Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 3

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
I тарау
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ БОДАН БОЛУ ҚАРСАҢЫНДА
§ 1. XVIII ғасырдың бірін ші ширегіндегі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси жағдай

Оглавление

XVIII ғ. басындағы Қазақстанның геосаяси жағдайы күрделі болды. Қазақ жүздері оңтүстікте және оңтүстік-батыста Бұхара, сонымен қатар Хиуа хандығымен шектесті. Бұл хандықтарда ішкі саяси тұрақсыздық және өзара қақтығыстар орын алғандықтан, кейіннен күшті мемлекеттердің отарлау объектісіне айналды. Қазақ жері солтүстікте және солтүстік-шығыста Ресей империясының иеліктерімен шектескен еді. Сондықтан қазақтардың ең ұзын шекарасы Ресеймен болды. Төменгі Еділ, Оңтүстік Орал және Сібір халықтары XVI ғасырдың соңынан бастап ресми түрде Ресейдің отары болғанымен, іс жүзінде мемлекеттік жүйеге бірікпеген еді. Сондықтан орыстардың әскери-отарлау әкімшілігі Кіші және Орта жүз қазақтарымен шектескен Еділ қалмақтары, башқұрттар, Сібір татарлары орналасқан жерлерде өзінің бағытын күшейте түсті. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста қазақтар Жоңғар хандығымен шектескен. Мұның өзі онжылдықтар бойы қазақ жеріндегі тұрақсыздыққа алып келді және жоңғарлардың басып алу әрекеттерін күшейтті. Осылайша, мұндай геосаяси үдерістер қазақтардағы көшудің дәстүрлі жолдары мен бағыттарын өзгертіп, жайылымдық жерлер мен жақын аймақтардағы сауда орталықтарын еркін иелену мүмкіндігі үшін өзара қақтығыстардың күшеюіне алып келді. Шиеленістің жаңа толқыны біртіндеп үлкейіп, ол XVIII ғасырдың бірінші ширегінде Қазақстанның, Жоңғарияның, Еділ бойының, Орал маңының, Батыс Сібір мен Орта Азияның барлық этномәдени кеңістігін қамтыды. Енді осыған кеңірек тоқталайық.

