ аймақтың Ресейден алшақ орналасуы, күрделі сыртқы саяси жағдай бұл актінің жүзеге асырылуын кейінге ысырды, дегенмен ол кейіннен мәжбүрлі түрде орындалған болатын.
Кіші жүз және ішінара Орта жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдағандығы жөніндегі заңдық акт рәсімделгеннен кейін оның нақтылы жүзеге асырылу кезеңі басталды. Мұнда маңызды рөлді «Қырғыз-қайсақ экспедициясы» атқарды. Ол кейіннен Орынбор экспедициясы деп өзгертілді. Орынбор экспедициясы 1734 жылы ұйымдастырылды, оны Сенаттың обер-секретары И.К. Кириллов басқарды, ал көмекшісі болып Кіші жүзге жіберілген үкіметтің тапсырмасын сәтті орындағаны үшін полковник қызметіне ауыстырылған А.И. Тевкелев тағайындалды. 1734 жылдың басында императрицаның атына және шет елдер ісі коллегиясына жасаған ұсынысында И.К. Кириллов Ор өзенінің Жайыққа құяр жерінде қала қамал салу керектігіне назар аударды. 1734 жыл 10 маусымда императрица И.К. Кирилловқа Арал теңізінде кемелер жасағын құруға тырысу керектігін тапсырды. И.К. Кирилловтың шет елдер ісі коллегиясына жасаған ұсынысын мұқият зерттегеннен кейін императрица Орынбор экспедициясы басшысына башқұрттардың, қазақтардың, Жоңғарияның және Хиуаның қарым-қатынастары туралы нұсқауды бекітті. Қазақстандағы және көршілес елдердегі жағдайды жиі хабарлап тұрудан басқа, Әбілқайырдың Хиуамен соғысында қару-жарақ пен соғыс қажеттіліктеріне көмектесу қажет болды. 1734 жыл 10 маусымда грамотамен императрица Әбілқайыр ханды қорғауға арналған Ор өзені бойында қала қамал құрылысын салуды бекітті. Экспедицияның жан-жақты жоспары бірнеше себептерге, соның ішінде 1734-1738 жылдары башқұрттардың көтерілісіне байланысты жүзеге аспай қалды.
Сонымен бірге 1734 жылы 10 маусымда Орта жүз ханы Сәмекеге оның тағы да бодандыққа қабылдау жөніндегі өтінішін бекіткен императрицаның грамотасы жіберілді. Бірақ Сәмекенің өліміне байланысты грамота тапсырылмай қалды. Орта жүздің жаңа ханы Күшік пен Барақ сұлтан 1735 жылдың соңында Тевкелевтің атына жазылған хатта Ресей бодандығын қабылдағандығын растап, оларға елшілік жіберуін сұрады. 1736 жылы Ресей бодандығын Орта жүздің батыры Жәнібек өз ауылдарымен бірге қабылдап, осы жүздің сұлтандары – Барақ пен Сәмекенің ағасы Әбілмәмбет те бодандықты қабылдағандығын растады. Ресей әкімшілігінің беделін көтеру үшін Әбілқайыр қазақ көпестерінен салық алуды тоқтату жөніндегі сұрақты көтерді. Ресей үкіметі Әбілқайырдың қазақтарға бодандықты қабылдауына көмектескен іс-әрекеттеріне қанағаттанды. Әбілқайыр және оның айналасындағылар арқылы Ресей қазақ даласындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік алды.
И.К. Кириллов Ор өзенінің бойында қамал, қазіргі Орынбор қаласын салдырды. Орынбор қаласы Ресейдің Шығысты отарлаудағы тірек базасы болды. И.К. Кирилловтың өліміне байланысты 1737 жылы сәуірде Орынбор өлкесінің губернаторы болып белгілі тарихшы В.Н. Татищев тағайындалды. Орынбор экспедициясының атауы Орынбор комиссиясы болып өзгертілді. В.Н. Татищевтің бастамасы бойынша Орынбор қаласы Ор өзені бойынан басқа жерге, яғни Красногорск қамалы тұрған жерге көшірілді. Жаңа губернатордың басты саяси мақсаты – Кіші және Орта жүздің беделді Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды.
Патшалық үкімет Әбілқайырдан қайтадан ант қабылдауға шешім қабылдады. 1738 жылдың 3 тамызында Әбілқайыр өзінің Ресейге адалдығын ант арқылы ресми түрде қайтадан растады. 4 тамызда Ресей бодандығын Әбілқайырдың екінші ұлы Ералы сұлтан мен Кіші және Орта жүздің 56 старшыны қабылдады. 1740-1742 жылдары қазақ даласына жіберілген көптеген дипломатиялық уәкілдіктер, екі жақтың келіссөздері Ресей бодандығын ант арқылы қабылдаумен жүзеге асырылды. 1740 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен беделді сұлтан Абылай бодандықты қабылдады. Абылайдың қазақ даласындағы беделі өте жоғары болды. Олармен бірге қазақ ақсүйектерінің 290 өкілі ант қабылдап, оның парақтарына өздерінің жеке таңбаларын қойды.
Әбілқайырдың үшінші Ресейдің бодандығын қабылдағандығы жөніндегі анты 1742 жылы тамыз айының 20 жұлдызында болды, бірақ бұл анттың 1731, 1738 жылдардағы ант сияқты маңызы болмады. 1742 жылдың қарашасында Ресей бодандығын Барақ сұлтан өз жерінде қабылдады. XVIII ғасырдың ортасына қарай Кіші жүз бен Орта жүздің түгелдей дерлік хандары мен беделді сұлтандары Ресейдің қоластына ресми түрде өтті.
Әбілқайыр мен оның айналасындағылардың, ал кейіннен Орта жүздің беделді Шыңғыс ұрпақтарының Ресей бодандығын қабылдауы Орталық Азиядағы мемлекетаралық қатынастардың бағытын айтарлықтай өзгертті. Қазақтар жиі қайталанып тұрған жоңғарлардың тонаушылық жорықтарынан құтылғанына қарамастан біртіндеп далалық аймақтарды әскериказактық отарлау басталды. Қазақ даласының кеңдігі Ресей шенеуніктеріне бақылаусыз және аз қоныстанған деген жалған түсінік қалыптастырған болатын. XVIII ғасырдың 30-жылдары патшалық барлық амалдармен, негізінен, әскери-қорғаныс шептеріне сүйене отырып, көшпенділердегі аграрлық қатынастар түрінің ерекшелігін жете түсінбей, жеке шаруалар мен үкіметтік отарлауды қолдады.
Ресей және қазақ жағынан қол қойылған сол уақыттың құжаттарында маңызды мемлекетаралық мәселелер көрініс таппаған. Соның ішінде әкімшілік-территориялық шегі, шекара мәселелері, жер қорын пайдаланудың болашағы, казак жасақтарын орналастыру, шекаралық шептердің күші орнаған аудандарда орыс қоныс аударушыларын орналастыру мәселелері бар. Бұл мәселелер орыс билігінің таралуына қарай Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде Әбілқайырдың Орынбор әкімшілігімен жиі әрі күрделі келіссөздер жүргізуінің және ханның Ресейге байланысты ұстанымының нашарлауының басты себептері болды. Әбілқайыр өзіне жасалған Орынбордың әкімшілік қысымына қарай әскери-инженерлік база құрылыстарын кеңейтудегі патшалықтың қауіпті шараларын түсінді. Әскери-инженерлік база салу арқылы патшалық өлкеде әскери-отырықшылық отарлауын жүргізді. Тек 1740-1743 жылдар аралығында Кіші жүз бен Оңтүстік Орал жерлерінің шекарасында қазақ жерлерін айтарлықтай тарылтқан көптеген қамалдар салынды.
Аса ірі өзгерістер Орынбор губерниясының құрылуы және оның бірінші губернаторы болып генерал И.И. Неплюев тағайындалуымен байланысты болды. И.И. Неплюев пен Әбілқайырдың арасында кикілжіңдер мен келіспеушіліктер басталды. И.И. Неплюевтің қызметімен бірқатар әкімшілік-саяси шаралар байланысты болды. Орынбор қаласы Сақмар өзенінің Жайыққа құяр жеріне ауыстырылды, жаңа Орынбор шептерінің қамалдары мен редуттары салынды, Үй шебі нығайтылды, қазақтармен және Орта Азия халықтарымен сауда дамытылып, өркендеді. И.И. Неплюев нығайтылған шептер құрылысын кеңейту жөнінде қатаң саясат жүргізді7. Қазақтардың Жайық өзенінің оң жағалауына, яғни олардың иеліктеріне еркін өтуіне кедергі келтіріліп, Жайық шебі кеңейтілді. Үй шебі шығысында жаңа Есілмен бірігуі керек еді. Жаңа Есіл шебі өз кезегінде Ертіс шебі арқылы Сібір редутымен бірігіп, оған 1743 жылы негізі қаланған Троицк бекінісі қосылды. Кейіннен оған жаңа Есіл шебінің құрамында болған Звериноголовск қамалы қосылды. Нығайтылған шептерді мақсатты түрде біріктіргеннен кейін Орынбор, жаңа Есіл, Ертіс, Сібір, Ор шептері Қазақстанның солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аймақтарын қоршады. Нәтижесінде Оралдың сағасынан Өскемен бекінісіне дейін 3,5 мың шақырымға созылған, негізінен, казактар қоныстанған қамалдар мен форпосттардың үзіліссіз шептері қалыптасты. Қазақ жерлері шамамен 70 мың шаршы шақырымға қысқартылды.
И.И. Неплюевтің басты мақсаты Әбілқайыр ханның саяси билігін әлсіретіп, тізгіндеп, отарлау саясатын жүзеге асыру болды. Түрлі саяси кикілжіңдерді туындату арқылы Әбілқайырдың билігін шектеуді көздеді. Ол Орта жүздің көрнекті Шыңғыс ұрпақтарымен, оның ішінде Барақ сұлтанның арасындағы араздықты тиімді пайдаланды. Қазақ билеушілерін бір-біріне айдап салу арқылы олардың арасындағы араздықты одан әрі шиеленістіріп, жүздердің тұрақтылығын әлсіреткісі келді. Әбілқайыр хан күтпеген жерден қаза табуына, ішкі саяси тартыстармен қатар оның Барақ және Батыр сұлтандардың жері арқылы өтетін сауда керуендерінің бағытын бақылауда ұстауға ұмтылуы және Арал жағалауы мен Хиуа жерінде көшіп жүрген қазақтарды өз билігіне толық бағындыруды көздеуі себеп болды. Мұны мына жағдай да нақты көрсетеді, 1748 жылдың басында Әбілқайырдың қоластындағылардың Барақ сұлтанға той сыйлықтарымен бара жатқан Хиуа билеушісі Қайыптың той елшілігін тонауы шиеленісіп тұрған жағдайды ушықтырды. Сонымен, 1748 жылдың 1 тамызында 56 жасында Әбілқайыр хан өлтірілді. Әбілқайыр хан 30 жылға жуық билік құрып, оның заманы тұтастай қазақ халқының басынан өткен қиын да қауіпті кезеңмен тұспа-тұс келді. Ресейдің отарлау саясатының жоспарындағы шараларда халық еркі бойынша дәстүрлі хан сайлаудан гөрі империя рұқсатын алған билеушіні қолдайтыны анық білінді. Осы оқиғалардан кейін де Барақтың беделі төмендеді, ол қателікке ұрынды, руластарының басым бөлігі оған қарсы шықты. Оның қиын жағдайын Қазыбек бидің ұсынысымен ұйымдастырылған және оны ақтап шыққан билер соты да құтқармады. Барақ екі жылдан соң дүниеден өтті. Тартыстар мен қақтығыстарға толы кезең Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Нұралының хан етіп тағайындалуымен 40-жылдары аяқталады. Бұл тарихи кезең қазақ-жоңғар соғыстарында елеулі орын алған екі тұлғаның – 1745 жылы Қалдан Цереннің және 1748 жылы Әбілқайырдың өлімімен аяқталды8. Сонымен қатар қазақ даласында хан билігінің әлсіреуі мен казак әскерлерінің ашық түрде енуі Ресейдің отарлау саясатының жаңа бағыттағы кезеңін бастады.
Бақылау сұрақтары:
1. XVIII ғ. басындағы қазақ даласындағы тарихи ахуалды сипаттаңыз.
2. А.И. Тевкелев елшілігінің миссиясын түсіндіріңіз.
3. Орынбор экспедициясының құрылуына және оның қызметіне баға беріңіз.
4. Қазақ даласындағы саяси жағдайдың шиеленісу себептерін талдаңыз.
6
Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. – Алматы, 1999. – 336 с.
7
Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сб. 2. – 2-е изд. / под ред. профессор С.Д. Асфендиярова. – Алматы, 1998. – 350 с.
8
Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.). – Алматы, 1999. – 288 с.