Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 12

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІІ тарау
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
§ 4. ХІХ ғасырдың бірін ші жарты сындағы Ре сейдің Орта Азиядағы саясаты

Оглавление

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей мен Хиуа арасындағы қатынастар сауда байланыстарының дамуына қарамастан қиын болды. Себебі қазақ даласындағы ықпал ету аймақтарының шектелуінен еді. Хиуа хандығымен шекаралас қазақ жерлерінің жүз жылдай уақыт Ресей империясының құрамында болғандығына қарамастан Хиуа билеушілері Каспий теңізін бойлай көшіп жүрген қазақ руларына үстемдік орнатуды көздеді. Бұған қоса Сырдың төменгі ағысы мен Арал теңізінің солтүстік жағалауы және Ембі өзені мен Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы арасындағы кең байтақ далалық кеңістік, іс жүзінде Ресейге де, Хиуаға да қараған жоқ. Бұл аймаққа Ресей бодандығындағы және Хиуа билігіндегі қазақтар қажет жағдайда көшетін болған. Осыдан Хиуа қазақ тұрғындарына өз ықпалын жүргізуге тырысып, қазақ руларын Ресей шекарасынан Хиуа жағына қарай көшуге үгіттеді. Мұны хиуалық билеушілердің қолдауына сүйенген қазақ ақсүйек өкілдері де пайдаланды. Кіші жүз ханы Серғазы (1812-1824 ж.) Хиуа ханы Аллақұлдың (1826-1842 ж.) көмегімен 1824 жылғы реформадан кейін жоғалтылған лауазымын қайтаруға тырысты. Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Ф. Генс 1831 жылы 25 сәуірде Азиялық департаментке Серғазы ханның баласы Едігенің қазақтарды «шепті тастап, діншіл Хиуа жағына өтуге» үгіттегенін баяндаған. 1836 ж. ақпанда хиуалық хан Аллақұл Қайыпғали Ишимов сұлтанға батыс қазақтарының ханы титулын анықтайтын хандық фирманды (жарлық) тапсырды. Қайыпғали Ишимов Хиуадан қазақ даласына оралған соң хиуалық монархтың креатурасы ретінде сөз сөйлеп, өзіне бағынушы қазақтардан Хиуа қазынасына зекет төлеуді талап етті. 1836 ж. маусымда Қайыпғали Ишимов кете руынан зекет жинап, «олардың ауылдарын» әрі қарай Ойыл өзеніне көшіртіп, Хиуаға жақындауға көндірді. Дәл осы сияқты әрекеттер Кіші жүздің ірі руы саналатын шектіге қатысты қолданылды. Орынбор әскери губернаторы В. Перовский 1836 ж. Азиялық департамент директоры К. Родофиникинге хиуалықтардың «өз күштері мен тәсілдерін сынап», қазақтарды бағынушылар деп санап «ордада өз үйіндегідей» басқарылады және «Хиуа шекарасына қарамайтын руларға өз ықпалын жүргізуде», – деп жазды.

Қатынастардың шиеленісуіне хиуалықтардың Орынбордан Бұхараға және кері өткен сауда керуендеріне шабуыл жасауы да ықпал етті. Хиуа билеушілері бұл сауда жолдарына бақылау орнатып, керуендерден баж алуға тырысты.

Хиуадағы орыс тұтқындары мен олардың босатылуына қатысты мәселе екі ел арасындағы қатынастарды едәуір қиындатты. Хиуа ханынан тұтқындардың босатуына келісім ала алмаған орыс үкіметі 1836 ж. Ресейде болған барлық хиуалық көпестерді ұстап, мүліктерін тәркіледі. 1837-1838 жылдары сәтсіз келісімдердің нәтижесінде патша үкіметі өз талаптарының орындалуын әскери күштің көмегімен іске асыруды көздеген соң орынборлық әскери губернатор В. Перовский ұсынған Хиуаға әскери жорықтың жобасы қолдау тапты.

1839 ж. 16 ақпанда Хиуаға әскери экспедицияның дайындығы мен ұйымдастырылуы туралы жоспар бекітілді.