XVIII ғасырдың басында Ургадағы жоғары биліктің ауысуы қазақ даласына жоңғарлар тарапынан соғыс қаупін төндірді. Қалдан-Бошоқты қонтайшының билігі кезіндегі (1670-1697 ж.) қақтығыстар келіссөздермен ауысып отырды. Бұл жорықтар Қалдан-Бошоқтының мұрагері Цеван-Рабдан қонтайшының (1697-1727 ж.) тұсында қайта жалғасты1. Қытайдың манчжур әулетімен ыңғайлы саясат ұстануының арқасында жас билеуші ашық кикілжіңге келмей, өз күшін Жоңғарияның солтүстік-батысындағы көшпенді және жартылай көшпенді халықтарға қарсы жинады. Жоңғар шапқыншылықтары бірінен соң бірі жалғасты (1711, 1715, 1717, 1718, 1719 жылдары). Ру-тайпалық және феодалдық талас-тартыстар жүріп жатқан Қазақ хандығына жылдан-жылға күшейіп келе жатқан көрші елдердің басып алу қаупі төнді. Жоңғарлардың Қазақ хандығына ірі шапқыншылығы 1710 жылы басталды. Ұйымдасып, тойтарыс беруді шешу мақсатында Тәуке хан 1710 жылдың күзінде Қарақұмда қазақтың үш жүзінің басын қосып, құрылтай өткізді. Құрылтайдағы басты мәселе жоңғарларға қарсы біртұтас жасақ құру болды. Батырлар рулар мен жүздерден құрылған жасақты біріктіруді жақтады, оның ішінде Бөгенбай батыр ерекшеленіп, ол қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланды. Барлық қазақ жүздерінің бірігуі айтарлықтай нәтиже берді. Қазақ жасақтары жоңғарларға қарсы шабуылға шығып, оларды шығысқа ығыстырып, жерлерін қайтарып алды. Бірақ қазақ жүздерінің арасында алауыздық басталды. Бұл іс-әрекеттердің бытыраңқылығына және топтардың бәсекелестігіне алып келді. 1713-1716 жылдары жоңғарлар Қазақ хандығына қайта басып кірді. 1717 ж. Аягөз өзенінің жоғарғы ағысында қазақтардың жеңілісімен аяқталған үш күндік шайқас болды. 1718 жылы жоңғарлар Жетісу арқылы Арыс, Бөген, Шаян өзендерінде қоныстанған қазақтарға шабуыл жасады. Олардың мақсаты қазақ хандарының ордасы Түркістанды басып алу болды. Қазақ-жоңғар қатынастарының келесі бір күшейген кезеңі қазақтар үшін қайғылы болған «Ақтабан шұбырындымен» байланысты. Жоңғарлардың жоспарланған үздіксіз шабуылы қазақ халқы тарихында «Ұлы жұт жылдары» деп аталды. Ол 1723 жылы көктемде жүзеге асырылды. Жоңғарлар өздерін шығыстан қауіпсіздендіріп және қазақтардың алауыздығын пайдалана отырып, барлық күшін біріктіре жорыққа аттанды. 1723 жылы көктемде 70 мыңдық әскері бар жоңғарлар Қаратау таулары арқылы Талас өзенінің аңғарына басып кірді. Қазақтар жоңғарлардың бұл уақытта шабуыл жасағанын күтпегендіктен, қыстауларынан көшуге дайындық жүргізіліп жатқан болатын. Өте жақсы дайындалған Хуно Дабо бахадүр және әскербасы Әмірсананың басшылығымен жоңғар әскері Алатауды басып өтіп, ерлер мен әйелдерді түгелдей қырып, қыздарды күңдікке алып кетті. Қазақтың Ұлы және Орта жүздері малы мен дүние-мүлкін тастап, Самарқан мен Ходжентке, ал Кіші жүздің қазақтары Хиуа мен Бұхараға шұбыра көшті. 1724-1725 жылдары жоңғарлар Түркістан мен Ташкентті басып алып, оны талқандады. Жоңғарлардың бұл ірі шапқыншылығының сәтті болуының себебі олардың аяқ астынан қазақтарға шабуыл жасап, әскери дайындығының жоғары деңгейде болуынан еді. Сөз жоқ, жоңғарлар қазақтардың әлі қыстауда отырғандығын және тез арада жасақ құра алмайтындығын біліп, осы қолайлы сәтті таңдаған болатын. Жақсы қаруланған жоңғар әскерінің шайқастағы тәжірибесі мол еді. Әскер қару-жарақпен ғана емес, зеңбіректермен де жабдықталды, сондай-ақ қалмақ әскерлерінің қытай әскерлеріне қарсы көпжылдық соғыс тәжірибесі болды.

Тарихта «Ұлы жұт жылдары» деп аталған кезең қазаққа үлкен зардап, аштық алып келіп, материалдық құндылықтары қиратылып, өндіргіш күш тердің дамуына орны толмастай салдарын тигізді: мыңдаған ерлер, әйелдер және балалар құлдыққа айдап әкетілді. Жоңғарлардың қысымына шыдамаған көптеген қазақ тайпалары өздерінің ғасырлар бойы өмір сүрген қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болды, соның нәтижесінде «жұтау мен өлім, қайыршылық пен қайғы жаппай орын алды, біреулер аштықтан өлді». Бұл ауыр апаттың себептерін зерттеушілер қазақ қоғамында қалыптасқан жағдайлармен байланыстырады. Қазақ хандығы өзінің тәуелсіздігіне қатер төнгеніне қарамастан ұзақ уақыт бойы бытыраңқылықта өмір сүрді2.


Қабанбай батыр http://imena.pushkinlibrary.kz/


Бөгенбай батыр http://kultobe.kz


1723 жылғы жеңіліс қазақ халқын жасытқан жоқ және олардың қоғамдағы басып алушылыққа деген қарсылықтарын күшейте түсті. Егер қазақ даласында жауды тоқтатып қана қоймай, оны қуып шығатын күштер табылмағанда, қазақ халқының тағдыры бұдан да қайғылы болар еді.


Әбілқайыр хан


Өз ортасынан Бөгенбай, Қабанбай, Тайлақ, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Өтеген және тағы да басқа көптеген атақты ұйымдастырушылар мен қолбасшыларды шығарды, мемлекетті аман сақтап қалу ісін халықтың өзі қолға алды3. Сонымен қатар әскери күшті саяси жағынан жұмылдырудың күрделі үдерісіне Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды қоғамдық және саяси қайраткерлер өз үлесін қосты. 1726 жылы жоңғарларға қарсы тойтарыс беру үшін үш жүздің басын қосу жөніндегі саясат белсенді түрде жүргізіле бастады. 1726 жылы Ордабасы жерінде (Шымкенттен оңтүстік-батысқа қарай) барлық үш жүз өкілдерінің басын біріктірген тарихи құрылтай болды. Онда барлық қазақтарды біріктіру қажеттілігі мен халық жасағын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды. Жасақтың бас қолбасшысы болып Кіші жүз ханы Әбілқайыр (1718-1748) сайланды.

Ол қазақ қоғамының жоңғарға қарсы күштерін біріктіруге өзінің үлкен үлесін қосты. Осы құрылтайдан кейін үш жүздің жасақтары бірігіп, 1726 жылы Сарысу өзенінің батысына қарай орналасқан Бұланты өзенінің жағасында жоңғарларды ойсырата жеңеді. Бұл осы уақытқа дейін болған соғыстардың ішіндегі жоңғарларды жеңген алғашқы шайқас болды. Қалмақтар көптеп қырылғандықтан, шайқас болған жер «Қалмақ қырылған» деп аталды. 60 мыңдық қазақ жасағы жоңғар күштеріне үлкен соққы берді. Бұл жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, өз күшімен жауды жеңуге болатындығына деген үлкен сенімдерін ұялатты. Қазақ жасағы бастаманы өз қолына алып, жоңғарларға қарсы соғысқа шықты. Қазақ халқының жоңғар жаулап алушыларына қарсы азаттық күресіндегі елеулі оқиға Аңырақай шайқасы болды. Ол 1730 жылдың көктемінде Балқаш көлінен оңтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым жердегі халық арасында «ит ішпес Алакөл» (көл тұзды болғандықтан, осылай аталған) атымен белгілі Алакөл көлінің жанындағы Аңырақай атты жерде болды. Жасақты Әбілқайыр хан басқарды.

200 шақырымға жуық жерді алып жатқан Аңырақай шайқасындағы соғыс алаңында қазақтар жеңіске жетті. Бұл жер жаудың «аңыраған, боздаған жері» деген атқа ие болды. Бірақ қазақтардың Аңырақай шайқасындағы жеңісті әрі қарай сақтап қалуына Әбілқайыр, Әбілмәмбет және Сәмеке хандар арасындағы алауыздық кедергі келтірді. Талас-тартысқа Болат ханның кенеттен қайтыс болуы себеп болды. Осыдан кейін үш жүздің жоғарғы ханын сайлауға байланысты бәсеке басталды. Кезінде қазақ жасақтарының бас қолбасшысы сайланған, бірақ ешқашан хан сайланбаған тұқымның ұрпағы болған Әбілқайыр Қазақ хандығы жоғары билігін иелене алмай, наразылық танытып, Қазақ хандығының Батыс шекарасына көшіп кетті. Орта жүз ханы Сәмеке де шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы жағдайлар Аңырақай шайқасындағы жеңісті ұзақ уақытқа дейін сақтап қалуына кедергі болды. Кіші және Орта жүз жасақтары кетіп қалғаннан кейін жалғыз қалған Жолбарыс хан жоңғарлармен келісімге келуге мәжбүр болды. Осы жағдайлардың нәтижесі қазақ жерлерін жоңғарлардан түпкілікті азат ету ісіне үлкен соққы болып тиді. Жоңғарлардың Қазақстанға басып кіруінің салдары қайғылы аяқталды. Қалалар қаңырап, сауда мен қолөнер ісі нашарлады. Көшудің дәстүрлі циклдері мен бағыттары бұзылды, Қазақ хандығының көшпенді мал шаруашылығы Орта Азияның отырықшылықпен, қолөнермен айналысатын орталықтары арасындағы экономикалық байланыстары өзгеріске ұшырады. Орта жүздің тұрғындары біршама уақыт бойы жоңғар феодалдарына бағынышты болды, мұның өзі қазақ жүздерінің экономикалық және саяси байланыстарын әлсіретіп, Қазақ хандығындағы саяси алауыздық үдерісін күшейтті. Тайпалар мен халықтардың көші-қон орнын ауыстыруына байланысты этникалық шекаралар бұзылды, бұл Азияның осы аймағындағы халықаралық қатынастарды бірден күрделендірді. Қазақ жүздері әлсіреді, дегенмен халықтың арқасында мемлекеттік территорияның тұтастығы сақталып қалды.


