Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 16
I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
III тарау
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ
§ 2. Қазақстандағы ресейлік ғылыми мекемелер мен қоғамдардың қызметі
ОглавлениеРесей империясының ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы Қазақстанда жүргізген реформаларынан кейін күн тәртібіндегі басты мәселелер қатарына отарлық шет аймақтардың байлықтары мен ресурстарын игеру үшін ғылыми зерттеулер жүргізу мақсаты қойылды. Қазақстанды зерттеуде Ресей империясының түрлі бағыттағы ведомстволары – Ғылым академиясы, Географиялық қоғам, Қазан университеті жанындағы археология, тарих және этнография қоғамы ұйымдары айналысты. Бұл бағытта Орыс географиялық қоғамы басты рөл атқарды. Яғни Орынбор генерал-губернаторы осы мәселенің қолданыстық пайдасын көздей отырып, 1867 жылы Ішкі істер министріне мәліметтерді көрсетеді: «…көп жерлерден белгілері табылса да көмір кен орындарының бар-жоғы белгісіз. Дала өңіріндегі отырықшылық мәселесінің саны де белгісіз. Осы мәселелерді шешуде өлкені толықтай ғылыми деңгейде зерттеу кемшіліктер мен қателіктерге ұрындыруы сөзсіз…»75.
Осы мәселеден кейін бірінші кезекте Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.Г. Казнаковтың өтініші негізінде Сібір мен Қазақстанды игеру мақсатында Омбыда Батыс Сібір бөлімі ашылады. Бөлімге жыл сайын 2 мың сом алып тұруға рұқсат етіледі және бөлімнің ережесі бекітіліп, өз ғылыми жұмысын бастайды.
1895 жылы Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімін ашу туралы А.Б. Вревский Императорлық орыс географиялық қоғамына өтініш береді. Нәтижесінде, 1896 жылы Түркістан бөлімін ашу туралы жарлыққа қол қойылады.
Қазақстанның табиғатын зерттеуге бағытталған экспедициялар отарлық қоғам және жергілікті бөлімдер тарапынан да ұйымдастырылып отырды.
Қоғамның ірі экспедицияларының қатарына И.В. Игнатьев, А.Н. Красновтың Тянь-Шаньдағы Хантәңірі ауданына экспедициясы жатады. 1884 жылы П.П. Семенов-Тян-Шанский Г.А. Колпаковскийге Хантәңірі және оған қатарлас аудандарды зерттеу туралы өтінішін білдіреді. Осындай өтініш 1885 жылы И.В. Мушкетов атынан да Г.А. Колпаковскийге жасалынады. Онда ол: «…Хан Тәңірінің таулары тобын зерттеуді назардан тыс қалдырмауды аса құлдық ете отырып өтінемін», – деп көрсетеді.
1892 жылы С.Н. Никитин басшылық еткен экспедиция Орал даласына ғылыми бағыттағы ізденушілік мақсатта болды. Себебі алға қойылған мақсат теміржол құрылысы бойынша физикалық-географиялық, геологиялық, топографиялық, экономикалық зерттеулер болды.
ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында Қазақстанды географиялық, биологиялық және басқа да бағыттарда зерттеу жөнінде нұсқаулар мен бағдарламалар жобалары жасалынды. Нұсқауды орындауға бағытталған «Көшпелі құмдардың сипаты мен таралуын зерттеуге арналған нұсқау» (СПб., 1888 ж.) орталықтандырылған математикалық география және физикалық география бөлімшелерінің комиссия мүшелерінің қатарында И.И. Стебницкий, И.В.Мушкетов, С.Ю.Раунер, Н.А.Соколов, М.А.Рычкаев, Ю.М.Шокальскийлер болды. 1888 жылы «Саяхат кезінде метеорологиялық ескертпелер мен байқауларды жүргізуге арналған нұсқау» шығарылды. Ал 1891 жылы Б. Средневскийдің құрастыруымен «Барометрлік байқаулардың көмегімен биікті анықтауға арналған нұсқау» жарияланады.
Ресей аймағындағы орыс емес халықтардың этногафиясын зерттеуге бағытталған бағдарламаның нәтижесінде «Халықтық заңдық ғұрыптарды жинауға арналған бағдарлама» жасау М.В. Клачевке жүктеліп және П.А. Муловтың қатысуымен 1864 жылы заңдық ғұрыптарды жинауға арналған бағдарлама жасалып, 1889 жылы қайтадан өңделіп шығарылады. Бұл бағдарламада орыс емес халықтардың әлеуметтік, экономикалық және тұрмыстық жағдайлары қамтылды.
ХІХ ғасырдың 70-жылдарында жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары қоғамы Түркістан өлкесін зерттеу мәселесін қояды. 1879 жылдан бастап қоғамның Түркістан бөлімшесі «Жазбаларды» және «Орыс Түркістаны» жинағының үш басылымын жариялап отырды. Онда Қазақстан тарихына байланысты материалдар ғылыми бағытта жарияланды. Түркістан бөлімшесінің негізінде 1895 жылы Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі құрылады. Оның мақсаты Түркістан өлкесінің археологиялық ескерткіштерін анықтау болды.
Жоғарыда көрсетілген қоғамдар, ұйымдар және экспедициялармен қатар қазақ халқының тарихына қатысты құжаттық жәдігерлер сақталған Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының қызметін атап көрсетуге болады. Сонымен қатар Ресейдің 29 губерниясында ғылыми мұрағат комиссиялары құрылды. Ғылыми мұрағат комиссияларының алға қойған мақсат-міндеттері өлкенің тарихына және шет аймақтардағы халықтардың өміріне қатысты құжаттарды жинақтау мен ретке келтіру болды. 1881 жылы бұрынғы Орын76 бор генерал-губернаторлығы кеңесінің құжаттарын ретке келтіру бағытында комиссия құрылып, Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы ғылыми мекеме болып қайта құрылады. Комиссияның алға қойған міндеті өлкенің тарихын зерттеу, археологиялық және этнографиялық материалдар жинастыру еді77. Комиссия жұмысының бастапқы кезеңі мұрағат құжаттарын жинақтау, тәртіпке келтіру болды. Кейінгі кезеңде мұрағатта жинақталған құжаттарда көшпенді қазақ халқының тарихына қатысты құжаттар, әкімшілік өкімдері, көрші мемлекеттермен сауда және қарым-қатынастарына байланысты құжаттар жинақталды.
Білім жүйесі нің дамуы және Ресей үкіметінің саясаты. Қазақстан жерінің патша әкімшілігі тарапынан отарлау үдерісінің негізінде қабылданған әкімшілік реформалар тіл, дін, ағарту салаларына айтарлықтай өзгерістер алып келді. Қазақстандағы білім жүйесінің дамуына Ресей империясының ықпалына қатысты 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заң ұлттық мектептердегі білім жүйесін үш бағытта қарастырды. Біріншіден, әлі аз орыстанғандар үшін, екіншіден, орыстары көп жерде тұратындар үшін, үшіншіден, жергілікті дәрежеде орыстанғандар үшін78. Бұл жаңа өзгеріске шынымен де бастапқыда үрке қараған жұрттың бойын үйретуде патша әкімшілігі қулыққа барып, әр ру басшыларына шен-шекпен беру арқылы сеніміне кіріп, оларды патша билігіне қалтқысыз қызмет етуге мойын бұрғызды. Қазақ даласына миссионерлерді жіберу арқылы оқу, оқыту жүйесін орыстандыру саясатын қолға алып, ислам дінін ығыстыруды көздеді.
Мұсылман дінінің құралы ретіндегі араб жазуын орыс әліпбиімен алмастыру арқылы ақырындап орыс-түзем мектептерін енгізу қолға алынды. Сөйтіп, патша үкіметі отарлау үрдісі барысында ислам дініндегі Орта Азия мен Кавказдағы түркі халықтарының өміріндегі ықпалын әлсірете отырып, оны жоюға тырысты. Осы мақсатты Н.И. Ильминский, Н.Н. Остроумов, А. Васильев, И.Я. Яковлев және т.б. миссионерлер жүзеге асыруға белсене кіріскен. Мәселен, Н.И. Ильминский өзінің миссионерлік әрекетін жазған хаттарында бұл жөнінде айқын келтіреді.
ХІХ ғасырдың ортасына дейін Қазақ даласында байырғы халықтың балаларын оқытуға арналған еуропалық үлгідегі мектептер жоқтың қасы еді.
Ал мұндай бастауыш мектеп 1841 жылы тек Бөкей ордасында ғана ашылды. Отаршылдық аппараттың төменгі органдарына хатшылар мен тілмаштар даярлау үшін 1850 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытуға арналған жеті жылдық арнаулы мектеп ашылды.
ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстанда бастауыш мектептердің ашылуы Ы. Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты болды. 1867-1868 жылдардағы реформалардан кейін мұндай мектептер Қазақ өлкесінің көптеген аймағында жұмыс істей бастады. 1868-1869 жылдарда Орал облысында 24 орыс-қазақ мектебі, олардың қатарында 2 екі сыныптық, 6 селолық бір сыныптық, 14 жоғары сыныптық мектеп және 2 жекеше училище болды. 1887 жылға қарай Орал казак әскерінің 47 мектебінің бесеуі қыздар мектебі еді. Оралда 2250 оқушы оқыды, бұл сол өңірдегі мектеп жасындағы қазақ балаларының 2 пайызынан сәл ғана асатын еді. 1894 жылы Орал қаласында ер балалардың әскери гимназиясы, діни училище ашылды. Бұған қоса облыс бойынша 37 шіркеу мектебі, 77 станциялық, поселкелік шағын мектеп, сондай-ақ 10 болыстық орыс-қазақ мектебі болған еді. Бұл мектептерде барлығы 2984 оқушы оқыды.
Патша үкіметі қазақ арасында татар мәдениетінің таралып кетуінен қорықты. Себебі ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанда татар тілінде басылған әдебиеттер кең таралып, медреселерде осы тілде жазылған оқулықтар көптеп оқытыла бастаған еді. Сондықтан Орта Азия мен Қазақстанға жіберілген миссионерлерге жергілікті халықты татар ықпалынан арылтуды міндеттеген болатын. Олар орыс-қазақ мектептері арқылы мұсылмандар арасында христиан дінін уағыздауды қолға алып, оқу бағдарламасына арнайы дін сабағын енгізе отырып, жас балалардың психологиясына әсер етуге тырысты.
ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында мұсылман мектептері мен медреселері ашыла бастады. 1870 жылғы 16 наурыздағы ережеге сәйкес мұсылман оқу орындарына қатаң бақылау орнатылып, Н.И. Ильминскийдің жүйесі енгізілді. Бұл ереже бойынша мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті болып, мектеп пен медреселерді ашуға орыс тілді мұғалімдер болған жағдайда ғана рұқсат берілді. Ашылған оқу орындарында балаларын оқытқысы келгендер оқу бөлімінен арнайы рұқсат куәліктерін алуға тиісті еді.
Патша үкіметі шет аймақтарды саяси-экономикалық түрде отарлауды «идеологиялық түрде игеру» жұмыстарын жүргізу арқылы жүзеге асыру қажет деп шешті. Ол үшін Ильминскийдің оқу-білім жүйесі дін арқылы бірте-бірте орыстандыру саясатын қолдануға болатындығын түсінді. Сонымен қатар бір жағынан, мұсылман халықтарына христиан дінін қабылдатуда мұсылман мектептерін пайдаланудан артық нәрсе жоқтығын, бұл істе татарларды қолдану аса тиімді екендігін білді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы ішкі Ресейдегі татарлар православие дініне тартылып, шоқындырылып, аты-жөндері орысша өзгертіліп, оларға шет аймақтардан әкімшілік қызметтер ұсынылды немесе әдейі оқытушы ретінде Халық ағарту министрлігінің қарамағындағы мұсылман оқу орындарына жіберілді.
Мұсылман мектептері оқу орындарының бастапқы сатысы болды. Бастауыш мектептен білім алған балалар оқуларын медреседе жалғастыра алды. Медреселерде ірі Бұқара, Стамбұл, Қазан, Уфа, Қазан, Орынбор, Тройцкі, Омбы сияқты ірі қалалардан оқып келген оқытушылар дәріс берді. Шәкірттерге араб тілі, дін, риторика, шығыс әдебиетімен қатар физика, химия, астрономия, ботаника, алгебра, геометрия сияқты пәндер тереңдете оқытылды.
ХІХ ғасырдың 90-жылдарына қарай мұсылман оқу орындарының саны өсе бастады. Мұсылман мектептері мен медреселерін Орынбор мүфтилігі де тікелей қадағалап отырды. Мүфтилік жоғарғы билік орындарына арнайы оқу құралдары мен мұсылман әдебиеттерін шығару және мұсылман оқу орындарын осы құралдармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар түсірді. Сондай-ақ осы оқу орындарына мұсылман балаларын тарту іс-шараларын ұйымдастырды.
ХІХ ғасырдың аяғындағы түркі халықтары арасында жәдидшілдік қозғалыс барысы жандана түсті. Бастапқыда, Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасқан бұл қозғалыс, кейіннен Орта Азиядағы барлық түркі халықтары арасында жалғасын тапты. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері И. Гаспринский, Ш. Маржани, А. Ибрагимов, М. Абдурашидханов, М. Бехбуди, Ф. Ходжаев, т.б. қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алды және өздерінің ағартушылық бағыттағы күрес барысын патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы бағыттады. Жәдидтік қозғалыстың жандануы «жаңа әдісті» мұсылмандық медресе, мектептердің көптеп ашылуына алып келді. «Жаңа әдісті» жақтаушылар жаңа оқу бағдарламасына география, тарих, есеп, жаратылыстану, орыс тілі сияқты пәндерді енгізуді қажет деп тапты. Жалпы, жәдидшілер «еуропалық оқу жүйесін» оқытуды қалады. Бұл «еуропалық оқу жүйесіндегі» жобаны ХІХ ғасырдың соңында СанктПетербург университеті шығыстану факультетінің оқытушысы Хұсайын Файызханов ұсынған болатын. Онда татарлардың арасында осы оқу жүйесіне қарсылық туындамас үшін шариғат сабағы мен араб тілін де оқытуды қалдыру мәселесін қойды.
ХІХ ғасырдың соңында аталмыш жоба татар медреселерінде кеңінен қолданылды және Қазақстанда ашылған мұсылман оқу орындары да осы тәртіпке бағындырылды. Жәдидтік қозғалыстың көшбасшыларының бірі И. Гаспринский оқу орындарында діни сабақтармен қатар жағрафия, математика, тарих, биология сияқты пәндердің аса қажеттігін дәлелдей отырып, ескі қадімшілдіктен жаңа жәдидшілдікке көшуді ұсынып, «Тәржіман» газеті арқылы осы жолды насихаттады.
Қазақстандағы патша әкімшілігінің шенеуніктері арасында қазақ халқының сауатын ашуда бастауыш білім берумен, яғни орыс жазуын, әсіресе ауызша сөйлесе білуді және арифметиканың алғашқы төрт амалын үйретумен ғана шектелу жеткілікті деген түсінік үстем болғанын атап өту керек. Орыс үкіметінің осындай кертартпа саясатының нәтижесінде Қазақстанның жалпы орта білім беретін оқу орындарында орыс емес ұлт балаларының өте шектеулі бөлігі ғана оқыды.
Бақылау сұрақтары:
1. Ресей империясының Қазақстандағы білім жүйесіне қатысты жүргізген ісшараларына талдау жасаңыз.
2. ХІХ ғасырдың аяғындағы түркі халықтары арасында жәдидшілдік қозғалыстың жандануының себебін түсіндіріңіз.
3. ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі Қазақ даласындағы еуропалық үлгідегі мектептер туралы не білесіз?
4. Қазақстанның табиғатын зерттеуге бағытталған экспедициялардың мақсаты мен міндеттерін анықтап беріңіз.
5. Мұсылман мектептерінің оқытушыларының бастапқы білім беру сатысы қандай қалалардағы оқу орындарында ашылды?
75
Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. – 3-том. – 765 б.
76
Программа для собирания народных юридических обычаев. – СПб., 1889. – С. 9.
77
Макарихин В.П. Губернские ученные, архивные комиссии и их роль в развитии общественно-исторической мысли России в конце ХІХ века // История СССР – 1989. – № 1. – 161 с.
78
Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. – 3-том. – 765 б.