Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 9
I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІІ тарау
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН
§ 1. ХІХ ғасырдың бірін ші жартысындағы Қазақстанның ішкі саяси жағдайы
ОглавлениеХІХ ғасырдың бірінші онжылдығы Кіші жүз үшін қиындықтарға толы болды. ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде Орынбор губернаторы О. Игельстромның Даладағы шекаралық сот пен жаза туралы реформасын енгізудегі бірінші тәжірибесі ақталған жоқ. Ресей билігі Кіші жүзді басқару кезеңінде хандық жүйеге қайта оралды. Жиырма жылдың ішінде (1790-1810 ж.) Кіші жүзде 4 хан ауысты: Ералы (1790-1794 ж.), Есім (1794-1797 ж.), Айшуақ (1797-1805 ж.), Жантөре (1805-1809 ж.). Осы хандардың қазақ халқына ешқандай беделі мен ықпалы болған жоқ, сонымен қатар олар төреші болып, шекара, ішкі-сыртқы мәселелерді, халық арасындағы алауыздықты шешуде кепіл бола алмады. Бұл жағдай Ералы мен Жантөре хандарының өлімдерінен кейін байқалды. Осыдан кейін хан тағы үшін тартыс пен ел арасындағы араздық күшейе түсті. Орынбор губернаторы Г.С. Волконский: «Даладағы тәртіпсіздік пен жаппай бұзылу» бұрын-соңды мұндай әбігерлік туғызып, төмен дәрежеге түспегенін айта отырып, қазақтар «жаппай ұрлықпен айналысатын болды, сыртта ұрлық жасамаса да, өзара ішкі ұрлық жасайтын болды», – деп атап өткен12. Қаруланған қазақ жасақтары Далада бірін-бірі өзара қырып-жойып, бір-бірлерінің малдарын айдап жатқаны туралы Орынбор губернаторы Сыртқы істер министрі К.В. Нессельродеге хабарды жеткізіп отырды13. Сонымен қатар табиғи жойқын апаттар (1795-1796 жылдар аралығындағы жұт, 1803 жылдан бастап 1808 жылға дейін егіннің шықпауы) қазақ халқының экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді. Қазақ халқының шекаралық башқұрт қатарына өтуі мен казак қыстақтарында жұмысқа жалданулары экономикалық құлдыраудың айғағы болды. Қазақтар кедейшіліктен өз балаларын Хиуаға, шекаралық шектегі орыс тұрғындарына сатуға мәжбүр болды.
Шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық мәселе империяның оңтүстікке жылжуындағы ерекше геосаяси жағдайда болған Кіші жүздің сыртқы саяси дамуына да әсер етті. Біріншіден, Сырдария аумағына қарай жылжыған Қоқан хандығының билеушісіне (1809-1822 ж.) сол жердегі Кіші жүз қазақ рулары (шекті, төртқара) зекет төлеп отырды. Екіншіден, Кіші жүз қазақтарының Хиуа хандығымен қарым-қатынастары ушығып кетті. Билікке келген Хиуа ханы Мұхаммед Рақым (1806-1825 ж.) шекараға жақын қазақ халқына ықпалын күшейту мақсатында қазақ рулары шекті, төртқара, шөмекей қоныстарына жиі шабуыл жасап отырды. Сонымен қатар ортаазиялық билеушілер қазақ ақсүйектері мен Ресей әкімшілігінің арасын алшақтатуға тырысты, яғни Ресейден гөрі қазақ хандары мен сұлтандарына үлкен жеңілдікті уәде етті. Қазақтардың бөлініп кетуі мен қазақ хандарының ортаазиялық өңірге қоныс аударуы Ресей билігіне әрдайым қауіп-қатер төндіріп тұрды.
Мұндай шиеленіскен жағдайда көптеген мәселелер аймақтық әкімшіліктің көзқарасына байланысты болды. Орынбор губернаторы Г.П. Эссен (1817-1823 ж.) мен Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Г. Веселицкий (1817-1820 ж.) бұл жағдайдың себебін Серғазы ханның (1812-1824 ж.) әлсіз билігімен байланыстырып, Кіші жүз қазақтарының экономикалықәлеуметтік мәселелері беделді сұлтан Арынғазы Абылғазиевтың Кіші жүз ханы ретінде сайлануымен шешілер еді деп пайымдады. Сонымен қатар «хан кеңесіне арналған ережені» бұза отырып, олар Арынғазыны хан кеңесінің төрағасы етіп тағайындап, сұлтандар мен старшындарға оған Орынбор әкімшілігінің демеу болуын ашық көрсетіп жариялады.
Бірақ 1820 жылы 19 ақпанда Азиялық комитет отырысында Далаға қандай да бір реформаларды енгізу «үлкен ретсіздік пен толқуларға» әкеледі деген үреймен П. Эссенің үсынысынан бас тартып, тек заң жүзінде сайланған ханның күші шекаралық шеп пен қазақ қоныстарында тыныштық пен бейбітшілікті сақтайды деген шешім қабылдайды. Серғазы хан Кіші жүздің ханы ретінде Орынбор шекаралық комиссия мекемесінен арнайы шенеунікті жанына тағайындауы хандық биліктің күшеюі мақсатында қолданылатын әдістердің бірі болып есептелді. Бұл шенеунік пристав деп атанып, оның қарамағында «қалмақтарға ұқсас», дәлірек айтқанда, «казак жасақтары мен конфиденттер» штаты болған14. Пристав ханға қарап, оның билігін шекаралық үкімет бекітетін болды15.
Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы приставқа арнап шығарған нұсқауға сәйкес Ресей билігінің алдағы жоспарында Кіші жүздің империяға бойұсынуы мен орыс жасақтарының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия аумақтарына жылжу мүмкіндігіне демеу бола алатындығын анықтау оның міндеті болды. ҚР орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған деректерге сәйкес 1820-1822 жылдары Серғазы хан кезінде әскери қатар басқарушы Карсаков пристав болған. 1822 жылы 12 тамызда ханның қонысына жаңа пристав Александр Захарьевич Горихвостов келді16.
Сонымен қатар Орынбор шекаралық комиссиясы ХІХ ғасырдың 20-жылдарын Кіші жүз қазақ руларының арасындағы талас-тартыс пен қақтығыс уақыты деп бағалап, жеке рулардың ханның қонысына басып кіру қаупі төніп тұрғанын ескерткен.
1811-1822 жылдары Орал, Ілек, Қурайлы және Бердянка өзендерінің арасында Новоилецк шебі пайда болды. Нәтижесінде табын және жағалбайлы рулары қысқы қоныстарынан айырылды (600000 десятинадан астам жер). Осы жағдай табын старшыны Жоламан Тіленшінің жетекшілігі кезінде наразылықтардан туған қозғалыстарға себеп болды.
Көтерісшілердің басты талабы Ілек пен Оралдың арасындағы жерлерді қайтару еді. Серғазы хан қазақтардың талаптарын қорғай алмай, Даладағы орыс жасақтарына қарсы тойтарыс бере алмады. Жоламан Тіленші Серғазы хан етіп сайланғаннан кейін қазақтар ешқандай «пайда мен береке» көрген жоқ деп бекер айтпады. Жоламан Тіленшінің жасақтары Бердянка аумағындағы орналасқан хан қоныстарына басып кірді. 1822 ж. 1 желтоқсанда жағалбайлы руының қазақтары ханның табын-табын жылқыларын айдау кезінде ханның ұлы Ышғазыны өлтіреді.
Осы оқиғадан соң Орынбор әкімшілігі хан мен оның отбасын әр түрлі қазақ руларынан немесе Қаратай мен Арынғазы сұлтандарының қолдаушыларынан қорғау мақсатында приставқа табыстайды.
1821-1824 жылдары Новоилецк бойындағы бекіністер мен форпостарына қазақтардың шабуылдары күшейді. Сол шабуылдарда жылқыларды айдап салумен бірге казактар мен Іле тұз өндірісінің жұмысшыларын, орыс тұрғындарын тұтқынға алып кетіп отырды.
1823 жылы маусым айында Ресей билігі арнайы комиссия құрып, хандық билік институтын қайтадан күшіне енгізуге тырысты. Орынбор генерал-губернаторы П. Эссен Кіші жүз ханы Серғазы (төрағасы), сұлтандар, (әлімұлы ру бірлестігі атынан – Темір Ералиев, жетірудан – Медетғали Тұрдалиев) және байұлы атынан беделді старшын – Есенгелді Янмурзинмен бірігіп құрған «ерекше» комиссияның құрамына Орынбор аймағының мұсылман дінбасыларының өкілдері болып Сейіт жерінің молдасы Абдрахман Мұхаммедшарифов, Орынбор айырбас аула мешітінің молдасы Абдусаттар Сүлейменов пен Орынбор мешітінің ахуны Әбдісәлім Абдрахманов кірді17. Комиссияның мақсаты – 1821-1823 жылдарда орын алған қазақтардың мал айдауы туралы орыстардан да, қазақтардан да түсетін шағымдарды қарау болды. Комиссия өз жұмысын 1823 жылы қазанда бастады, бірақ ешқандай істі қолға дұрыс ала алмады. Оның себебі «ерекше сенім мен сыйластыққа» лайық болған Сеит жерінің молдасы Абдрахман Мұхаммедшарифов денсаулығына байланысты келе алмауында болды. Серғазы хан комиссия құрамының шешімі әділетсіз болуы мүмкін деп қауіптенді. Сонымен қатар хан комиссия жұмысына қатысатын дін қызметкерлерінің барлығы бірдей әділ бола бермейді, солардың ішінде ахун Әбдісәлім Абдрахманов қазақтарды жақтырмайтындықтан, оларға қатысты мәселелер бойынша «әділетсіз шешім» қабылдай алатынын атап айтқан. Осы күдіктің негізінде шариғат заңдарына жүгініп, шешім қабылдайтын арнайы комиссия құрамының жартысын құраған молдаларға шешімдерін «әділетті» шығаруға ант қабылдатты18. Дегенмен ханның билігін нығайтуға, шекаралық шектегі руаралық талас-тартыс пен қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған комиссия отырыстары ойдағыдай нәтиже бермеді. Комиссия бірде-бір істі қарастыра алмай, өз жұмысын желтоқсанда тоқтатты.
1823 жылы тамыз айында А. Горихвостов Серғазы ханның қонысындағы жұмысты тоқтатып, қазақ көшпенді қоғамының басқару құрылымындағы ханның рөлін бақылау негізінде ханның билігі әлсіз және шектеулі деген тұжырымға келеді. Далада жаңа әкімшілік қайта құру қажеттігі приставтың ойымен дәлме-дәл сәйкес келді.
Бақылау сұрақтары:
1. Кіші жүз ханы Серғазы (1820-1823 ж.) жанындағы приставгар рөлін түсіндіріңіз.
2. ХІХ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы Қазақ даласының ішкі саяси жағдайын ашыңыз.
3. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде жаңа шекаралық шептер (Жаңа Илек, Жаңатроицк): қазақтар мен казактардың қарым-қатынасы.
12
Император Александрға Орынбор әскери губернаторы Г.С. Волконский таныстырған пікір // Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). – М. – Л.: Изд. Академии Наук СССР, 1940. – Т. 4. – С. 218-224. – 543 с.
13
ҚР ОММ. – 4-қор. – 1-тізбе. – 1810-іс. – 1-5, 7-8 артқы парақша.
14
Конфиденттер – құпия агент, сенімді тұлға. Приставтың танымал конфиденттерінің бірі МухаметРахим Долгоаршинов болды.
15
ҚР ОММ. – 4-қор. – 1-тізбе. – 263-іс. – 4-парақша.
16
А. Горихвостов – Жаяу шляхетск кадет корпусының түлегі (СПб.), 1812 ж. Отан соғысына қатысқан. Қараңыз: Волков С.В. Генералитет Российской империи. Энциклопедический словарь генералов и адмиралов от Петра I до Николая II. – М., 2009. – Том I. – С. 384-385.
17
ҚР ОММ. – 4-қор. – 1-тізбе. – 269-іс. – 91-парақша.
18
ҚР ОММ. – 4-қор. – 1-тізбе. – 269-іс. – 91-176 парақша.