Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 11
I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІІ тарау
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
§ 3. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы
ОглавлениеХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы көшпенді қазақ қоғамының әлеуметтік ұйымдасуы мен әлеуметтік құрылымы көшпенділердің мәдени-шаруашылығын, іс-әрекет түрін, материалдық өндіріс жүйесін, қазақ халқының тұрмыс-салты мен тарихын түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Бұл тақырыпты зерттеудің маңызы зор. Бір жағынан, мәселеге қатысты зерттеулер ұзақ уақыт бойы қатаң идеологиялық бақылау жағдайында іске асқан, екінші жағынан, көшпенді қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын зерттеген көптеген авторлар оны шығу тегімен (сұлтан, бай, би, шаруа және т.б.) байланыстыра қарастырып, XVII ғасырдағы қазақ қоғамына талдау жасалмаған.
Қазақстандық тарихнамада аталған мәселені Н.Э. Масанов пен Ж.Б. Абылхожин жаңа концептуалдық тұрғыдан, нақты айтсақ, қоғамның құрылымын өндірістік-экономикалық сала негізінде зерттеген.
Қоғамның басты өзегі – қауым, яғни өндірістік негізде көшпенділердің бірігуі. Мал шаруашылығы саласындағы өндірістік үрдістің барлық элементтері – малдың жайылымы, жем, су ресурстары, тіршілік ортаны пайдалану және тағы басқалар қауымның ауқымында жүзеге асырылды. Өндіріс үдерісіне қауым мүшелері қалай және қаншалықты дәрежеде қатысты болмақ?
Өндіріс үдерісіне қауым мүшелерінің қатысуы, ең алдымен, өндіріс құралдарына – мал және малмен қамтамасыз етілу факторына тәуелді болды. Шағын қауым жем ресурстарын тиімді қамтамасыз етуі мақсатында қыс пен көктемнің бас кезінде малдың жайылымын ұйымдастыру үшін көшпенділердің еңбек күштерін біріктірумен сипатталады. Сонымен қатар меншік түрлері де пайда болды. Әлеуметтік қатынастарда қыстау, күзеу, көктемнің басындағы мал жайылымдары жерлеріне қауымдық меншік және меншіктің басты түрі саналған малға жекеменшік маңызды орын алды. Жылы маусым кезінде малды су көзімен тиімді қамтамасыз ету үшін біріккен өндірістік қызмет нәтижесінде суға қауымдық меншік пайда болды. Қауым мүшелерінің саны жем, су ресурстары, мал басы санына байланысты реттеліп отырды. Мәселен, шағын қауым қыс мезгілінде малдың жайылымын ұйымдастыру, малды сақтау және оны қайта өндіру мақсатымен құрылды. Осыған байланысты ХІХ ғасырдың бірінші жартысында ресейлік әкімшіліктің Дала аймағындағы әлеуметтік-саяси қайта құрулары көшпенді қоғамның әлеуметтік құрылымына өзгеріс енгізді деп тұжырымдауға болады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында патшалықтың Қазақстанның интеграциясына бағытталған стратегиялық саясаты тек саяси-әкімшілік реформаны емес, сонымен қатар ұлттық қоғамдардың дәстүрлі әлеуметтік құрылымдарына ықпал етіп, жаңа әлеуметтік топтардың құрылуына жәрдемдескен шаралардың кешенімен байланысты болды. Қазақ ақсүйектерінің Ресей империясының ерекше артықшылығы (жеке және ата-бабаларынан дворяндар, құрметті азаматтар) бар тобына кіруіне байланысты патша әкімшілігі таптық-құқықтық сипаттағы шаралардың негізін жасады. Біріншіден, бұл орыс емес халықтардың дәстүрлі қоғамына енгізіліп, шенеуніктердің қызметінде біртіндеп, сатылап өсу тетіктері белгіленген петровтық «Лауазымдар туралы табельдің» таралуына байланысты. Әрбір шенеуніктің «табельге…» сәйкес атқаратын қызметіне қарай дәрежесі белгіленді. Екіншіден, дәстүрлі қазақ ақсүйектерінің өкілдерін бірінші кезеңде (ХІХ ғасырдың бірінші жартысында) ресейлік тақтың мемлекеттік қызметіне кіргізу. Үшіншіден, лауазымды тұлғалардың қызметіне сай жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданды. Оларға материалдық (патша атынан берілген сыйлық, алтын не күміс қарумен марапаттау) және ақшалай сыйақы беру (уақытында төлемдерді беру); моральдық-мәртебелі ордендерге, медаль немесе жаңа шендерге ұсыну; салық төлеуден босату; зор алғыс тағайындау және тағы басқалар. Енді кез келген жеке адамның орны шығу тегіне, белгілі әулеттерге және әлеуметтік топтарға кіруімен емес, «патша және отан алдында» антқа адалдығы, жеке қабілеттіліктері мен Ресей мемлекетіне сіңірген еңбегімен, өзінің ру-тайпасын империяның қызметіне тартумен анықтала бастады21. Нәтижесінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысында әкімшілік-басқару жүйесінде бюрократиялық топтың аға сұлтан (Орта жүз), билеуші сұлтандар (Кіші жүз), болыстық сұлтандар, ауыл старшындары сияқты жергілікті қоғам өкілдері патша әкімшілігінің тірегіне айналды.
Аймақтың ұлттық құрамының әлеуметтік құрылымын жете түсіну үшін ХІХ ғасырдың ортасына қарай қазақтардың элиталық топтарының ішінде ғана емес, қатардағы шаруалар арасында да өзгерістердің орын алғандығын ескерген жөн.
Бұл нарықтық қатынастардың енуімен, ру ақсүйектер өкілдерінің қауымдық жерлерді тартып алуымен, жақсы егістік жайылымдарды басып алуымен қатар жүрген патшалықтың отарлау саясатының күшеюімен байланысты болды. Бұл жағдайлар жерді пайдаланудың орын алған тәртібін өзгертіп, қазақ руларының дәстүрлі көшпенді маршруттарын бұзды, жайылымның тарылуы мал шаруашылығы дағдарысының негізгі себептеріне айналды. Бұл факторлар алдыңғы он жылдықтармен салыстырғанда қарқынды мүлік жіктелісін туғызды. 1897 жылғы санақтың сұрау қағаздарында қазақтардың шаруашылығына тән емес іс-әрекет түрін белгілеген жаңа санаттың пайда болуы қазақ қоғамының жіктелуінің дәлелі еді. Сөйтіп, жартылай өндірістік іс-әрекет саласына (сауда ісі, күндіз жұмыс істейтіндер) қазақтардың 0,5 пайызы көшті. Сондай-ақ қазақтар жүк тасумен де айналысты. Оған себеп болған бірнеше факторды атап өтуге болады. Мысалы, нарықтық қатынастардың енуі, қауымдық жерлердің ақсүйектер тарапынан жекешеленуі, құнарлы жерлердің тартып алынуы сияқты патшалық отарлаудың күшеюі және т.б. Аталған жайттар жер пайдаланудың ежелден келе жатқан ретін бұзды, қазақ руларының дәстүрлі көші-қон бағыттарын өзгертті және көшпенді мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауына басты себеп болды.
ХІХ ғасырдың бірін ші жартысында сауданың дамуы. Ресей үкіметі қазақтармен сауда қатынастарын дамытуды өзінің саяси ықпалын нығайтудағы негізгі факторы ретінде қарастырды. Сыртқы істер министрі граф К. Не ссельроде бұл жөнінде: «…сауда барлығынан тезірек адамдарды жақындастырып, ең дөрекі бұратаналарды жұмсартады, оларды өздері бағынышты мемлекетке тәуелді етеді», – деп айтты22. Осыған сүйеніп, патшалық билік қазақ даласымен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған бірқатар шараларды іске асырды: Орынбор, Троицк, Гурьев және Астрахань кедендерін ашты; протекционистік саясатты бейнелеп көрсететін «Орынбор қаласына артықшылық» (1734 ж.) заң шығарушы құжаттарды, патшалық үкіметтің (1736 ж.11 ақпан, 1744 ж. 8 наурыз, 1776 ж. 22 қараша, 1824 ж., 1832 ж. 15 наурыз, 1835 ж. 21 қаңтар,1852 ж. 7 желтоқсандағы және т.б.) жарлықтарын бекітті; Орынбор, Троицк, Ор қалаларында айырбас сарайларын тұрғызды; әскери бекітілген шептердің бойымен сауда тармақтары ұйымдастырылып, қазақтар мен саудаға келуші көпес, бұйрықшылар арасында айырбас үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Аймақта сауданың дамуына қатысты империялық биліктің саясаты кеден тарифтері бойынша жеңілдіктер жасауда ғана емес, «ресейлік және шет көпестікті қолдап, оларға барынша жеңілдіктер мен жәрдем жасаудан» да байқалды.
Бұл саясатқа сүйене отырып, XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресеймен тауар айналымы саудада үстем жағдайға ие болды. Қазақтар мен ресейлік көпестердің арасындағы «айырбас» сауданың шоғырланған негізгі орындары аймақтың солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы Орынбор, Троицк, Петропавл, Семей, Өскемен елді мекендері болды. Тауар айналымы өзара тиімді болды және көпестік саудалық айналымдар біртіндеп өсті. 1858 жылы Сібір шептеріндегі орыс-қазақ саудасының жалпы тауар айналымы 4,5 миллионды құраса, Орынбор шебінде шамамен 2,5 миллион сомға жетті. ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары Семей кедені арқылы тасылатын және шығарылатын тауарлардың орташа жылдық құны 700 мыңнан 900 мың сомға дейін артса, Петропавл кедені арқылы 1,8 миллион, Омбы арқылы 100 мың сомға жуық болды.
Қазақ халқының арасында мақта-мата және жүн сияқты орыстың маталары, металл бұйымдар (балталар, пышақтар, қазан-ошақ), тері, ұсақ-түйек бұйымдар үлкен сұранысқа ие болды. Шұға, қант, тұз көптеп сатылды. XIX ғасырдың екінші ширегінде Қазақстан барлық шекаралық шептер бойымен далаға жыл сайын 400-500 мың сом ассигнациямен шығарылатын ресейлік нанның басты түтынушысына айналады. Алайда қазақ халқының арасында металға деген сүраныс аз еді. Бүл аймақта дайын металдан жасалған бүйымдарға деген қажеттілік зор болды, себебі қолөнер өндірісінің дамуы нашар еді.
Қазақ даласынан көбіне мал және мал шаруашылықтарының өнімдері алынды. XIX ғасырдың басында Ресеймен шекаралас шептерде бір жыл ішінде 1,5 миллионнан артық ірі қара мал мен 100 мыңнан аса жылқы сатылып алынды. XIX ғасырдың ортасында бір ғана Ертіс шебіне жыл сайын 150 мың жылқы, 3 миллион қой мен 100 мың бүқа және 8 миллион сомға дейін сиыр әкелінді. Басқа тауарлардан май, жүн, былғары, тері, ешкі түбіт, киіз бүйымдары, киіздер, үй түрмысының жеке бүйымдары басым болды.
Ресейлік үкімет сауда саясатында көшпенділер мен көпестердің арасындағы айырбас үшін қолайлы жағдайлар жасалған әскери шептердің бойымен сауда тармақтарын үйымдастыруға ерекше көңіл бөлді. Гурьевтегі кеден басшысы 1807 жылы айғақтағандай, Орал шебінің барлық дерлік бекіністер мен форпосттарында сауданы Орал казак әскерінің шенеуніктері жалдаған татар бүйрықшылары өндірген23. Бүл ретте шептегі саудаға тек қазақтарға қажетті және күнделікті түрмыста пайдаланылатын тауарлар ғана түскен. Қазақ даласына барған саудагерлердің санына қатысты кейбір мәліметтерді беретін кеден кітаптарында «сауда татарлары» деген термин кездеседі. 1846 жылы қазақ ауылдарына Гурьев кедені арқылы Қазан губерниясынан 20 сауда шаруасы, Қалмақ кедені арқылы 23 сауда татары шықты. 1852 жылы далаға Орынбор кедені арқылы 347 адам, олардың ішінде 247 татар шаруасы Қазан губерниясынан жіберілді24. Аймақтың шығыс және оңтүстік бөлігіндегі қазақтар үшін Орта Азия хандықтары, Шығыс Түркістан және Қытай арасындағы сауданың маңызы зор болды. Заттай айырбас жақсы дамып, қой тауар қүнының баламасы саналды. Қазақтар мен көрші азиялық халықтар арасындағы сауда айырбас сарайлары мен шекаралық шептердің кедендерінде, Ташкент, Бүхара, Хиуа, Қоқан, Чугучак, Қүлжа сынды Шығыстың ірі сауда-экономикалық орталықтарында іске асырылды. Үлкен көлемде тауарлар тікелей қазақ көштерінде айырбасталды. Қазақтар ортаазиялық саудагерлерден қағаз маталар, мыс пен қоладан жасалған әр түрлі ыдыстар, жемістер, кілемдер, қару (қылыш, мылтық, пышақтар, жебелер), тері бүйымдарын көптеп сатып алды. Орта Азиядан Қазақстанға әкелінетін тауарлардың ішінен нан мен күрішке сүраныс үлкен болды. Ортаазиялық саудагерлер Қазақстанға, ең алдымен, мал көзі ретінде қызықты. Сырдария маңындағы қазақтардың көбі Бүхараға жыл сайын 50-100 мың, Ташкентке 200 мыңдай және Қоқанға 100 мыңға жуық қой әкелетін-ді. Орта және Ұлы жүзден малдың басым бөлігі Қүлжа мен Чугучактағы қытай кедендеріне жеткізілді. Бұл жергілікті халықтың арасында тауарды алып сатушылар – алыпсатарлар деген әлеуметтік таптың шығуына алып келді.
Олар келген саудагерлер мен тауарларды тұтынушы қазақ малшылары арасындағы делдал рөлін атқарды. Алыпсатарлардың сауда қызметі, әсіресе Бөкей хандығында белсенді жасалды, олардың кейбіреулері қомақты айналым қаражатына ие болды. Н.Г. Аполлова ХІХ ғасырдың алғашқы үштігінде орыс-қазақ сауда қарым-қатынастарын зерттей отырып, орыс өнеркәсібінің бұйымдарын өткізуге тиімді болған қазақ нарығының ерекше белгілерін бөліп көрсетеді. Өз зерттеуінде ол ХІХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы мен 30-жылдарының басында ресейлік үкіметтің мал шаруашылығы бұйымдарын, оның ішінде қой жүнін орыс өнеркәсібі үшін шикізат көзі ретінде пайдалануды қарастырады.
Егіншіліктің дамуы. ХVIII ғасырдың екінші жартысы – ХІХ ғасырдың 30-жылдарындағы патшалық үкіметтің заңнамалық актілері мен өкімдері қазақтардың отырықшылыққа көшуін мадақтау саясатын іске асырғандығын дәлелдеді.
Бұл орайда, Сыртқы істер коллегиясының 1759 жыл 11 ақпандағы Жайық өзенінің далалық бөлігінде қазақ малының қыстауы үшін аулаларды жасақтау мен алғашқы қысқа қазына есебінен мал азығына 20 мая шөп даярлау жарлығын; 1808 жыл 23 мамырдағы отырықшылыққа көшуге дайын тұрған қазақтарға жер беріп, оларды он жылға алым-салық пен қызметтен босатып және ақылы көмек беруді көздеген жарлығын; 1834 жыл 12 ақпандағы егіншілікпен айналыса бастайтын қазақтарды салықтан босату туралы жарлығын; 1835 жыл 3 шілдедегі қазақтарды егіншілікке баулу мақсатымен, далалық аймаққа алым-салықсыз әр түрлі астық наны мен егіншілікке қажетті құрал-жабдықтарды босату туралы жарлығын атап айту керек.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап жергілікті биліктің көшпенділерді (қазақтар мен башқұрттарды) отырықшылық пен егіншілікке аудару мәселесіне қатысты саясатында жаңа кезең басталады. Бұл орынборлық әкімшіліктің империяның болашақ отырықшы тұрғындары ретіндегі қазақтарға деген көзқарастарының өзгергендігінен байқалды. Алғашқыда, бұл саясатты (қазақтардың отырықшылыққа көшуін тежеу) орынборлық әскери губернатор П.П. Сухтелен (1830-1833 ж.) ұсынып, оны мирасқоры В.А. Перовский (1833-1842 ж. және 1851-1857 ж.) іс жүзінде жүзеге асыра бастаған. В. Перовскийдің ойынша, «біздің мақсатымыз қырғыздарды (қазақтарды) біздің өндірген заттарымыздың тұтынушылары ету… Бұл үшін оларды көрші қылмай, керісінше, қазіргі көшпенді тұрмыстық қалпынан айырмауымыз керек» және нан сату арқылы «саяси және коммерциялық ықпалдан айырылмау үшін шекаралық шеп бойында пайда болған егіншілікті тоқтату қажет»25.
Ресей империясының Сыртқы істер министрлігі азиялық департаментінің шенеунігі, қазақ халқын зерттеуші А.Н. Левшиннің пікірі маңызды болып саналды. Оның пікірінше: «…бай малшыларды кедей егіншілерге алмастыру олардың жеке пайдасы мен көрші державалардың, әсіресе Ресейдің мүддесіне қайшы келеді… Ордалардағы тыныштық пен келісім ауылды кіргізумен емес, қатаң әділеттілік пен бағынушылыққа үйрету жолымен ғана іске аспақ». Бұдан басқа А.Н. Левшин бұл аймақтың Ресей үшін пайдасын атап өткен. Оның айтуынша, қазақ нарығы «Ресей тарапынан сатылатын тауарлардың әр түрлілігі және көптігімен», «сауданың пайдасын көретін адамдардың көптігімен», «бұл сауда іске асатын кеңістіктің көлемі жағынан неғұрлым кеңдігімен» ерекшеленеді.
Жергілікті әкімшіліктің ой-пікірі үкіметтің саяси бағытының өзгеруінен көрініс тапты. Қазақ далалары империяның шет аймағы бола тұра, бір жағынан, астық пен өнеркәсіп өнімдерін өткізу нарығы, ал екінші жағынан, мал мен мал шаруашылығы өнімдерінің сатушысы болып қалуы тиіс еді. Егіншілікті дамытуды тежеу бағытындағы үкіметтің саясатын қарастырғанда бұл саясаттың тек Кіші жүз қазақтарына ғана қатысты болғанын атап өту керек. Дәл сол уақытта Сібір әкімшілігі Орта жүз қазақтарының астық егу ісімен айналысқандарын құп көріп, тіпті, материалдық (кафтан, медаль, алтын сақина және т.с.с. марапат) тұрғыдан мадақтап отырған. Н.Г. Апполованың ойынша, қазақ даласының әр түрлі аймақтарына қатысты саясаттың өзгешелігі жүздердің ішкі жағдайымен ғана емес, сонымен бірге үкіметтің Орта Азияға жылжу бағытындағы негізгі шараларының Орынбор шебінің бойымен іске асырылғандығымен байланысты болды. Осы тұрғыдан Қазақстанның аталмыш шекаралық шепке тіреліп орналасқан бөлігін игеру маңызды болып саналды.
Үкіметтің қазақ халқының шаруашылық өміріне араласуы саяси мүддені көздеуімен байланысты патша үкіметінің, ресейлік шекара шебінің Қазақстанның оңтүстік шекарасына жақындап жылжуына қарай Орынбор ведомствосы қазақтарын отырықшыландыру мәселесіне қатысты бағытын өзгертуі – мұның айқын дәлелі. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары патша үкіметінің осы саясатының мәнін анықтайтын жарлықтар шықты. Әсіресе 1852 жылы 23 желтоқсандағы қазақтарға қазақ даласына жолшыбай және іс-сапармен барушыларды күтуге рұқсат беру әрі сонымен айналысатындарға үй салу үшін тегін жер беру туралы жарлық; 1859 жылы 24 наурыздағы Орал казак әскерінің жерлерінде көшіп жүрген және далалық аймаққа қоныстануға тиіс қазақтарға олардың казак қатарына кірген жағдайда жергілікті жерден жер үлестерін бөліп беру туралы жарлық26.
Бақылау сұрақтары:
1. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ көшпенді қоғамының әлеуметтік даму эволюциясының ерекшеліктерін ашыңыз.
2. Даладағы аймақтық сауда орындарының қалыптасу барысын көрсетіңіз.
3. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ басшыларының қалыптасу барысын көрсетіңіз.
4. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ресей үкіметінің өлкедегі жер саясатының ерекшеліктерін ашып көрсетіңіз.
21
Масанов Н., Абылхожин Ж., Ерофеева И., Алексеенко А., Баратова Г. История Казахстана. Народы и культуры. – Алматы, 2000. – С. 181.
22
РМТМ (РГИA) 1291-қор. – 81-тізбе. – 124-іс. – 1-парақша.
23
ҚР ОММ. – 25-қор. – 7-тізбе. – 5812-іс. – 43-парақша.
24
ҚР ОММ. – 10-қор. – 7-тізбе. – 6617-іс. – 7-175 парақша.
25
РМТМ (РГИA). – 1291-қор. – 82 тізбе. – 9-іс. – 6-артқы парақша.
26
ОрОММ. – 18-қор. – 1-тізбе. –1471-іс. – 19-20 aртқы парақша.