Орынбор әкімшілігі экспедицияның жүру маршрутын, әскери отрядтың жүру жолы бойынша азық-түлік, жем, отынның қорлары мен аралық пунктерді дайындау, экспедиция үшін ат-арба жалдау шараларын жасады.

Жеке орынборлық корпустың командирі, генерал-губернатор В.А. Перовскийдің басқаруымен Хиуа экспедициясы 1839 жылы қарашада басталды. Әскери отряд (жаяу әскердің 3 батальоны және 20 құралды Орал және Орынбор казактарының 3 полкі, барлығы 4 мыңға жуық адам) Орынбордан Ембі мен Үстірт арқылы Кунградқа дейін өтуі керек еді. Мықты аяз, омбы қардың салдарынан отряд Ембі бекінісіне дейін бір айға жуық уақыт жүріп, 3 мыңнан астам түйе жоғалтты. Бұған қоса, жанармай мен жылы киімнің жетіспеушілігінен отряд Ембі бекінісінде қор толыққанша екі жұма аялдады. Алдағы жолда азық-түліктің жетіспеушілігі мен отрядтың жартысының қаза болуы салдарынан Перовский 1840 жылы Хиуа экспедициясын тоқтатуға мәжбүр болды27.

1853 жылы орынборлық губернатор В. Перовский 1839 жылғы Хиуа жорығы барысында жасалған барлық қателікті ескеріп, жаңа жорықты ұйымдастырды. Оның түпкі мақсаты Ақмешіт бекінісін алу болды. Перовский отрядында 12 құралмен қаруланған 2170 адам болды. 2 шілдеде Ақмешіт орыс әскерлерімен қоршалып, жақын арада құлады. Оның орнында Перовский өзінің атымен «Перовский форты» деп аталған бекіністің негізін қалап, Сырдария бекініс шебінің қалыптасуын аяқтады.

Бөкей хандығы: құрылу және басқарылу ерекшеліктері. Бөкей хандығы (Ішкі орда): құрылуы және мәселенің тарихнамасы. 1801 жылдың 11 наурызында І Павел Кіші жүздің Хан кеңесінде төрағалық еткен Бөкей сұлтанына «Орал және Еділ өзендері аралығындағы далаларда» көшіпқонуына рұқсат берген. 1801 жылы желтоқсанның соңында Орал мен Еділ өзендері аралығына қол астындағы 183 түтін үй немесе 740 адаммен Бөкей сұлтанның өзі қоныстанған. 1802 жылға қарай Астрахань казак әскерінің командирі П.С. Попов мәліметтері бойынша, Бөкей сұлтанның қол астында 8331 адам көшіп-қонып жүрді. Осыдан бастап Астрахань далаларын Кіші жүз рулары мекендей бастаған, мұны негізінен, байұлы (беріш, шеркеш, алаша, байбақты, тана, жаппас, ыссық, қызылқұрт, таз, масқар, есентемір), жетіру (тама, кердері, табын) және әлімұлы руының кете рулары құрады.

Тарих ғылымында қазақ руларының қоныстануы мен Ішкі орда немесе Бөкей хандығының (алғашқы ханы Бөкей есімімен аталған) құрылу себептері туралы ортақ пікір әлі қалыптаспаған. Революцияға дейінгі авторлардың едәуір бөлігі Ішкі орданың қалыптасуын Бөкейдің жеке тұлғасымен және ХVIII ғасырдың соңында Арқадағы әлеуметтік-саяси жағдаймен байланыстырады. А. Евреиновтың пікірінше, қазақтардың Оралдың оң жағына көшуінің себебін сұлтан Бөкейдің «толық тыныштықты тек орыс мемлекетінің қамқорлығы астында болатындығынан» іздесе, Т. Медведский сұлтан Бөкей «қандай да бір тәсіл арқылы хандық атаққа қол жеткізуге» тырысты деп санады. Л. Мейер Бөкей хандығының пайда болуын Кіші жүздегі әлеуметтік-саяси оқиғалармен байланыстырды (С. Датұлының 1783-1979 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы, жайылымдар үшін руаралық күрестің күшеюі, халықтың кедейленуі және т.б).

Ішкі орданыңпайдаболуының себептерінтүсіндірудекеңестікзерттеушілердің арасында да ортақ пікір жоқ. А. Рязановтың тұжырымдауынша, Ішкі орданың пайда болуы – байұлы мен жетіру ұрпақтарының арасындағы көп жылдарға созылған күрестің нәтижесі, нақты айтқанда, «байұлы қазақтарының бір бөлігінің жетірулықтармен ығыстырылуы салдарынан сұлтан Бөкеймен ішкі жаққа қоныс аударып, сонда Бөкей ордасын құрған». ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап кеңестік тарихнамада адамзат қоғамы және таптық күрес идеологиясын таптық көзқарас тұрғысынан зерттеуде қазақ халқының феодалдық езгіге, бодандыққа қарсы күресіне, соның ішінде сұлтан Қайыпғали Ишимовтың наразылық қозғалысы мен Ішкі ордадағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалысына көп көңіл бөлінді. Осыған байланысты В.Ф. Шахматовтың «Ішкі орда және Исатай Таймановтың көтерілісі» атты монографиясы қызығушылық тудырады. Автор Ішкі орданың құрылу себебін ХVIII-ХІХ ғасырлар басындағы Кіші жүздегі шаруашылық-саяси дағдарыспен байланыстырды.

1947 жылы қазақстандық зерттеуші Б. Аспандияров Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатының деректі материалдары негізінде Бөкей хандығының құрылу себептері мен ондағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың дамуын баяндауда өз пікірін ұстанып, «Бөкей ордасының құрылуы және оның жойылуы» тақырыбы бойынша Алматыда кандидаттық диссертациясын қорғады.

Бөкей хандығына тікелей арналған ірі зерттеу танымал қазақ ғалымы С. Зимановтың монографиясы болды. Ол Ішкі ордадағы қазақтардың әлеуметтік-экономикалық қатынастары шаруашылығының эволюциясына, сол секілді Бөкей хандығындағы саяси-құқықтық жүйеге қатысты ғылымда қалыптасқан көзқарасты сынға ұшыратты. Салық Зиманов Сырымның жетекшілігімен болған халық көтерілісінен кейін Кіші жүзде туындаған қиын әлеуметтік-саяси жағдай Бөкей ордасы құрылуының шешуші факторы болып табылды деп көрсетті.

1811 жылы 11 қарашада I Александр өзінің жарғысымен сұлтан Бөкейді «Кіші орданың ұлы дала және ұлы мәртебелі ханы» атағымен бекітті. 1812 жылы 1 мамырда оған аса маңызды грамота тартылды әрі Бөкей хан «Оралдың арғы даласындағы, сол секілді Оралдың төменгі ағысындағы және далалық Астраханьдағы көшіп-қонушы» қазақтардың ханы аталды. 1812 жылы 7 маусымда орынборлық әкімшілік Бөкейді хан мәртебесіне салтанатты түрде отырғызды. Бөкейдің хандық басқару кезеңі ұзаққа созылған жоқ, бекіткеннен кейін үш жыл өткен соң Бөкей қайтыс болады (1815 ж.). Хандық биліктің заңды мұрагері болып, оның туған ұлы Жәңгір сайланды. Ал ол кәмелет жасына жеткенге дейін орданы басқаруды Бөкейдің кіші інісі сұлтан Шығай Нұралиев атқарды.

Жәңгір хан тұсындағы Ішкі орданы басқару (1823-1845 ж.). 1823 жылы 22 маусымда император I Александр Ішкі орданың ханы етіп Жәңгірді сайлау туралы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысын бекітті. 1824 жылы 24 маусымда Орал қаласында Орынбордың шекара басқармасының жоғары шенділерінің қатысуымен Жәңгір хан болып жарияланды.

Жәңгір ханның билеу дәуірі тарих ғылымында революцияға дейінгі (М. Киттары, Н. Троицкий,А. Евреинов,А. Терещенко, П. Небольсин, П. Медвежский, М. Иванин, М.С. Бабаджанов, А. Харузин, А. Алекторов және т.б.), кеңестік (А. Рязанов, М. Вяткин, В. Шахматов, Б. Аспандияров, С. Зиманов және т.б.) авторлармен жеткілікті деңгейде зерттелген.

Жәңгір хан Ішкі орданы басқарудың бірыңғай құқығын иеленіп, басқарудың ерекше аппаратын, яғни сұлтандардан 10 хандық депутатты құрып, олар хан атымен барлық ірі руларда басқару құзыретіне ие болды. Сол секілді хан жанында әрбір рулық басшылықтан бір биден сайланатын кеңес органы – 12 биден тұратын хандық кеңес шақырылып отырды. Кеңес хан ордасында орналасты және одан басқа түрлі тапсырмаларды орындау үшін 12 старшын жасауыл ретінде болды. Олардың барлығын, тіпті, молдаларды хан өзі тағайындады және олар тек ханға ғана бағынды. Жәңгір хан тұсында Бөкей ордасында басқарудың бюрократиялық аппараты құрылып, биліктің хан қолында орталықтандырылуымен ру билеушілері – сұлтандар мен старшындардың атқаратын міндеттері айқындалды. Сот билігі, негізінде, ханның, хан кеңесі мүшелері – билердің және хандық депутаттар – сұлтандардың қолында шоғырланды. Хан өзінің билігімен рулардың көшіпқонысын бекітті, жерді жеке меншікке таратты.

Ішкі ордадағы басқару жүйесіне енгізілген өзгерістердің арқасында Жәңгір хан хандық билікті күшейтіп, қазақ көшпенді қоғамының әлеуметтік-экономикалық өміріне түрлі инновациялық іс-шараларды ендіре білді. Алдымен, бұл Ішкі ордадағы тұрақты елді мекендерді құру болды: 1827 жылы Жасқуыс мекенінде Хандық орда негізі қаланды. Алғашында, Жәңгір хан император тарапынан сыйға берілген қаржыға бүйірлерінде флигелдері бар ағаштан хандық сарай салғызды. Осы құрылыс маңына ханның туыстары, саудагерлер, орал казактары қоныстанды. 1841 жылдың өзінде Хандық ордада 41, ал 1846 жылы 89 үй салынды.

Көлемі бойынша екінші елді мекен болып Хандық орданың солтүстік шығысына қарай Торғын өзені бойында орналасқан Торғын қаласы (жазғы орда) болды. 1846 жылы Торғын қаласында 9-10 үй болды, солардың ішінде 12 бөлмеден тұратын екі қабатты хан үйі тұрды.

Үйлердің салынуы, жартылай отырықшы өмір салтына көшу шаруашылық түрінің өзгеруіне ықпал етті, атап айтқанда, шөп шабу, малға арналған қысқы қоралардың салынуы көшпенділердің шаруашылығында маңызды орын ала бастады. Бір мезетте Жәңгір хан жерге жекеменшік институтын енгізді, яғни хандық билік тарапынан ең шұрайлы жайылым жерлерді ықпалды сұлтандардың, билердің, старшындардың қолдарына бөліп беру тәжірибесі енгізілді. Олар хандық кеңседе 1830 жылдан 1844 жылға дейінгі аралықта формальды түрде ханның арнайы актілерімен заңдастырылған барлығы 1517 акті жинақтаған. Жәңгір хан ресми түрде өзіне ең құнарлы 400 мың десятина жерді иеленіп, сұлтандар Мұсағали мен Шыңғали орманды жерлерде 700 мың десятина, ханның ағасы сұлтан Меңлігерей Бөкейханұлында және атасы Қарауылқожа Бабажанда 400 мың десятина жер иеліктері болды.

Нәтижесінде жеке жер иелену жүйесі қазақтардың жерді қауымдық қағидаты негізінде пайдалануына зардабын тигізді, көптеген шаруалар өздерінің рулық жайылымдарынан айырылып, олардың материалдық жағдайы қиындады. Бұл Ішкі ордадағы наразылық қозғалыстарының туындауына әкелді. Сонымен, Ішкі ордада жер иеленушілер жүйесі қалыптасты, жер сауда, теріс пайдаланушылық және т.б. объектісіне айналды.

Қысқа мерзім аралығында Хандық орда Ішкі орданың әкімшілік, сауда және мәдени орталығына айналды. Осының барлығына себепкер болған Нарын жеріндегі Хандық ордадағы 1832 жылы 29 тамызда ұйымдастырылған жәрмеңке болды. Жыл сайын оларды өткізу мерзімі 9-25 мамырға дейінгі және 14-25 қыркүйекке дейінгі аралықта белгіленді. Жәрмеңке Ішкі орданың Хан ордасы жанында өткізіліп, ол қазақ халқының отырықшы өмір салтының үлгісі болуы тиіс еді. Жәрмеңкенің енгізілуі Жәңгір ханға қазақтарды басқарудың ыңғайлы тәсілі болды. Барлығы бір орында шоғырлануы көпестер тарапынан алдаулар мен жалғандықтар жасауда қиындықтар тудыратындығы сынды тиімді жақтарды көре білді. Ішкі орда орталығында жәрмеңке құрудың рұқсат етілуімен аймақтық және орталық билік далада сауданың ғана дамуын көздеген жоқ, сол секілді қазақ халқына саяси билікті тарату міндеті де маңызды орында тұрды.

Хандық орда жанындағы жәрмеңке тек орыс-қазақ арасындағы ғана емес, сол секілді орыс, Орталық Азиялық сауда орталығына айналып, айналымы ХІХ ғасырдың 30-жылдарының ортасына қарай 2 млн сомды құрады.

Сатып алушылар Мәскеу, Ярослав, Қазан, Саратов, Самара, Астрахань, Орынбор, Сібір, Тамбов, Воронеж, Нижегородск, Кострома және басқа да губерниялардан ағылып жатты, сондай-ақ Хиуа, Самарқан, Бұхарадан көпестер келіп жатты. С. Зимановтың атап көрсеткеніндей, 40-жылдарға қарай Хандық орда толық мағынасында көпестік ауылдық мекенге айналды, 1846 жылы 89 үйдің 31-і саудагерлерге қарады, 46 сауда орны, тауарлар үшін 19 қоймалық жай да олардың қарамағында болды.

Жәңгір хан қазақ хандарының алғашқыларының бірі болып Ішкі ордада қазақтардың мәдени өмірінің жаңаруына бастамашы және жүзеге асырушы болды. Еуропалық білімі болған Жәңгір хан қазақтар орыс тілін, мәдениетін білмей өздерінің мүдделерін қорғай алмайтындығын және орыс саудагерлерімен, аймақтық әкімшілік шенеуніктерімен келіссөздер жүргізе алмайтындығын жақсы түсінді. Сондықтан да Ішкі орданың басқарма жүйесінде сауатты қазақтарды дайындау ханның білім беру саясатына енді. Бірінші кезекте Ішкі ордада мектеп ұйымдастыру басталды (бастапқы мұсылмандық мектептер), сонымен бірге бағдарламаға рухани пәндермен қатар жаратылыстану және орыс грамматикасы енгізілді. 1835 жылы Хандық ордада басында ахун болып табылатын мешіт салынды, оның міндетіне мектептердегі молдалардың жұмысын қадағалау кірді.

1841 жылы 6 желтоқсанда Хандық ордада қазақ балалары үшін мектеп ашылды, онда «Мұхаммедтің діни ілімін оқудан басқа басты пәндер санатында міндетті түрде орыс тілі, арифметика, география, тарих және басқа да ғылымдар болды». 1841 жылы мектепте 30-40 бос орында 12 ұл бала оқыды, ал 50-жылдары 30 адам оқыды. Оның шақыртуымен мектептің меңгерушісі және бірінші мұғалімі Константин Ольдекоп болды. 1841 жылғы 6 желтоқсандағы № 1848 нұсқаулығында Жәңгір былай деп жазды: «… Сізге оқушылардың жүріс-тұрысы мен әр қылықтарына қадағалау орнатуыңызды, олардың міндеттерді орындатқызуда орыс оқу мекемелерінде орын алатын іс-шараларды қолдануға рұқсат етіп тапсырамын…»28. Жәңгір хан құрған мектеп қазақ интеллигенциясының алғашқы шоғырының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Көбінесе осы мектеп түлектерінің Орынбор кадет корпусына түсуге мүмкіндіктері болды және Островскийдің пікірі бойынша: «Білімді және өте пайдалы шенеуніктер мен азаматтар тобын» құрады. Сонымен, 1825-1866 ж. Орынбор кадет корпусын 37 қазақ оқып бітірді, соның ішінде қазақ балаларының басым көпшілігі Ішкі ордадан болды (14 адам).

Ең бір жарқын түлектердің бірі Мұхаммед-Салық Бабажанов болды (1832-1898 ж.). Ол Ықтиярлы орыс экономикалық қоғамының мүшесі, ОГҚның мүше-қызметкері болды, осы қоғамдардың «Известия», «Жазбалар», «Этнографиялық» жинақтарында бірқатар ғылыми еңбектерін жариялады. М. – С. Бабажанов «Этнография бөлімі» еңбектеріне бастапқы қолғабыс және қырғыздардың тұрмысы мен түрлі этнографиялық құралдар жайлы мақалаларды жеткізгендігі» үшін ОГҚ күміс медалімен марапатталған алғашқы қазақ зерттеушісі болды.

Жәңгір хан Ішкі ордадағы қазақ ер балаларының тек орынборлық кадет корпусында ғана емес, сол секілді жоғары оқу орындарына түсуге құқық беретін губерниялық гимназияларда оқуларына мүдделі болды. Жәңгір хан мен аймақтық әкімшілік арасында Астрахань гимназиясына, Қазан университеті жанындағы 1-інші Қазан гимназиясына қазақ ұл балаларын орналастыру туралы хат алмасулары сақталған. Жәңгір хан өзі Қазан университетіне барған кітапхана қорымен танысып, университеттің ғалымдарымен шығармашылық ынтымақтастықты дамытты. Нәтижесінде 1844 жылы 29 мамырда Қазан университетінің ғылым кеңесі Жәңгір ханды университеттің материалдық базасының дамуына сіңірген еңбегі үшін құрметті мүшесі ретінде қабылдайды. Штаттағы профессор Карл Фукс атап өткендей: «…1844-1845 жылдары ішкі Қырғыз ордасының ханы Жәңгір Бөкейге 598 күміс сомға бағаланатын араб, парсы және түрік тілдеріндегі алты қолжазбаны сыйға тартты».

Бөкей хандығының мәдени өмірінде атап өтетін ерекше құбылыс қатарына қазақ қолөнершілерінің жоғары шеберлігі туралы куәлік ететін өте сирек жәдігерлерді («азиялық сауыттар, дулығалар, шынтақтық және басқа да әскери сауыт-саймандар) жинақтай білген алғашқы Қазақ мұражайы – «қару-жарақ бөлмесі» жатқызылады.

20 жылдан аса билік құрған Жәңгір хан орыс қызметінің генералмайор шеніне дейін көтеріліп, императорлық негізі бар 1-дәрежелі әулие Анна орденімен және гауһар тастармен әшекейленген қылышпен және т.б. марапатталған. 1845 жылы 11 тамызда Жәңгір хан қаза болды. Қаза боларға дейін көп бұрын Жәңгір хан хандық атақты өзінің үлкен ұлы Сақыпкерейге мұрагерлікке тапсырған. Ол әкесі өлгеннен кейін хандық таққа отыруы тиіс болды. Жәңгірдің бұл өсиетін өз кезінде патша билігі мақұлдаған болатын. Сақыпкерей Петербургтегі Пажеск корпусында тәлім-тәрбие алған. Ол княздық атаққа көтеріліп, Шыңғыс аталған. Алайда орыс үкіметі орыс мемлекеттік аппаратының тікелей әкімшілік-аумақтық жүйесіне бағындырылуы үшін Ішкі ордада хандық билікті жою үшін қажетті әлеуметтік-саяси жағдайдың қалыптасқанын түсінді.

Ішкі орданы басқару бойынша Уақытша ке ңес. 1846 жылдан 1854 жылға дейін Ішкі ордада Жәңгірдің үлкен ағасы сұлтан Әділ Бөкейхан (1804-1876 ж.) жаңадан құрылған институттарды Уақытша кеңеспен басқарды. Ішкі орда құрамына үш кеңесші кірді, соның екеуі – қазақ (оның туған ағасы Меңлігерей Бөкейхан және оның әкесінің ағасы Шоқа Нұралыхан) және Мемлекеттік мүлік министрлігі тарапынан орыс кеңесшісі, полковник С.М. Матвеев. Кеңестің міндетіне бұрын ханның құзыретінде болып келген істер кірді. Қазақтар арасынан кеңесте депутаттар болды, олар сайланбады, кеңеспен тағайындалып отырды. Бұл лауазымды, алдымен, орыс мектептерінде білім алған тұлғалар иеленді. Кеңестің өзінің хабаршылары болды, олар бұрынғыдай жеке рулардың өкілі болып табылған жоқ, тек пакеттерді тасу және кінәлілерді жеткізу үшін қызмет атқарды; сапарларда шенеунік тұлғаларды алып жүрді. Осындай басқару тәртібі кеңес қайта құрылған 1858 жылдың 24 қаңтарына дейін жалғасты. Кеңес төрағасы болып орыс шенеунігі, полковник К.И. Герн тағайындалды (1859-1862 ж.). Кеңес құрамына төрағадан басқа екі орыс кеңесшісі, қазақтардан екі кеңесші кірді. 1860 жылдан 1862 жылға дейін Бөкей ордасын басқару бойынша Уақытша кеңес әкімшілік бөлу мен орналастыру бойынша ісшараларды ұйымдастырумен болды. 1860 жылы Ішкі орда аумағы жеті әкімшілік бөлікке бөлінді, олардың әрқайсысы ағалыққа бөлінді: Қалмақ, Торғын, Таловск, Қамыс-Самарск, Нарын, 1-інші және 2-інші Теңіз жағалауы округтері. Әрбір бөлімнің басында билеушісі мен оның көмекшісі тұрды, оларды әскери губернатор тағайындаған.

Сонымен, ХІХ ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай аймақтық әкімшілік Ішкі ордада оны Ресей империясының ортақ басқару жүйесіне енгізу бойынша іс-шараларды белсенді жүргізіп жатты.

1878 жылы 16 шілдеде Бөкей ордасы басында Орынбор әскери губернаторына, одан кейін Орынбор генерал-губернаторына қараған тәртіп негізінде енді астраханьдық губернаторға бағынатын болды. Астрахань губерниясының құрамында Бөкей ордасы жоғарыда аталған әкімшілік бөліністері мен төменгі басқару желісімен Қазан революциясына дейін сақталды.

Бақылау сұрақтары:

1. Ресей саясатының ортаазиялық аймақта күшеюінің себептерін түсіндіріңіз.

2. Ресейдің Бұхара және Хиуа хандықтарына жіберілген дипломатиялық миссиялары туралы мәлімет беріңіз.

3. Орынбор өлкесінің әскери губернаторы В.А. Перовскийдің қызметіне баға беріңіз.

4. Ішкі орданың құрылуы: себептері, геосаяси орналасуы.

5. Ішкі орданың құрылуына байланысты пікірлерді ашып көрсетіңіз.

6. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі орданың социо-мәдени дамуындағы Жәңгір ханның рөлін көрсетіңіз.


27

Гиршфельд К-н. Военно-статистическое описание Хивинского оазиса // История Средней Азии: сборник исторических произведений / сост.: А.И. Булдаков, С.А. Шумов, А.Р. Андреев. – М., 2003. – С. 111-113.

28

Евреинов А. Внутренняя или Букеевская, киргиз-казачья Орда // Журнал для чтения воспитанникам военно-учебных заведений. – 1852. – № 379. – С. 338-370.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх