Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 14

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІІ тарау
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
§ 6. Қазақ жерлерін отарлаудың аяқталуы

Оглавление

Мәселенің тарихнамасы: жаңа ұстанымдар және салыстырмалы талдау. Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылу мәселесі тарихнамасының қалыптасуы мен дамуы туралы сұрақтарды зерттеу өте маңызды жағдайға – ХVIII-ХІХ ғ. басында әр түрлі жоспарлы, көп аспектілі ғылыми зерттеулердің жиналу және дайындалу үдерісінің қарқынды түрде жүргендігіне зерттеушілердің назарын аудартады. Қазақстан және Орта Азия халықтарының (қазақтардың, өзбектердің, қырғыздардың, түрікмендердің, қарақалпақтардың, тәжіктердің) тарихының тарихнамасы мәселелері бірбірімен тығыз байланыстылығы соншалық, оларды бір-бірінен бөліп оқыту методологиялық жағынан дұрыс емес және логикалық жағынан ақталмайтын еді46. Қазақстанның Ресей құрамына қосылуының тарихнамасы ұзақ және күрделі даму жолынан өтті. Тарихнамалық зерттеудің дамуы бүкіл кезеңінде бір-бірінен мазмұны мен бағыты бойынша айрықша теориялар мен концепциялар әр түрлі деңгейде зерттеліп отырған мәселеге әсер етті.

Айта кеткен жөн, төңкеріске дейінгі тарихнамада қосылу мәселесінің зерттелуіне сипаттау, фактілерді зерделемей және жинақтамай баяндау тән. XVIII-ХХ ғ. басындағы тарихнамада Кіші жүз бен Орта жүздің бодандықты қабылдауының үш негізгі себебі айқындалады: сыртқы саяси (қазақтардың қауіпсіздігі), ішкі саяси (ішкі талас-тартыстар), Әбілқайыр ханның жеке мүддесі (билікті нығайту тілегі). Қазақстанның Ресейге қосылуының барысын сипаттауда М. Тевкелев мақсатының орындалу қиындығы ескеріледі. Ол қазақ даласына келгеннен кейін қазақ сұлтандары арасында Ресей бодандығын қабылдауға байланысты бірліктің болмауын көрді. Бұл сұрақ П.И. Рычков пен А.И. Левшиннің еңбектерінде қарастырылған47.

Барлық жұмыстар арқылы қазақтардың бодандықты қабылдауының алғашқы онжылдығына номиналды сипат беріледі, ал XVIII ғасырдың екінші жартысында патша үкіметі өзінің билігін нығайту мақсатындағы ісшараларды жүзеге асыра бастайды. Сондай-ақ патшалық өз реформаларын жүргізудің дұрыстығын негіздейтін дәлелдер келтіреді. Ұлы жүзді жаулап алу зерттеулерде жақсы көрініс таппады, ол патшалықтың Орта Азияға ішкерілей енуінің жалғастырушы кезеңі ретінде көрсетілді. Осы кезеңнің зерттеулерінде патшалықтың ортаазиялық хандықтарға байланысты жүргізген жаулаушылық әрекеттерінің әскери аспектілері алдыңғы қатарға шығады. Ұлы жүздің жаулап алынуы ерікті түрде болған акт ретінде жазылады.

Төңкеріске дейінгі авторлардың еңбектеріндегі бағыттар мен ұстанымдарға қарай сыныптауға болады. «Табиғи шекаралар» тұжырымы (М.И.Венюков)48 Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияға үдемелі қозғалуын арий нәсілін қалыптастыру және кеңінен жаю үшін адамзат тарихының табиғи қозғалысы ретінде түсіндіреді. Осы тұжырымға Ресейдің жаулап алуын этнографиялық және географиялық факторлармен негіздейтін бағыты да жақын келеді (А.И. Макшеев)49, ол бойынша жазық далада орналасқан орыс мемлекеті жерін кеңейтуге тырысады. Еуропаның шығысындағы тарихи халықтың рөлі орыстарға тиесілі болды деген оймен экономикалық және саяси есептердің болмауы анық көрсетілді.

Орыс тарихнамасында тек қана орыс ұлтының шовинистік көзқарастарын насихаттайтын бағытта көрініс тапты (М.А. Терентьев)50. Бұл бағыттың жақтаушылары дала тұрғындарымен тату көршілік қатынастарға тек қана қарудың күшімен қол жеткізуге болатындығын айқындайды (А. Шемонский)51. Кеңінен таралған келесі бір бағыт – Ресейдің жаулап алуы «өркениеттік миссияны» орындауымен байланысты деп есептейді (Л.Ф. Костенко)52, оның негізінде қазақ халқындағы өркениет төмен деңгейде дамыған деген пікір жатыр. Авторлар өз еңбектерінде Еуропа өркениетінің маңызын және отырықшы мәдениеттің көшпенді мәдениеттен басым екендігін айқын көрсетіп, оны Шығыс өркениетінен жоғары бағалайды. Либералды бағыттың өкілдері қазақ халқының Ресейдің жаулап алуына қатынасы мәселесіне назар аударады (Н.И. Веселовский)53. Жергілікті халықтың тарихын, тұрмысын және шаруашылығын зерттеу мәселесін қояды (А.И. Добросмыслов)54.

Жарияланған материалдардың көпшілігінде арнайы тарихи зерттеулер болмағандығын айта кеткен жөн. Авторлар әлі де тарихта орын алмаған құбылыстар мен жағдайлар туралы жазды. Көптеген мақалаларда фактілік қателіктер кездеседі, өлкенің нақты шынайы тарихында сәйкессіздіктер байқалады және оны өзіне ыңғайлы жағдайда көру мен сипаттауға деген құштарлықты байқауға болады. Қазақстанның Ресейге қосылуының нәтижелерін талдай келіп, орыс зерттеушілері бұл жағдай жергілікті халық үшін прогрессивті болған деген жалпы пікірге тоқталады.

ХХ ғ. басындағы қазақ зиялыларының еңбектерінен Қазақстанның Ресейге қосылуына қатысты сыни ұстанымда болғаны көрсетіліп, қазақтардың Ресейден мәжбүрлі түрде көмек сұрағаны және отарлау саясатының ауыр салдары айқындалады (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б.)55. Қазақ зиялыларының шығармашылық мұрасының қайтарылуы қазіргі заманғы отандық тарихшылардың концептуалды көзқарастарында көрініс тапты. 1917 жылдан кейін қоғамдық санада отар халықтардың төңкеріске дейінгі тарихына, самодержавиялық Ресейдің саясатына шұғыл сыни тұрғыдан қарау белең алды. Осы хронологиялық кезеңде қазақтың өткенін маркстік-лениндік методологияны меңгерген тарихшылар зерттеуге кіріседі. Авторлар осы уақытқа дейін жазылған барлық еңбекке сыни көзқараста болды. Тарихи құбылыстар аз болғанына қарамастан олар патшалық отарлау саясатының салдары мәселесі қатаң түрде қойылған Ресей империясының бұрынғы отарларының ұлттық тарихын зерттеуге маңызды қадам жасады. Бұл мәселелер 1917 жылдағы жағдайлардан соң, яғни монархия құлатылғаннан, демократиялық еркіндік, теңдік және тәуелсіздік жарияланғаннан кейін қазақ қоғамы жаулап алынған жерлерінің қайтарылуын күткендіктен аса өзекті болды. Осылардың шеңберінде «жаулап алу» және «отар» сияқты терминдер көптеп кездесетін тарихшылардың негізгі еңбектері жазылды. Қосылу мәселесін зерттеуде 1930 жылдары «абсолютті жауыздық» концепциясының көрініс бергендігін анықтады (С.Д. Асфендияров, М. Тынышбаев, П.Г. Галузо)56. Зерттеушілер Ресейдің Қазақстанды жаулап алуында қатал отарлау саясаты мен оның жағымсыз салдарын айқын көрсетеді. Бұл мәселелердің талдануы жеткілікті дәрежеде терең болмады.

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын әрі қарай зерттеуде қазақ халқының Ресейге қосылуын айқындайтын зерттеу пәнінің нақтылануы мен шынайы факторларды көрсетуі байқалады. Осының нәтижесінде «аз жауыздық» тұжырымдамасы дайындалады. Бұл тұжырымдама Ресей бодандығының ерікті сипатын жоққа шығару ұстанымын сақтай отырып, «жаулап алу» терминінен бас тартады. М.П. Вяткин ұсынған бодандықты баламалы таңдау идеясы (Ресей немесе Жоңғария) зерттеушілерге қазақ жүздеріндегі тарихи жағдайды талдай отырып, Ресейдің құрамына енудің тарихи маңызын айқындау міндетін қойды. Сонымен бірге қосылу салдарына берілген теріс баға да сақталуда, себебі ол Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне шек қойып, жергілікті тұрғындарды қанауды (ұлттық отарлауды және феодалдық езгіні) күшейтуге алып келді. 1940 жылдардың басында «аз жауыздық» тұжырымдамасы ғылыми еңбектерде (М.П. Вяткин, Е. Бекмаханов)57 дамуын жалғастырады, онда «жаулап алу» терминінен бас тартып, Қазақстанның Ресейге баруының негізгі себебі ретінде сыртқы қауіп көрсетіледі.

Тарих ғылымында Ресейге қосылу мәселесін зерттеуде «аз жауыздық» тұжырымдамасының басқа ұстаныммен біртіндеп ауыстырылуы байқалады. Бұл туралы осы терминді қолдануға байланысты М.В. Нечкинаның бастаған пікірталасы дәлел бола алады. Зерттеушінің пікірінше, «жауыздық» түсінігі мемлекеттік дербестіктің жоқтығын және патшалықтың халықты қанағандығын, Ресей патшалығының ұлттық отарлау саясатының ауыр болғандығын көрсетеді. М.В. Нечкина өзінің тәуелсіздігін жоғалтқан және Ресей империясының құрамына қосылған халықтарды қанау, қосылғаннан кейінгі уақытта өмір сүрудің басқа факторларын бүркеу керек деп есептеді. Басқа факторлардың түсінігін автор былайша айқындайды: халықтың өмірін бүркемейді, осы халықтың тарихи үдерісінің барлық құбылыстарын қамтымайды. Халықтар патшалықтың рұқсатымен де, рұқсатынсыз да бір-бірімен араласады. Автордың пікірінше, Ресейге қосылу нәтижелерін бағалау кезінде тарихшылар патшалықтың отарлауына қарамастан орыс қоныс аударушыларының халықтардың шаруашылық және мәдени өміріне тигізген жағымды әсерін, жақсы қарым-қатынас фактілерін ерекше назарға алуын ұсынды. Осы уақыттан бастап қазақ жүздерінің бодандықты тек қана ерікті түрде қабылдаған және қосылудың прогрессивті нәтижелері болды деген негіздемесі бірінші орынға шығады. 1950 жылдары «тарихи шарттылық» тұжырымдамасы дайындалады (Н.Г. Аполлова, М.В. Нечкина)58, мұнда Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік-экономикалық және саяси байланыстарын дайындау алдыңғы орынға қойылды. Сонымен қатар қазақ және орыс халықтары қарым-қатынастарының прогрессивті жақтарын айқындауға басымдық беріледі.

1970 жылдардың соңында елдің қоғамдық-саяси өмірінде еуропоцентризм басым болды, кеңестік республикалардың тарихы 1917 ж. басталады деген ой насихатталды. КСРО халықтарының дамуында орыс мәдениеті басым рөл атқарды деген үдеріс ұлттық тарихтың ұмытылуына, тарихи жадтың жоғалуына алып келді, кеңестік кезең тарихын дәріптеу жүргізілді. 1954 ж. Ташкентте өткен сессия қазақ жерлерінің қосылуының прогрессивті маңызын көрсететін тұжырымдаманың бекітілуіне жәрдемдесті. Сессияда осы тұжырымдаманың дайындалуына әсер еткен Орта Азия мен Қазақстанның революцияға дейінгі тарихы мәселелері қарастырылды. Алдымен, осы өлкенің әр түрлі нақты тарихи жағдайларда және әр түрлі жолдармен Ресейге қосылуы жүз жылдан астам уақытқа созылғандығы белгіленді. Ұлттық республикалар тарихшыларының бұл қосылуда Ресейдің алдыңғы қатарлы экономикасы мен демократиялық, революциялық, қоғамдық-саяси ойының әсерінен халықтардың саяси, экономикалық және мәдени дамуының прогрессивті маңызын бағалаудағы пікірлері ортақ болды. Осылайша, мәселенің тарихнамасы дамуының келесі кезеңі қосылудың ерікті түрде болғандығын негіздеумен, прогрессивті нәтижелерді көрсетумен және отарлау саясатын бағалаудағы қатты сынамау ұстанымымен сипатталады (Г.Ф. Дахшлейгер, В.Я. Басин, Т.Ж. Шойынбаев)59.

1980 жылдардың соңы Кеңес Одағының ыдырауымен басталды, демократиялық қайта құрулар мен ұлттық жаңғыру үдерістері өткенге деген қызығушылықты арттырды, қайта зерттеуді қажет ететін қазақ тарихындағы «ақтаңдақтар» анықталып, көптеген мәселелер, соның ішінде Ресейге қосылу мәселесі жаңадан қарастырыла бастады. 1990 ж. шілдеде «Отарлау жағдайындағы ұлтық қозғалыстар: Қазақстан, Орта Азия, Солтүстік Кавказ» атты дөңгелек үстел өтті. Ғалымдардың баяндамаларында қосылудың жағымсыз салдары туралы және қазақ қоғамының шынайы тарихын жазуға қажетті жаңа методологиялық ұстанымдарды іздеу қажеттігі мәселелері көтерілді. Осы уақыттан бастап «қосылу» терминімен қатар «жаулап алу», «кіру» және «бағыну» сияқты терминдер ғылыми айналымға қайта кірді. Белгілі тарихшы И.В. Ерофеева әр түрлі кезеңдердегі кеңестік тарихшылардың жұмыстарына талдау жасай келе, маркстік-лениндік методологияның бекітілуі жағдайында осы мәселені дайындау қоғамдық ғылымдарда сыни меңгеріліп, революцияға дейінгі тарихнаманың көптеген жетістіктерін асыра бағалаумен жалғасты деді60. 1990 жылдары Ресей империясына қосылудың нәтижесінде тәуелсіздіктен айырылу фактісін зерттеу және талдау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Тарихшылар қазақ хандарының Ресей үкіметіне баруының себептерін зерттеді, бұл тарихи үдерістің барысы мен салдарын, сонымен қатар мәселенің тарихнамалық аспектісін қарастырды.

1990 жылдардың соңынан бастап екі концептуалды ұстанымның болуы осы мәселенің күрделілігі мен көпқырлылығын айқындайды. Отандық тарихшылардың бірінші тобы (Ж.Қ. Қасымбаев, Б.Б. Ирмуханов және т.б.)61 Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің Ресейге бастапқыда баруы ерікті түрде болды (бұл патшалық үшін қолайлы болғандығы басқа мәселе), ал Қазақстанның қалған территориясы әскери күштің көмегімен қосылды деген концептуалды ұстанымды қолдайды. Бодандықты қабылдаудың басты себебі – қазақ халқына қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты орында тұрды, дегенмен бодандықты қазақ билеушілері саяси тәуелсіздіктен айырылу деп түсінгендіктен, оны қолдамады, сондықтан бұл тұжырымдаманы жақтаушылар «бодандықты» түсіну мәселесін қазақ және орыс тұрғысынан көрсетеді.

Келесі авторлар тобы (А. Күзембайұлы, Ж.О. Артықбаев, М.Ж. Абдиров және т.б.)62 Ресей Қазақстанды жаулап алды деген тұжырымдаманы ұстанып, оны әрі қарай дамытуда. Бұл тұжырымдаманы жақтаушылардың пікірінше, XVII ғ. соңы – XVIII ғ. басында Ресей өзінің жаулап алушылық саясатын жалғастырып, нәтижесінде оның оңтүстік-шығыс шекарасы қазақ жерлеріне жақындады. Авторлардың ойынша, Әбілқайырдың өтініші мен қазақ жүздерінің сыртқы саясатынан басқа салалардың барлығындағы бағыныштылық патшалыққа тиімді болды. Зерттеуші қазақ хандары мен сұлтандарының бұл дипломатиялық актіге баса назар аудармағандығын айқындайды.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылуы шетелдік зерттеушілердің үлкен қызығушылығын туғызды. Олар барлық ортаазиялық аймақтың тарихын империялық және кеңестік кезең тарихының контекстінде қарастырды63. 1990 жылдардан бастап қазақстандық тарихшылар (Т.К. Бейсембаев, М.Т. Лаумулин, К.Л. Есмағамбетов, К.Р. Несипбаева және т.б.)64 ағылшын, америкалық, неміс, француз зерттеулеріне талдау жасап, жаңа замандағы Қазақстан тарихының мәселелері бойынша басты теориялар мен концепцияларға басымдық бере отырып, шетелдегі негізгі ғылыми мектептер мен орталықтарды айқындайды. Сонымен қатар қазақстандық зерттеушілер АҚШ, Канада, Франция және т.б. мемлекеттердің кітап қоймаларында жинақталған шетелдік тарихнаманың көп аспектілі деректік базасының бар екендігін баяндайды.

Осылайша, ұзаққа созылған қазақ жүздерінің Ресей империясының құрамына қосылу үдерісі қарама-қайшы сипатқа және жан-жақты әрі шынайы талдауды қажет ететін кешенді мәселелерге ие. XVIII ғасырдың ортасынан бастап мәселенің зерттелу динамикасын сипаттайтын көп материал жинақталды. Әрбір кезеңде осы үдерісті ерекше сипаттады және бағалады. Концептуалды ұстанымға идеологиялық аспектілер де әсерін тигізді. Сондықтан да мәселені ғылыми меңгеру өзінің өзектілігін сақтап қалды.

ХІХ ғасырдың 40-60 жылдары Ре сей билігінің Орта Азиядағы саясаты. XIX ғасырдың 40-60 жылдары ресейлік биліктің ортаазиялық саясаты ағылшын-орыс қарым-қатынастарына тікелей байланысты болды. Ұлыбританияның Орта Азияға қатысты іс-әрекеті Ресейдің ортаазиялық саясатын белсенді түрде жүргізуіне және Орта Азияны қосып алуындағы саяси себептердің басым болуына үлкен рөл атқарды. Ұлыбританияның Үндістанды жаулап алуының және Орта Шығыс пен Орта Азиядағы әрекеттерін белсенді түрде жүргізуіне байланысты ағылшын-орыс бәсекелестігі күшейе түсті. Патша үкіметі өзінің ұстанымын сақтауға және Ұлыбританияның экономикалық және саяси ықпалының кеңеюіне кедергі келтіруге тырысты. 1830-1840 ж. П.И. Демезон мен И.В. Виткевичтің дипломатиялық миссиялары, сондай-ақ Е.П. Ковалевский мен А.Р. Гернгостың Бұхар хандығына, П. Никифоровтың және Г.И. Данилевскийдің Хиуа хандығына елшілігі, Н.Г. Потаниннің қазақ даласы арқылы Қоқан хандығына саяхаты жүзеге асты. Бұл саяхаттардың нәтижесінде орыс-азиаттық сауда мәселелері бойынша келісімге келіп, ортаазиялық хандықтардың қазақтармен қарым-қатынастары туралы мәліметтер жинақталды65.

1833 ж. жазда Орынбор өлкесінің губернаторы болып В.А. Перовский тағайындалады, ол өзінің алдына екі міндет қояды: бағынбаған қазақтарды бағындыру және орыс әскерлерін Орта Азия хандықтарының шекарасына жақындату. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Сырдарияның төменгі ағысы бойына жаңа әскери шептер салу керек болды, бұл жағдай олармен шектесетін қазақтардың наразылығын туындатты. Кейбір қазақ руларының Орта Азия хандықтарына көшкісі келгендігі де жағдайды шиеленістіре түсті. В.А. Перовский бұл үдерісті тоқтатуға тырысты. 1836-1839 жылдары қазақтарды басу үшін бірнеше жазалау экспедициялары жіберілді. Әрі қарай әскери-саяси экспансияны жүзеге асыру қолға алынады, нәтижесінде Хиуа экспедициясы құрылады. Жасалған жорықтың ресми себебі – Хиуаның орыс-қазақ қатынастарына араласуын бейтараптандыру қажеттілігі, шекаралық аймақтардағы тонау мен зорлық-зомбылыққа шек қою, орыс тұтқындарын босату деп жарияланды. 1839 жылдың қарашасынан 1840 жылдың ақпанына дейін созылған Орынбор өлкесінің әскери губернаторы В.А. Перовскийдің басшылығымен жасалған жорық толық дайындалмаған болып шықты. 1839 ж. көктемде екі бекіністі (біреуі Ембі өзеніндегі, екіншісі Ақбұлақ жеріндегі) нығайту үшін қазақ даласына екі отряд жіберілді және осында Орынбордан отын мен мал, жем-шөп және азық-түлік алып келінген еді. Орынборда құрған экспедициялық отряд 5000 адамнан тұрды, қатты аяздан түйелер қырылып, көптеген адамдар үсікке шалынды. Азық-түлік пен отын таусылғаннан кейін ақпанның ортасында отряд Ембі бекінісіне, кейіннен Орынборға оралды. Осы жорықтың нәтижесінде орыс тұтқындары босатылып, Хиуа елшілігі Санкт-Петербургке жіберілді. Осыдан кейін Ресейдің аймаққа ішкерілей енуі үшін әскери стратегиялық плацдармды құру арқылы нақты жоспарланған жорық жасау қажеттігі белгілі болды. Осыдан кейін Сырдария шебін құрған Сырдарияның төменгі ағысында бірнеше бекініс салынады. Оған Арал бекінісі, Қазалы, Қармақшы, Перовск форты, кейіннен Жөлек, Жаңақорған, Түркістан кірді. Сырдария шебін құру арқылы келесідей міндеттер қойылды: Қоқан және Хиуа хандықтарының шекарасымен Сырдарияның төменгі ағысындағы әскери күштерді нығайту, осы аймақтың экономикасын зерттеу. Патша әкімшілігі казак және орыс шаруа қоныстарын көбейту арқылы Сырдария казак әскерін құруды жоспарлады. Осы мақсатпен 1841 ж. бас штабтың капитаны Никифоровтың басшылығымен орыс елшілігі жіберілді. Елшіліктің мақсаты Сырдариядан солтүстікке қарайтын барлық жерді және ішінара Каспийдің шығыс жағалауындағы жерлерді Ресейдің меншігі ретінде Хиуаның мойындауына қол жеткізу, сондай-ақ сауда қатынастары үшін қолайлы жағдай орнату болды. Никифоровтың Хиуа ханы Аллақұлмен жүргізген келіссөздері ешқандай нәтиже бермеді, Хиуа тарапынан жасалған тонаушылық жорықтар кейін де жалғасын тапты. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан патшалық Ресей Орта Азияға ішкерілей енуін жалғастырды. 1847 ж. орыс әскерлері Сырдарияның сағасын басып алып, Райым бекінісін, ал 1848 ж. Қазалы фортын салды. Осы уақытта Арал теңізін зерттеу басталады. А.И. Бутаковтың басшылығымен құрылған (1848-1849 ж.) экспедиция осы аймақты болашақта әскери және кеме жүргізу ісін дамыту бойынша зерттеді. Кейіннен Ресей мемлекеті жалпы міндетті – Орталық Азия мемлекеттерінің саяси және экономикалық жағдайын зерттеуді шешетін миссияларды (Н.В. Ханыковтың ғылыми миссиясы және Н.П. Игнатьевтің дипломатиялық миссиясы) ұйымдастырады66.

Осы жағдайлармен қатар Ресей мемлекеті қытай билеушілерінің Орта жүз территориясына таласуынан, кейіннен Қазақстанның оңтүстік аймағында өзінің бірнеше бекіністерін (Ақмешіт, Әулиеата, Мерке, Қастек және т.б.) құрған қоқан билеушілерінің басып алушылық саясатының себебінен тоқтап тұрғандықтан, енді өзінің Жетісуға енуін іске асырады. Бұл бекіністер әскери әкімшілік, қаржылық, сауда қызметтерін орындады, бірақ басты қызметі бағындырылған территорияларды басқару болды. ХІХ ғасырдың ортасында қоқандықтар қазақтардың жеріне шабуыл жасауын жалғастырды, соның нәтижесінде Ресейдің Орта Азиядағы әскери қимылдары белсенді түрде жүргізіледі. Орынбор әскери губернаторы В.А. Обручев шекараны әрі қарай нығайта түсу үшін Сырдарияның сағасында 1847 ж. Райым (кейіннен Арал) бекінісін салып, Ақмешітті иеленуді ұсынады. Бұл жоспар қайта тағайындалған Орынбор губернаторы В.А. Перовский тұсында жүзеге асырылды. Ол 1853 ж. 2800-ге жуық адамнан тұратын 12 қаруымен Ақмешітке барады. Ондағы 3 қаруы бар 300 қоқандықты 27 шілдеде батыл шабуылмен басып алады. Ақмешіттің атауы Форт-Перовский деп тез арада өзгертілді. Осылайша, Ақмешітті қайтарып алуға әрекеттенген, бірақ оны сәтсіз аяқтаған Қоқан хандығын бағындыру басталды. 1854 ж. император Сырдария шебін басқару туралы ережені бекітеді. Осылайша, В.А. Перовскийдің әскери-стратегиялық міндеті жүзеге асты, Ресей Хиуа және Қоқан хандықтарына саяси ықпалын күшейтуге мүмкіндік алды67.

1847 ж. Абакумовтың отряды бірнеше казарма салды, кейіннен олардың айналасында Жетісуды, яғни орыс бодандығын қабылдаған Ұлы жүз қазақтарының территориясын басқаруға арналған орталықтар құрылады. Іле өзенінің солтүстік жағалауындағы жерлер қоқан бектерінің қолында қала берді, ал олардың тірек пункті Қаскелең өзенінде орналасқан Таушыбек бекінісі болды. 1851 ж. екінші рет жасаған шабуылында орыс әскерлері оны түгелдей жояды. Орыс әкімшілігі Қытайдан Ресейге өтетін транзиттік сауда жолдарының маңыздылығын түсіне отырып, аймақты шаруашылық жағынан игере бастайды. 1854 ж. Іле Алатау тауының етегінде Верный бекінісінің негізі қаланады. Верныйдың іргесі қаланғаннан және Ақмешітті алғаннан кейін Сырдария мен Жетісу казак шептерін біріктіру жоспары қойылады. Орыс әскерлерінің сәтті енуіне 1857-1858 жылдары Шымкент пен Әулиеата өңірлерінде болған қазақтардың қоқандықтарға қарсы көтерілістері жәрдемдесті. Осы көтерілістердің аяусыз жаншылуы салдарынан қазақтар Ресей жағына өтті. Тарихи жағдайдың қалыптасқандығы сондай, қазақ халқының өмірі Қоқан мен Ресейдің бәсекелестігінің нәтижесіне бағынышты болды. 1860 ж. полковник Циммерманның басшылығымен жасақ құрылып, ол Пішпек және Тоқмақ атты қоқан бекіністерін талқандайды. Қоқан хандығы қасиетті соғыс (ғазауат) жариялап, 1860 жылдың қазанында олардың әскері (20000 адам) Ұзынағаш бекінісінде жиналды. Онда қоқандықтарды полковник Колпаковский жеңеді. Ұзынағаш шайқасынан кейін полковник М.Г. Черняевтің басшылығындағы жасақ Қастек асуынан өтіп, Тоқмақты басып алады. Орынбордан Сырдарияның төменгі ағысы бойымен, ал Батыс Сібірден Алатау бойымен бекіністерді салу арқылы орыс шекарасы біртіндеп тұйықтала түсті. Бірақ 650 шақырымға жуық үлкен кеңістік сол кезде әлі бос болды және қазақ даласына жорық жасау үшін қақпа ретінде қызмет етті. Осыған байланысты 1864 ж. екі отряд – бірі Орын бордан, екіншісі Батыс Сібірден шықты. Полковник М.Г. Черняевтың 2500 адамнан тұратын Батыс Сібір жасағы 1864 ж. 5 маусымда Верныйдан шығып, Әулиеата бекінісін батыл шабуылмен басып алды, ал полковник Верёвкин бастаған 1200 адамнан құрылған орынборлық отряд Форт-Перовскіден Түркістанға қарай жүрді, Түркістанды ор қазу арқылы 12 маусымда басып алады68.

Түркістанды алғаннан кейінгі соғыс әрекетінің бір көрінісі – Икан ісі деген атпен белгілі болады. 1864 ж. 4 желтоқсанда Түркістанның коменданты полковник Жемчужников 1 зеңбірекпен күшейтілген жасауыл Серовтың басшылығымен 100 оралдық казакты тыңшылыққа жібереді. Икан Сотня қышлағының жанында казактар Түркістанды басып алуға бара жатқан Қоқан хандығының регенті Әлімқұл молданың басшылығындағы қоқан әскерінің негізгі күштерімен соқтығысып қалады. Казактар 2 күн бойы (4-5 желтоқсанда) тамақсыз және сусыз, өлген жылқылардың денесін жамылып, қоршауда болады. 2 күн аяқталар кезде жасауыл Серов жүздікке әркім жеке өзі қоршаудан шығуына бұйрық береді, казактар шаршы болып сапқа тізіліп, соғыса отырып, қоқан әскерінің қоршауын бұзып, Түркістаннан жіберілген жасаққа қарай шығады да, бекініске қайтып оралады. Әулиеатада гарнизонды қалдырып, М.Г. Черняев 1298 адамды басқара отырып, Шымкентке қарай жылжиды, Орынбор жасағын тартып, оны 20 шілдеде басып алады. Осыдан кейін Ташкентке (Шымкенттен 114 шақырым) батыл шабуыл жасалады, бірақ ол сәтсіз аяқталады. Черняевтің әрекеттері өте қатал болды. 1864 ж. әскери жорыққа қатысқан саяхатшылар – Н.А. Северцов пен Ш. Уәлиханов генералға түпкілікті қарсылықтарын білдірді. М.Г. Черняевпен болған бірқатар қызу пікірталастардан кейін Ш. Уәлиханов қызметін тастап, Жетісуға оралады.