Ұзаққа созылған қазақ-жоңғар қайшылықтары жайылымдық жерлер мен жақын аймақтардағы сауда орталықтарына қол жеткізу үшін көшпенді халықтар арасындағы өзара шиеленісті күшейте түсті. Қазақ жүздері мен XVI ғасырдың соңынан бастап Ресейге бағынышты болған оңтүстік Еділ бойы, Орал маңы, Батыс Сібір халықтары арасындағы қайшылықтар өрши түсті. Өзінің ықпалын әрі қарай бекіте түсуді көздеген Ресей Еділ қалмақтары, башқұрттар, Сібір татарлары сияқты «адал бағыныштыларының» қоныстану аймағына өзінің бекіністерін орналастырды. Кіші және Орта жүз қазақтарының көшу кеңістігіне қарай жылжи берді. Бұл көшпенді халықтардың әлеуметтік-экономикалық өмірінде, тұрмысында, мәдениетінде қалыптасқан түрлі байланыстары болды. Қазақтар оңтүстік Орал мен Батыс Сібірде көшіп жүрген башқұрттармен тығыз қарым-қатынас жасады. Қазақтар мен Еділ қалмақтары арасында күрделі қақтығыстар болған кезде Кіші жүз руларының бір бөлігі Үй-Миас өзендерінің аралығы мен Жайықтың оңтүстік жағасында өмір сүрген башқұрт жерлерінде өмір сүрген. Патшалық әкімшілік башқұрт жайылымдарын оңтүстік-шығысқа ығыстырғаннан кейін олардың арасында қазақ жүздеріне бағытталған қарулы қақтығыстар көбейе түсті. Бұл қақтығыстардың күрделілігі туралы 1730 жылы мамыр-маусым айлары аралығында Кіші жүз жеріне белгілі (ақсүйектен шыққан) башқұрт тарханы Алдар Есенгелдиннің келгендігі дәлел болады. Ол қазақ-башқұрт арасындағы жер дауын шешу үшін Әбілқайырдан Ресейге елші жіберуін талап етті.

Еділ қалмақтарымен арадағы қарым-қатынас бұдан да күрделірек болды. XVIII ғасыр қалмақ ханы Аюкенің халықаралық ықпалының күшеюімен сипатталады. Ол Еділдің төменгі ағысы бойында көшіп жүрген ұлыстардың билеушілерін өзіне бағындырып, осы геосаяси аймақтағы өзінің ықпалын күшейту үшін белсенді күрес жүргізе бастады. XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығында Аюке хан Ресей империясының ішінде де айтарлықтай күшейді, ол патшалық үкіметтің талабымен әскери жасақтарды тұрақты түрде жеткізіп отырды, ал Ресей өзінің еуропалық саясатында қалмақ жауынгерлерінің әскери мүмкіндігін пайдаланып, Аюкенің Оңтүстік Орал маңы, соның ішінде қазақ даласына бағытталған тонаушылық жорықтарына кедергі келтірмеді. Қазақтардың, қарақалпақтардың, башқұрттардың жауапты шабуылы аймақтағы саяси жағдайдың тұрақсыздануына алып келді. Белгілі тарихшы В.А. Моисеев 1720 жылдары Цеван-Рабданның Аюке ханға жіберген елшісінің қазақтарға қарсы өзара бірігіп шабуыл жасау туралы ұсынысымен келгендігі туралы жазады. Сол уақытта мұны Аюке хан патша үкіметіне хабарлайды, олар Аюкенің ұсынысын қабылдамай, қазақтар мен жоңғарлар арасындағы соғысқа араласпау керектігін айтады4. Бұл Әбілқайыр ханға мәлім болуы керек, сондықтан ол 1723 жылы 20 мыңдық қазақ және қарақалпақтан құрылған әскерге қолбасшылық етіп, ескерту жорығын жасайды.

Бұл кезде қазақ жүздерінің оңтүстік шекарасында да күрделі әскерисаяси жағдай қалыптасты. Бұхара хандығы бірнеше тәуелсіз иеліктерге бөлінеді. XVIII ғасырдың басы өзара талас-тартыстың күшеюімен сипатталады, нәтижесінде Бұхарадан Ферғана, Балх, Ходжент және басқа да иеліктер бөлініп кетеді. Осыған ұқсас жағдай көршілес Хиуада да қалыптасты. Қазақ хандары мен сұлтандары Хиуа хандығының ішкі саяси өміріне белсенді түрде араласып, жергілікті топтар оларды өздерінің ханы етіп сайлады.

Саяси жағынан қазақ билеушілерінің қоластында болған қарақалпақтар Сырдарияның төменгі және орта ағыстарында қоныстанды. Олар өтіп жатқан керуендерден алым жинап, салықты нанмен төледі және көрші халықтардың отырықшы аудандарына жасалған біріккен әскери жорықтарына қатысты.

XVIII ғасырдың басында Ресейдің де шығыстағы белсенділігі, стратегиялық қызығушылығымен, сыртқы саясатының мақсаттарымен сипатталады. Орыс үкіметі геосаяси міндеттерін жүзеге асыра бастайды: басты мақсаты Ертіс бойында бекіністер салу болып табылатын И.Д. Бухгольцтің экспедициясы 1715 жылы Шығыс Қазақстанға жіберіледі. 1716 жылы Омбы, 1717 жылы Железинск, 1719 жылы Семей, ал 1720 жылы Өскемен қамалдарының негізі қаланды. Осы уақытта А. Бекович-Черкасскийдің экспедициясы Каспий теңізінің шығыс жағалауын зерттеп, Арал маңының картасын жасайды. I Петр сенат көшірмешісі И. Кириллов пен шетелдер ісі коллегиясының аудармашысы Мәмет Тевкелевке қазақтарды Ресейдің қоластына кіргізудің жобасын жасауды тапсырады. Сондай-ақ ол Тевкелевке былай деп тапсырма береді: егер «Ол орда бодандықты қаламаса, ауқымды шығындарға қарамастан миллион ақшаға дейін шығын шықса да бір парақ қағазбен Ресей империясының протекциясында болуға міндеттелсін…»5. Бірақ I Петрдің өлімі бұл жобаның жүзеге асуына кедергі болды.


И.Д. Бухгольц (1671-1741 ж.)


И.И. Неплюев (1693-1773 ж.)


Осылайша, XVIII ғасырдың екінші онжылдығының ортасына қарай қазақтардың батыс, солтүстік, оңтүстік-шығыс көршілерімен қарулы қақтығыстарының өршуі билік үшін өзара талас-тартыс қазақ жүздерінің ішкі және сыртқы жағдайын қиындата түсті.

Бақылау сұрақтары:

1. XVIII ғ. басында Жонғар агрессиясының күшею себептеріне талдау жасаңыз.

2. Ақтабан шұбырынды жылдарындағы қазақ жүздеріндегі жағдайға сипаттама беріңіз.

3. Аңырақай шайқасы және оның маңыздылығына баға беріңіз.

4. XVIII ғасыр басында қазақтар мен Еділ қалмақтарының арасындағы қарымқатынастың шиеленісуін талдаңыз.

1

Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи в ХVII-ХVIII в. – Алма-Ата, 1991. – 240 с.

2

Тынышбаев М. Великие бедствия (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата, 1991. – 152 с.

3

Копеев М.Ж. Таңдамалы. – Алматы, 1992. – 1-том. – 273 с.

4

Моисеев В.А. Россия и Джунгарское ханство в XVIII веке. – Барнаул, 1998. – 174 с.

5

Аполлова Н.Г. Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века. – Алма-Ата, 1948. – 254 с.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх