Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап - Коллектив авторов - Страница 18

I бөлім
ДЕРБЕС ЕЛ БОЛУ ҮШІН КҮРЕС
ІV тарау
ҚАЗАҚСТАНААҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК-САЯСИ РЕФОРМАЛАРЫ
§ 1. Реформаның дайындалуы. Дала комиссиясы

Оглавление

ХІХ ғасырдың басында Қазақстанда отарлық әкімшілік жүйесіз және жеке аймақтар үшін әр түрлі уақытта бөлек-бөлек құрылды. Орынбор қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды және оның Батыс аймағы үш бөлікке бөлініп, дистанция, шекаралық соты енгізілген ауылдар, расправалар мен қамқоршылардан тұрды. Сібір ведомствосының қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. 20-жылдардың ортасында болысқа және ауылдарға бөлінген округтік приказдар ұйымдастырылды. ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында патшалық Ресей Қазақстанның оңтүстік аудандарын басып алғаннан кейін Бөкей хандығының әкімшілік басқару жүйесіне өзгерістер енгізілді, Алатау округтік приказы мен 1865 жылы Түркістан облысы құрылды81.

1867 жылы жаулап алынған ортаазиялық хандықтар біріктіріліп, Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. ХІХ ғасырдың ортасына дейін енгізілген қазақтарды басқару жүйесі патшалықтың отарлық саясатына, қарама-қайшылық әдістеріне қолайсыздықтар мен қиындықтар туғызды. Оларды метрополияның әкімшілік басқару жүйесімен біріздендіру және жақындату қажет болды. Ресей үкіметінің ортаазиялық саясатының белсенді болуы, орыс капиталының қажеттіліктерінің өсіп, жаулап алған жерлерде Ресей билігін нығайтып, Орта Азия территориясына әрі қарай тереңдей еніп, Орта Азияны плацдармға айналдыру үшін қажет болды.

1860 жылдардың басында бірнеше әкімшілік қайта құру жобалары дайындалды. Бірақ олар аймақты үстіртін сараптау нәтижесінде жасалып, әр түрлі көзқарастар тұрғысында қарастырылды. Өлке туралы алдыңғы жылдары жиналған мәліметтердің жеткіліксіз екендігі көрінді.

Бағдарлама бойынша Қазақ даласы мен Түркістан өлкесін зерттеу үшін жақсы даярланған мамандары бар үкіметтік комиссияны жіберу қажеттілігі туды.


Бутков Влaдимир Петрович


Милютин Дмитрий Aлексеевич


1860 жылдың басында патшаның нұсқауымен статс-секретарь В.П. Бутковтың82 басшылығымен мәртебелі шенеуніктерден тұратын комиссия құрылды. Бірнеше жылдар барысында комиссия Орынбор және Сібір ведомстволарының қазақтары туралы барлық қажетті ақпараттарды жинастырып және оның негізінде 1865 жылы 2 ақпанда Министрліктер комитетінің мәжілісінде баяндама жасалып, мақұлданды. Бұдан кейін жаңа комиссия құрылып, төрағалыққа статс-кеңесші, полковник Ф.К. Гирс83 қойылды. Ол «Қырғыздарды болашақ басқару құрылымын зерттеуге және жоба жасауға арналған айрықша комиссия» (Дала комиссиясы) атауын алды. Дала комиссиясын құру бастамашысы әрі ұйымдастырушысы Орынбор және Батыс Сібір ведомстволарының әскери қолбасшысы, әскери министр Д.А. Милютин84 болды. Комиссияның құрамына: Ішкі істер министрлігінен Ф.К. Гирс (төраға), әскери министрліктен А.К. Гейнс, Орынбор әкімшілігінен К.К. Гутковский, Батыс Сібір әкімшілігінен А.П. Проценко кірді.

Комиссия алдына келесі міндеттер қойылды:

1. Қазақтарды басқарудағы империяның азаматтық және әкімшілік жүйесіне сай келетін жаңа басқару жүйесін енгізу мүмкіншіліктерін айқындау. Ішкі басқару билігіне араласпай, қазақ халқының тұрмысына қол сұқпай, оларға қаншалықты мүмкіншілік берілу қажеттігін белгілеу.

2. Сот және тергеу мекемелеріндегі істерді жеңілдету әдістерін, қазақтар арасындағы халықтық басқару шендері мен қызметтерін қысқарту мүмкіншіліктерін табу.

3. Қазақ халқының мінезін зерттеу, ұлттық әскери бөлімдердің және полицей мекемелерін құру мүмкіндігін айқындау.

4. Жаңа сот құрылымы туралы ұсыныс-пікір беру.

5. Салықтар мен алымдардың алыну әдістері мен көлемін белгілеу.

6. Жерді пайдалану тәртібін анықтау.

7. Қазақ жерінің отарлау саясатын күшейту мәселесін талқылау.

8. Аймақтағы діни өмірді және мұсылмандық басшылардың ықпалын әлсірету мүмкіндігін зерттеу.

Үкімет комиссияның табысты жұмысына қызығушылығы жоғары болғандықтан, оған арнап қомақты қаржы-қаражат бөлді. Комиссия мүшелерінің алдына қойылған міндеттерді орындауда толық еркіндік берілді.

1865 жылы 23 маусымда Дала комиссиясы Омск қаласына келді, яғни астанадан бұл жерге келу үшін олар 18 күн жүрді. 25 шілдеден бастап комиссия қазақ даласын зерттеуді бастады, сапарды Верный қаласына дейін жалғастырды. 1865 жылдың қарашасынан 1866 жылдың сәуіріне дейін комиссия Омбы, Орынбор, Петербург қалаларында жұмыс істеп, мұрағат материалдарын, кейбір министрліктер жіберген құжаттарды зерттеді. Комиссияның жинақтаған материалдары жүйеленді. Аймақтағы сауданың дамуы, егін шаруашылығы және өнеркәсіп туралы жазбалар құрастырылды. 1866 жылдың мамырында Дала комиссиясы Орынбор қырғыздары мен Түркістан облыстарын зерттеуді бастады. Мәліметтерді жинау жолы және әдістерін анықтау барысында жұмыстың алдыңғы кезеңінде жиналған тәжірибе ескерілді, сонымен қатар зерттелген аймақтардың ерекшеліктері салыстырмалы түрде қаралды. Жергілікті халықтың шаруашылығы, дәстүрі туралы мәліметтер бойынша анкеталар жасалды, жаңа материалдар жинақталып, Мұса Шорманов, Шыңғыс Уәлиханов, Тілеу Мұхаммед Сейдалин сынды қазақ зиялы қауым өкілдерінің көзқарастары зерттелінді. Бірқатар комиссия мүшелері әскери биліктің күшеюі қажет деген қорытындыға келді. 1867 жылдың қаңтарында Дала комиссиясы Петербургке оралды. Реформаның жобаларын дайындау басталды, оған комиссия мүшелерінен басқа жергілікті және орталық әкімшіліктің өкілдері қатысты. Болашақ реформаның жобасы кейбір отаршы шенеуніктер мен қазақ зиялыларының арасында әр түрлі көзқарас пен пікірталастар туғызды. Комиссия төрағасы Ф.К. Гирс басқаруды жоғарыдан жіберілген шенеуніктер арқылы жүргізу керек деп есептесе, К.К. Гутковский, А.К. Гейнс қазақтар тарапынан көтеріліс туындамауы үшін жайлап, асықпай ретімен қайта құру қажет екенін айтқан. Ішкі істер министрлігінің басқарушысы Л.Г. Сенявиннің пікірін ерекше атап өту керек. Ол қазақтар артта қалған, өзінің ерекше дәстүрі және рулық тұрмысы бар халық деп есептеп, олар әлі орыс заңдарын толық қабылдауға дайын емес деген қорытындыға келді. Өлкеде аймақтық шекаралар мәселесі бойынша қызу тартыстар болды. Болашақ Түркістан облысы бойынша комиссия мүшелері және әр түрлі басқармалар арасында кереғар пікірлер туындады. Орынбор және Түркістан әкімшілігі өкілдері Түркістан облысын Орынбор генерал-губернаторлығынан бөліп шығаруға қарсы болды. Бас штабтың нұсқауы бойынша, Түркістан және Семей облыстарының оңтүстігі енген жеке Түркістан генерал-губернаторлығын құру туралы шешім қабылданды. Дала комиссиясы Қазақ даласы мен Түркістан өлкесінде басқаруды ұйымдастыруға байланысты жоба дайындауды өз мойындарына алды. Орыс шенеуніктерінің жаңа басқару жүйесі туралы пікірлері тек маңызы төмен жеке аспектілердегі уақыт және отарлық әкімшіліктің төменгі сатысына байланысты ғана өзгеше болды. Ал олардың басты мақсаты мен міндеті Ресейдің Қазақстанда билігін нығайтуда бір пікірді ұстану болды. Басқаша болуы да мүмкін емес еді. Реформаның жобасы қазақ халқының пікірін ескермей әскери шенеуніктер тарапынан жасалынды. Қазақ ақсүйектерінің көпшілігі бұл ережеге қарсылық білдірмеді.

Жаңа әкімшілік құрылымның реформасына қазақ зиялыларының өкілдері Ы. Алтынсарин, Ш. Уәлихановтардың көзқарастары қызығушылық тудырады.

Ы. Алтынсарин – көрнекті педагог, Торғай даласында мектеп ашқан, қазақтар арасында мектептің дамуына көп күш пен қайрат жұмсаған тұлға. Сонымен бірге ол отаршылық әкімшіліктің шенеунігі де болды. Торғай уездік басқармасының хат жүргізушісі қызметін, Торғай уезд сотының лауазымын атқарды, ал өмірінің соңғы жылдары Торғай облысы қырғыз мектептерінің инспекторы болды. Қазақстанда басқарудың жаңа жүйесіне қатысты Ы. Алтынсарин 1868 жылы «Дала облыстарын басқару туралы Уақытша ереже жөнінде»85 атты мақаласын жазды, онда ол реформаның қалай енгізілгені, өлкенің әкімшілік басқаруындағы өзгерістері туралы ой қозғады. Оған қарсылық білдірмесе де, ереженің биліктің қалаған мақсатына жеткізуге қайшы болатын кей тұстарын атап өтті. Бұдан әрі қазақтар арасына сайлау жүйесін бірден емес, біртіндеп енгізу қажет екендігін көрсетті.

Ш. Уәлиханов – ғылымның дамуы үшін аса көп іс атқарған белгілі ғалым, «Сот реформасы туралы жазба»86 атты еңбегінде заңдар түсінікті әрі халықтың мүддесін көздеуі керек екендігін, тек сонда ғана халық оны мақұлдап қабылдайтыны туралы жазады. Сондай-ақ жоғарыдан жіберіліп, жасалған күшті заңға қарағанда қаншалықты жетілдірілмеген болса да адам жастайынан білетін, тәрбие алып, өскен ортасында қабылданған ата заңы оған түсінікті, жағымды және жақсы болып көрінеді. Ы. Алтынсарин жаңа басқару жүйесіне Торғай уездік басшысының хатшысы ретінде белсенді түрде қатыстырылды. Ш. Уәлиханов өз халқының патриоты болғандықтан, орыс заңдарын ұнатпады. Сол себептен отарлық әкімшілік оған сенімсіздікпен қарады, қазақ өлкесін басқарудың жаңа жобасын дайындау жұмысына араластырмауға тырысты.

1867 жылдың маусым айының соңына қарай Дала комиссиясы «Түркістан генерал-губернаторлығының Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы ереже» деген жобасын аяқтады. Онда әскери және әкімшілік биліктің бірлігі бекітіліп, әскери элементке басымдылық берілді, оған себеп болған аймақтың шекаралық жағдайы мен ішкі құрылысының тұрақсыздығы еді. Жергілікті ру басшыларының ықпалын әлсіздендіру мақсатында әкімшілік-аймақтық бөліністі рулардың орналасуы бойынша емес, керісінше, шаруашылық жағдайға байланысты жасау және билер мен қазылар соттарын сақтау көзделді. Биліктің жаңа органдарының құрылымы Ресейдің ішкі губернияларындағы әкімшілік жүйемен сәйкестендіріліп жасалды, бұл аймақтық империя шеңберінің шоғырлануын жеңілдетті.

1868 жылдың басында Дала комиссиясы жасаған «Орынбор және БатысСібір генерал-губернаторлығының Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы ережеде» кейбір мәселелерден (бас басқарма, жер пайдалану ережелері, қазақтардың құқығы, мұсылман басқармасының ісін қадағалау) басқаларына Түркістан генерал-губернаторлығындағы басқару жүйесін қолдану ұсынылды.

Заң жобаларды соңғы рет қарастыруға байланысты әскери министр Д.А. Милютиннің төрағалығымен ерекше комитет құрылып, жаңа заңдардың барлық аспектісі қарастырылды. Содан соң жобаларды министрлер кабинеті бекітті. 1867 жылы 11 шілдеде II Александр патша «Түркістан генерал-губернаторлығы туралы бұйрыққа»87, «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ережеге»88 қол қойды, ал 1868 жылы 21 қазанда «Дала облыстарында Орынбор және Сібір ведомстволарын қайта құру туралы бұйрық» пен «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» қабылданды.

1867-1868 жылдардағы уақытша ережелерді жасау және қабылдау Дала комиссиясы қызметінің қорытынды кезеңі болды. Жұмыстың барысында өлкені басқаруда жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, ресейлік билік-тің үлгісі бойынша басқарудың жаңа ұстанымдары жасалынды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы реформалар империяға аталған аймақтың экономикалық және саяси бірігуін мақсат еткен орыс билігін күшейтуде, жергілікті әкімшілік басқаруда орыс билігінің жоғарыдан қадағалауын орнатуға, мұсылман дінін әлсіздендіруге бағытталған.

1867-1868 жылдардағы реформалардың қабылдануымен патшалықтың ортаазиялық саяси жүйесінде өлкенің саяси статусы да өзгерді. Қазақ даласы және біріктірілген Түркістан өлкесі ресейлік билік тарапынан империяның территориясы ретінде саналды. Заңдар өлкені экономикалық тұрғыдан белсенді түрде игерудің жолдарын ашып көрсетті.

Бақылау сұрақтары:

1. Көшпенді өркениеттегі материалдық мәдениеттің ерекшелігіне сипаттама беріңіз.

2. Қазақ халқының тұрғын үйлерінің ерекшеліктеріне талдау жасаңыз.

3. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының материалдық мәдениетіндегі өзгерістердің себебін түсіндіріңіз.

4. Қазақ халқының салт-дәстүрлік, әдеп-ғұрыптық мәдениетінің ерекшеліктеріне талдау жасаңыз.

5. ХІХ ғасырдағы этнодемографиялық үрдістердің қазақ халқының материалдық мәдениетіне тигізген әсеріне сараптама жасаңыз.

81

Об образовании Туркестанской области. Сборник узаконений о киргизах степных областей. Составил Старший Советник Тургайского Областного правления И.И. Крафт. – Оренбург: Типо-литография. Н.Н. Жаринова, 1898. – С. 325.

82

Бутков В.П. (1814-1881 ж.) – Ресейдің мемлекет қайраткері. Петербургтегі Сібір комитеті басқару істерінің кеңесшісі, мемлекет хатшысы

83

Гирс Ф.К. (1820-1895 ж.) – Ішкі істер министрлігінің өкілі

84

Милютин Д.А. (1816-1912 ж.) – әскери және мемлекет қайраткері, генерал-фельдмаршал, граф, әскери министр, профессор

85

Алтынсарин И. О «Временном положении об управлении в степных областях». 1868 г. // Собр. соч. в 3-х т. – Алма-Ата: АН КазССР, 1986. – Т 2. – С. 36-41.

86

Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2010. – 4-том. – С. 83-113.

87

Материалы по истории политического строя Казахстана (со времени присоединения Казахстана к России до Великой Октябрьской социалистической революции). – Алма-Ата: АН КазССР, 1960. – Т. 1. – С. 281-282.

88

История Казахстана: сб. документов (XVIII – нач. ХХ в.). – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – С. 37-63.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап

Подняться наверх