1864 ж. Шымкентті басып алумен Оңтүстік Қазақстанды жаулау аяқталады.

1865 ж. бұрынғы Сырдария шебінің территориясын қосу арқылы Түркістан облысы құрылады, оның әскери губернаторы болып М.Г. Черняев тағайындалады. Түркістан мен Шымкентті алғаннан кейін Орынбор мен Сібір шептері біріктірілді және Қазақстанды Ресейге қосудың ұзаққа созылған күрделі үдерісі аяқталды.

Қазақ хандығын, Қоқан және Бұхара хандықтарын жаулап алғаннан кейін Ресей билеушісі жаулық саясатты ұстанған Хиуа хандығын жаулап алуға көшті. Алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес 1873 ж. көктемде К.П. Кауфман генералдың басшылығындағы орыс әскері Хиуаға үш жақтан шабуыл жасады: Кавказ, Орынбор және Түркістан округтерінен. Барлық үш отряд бір уақытта Хиуа жеріне басып кіріп, белсенді әрекеттерге көшті. 1873 жылдың мамыр айында Хиуаның астанасын басып алды, ал тамызда Хиуа ханы Сейіт-Мұхаммед-Рахым мен генерал К.П. Кауфман келісімге келді. Бұл келісім бойынша Хиуа ханы өзін Ресейдің вассалы деп мойындады. Кейіннен Хиуа хандығының территориясы Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына қосылды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресейдің иеліктерін жоспарлы түрде кеңейтуінің басты себептерінің арасында Ресейдің «табиғи шекараларын» иелену, талас-тартыстарды тыныштандыру және шекаралық шептер мен сауда жолдарындағы тыныштықты бұзатын тонаушылық жорықтарды тоқтату, артта қалған азиялық халықтарды өркениетке көшіруге ұмтылу, оларды әлемдік өркениетке қосу аталады. Түркістан жорықтарына қатысушы тарихшылардың бірі генерал-майор Л.Ф. Костенко дипломатияны сақтай отырып, былай деп жазады: «Ресейдің Орта Азиядағы іс-әрекетінде арсыз ойлар мен өзіндік пайдакүнемдік есептері басшылыққа алынған, бірақ тек қана аймақты бағындыру арманымен және оның өндіргіш күштерін дамытып, Ресейдің еуропалық бөлігіне Түркістанның өнімдерін жіберудің қысқа жолын ашуды көздеді»69. Түркістан жорықтары Ресейдің ұлы миссиясын аяқтағандай болды, алдымен, көшпенділердің Еуропаға экспансиясын тоқтатып, кейіннен отарлаумен – шығыс жерлерін толықтай бағындырумен аяқталды. Осы идеялар арқылы Азия мемлекеттерін жаулап алудың барысы айқындалды. Қарсыласты бейнелеу үшін «қарақшы тобы», «жиын», «банды», «жауыз шабуыл», «қорқақ соқтығыс» сияқты сөздерді пайдаланғандығын жорыққа қатысушылар – М.Г. Черняевтің, К.П. Кауфманның, В.А. Перовскийдің және т.б. мемуарларынан кездестіреміз. Жергілікті хандар мен ақсүйектердің қоластындағы жергілікті халықтың кедейшілікте өмір сүргендігі айқындалды. Орыс әскерлерінің келуімен, жақсы өмір басталғандығын көрсетті-мыс. Дегенмен жағдай тез өзгерді, бұл көршілес жерлерге саяси-территориялық экспансияның жалғасы ғана болды. Бұдан басқа, бірақ шынайы себеп – Ресейдің үкіметтік және әскери қызметкерлерін толғандырған идея Британ империясына қарсы тұру болды. Осылайша, Ресейдің саясаты қорғанушы, Британияның агрессиясынан қорғануға бағытталғандығымен сипатталады. Қарсы тұрушы теоретиктердің бастыларының бірі, әскери администратор, тарихшы М.А. Терентьев үш томдық «Орта Азияны жаулау тарихы» туралы және аймақтағы Ресей мен Англияның саясаты туралы бірнеше мақала да жазды70. ХІХ ғ. Үндістан мен Орта Азияны бақылауға байланысты Ресей мен Британ империяларының арасындағы тартыс тарихта «Үлкен ойын» деп аталды. Оның тағы да белсенді қатысушыларының бірі Қытай болды, ал басқа мемлекеттер бұл шайқастағы ауыспалы ойыншылардың қызметін атқарды.

Бақылау сұрақтары:

1. ХІХ – ХХ ғ. басындағы орыс зерттеушілері еңбектерінде қазақ жүздерінің Ресей империясының құрамына қосылуын зерттеудің негізгі бағыттары.

2. ХХ ғ. басындағы тарихшылар еңбектеріндегі Қазақстанның Ресей империясының құрамына қосылу мәселелері бойынша негізгі концептуалды ұстанымдар.

3. Ресей саясатының ортаазиялық аймақта күшеюінің себептерін сипаттаңыз.

4. Орыс үкіметінің Хиуа хандығына байланысты ұстанған саясатын көрсетіңіз.

5. Орыс әскерлерінің Қоқан хандығы территориясын жаулап алуының салдарына баға беріңіз.

6. Ресейдің Бұхара және Хиуа хандықтарына жіберілген дипломатиялық миссияларының қызметін ашыңыз.

7. Орынбор өлкесінің әскери губернаторы В.А. Перовскийдің қызметіне қатысты тарихнамадағы көзқарастарды талдаңыз.

8. «Үлкен ойындағы» Ресей-Британ империялық тартыстарының себептерін түсіндіріңіз.

46

Ахмеджанов Г Советская историография завоевания Туркестана и установление господства России в Средней Азии // Автореферат диссертации на соискание ученой степени д.и.н. – Ташкент, 1991. – 42 с.

47

Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750 гг.). – Оренбург, 1896. – 95 с.

48

Венюков М.И. Поступательное движение в Среднюю Азию. – СПб., 1878.

49

Макшеев А.И. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских. – СПб., 1890. – 376 с.

50

Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. – СПб., 1906. – 510 с.

51

Шемонский А. Военная история русского движения в Среднюю Азию. – Ташкент, 1910.

52

Костенко Л.Ф. Средняя Азия и водворение в ней русской гражданственности. – СПб., 1890. – 358 с.

53

Веселовский Н. Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестанском крае. – СПб., 1894.

54

Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк. – Тверь, 1902.

55

Букейханов А.Н. Избранное. – Алматы,1995. – 480 с.; Дулатов М. Шығармалары. – Алматы, 1991. – 381 б.

56

Асфендиаров С.Д. История Казахстана с древнейших времен. – Алма-Ата. – М., 1935; Тынышбаев М. Великие бедствия (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата, 1991. – 264 с.; Галузо П.Г. Туркестан – колония. – Ташкент, 1935. – 225 с.

57

Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР – Л., 1941. – Т. 1. – 354 с.; Бекмаханов Е.Б. Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века. – Алматы, 1992. – 400 с.

58

Нечкина М.В. К вопросу о формуле наименьшего зла // Вопросы истории. – 1951. – № 4. – С. 47; Аполлова Н.Г Присоединение Казахстана к России в 30-х годах ХVIII века. – Алма-Ата, 1948. – 254 с.

59

Сулейменов Б.С., Басин В.Я. Казахстан в составе России в ХVIII – начале ХХ века. – Алма-Ата, 1981. – 247 с.; Тулепбаев Б.А. Плоды великой дружбы: (К 250-летию добровольного присоединения Казахстана к России). – М., 1982. – 48 с.; Шоинбаев ТЖ. Добровольное вхождение казахских земель в состав России. – Алма-Ата, 1982. – 279 с.

60

Ерофеева И.В. Экономические связи Казахстана с Россией в русской историографии XVIII первой половины XIX века // Вопросы историографии и источниковедения Казахстана (дореволюционный период). – Алма-Ата, 1988. – 262 с.

61

Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (XVIII в.). – Алматы, 1999. – 228 с.; Ирмуханов Б.Б. Казахстан: Историко-публицистический взгляд. – Алматы, 1996. – 232 с.

62

Кузембайулы А., Абилев Е. История Казахстана. – Алматы, 1996. – 352 с.; Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. – Алматы, 1994. – 160 с.

63

Pipes R Central Asia and Russian colonialism // Far Eastern Economic Review. – 1959. – April 29. – P 10.; Brzezmski Z. Between two ages. America's roles in the technohonic era. – N.Y., 1970; Reshetar J. National Deviation in the Soviet Union // The American Slavic and East European Review. – 1953. – Vol. XII. – No.2. – P. 162-174.

64

Есмагамбетов К.Л. Что писали о нас на Западе? – Алма-Ата, 1992. – 52 с.; Лаумулин М.Т., Бейсембаев ТК. Зарубежные исследователи Средней Азии и Казахстана (библиографический указатель). – АлмаАта, 1994. – 100 с.; Несипбаева К.Р Современная англо-американская историография русской экспансии и колонизации Центральной Азии (XVIII – начало XX вв.). – Алматы, 1997. – 191 с.

65

Хaлфин Н.A. Присоединение Средней Aзии к России (1960-1990 гг. XIX в.). – М., 1965. – 251 с.

66

Киняпина Н.С. Средняя Азия во внешнеполитических планах царизма (50-80-е гг. ХІХ в.) // Вопросы истории. – 1974. – № 2. – С. 36-51.

67

Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. – СПб., 1901. – Т. 1. – 510 с.

68

Терентьев М.A. История зaвоевaния Средней Aзии. – СПб., 1901. – Т. 1. – 510 с.

69

Костенко Л.Ф. Средняя Азия и водворение в ней русской гражданственности. – СПб., 1890. – 358 с.

70

Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. – СПб., 1901. – Т. 1. – 251 с.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх