Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 17

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
III тарау
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ
§ 3. Көш пе нді қазақ халқы ның материалдық мәде ниеті

Оглавление

Дәстүрлі тұрмыссалт мәдениеті. Қазақ халқының дәстүрлі материалдық мәдениеті әр кезеңде де зерттеу тақырыбының объектісі ретінде қарастырылған. Мысалы, қазақ даласына келген көпестер мен елшілер, дипломаттар мен офицерлер және әр түрлі деңгейдегі шенеуніктер көшпенді халықтың мәдениеті туралы көптеген мәліметтер қалдырып отырғандығын да айта кетуіміз керек. Әрине, бұл еңбектер объективтілігі және ғылыми жағынан түрлі бағытта, әр түрлі деңгейде болды.

Қазақ халқының XIX ғасырдағы материалдық мәдениетінің жағдайы қоғамның әлеуметтік және экономикалық даму деңгейі негізінде қалыптасады. Қазақ халқының материалдық мәдениеті көшпенді өркениеттік бағытта қалыптасқан мал шаруашылығымен тікелей байланысты және перманентті деңгейде болды. Сонымен қатар отырықшылық пен егіншілік, саудасаттық бағытында дамыған көрші мемлекеттердің ықпалы да өз әсерін тигізді.

Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы, ал көшпенді халықтарда мал шаруашылығы негізгі орында болды. Қазақ халқының салтдәстүрі, діни наным-сенімі, менталитеті мен тұрмысы көшпенділік өмірмен байланысып жатты.

Қазақ халқының салт-дәстүрлік, әдеп-ғұрыптық мәдениетінің бағыттары күнделікті өмірде көрініс тауып отырғандығы белгілі. Көшпенді өркениетте ислам дініне дейінгі кезеңде қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдетғұрыптар қазақ халқының мәдениетімен байланысты болған. Көшпенділіктің негізіндегі отқа табыну, отпен тазарту «аластау» түрінде қазақтардың өмірінің түрлі салаларында көрініс тауып отырған. Мысалы, жайлаудан қыстаққа келген уақытта қыстау мен малды от арқылы «тазарту» рәсімін жасаған. Жаңа қонысқа көшкен уақытта және жас сәбилерді бесікке салар алдында бесікті де отпен аластау салты жасалған. Көшпенді мал шаруашылығына байланысты халық арасында кейбір заттардың бұрынғы қожайынының «құт-берекесін» алып қоятын ерекше күштің бар екендігіне сенген. Сондықтан да ат сатқанда жүгенін, түйе сатқанда мұрындығын бермей ырым етіп малдың қожайыны өзінде қалдырған79.

Исламға дейінгі наным-сенімдерге сәйкес көшпенді өркениетте қалыптасқан тұрмыстың кейбір еңбек құралдары мен заттары қасиетті деп саналған. Мәселен, жылқы ұстайтын құрық, құлын байлайтын желі, қозы байлайтын көген, жүген, ноқта, киіз үйдің шаңырағын көтеруге арналған бақандар осындай заттардың қатарына жатқан және бұл заттарды басуға, аттап өтуге қатаң түрде тыйым салынған.

Көшпенді халықтың салт-дәстүрлеріне сәйкес жазғы жайлауға жеткен уақытта «қазық майлау», «қымыз мұрындық» деп аталатын той-томалақтарды жасаған. Бұл шағын тойдың мағынасын бие сауып, қымыз ашытқан кезде биелері мен олардың құлындарының аман-саулығын және қымыздың мол болуын тілеумен байланыстырады80.

Қазақтар арасында некелесу салт-дәстүрлері де ерекше көрсетіледі. Халық арасында ертеректегі түрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер де сақталып келген. Құда түсу туралы екі жақтың келісімі ант арқылы бекітіліп отырған. Сонымен қатар халық арасында үлкендерге аса жоғары құрмет көрсетіліп және он бұзушыларға айыппұл салынған.


Көшпенділік өркениетінің негізінде қазақ халқының ерекше атап өтетіндері Наурыз мейрамы болған. Күн мен түн теңесетін уақыт 22 наурызда дәстүрлі рәсімдік тағам – «Наурыз көже» дайындалып, халық арасында «Ұлыстың ұлы күні» тойланған. Бұл күні жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан тойға қатысушылардың теңдігі сақталып отырған. Наурыз мейрамы уақытында туыс арасындағы араздықтар болған жағдайда бір-бірінен кешірім сұрап, халық арасында мейірім-ықылас оянып, тіпті, жауласушы рулар арасында да татулық орнаған.

Қазақ халқында діни сипаттағы «құрбандық шалу» дәстүрі де қолданылды. Құрбандық шалу соғыстың аяқталуы, ер азаматтардың соғыстан аман-есен оралуы және сәбидің өмірге келуі, тасаттық беру мен сүйек жаңғырту секілді салт-жоралғыларға байланысты да жасалынып отырған. Құрбандыққа қой мен жылқы малдарын шалу кең қолданылған.

Көшпенді қазақ халқында мәдениет көшпенді өркениеттегі қалыптасқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар негізінде өмірдің барлық жағын қамтып отырғандығын да айта кетуге болады.

XIX ғасырда қазақтардың рухани-материалдық мәдениетінде көшпенді және жартылай көшпенді тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды.

Сонымен, қорыта айтқанда, 1867-1868 жылдары әкімшілік реформасы Ресейдің қазақ жеріндегі саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық үстемдігін нығайту болса, ал қоныс аударушы орыс шаруаларын жаңа елдерде өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне айналдыра отырып, қазақтардың мәдени дамуына ықпал жасау арқылы оларды орыстандыру, шоқындыру негізінде империяның тұтастығын күшейтуді көздеді.

ХІХ ғасырдағы қазақтардың материалдық мәдениетінің өзгеруі. Көшіп-қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп-қону, көбінесе, меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары, негізінен, бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс-қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеу мен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар саз балшықтан, күйдірілген кесектен қаланған үйлерді қыстақтарда салып тұрақтаған, жылдың басқа мезгілдерінде көшіп-қонуға бейімделген киіз үйлерде тұрды.

Көшпенді қазақтардың негізгі тұрғын үйлері көшіп-қонуға бейімделген киіз үйлер Еуразия көшпенділерінің ертеректен келе жатқан тұрғын үйлерінің қатарына жатады. Қазақ халқының киіз үйлерінің үлгілері олардың көлеміне байланысты қанат деп аталатын керегелер санымен анықталады. Үйдің қанаттар саны төрт қанаттан жиырма төрт қанатқа да жетіп отырған. Бұл киіз үйлер көшіп-қону кезінде өте ыңғайлы және жазда салқын, қыста жылы болған. Сыртқы пішіні жағынан киіз үйлер күмбез тәрізді және шошақ болып келетін.

Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп-жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ – үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Киізден басылып жасалынған әбзелдер «киіз үй жабуы» деп аталады. Киіз үйдің киізден жасалған жабулары ақ қойдың жүнінен басылып, ақ киізден пішілген. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған.


Көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан қазақтардың қысқы қыстаудағы үйлері өзен аңғарлары мен тау шатқалдарында салынған. Бұл үй үлгілері тастан, қамыстан құрылыс түрінде, тік бұрышты жертөле немесе жеркепе ретінде саз балшықтан салынған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей империясының қоныс аудару саясатының тигізген әсерінің негізінде Қазақстанның орманды аймақтарында ағаштан алты қырлы орыс шаруаларының үлгісіндегі үйлер салына бастады. Сонымен қатар қыстақтардағы отырықшылыққа бейімделген қазақтардың тұрғын үйлерінің өсіп-дамуына қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыруы да өз әсерін тигізді. Орыс мәдениетінің ықпалынан қазақтар көрпе-жастық жинайтын ағаш төсектермен қатар әйнектелген ыдыс-аяқ жинайтын сөрелер, буфеттерді сатып алып немесе ағаш шеберлері дайындап қолданысқа енгізді.

Көшпенді мал шаруашылығындағы күрделі еңбек құралдарына тоқталатын болсақ жылқы ұстау үшін құрық, арқан, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсау мен шідер жасалды. Ал құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. Қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. Ал XIX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айыр да кеңінен қолданыла бастады.

Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден пайда болып келген. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарына жатқызылды. Егісті суғару үшін суды көтеріп шығаратын әр түрлі құралдар – атпа, шығыр, сондай-ақ кетпен мен күрек пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды.

Салт атқа арналған әбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына және егіншілікке байланысты негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-бірімен ұқсас болды. Қазақтың ат-тұрман әбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі қайыңнан шауып жасалған, алдыңғы қанаты кең «қазақ ері» болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда ердің «құранды ер» дейтін түрі таралған. Ер-тұрман әбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат әбзелдерінің барлығын – тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, таралғы, қамшы және т.б. жасап, оларды әсемдеп, көркемдеп отырған. Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман әбзелдерін өретін шеберлерді «өрімші» деп атаған.

Қазақтардағы көшпенді тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің – тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киіз басумен көбіне әйелдер айналысты, олар, негізінен алғанда, үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б. дайындады.

Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне алып келді. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әр түрлі сандықтар пайда болды.

Қазақтардың ұлттық киімінде этнографиялық белгілері сақталып қалғанымен, олардың да пішіні мен түрлеріне өзгерістер енді. Ер адамдар бітеу пішілген, кеудесінде тік өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Ер адамдардың көп таралған сыртқы киімінің түрі шапан болды. Ол, көбінесе, фабрикалық маталардан тігілді. Ауқатты қазақтар түрлі-түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар әдемі «мәуіті шапан» мен «мәуіті шекпен» де дайындады. Олардың қос шабуынан өрнек салынды. Шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүннің тоқымасынан тігілді. Қазақстанның барлық облыстарында қазақтардың кеңінен қолданылған қысқы сырт киімінің ежелгі түрлерінің бірі – күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен дайындалды. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлісі аң және үй жануарларының терісінен тігілген ішіктер болды. Қазақтардың көбінің қолы жететін және кең таралған қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Ер азаматтар арасында кең тараған сырт киім түрінің бірі жарғақ деп аталады. Жарғақтың бірнеше түрі болған, олар «тақыр жарғақ», «құлын жарғақ», «тайжақы» үлгілерінде тігілген. Жарғақтардың бұл түрлері қыс мезгілінде жылы киім сыртынан оңай киілуі үшін кең етіп тігілген. Енді аяқ киім түрлеріне келсек, қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. Қазақтардың жазда киетін өкшесі биік, тұмсығы қайқы етіктері XIX ғасырдың екінші жартысында жоғала бастады. Барлық жастағы ер адамдар қыс кезінде, негізінен, ішінде киіз байпағы бар ұзын қонышты саптама етік киді. Неғұрлым ауқаттылары жаз кезінде былғары кебісі бар мәсі киіп жүрді. Бұл аяқ киімдердің барлығы оң және сол аяқ деп бөлінбей бірдей тігілетін. Бас киім түрлеріне келетін болсақ, ересек ер адамдардың барлығы шаштарын алдырып, басына тақия, тебетей киді. Мұның сыртынан тігілген терісіне сәйкес сусар, пұшпақ және елтірі деп аталатын бөріктер киді. Әйелдердің киімдері жас ерекшеліктеріне сәйкес бір-бірінен біршама ерекше болды. Қазақ әйелдері ерекше сәнді киініп, киімдерінің сыртынан тағатын кемер белдіктерін күміспен күптеп, алтынмен аптап, қымбат бағалы тастармен әшекейлеп отырды. Әйелдердің жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бас киімдері де ерекше болды. Мәселен, жас қыздар шетшетіне моншақтан немесе бағалы металдан шекелік тағылған, бай нақышты үкілі тебетей – «қасаба» киді. Ұзатылған қыздың бас киімі сәукелені күнделікті киілетін мақта-матадан жасалған кимешекке ауыстырған.


Мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті олардың күнделікті қолданатын ас-сулары, яғни тамақтары мен ыдыс-аяқтарынан нақты көрініс тапқандығын көреміз. Олардың негізгі қолданыстағы тамақтары ет-сүт өнімдері болды.

Қазақ халқы күнделікті қолданыстағы ыдыстар мен қажетті заттарды сынбайтын материалдардан – ағаштан, теріден, киізден және шұғадан жасаған. Олар: торсық, саба, күбі, қазан, таба, ожау, астау, ағаш табақтар, мес, мал саууға арналған көнектер болды. Көшпенді өмір салтының мәдени ерекшелігінің бірі ыдыс-аяқтарды түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Басқа да мал өнімдерінен даярланған тағамдар үшін тоқымадан жасалған қаптар дайындаған. Сүрленген ет пен сары майды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған.

Қымызды сақтау және тасу үшін бие терісінен түрі мен көлемі жағынан әр түрлі ыдыстар жасалынған әрі оны ыстап отырған. Қымыз сақтауға арналған ең үлкен тері ыдыс саба деп аталады. Қымызды салт атпен алып жүру үшін қолайлы ыдыс ешкінің тұтас сойылып алынған терісінен жасалған және оны мес деп атаған. Қазақ халқының тұрмысында ыдыс-аяқтардың ағаштан жасалған түрлері де көп. Мысалы, қайың ағашынан жасалынған үлкен тегенелер, қатты ағаштан немесе қайыңның безінен жасалынған шаралар, аяқтар, тостағандар, қымыз құятын ожаулар, үлкен ағаш астаулар, ет тартуға арналған көлемді ағаш табақтар жасалынған. Металл ыдыстар ішінен қазақ халқы өмірінде ең көп таралғаны және ең қажеттісі көлемі әр түрлі шойын қазандарды атап айтуға болады. Ең үлкен қазандар «тай қазан» деп аталады. Қазан үш аяқты темір тұғыр не ошаққа қойылды.


Тұрғын үй түрлері:

– киіз үй;

– шымнан, балшықтан, тастан салынған жылы үй.

Жазғы үй түрлері:

– киіз үй;

– арба үстіне орнатылған жылжымалы үй-күйме.

Қазақтардың көшу кезінде алып жүруге қолайлы тұрғын үйлерінің негізгі түрі – киіз үй. Киіз үйдің ағаш сүйегі 3 бөліктен тұрады: кереге, уық, шаңырақ.

Киіз үйдің құрылымы:

Шаңырақ – төбесі.

Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын сүйегі.

Кереге – қабырғалары.

Сықырлауық – есігі.

Үйді жауып тұратын киіздер – түндік, үзік, туырлық:

– түндік – шаңырақты жабатын киіз;

– үзік – уықтарды жабатын киіз;

– туырлық – керегелерге жабылатын киіз.

Киіз үйдің бауы – басқұр негізгі бекіту, біріктіріп байлау қызметін атқарады.

Киіз үйдің негізгі қаңқасын киіз үйдің сүйегі деп атайды.

Керегелер санына қарай киіз үйлер 6, 8, 12, 15, 18 қанатты болып бөлінеді.

Киіз үйдегі ең құрметті орын – төр. Есік маңайы – босаға. Киіз үйдің оң қанаты әйелдер бөлігі саналып, төсек-орын, бесік, үй аспаптары, ыдысаяқтар орналастырылады. Сол қанаты ерлер бөлігі саналып, ер-тұрмандар, қару-жарақтар тұрады. Үйдің дәл ортасындағы от жағатын орын – ошақ.

Орда – салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін аса құрметті хан, би сұлтандар отыратын үй.

Алтын орда – 30 қанаттан тұратын, ханның мәжіліс ордасы.

Алтын үзік – 24 қанаттан тұратын аса лауазымды хан отбасы тұратын үй.

Ақ шаңқан – 18 қанаттан және 12 қанаттан тұратын елбасылар, бай, билер тұратын киіз үйлер.

Ақ ала орда – сегіз қанатты, дәулетті бай үйі.

Ақ үй – 6 қанатты дәулетті адамдар үйі.

Боз үй, қоңыр үй – 4-5 қанатты орташалар тұратын киіз үй.

Қараша үй – кедей үйі.

Отау – жас жұбайлар үйі.

Ресей империясының қазақ жеріндегі саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық үстемдігін нығайту саясатының ықпалына қарамастан XIX ғасырда қазақтардың материалдық мәдениетінде көшпенді және жартылай көшпенді тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды.

Бақылау сұрақтары:

1. Көшпенді өркениеттегі материалдық мәдениеттің ерекшелігіне сипаттама беріңіз.

2. Қазақ халқының тұрғын үйлерінің ерекшеліктеріне талдау жасаңыз.

3. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының материалдық мәдениетіндегі өзгерістердің себебін түсіндіріңіз.

4. Қазақ халқының салт-дәстүрлік, әдеп-ғұрыптық мәдениетінің ерекшеліктеріне талдау жасаңыз.

5. ХІХ ғасырдағы этнодемографиялық үрдістердің қазақ халқының материалдық мәдениетіне тигізген әсеріне сараптама жасаңыз.

79

Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. – 3-том. – 765 б.

80

Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2002. – 3-том. – 765 б.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх